Жандарбек Бекшин Алматы қаласының бас санитар дәрігері болып тағайындалды
Жандарбек Бекшин Алматы қаласының тауар және көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігі департаментінің басшысы болып тағайындалды. Ол 20 наурызға дейін Қазақстанның бас санитар дәрігері болған.
Бекшинді тағайындау туралы бұйрыққа 18 сәуірде денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы қол қойған.
Бұған дейін Алматы қаласының бас санитар дәрігері қызметін Айзат Молдағасымова атқарған. Осы аптада қаладағы бірқатар медицина қызметкерлері оның айтқандарына наразылық білдірген.
13 наурызда Айзат Молдағасымова 200-ден астам қызметкерінен коронавирус табылған Алматы орталық қалалық клиникалық ауруханасында дәрігерлер "қажетті дәрежеде сақтық шараларын жасамады" деп айтқан болатын. Ал дәрігерлер мен медбикелер бұл тұжырыммен келіспей, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазған. Кейбір дәрігерлер бас санитар дәрігерін сотқа беретінін айтқан.
Дәрігерлердің айтуынша, олар қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен орталық қалалық клиникалық ауруханаға жедел респираторлық вирус инфекциясы (ОРВИ) мен өкпе ауру белгілері байқалған науқастарды қабылдауға мәжбүр болған. Осы аптада қызметінен кеткен аурухананың бұрынғы бас дәрігері Алмаз Джувашев бұл бұйрықты "қауіпті" деп атаған.
Денсаулық сақтау министрлігінде ұзақ жыл жұмыс істеген Жандарбек Бекшин Қазақстанда коронавирус 11-16 наурыз аралығында табылуы мүмкін деп болжам жасағаннан кейін бір аптадан соң қызметінен кеткен. Бекшиннің айтқандары әлеуметтік желіде қызу талқыланып, түрлі мемдер де пайда болған. Ал денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Бекшиннің математикалық модельдеуге сүйеніп, болжам жасағанын, болжам расталмауы да мүмкін деп айтқан.
Алайда Бекшиннің болжамы расталды. Қазақстанда 13 наурызда алғаш рет коронавирус жұққан бірнеше науқас анықталды. 18 сәуір күнгі мәлімет бойынша Қазақстанда 1630 адамнан коронавирус табылған. Олардың 423-і - медицина қызметкері.
Соңғы екі аптада алғаш рет Нью-Йоркте вирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар азайды
Нью-Йорк штатының губернаторы Эндрю Куомо сенбі күнгі баспасөз мәслихаты кезінде 17 сәуірде коронавирустан 540 адамның қайтыс болғанын, бұл соңғы екі аптадағы ең төменгі көрсеткіш деді. Оның айтуынша, жұма күні коронавирус белгілері байқалған 2 мыңнан астам адам ауруханаға жеткізілген. Мұндай көрсеткіш соңғы рет наурыз айының соңында науқастар мен вирустан қайтыс болғандар саны күрт көбейетін кезде болған. "Америка дауысы" сайтының жазуынша, осыған қарап штат плато кезеңінен өтті деуге болады.
Губернатор Куомоның айтуынша, дәрігерлер реанимация бөліміне ауыстырып, жасанды тыныс алу аппаратына қосуды қажет ететін пациенттер қатарының азайғанын да айтқан.
Сенбі, 18 сәуір күнгі мәлімет бойынша АҚШ-та 715 мың адамнан корнавирус табылған. Соңғы бір күнде 1690 адам қайтыс болған. Коронавирустан жалпы 38 844 адам қайтыс болған.
Канада премьер-министрі Джастин Трюдо сенбі күні АҚШ пен Канада арасындағы шекара тағы 30 күн жабық болады, тараптар осылай келісті деп мәлімдеді.
Қазақстанда тағы 24 адамнан коронавирус табылды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 19 сәуір таңертеңгі сағат 10:00-де тағы 24 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Нұр-Сұлтан қаласында - 3, Алматы қаласында - 6, Жамбыл облысында - 2, Ақмола облысында - 1, Қарағанды облысында - 1, Атырау облысында - 3. Қызылорда облысында - 4, Павлодар облысында 4 адамға вирус жұққан.
Қазақстанда вирус жұқтырғандар 1654 адамға жетті:
- Алматы қаласы – 512
- Нұр-Сұлтан қаласы – 369
- Қызылорда облысы – 147
- Қарағанды облысы – 90
- Ақмола облысы – 82
- Атырау облысы – 79
- Түркістан облысы – 57
- Жамбыл облысы – 60
- Шымкент қаласы – 58
- Солтүстік Қазақстан облысы – 29
- Алматы облысы – 37
- Батыс Қазақстан облысы – 46
- Ақтөбе облысы – 27
- Маңғыстау облысы – 12
- Павлодар облысы – 22
- Шығыс Қазақстан облысы – 8
- Қостанай облысы – 15
Коронавирустан 378 адам айыққан. 17 адам қайтыс болған.
БАҚ: Алматы облысында тұрғындар стационарды жабуды талап етті
19 сәуірге қараған түні сағат 00:15 шамасында Алматы облысы Қарасай ауданы Береке ауылындағы амбулатория алдына тұрғындар жиналып, амбулаторияны коронавирус жұққандармен араласқан адамдарды жатқызатын стационар ретінде пайдалануға қарсы шыққан. Бұл туралы Vlast сайты жазды.
Жергілікті биліктің айтуынша, амбулатория бос болған, онда ешкім болмаған.
Оқиға орнына Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев келген. Бірақ тұрғындар әкімнің жауабына қанағаттанбаған. Олар обсервациялық стационарды жабуды талап еткен.
Жергілікті биліктің хабарлауынша, тұрғындар амбулаторияның есігі мен терезесін бұзып, көшеге шамамен 30 төсек пен көрпені шығарып тастаған. Әкімдік өкілдері кейбір адамдардың "мас күйінде болғанын" айтқан. Оларды полиция ұстап әкеткен.
Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 202-бап 1-бөлігі бойынша ("Бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру") қылмыстық іс қозғалған.
Азаттық тілшісі ауыл тұрғындарымен сөйлесе алмады.
Ақпан айында Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласы мен маңындағы бірнеше елді мекенде осыған ұқсас наразылық болып, тұрғындар Қытайдан келген жолаушыларды жергілікті стационарға орналастыруға қарсы шыққан болатын.
Оқи отырыңыз: Зайсанда жұрт "коронавирус жұқтырғандарды" карантинге жатқызуға қарсы шықты
Соңғы мәлімет бойынша, Алматы облысында 37 адамнан коронавирус табылған. Республика бойынша жалпы науқастар саны 1654 адамға жетті.