Accessibility links

Қырымдағы мешіттер неге өртене береді?


Солнечная Долина селосындағы мешіттің сынған терезесі.
Солнечная Долина селосындағы мешіттің сынған терезесі.

Қырымда мешіттерді өртеп жатыр. Сарапшылардың айтуынша, мұндай арандату әрекеттері дінаралық араздықты қоздырып, Қырымдағы мұсылмандардың көпшілігі болып отырған Қырым татарларын қарымта қайтаруға итермелеу үшін жасалуда. Ал Қырым татарлары ондай арандатуға ермейтіндерін мәлімдеді. Түбектегі жергілікті мұндай проблеманы байқамаған сыңай танытып отыр.

Қырым татарлары халқының Меджлисі Судак маңындағы Солнечная Долина ауылындағы мешітті қарашаның 12-сі күні біреулердің өртеп кеткенін осындай арандату қылмыстарының жалғасы деп біледі. 2013 жылы қазанның 13-і күні Саки қаласының орталық мешітін де белгісіз адамдар өртеп кеткен еді.

Содан үш күн өткенде, қазанның 15-і күні тағы біреулер Қырымның Ровное Красногвардейское ауылындағы мешітті өртеген. 2014 жылы маусымның 13-іне ауған түні Симферопольдің Луговое ықшам ауданындағы мешітті өртеуге әрекет жасалған. Бұл оқиғалардан соң айыптылар табылмады, ешкім жауапқа тартылмады.

Меджлис пен Қырым мұсылмандарының діни басқармасы осыған байланысты мәлімдеме жасап, айыптыларды тауып, вандализм әрекеттерін жасағаны үшін жазалауды талап етті.

Қырым саясаттанушысы Сергей Костинский «Крым.Реалии.» сайтына берген сұхбатында «бұл жағдай аймақтағы діни және этникалық алауыздықты одан әрі өршітуі мүмкін екенін» айтты.

Сергей Костинский
Сергей Костинский

«Қырымды аннексия жасаудың соңы біріншіден: Қырымдағы орыс саяси элитасы мен Қырым татарларын біріктіріп отырған Украина билігінің бітімгер рөлін жойды; екіншіден, орыс шовинистерін шектеусіз билікке жеткізді. Ондай биліктің бір формасы ретінде репрессиялық қарулы құрылым - «Қырымды қорғайтын халық жасақтары» құрылды. Бұл құрылымның негізгі шоғыры - Қырымда саны аз орыс казактары: «бұқарадан шыққан жасақ» (черносотенцы) өкілдері мен әсіредіншіл ұлтшылдар, тағы басқалар» дейді саясаттанушы.

МҮФТИЯТ: ҚЫРЫМ ТАТАРЛАРЫ АРАНДАТУҒА ЕРМЕЙДІ

Саясаттанушы «мешіттерді өртеу, мұсылман бейіттерін бүлдіру әрекеттері тәуелсіз Украина тарихында әркез болып келе жатқан жағдай» екенін ескертеді. «Бірақ қазір бұл саяси акциялар реваншизм күшейіп, исламға қарсы насихат ұлғайып тұрған, «орыс адамы» жазаланбайтын кезеңде болып жатыр. 2014 жылы наурыздың 21-і күні қабылданған №6-ФКЗ федералдық конституциялық заңы 2015 жылғы қаңтардың 1-іне дейін «Қырымды қорғайтын халық жасақтарының» кез келген қылмыстық сипаты бар әрекет жасауына рұқсат еткен» дейді Костинский.

Оның айтуынша, «Қырымдағы орыс шовинистерінің Қырым татарларынан жасырын түрде кек қайтару саясаты аймақтағы этникалық және діни араздықты одан бетер қоздырып, сегрегация мен тұрмыстық қақтығыстардың көбеюіне, екі тараптың саяси және тұрмыстық деңгейде келісімге келу қабілетінің төмендеуіне ықпал етеді».

«Мұның бәрі қырымдықтарға, соның ішінде Украина мемлекетіне неліктен қауіпті?» деген сауалға сарапшы: «Ресейліктер уақыт өте келе ол жерден кетеді, бірақ олар тұтатқан өрт қалады. Ол өртті сөндірумен Украина ондаған жылдар бойы айналысатын болады» деді.

Қырым мүфтиінің орынбасары Айдер Исмаилов та мешіт өртеу оқиғаларын «діни және ұлтаралық араздықты өршіту үшін жасалған арандату әрекеттері» деп атады.

«Кез келген халықтың қасиетті орындарын өртеу жеккөру сезімінің өршуіне, қарымта қайтаруға итермелейді. Бірақ Қырым діни басқармасы түбек мұсылмандарының 90 пайызы болып отырған Қырым татарларының әрқашан бейбітшілікті жақтайтынын мәлімдейді. Осыған дейін де болған вандализм әрекеттеріне тура сондай жауап қайтарған емеспіз» дейді ол.

Айдер Исмаилов «мүфтияттың Қырымның жаңа басшылығы мен құқық қорғау органдары мұндай әрекеттерге тоқсауыл қояды деп үміттенетінін» айтты.

Спровоцируют ли крымских татар поджоги мечетей?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:53 0:00

ЖАҢА БИЛІК ДІНИ АХУАЛДЫ ҚАУІПТІ ДЕП ОЙЛАМАЙДЫ

Меджлистің сыртқы байланыстар бөлімі жетекшісі Али Хамзин «мемлекеттегі кез келген конфессияның діни ғимаратын өртеу қоғамда ксенофобия сырқатының бар екенін білдіреді» дейді.

Хамзин бұған қазіргі Қырым билігі мен Меджлис арасында диалогтың бұзылуы да себеп болды деп ойлайды. Ол «бұл диалог 2014 жылы наурыздың 11-і күні Қырым парламенті қабылдаған «Қырым татарларының құқықтарын қалпына келтіру туралы» қаулы негізінде басталған еді» дейді.

Али Хамзин
Али Хамзин

Ол «Крым.Реалии.» сайтына берген сұхбатында «Осы жағдайда мені Мәскеудің позициясы көбірек қызықтырады, әсіресе Ресей президентінің Қырымдағы өкілі Олег Белавенцев не дейді екен? Ол болып жатқан жағдайды Ресей басшысына қаншалықты шынайы жеткізеді... Әлде Украинаның 23 жылдық тәжірибесін қабылдап, «астанадағылар жақсы, жамандар - жергілікті билікте отырғандар» деген ойынды қайталамақ па?» дейді.

Бірақ Қырымның жаңа билігі конфессияаралық қарым-қатынастағы проблемаларды байқамайтын сияқты.

Өзін өзі сайлап алған Қырым үкіметінің «рупоры» - «Крыминформ» сайтының жазуынша, «Қырымдағы Ресей президентінің өкілі Олег Белевенцев «Түрлі БАҚ арқылы тарап жатқан Қырым халқына ұлттық және діни ерекшелігіне қарай қысым жасалып жатыр деген ақпараттар - жалған, олар аймақтағы ұлтаралық жағдайды тұрақсыздандыру мақсатында таратылады» деп мәлімдеген.

«Крыминформ» ақпараты бойынша, Ресей президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Магомедсалам Магомедов те «Қырымдағы этносаралық қатынастар көрші мемлекеттер мен шетелдік ұйымдардың ірікті салуына қарамастан тұрақты болып отыр» деп бағалайды.

(Лана Долленбергтің мақаласын орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG