Accessibility links

Дос Көшім: Партия атын ауыстырудың орашолақ технологиясын ойлап тапқан сияқты

Amanat съезі. 12 маусым 2026 жыл. Сурет партияның ресми сайтынан алынған.
Amanat съезі. 12 маусым 2026 жыл. Сурет партияның ресми сайтынан алынған.

Биліктегі Amanat партиясы съезінде "президент айналасындағы прогрессив күштерді біріктіру үшін" мамыр айында ғана құрылған "Әділет" партиясына қосылатынын мәлімдеді. Партиялардың бірігуінен Қазақстанның саяси өмірінде қандай өзгеріс болуы мүмкін? БСаяси сарапшы Дос Көшімнің пікірін білдік.

Азаттық: Өздерін елдегі ең ықпалды күш деп атайтын Amanat құрылғанына екі ай болмаған жап-жас партияның алдында неге кенет әлсіз бола қалды?

Дос Көшім: «Отан», одан соң «Нұр Отан», сосын Amanat деген атпен өмір сүрген, 20 жылдық тарихы бар толыққанды партияның «партия құрамыз» деп жариялаған, бірақ әлі ештеңе жасамаған, имиджі жоқ топқа қосылуы – ақылға сыймайтын жағдай. Amanat партиясы мен «Әділеттің» алға қойған саяси мақсаттары бірдей болса, шынымен әділдік партиясын құрамыз деген азаматтар Amanat партиясына кіруі керек еді. Сонда ақылға қонымд, қисынға сай болар еді.

Азаттық: Бұл ненің көрсеткіші деп ойлайсыз?

Дос Көшім: Бір партияның екінші партияға қосылғанын шындығында да саяси партиялардың бірігіуі сияқты көрсетуі – халықты ақымақ санауы. Екіншіден, бұрын «Отан» және «Нұр Отан» болған Amanat партиясы авторитар билікті ұстаған партия деген жаман атынан арылуы керек болды. Менің ойымша, билік осылай ойлаған сияқты. Атын қанша ауыстырғанымен, Amanat бәрібір сол бұрынғы авторитарлық жүйенің саяси партиясы болып қалды. Атты ауыстырудың осындай бір өте орашолақ, қарадүрсін, ыңғайсыз саяси технологиясын ойлап тапқан сияқты.

Азаттық: Депутат Ерлан Саиров бұл өзгеріс туралы сұраған журналистерге «Amanat-тың артында бәрібір [экс-президент Нұрсұлтан] Назарбаевтың құлағы көрініп тұрады» деді. Шын мәнінде бұл Назарбаевтың мұрасынан бас тарту ма, әлде халықтың сенімі, қолдауы болмағанын түсініп, өзін өзі таратып жіберудің әдісі ме?

Дос Көшім: Біріншіден, Назарбаевтың құлағы көрініп тұратын болса, Ерлан ініміз ол партияға неге кіргеніне таңғалып отырмын. Назарбаев шындығында да бір жаман адам болып, қоғамдық деңгейде негатив көзқарасты қалыптастырған болса, ол партияға кірудің қажеті жоқ еді. Бұл жерде ешқандай «ескі, жаңа» деген емес, екеуі де биліктің бағытындағы топ. Іштерінен Amanat-тың атын жойып, сол арқылы «біз жаңа Қазақстанбыз, аналар ескі Қазақстан, Amanat сол күйімен кетсін» деген сияқты.

Азаттық: Назарбаевтың мұрасынан бас тарту десек, [президент Қасым-Жомарт] Тоқаев билігі мұны неге 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан соң істемеді? Сол жылы "Нұр Отанның" атауы Amanat болып өзгерді, бірақ мүшелері, бәрі сол күйінде қалды. Сол кезде бұл партияны неге сақтап қалды?

Дос Көшім: Шындығында [Назарбаевтан] ат құйрығын үзіп, «бұрынғы Қазақстанмен біздің қатысымыз жоқ, олардың жасаған қылмыстарын әшкерелейміз» деп, 2019 жылы Тоқаев президент болған уақытта бастауы керек еді. Ондай нәрсе жасалған жоқ. Тоқаев мырза ондай нәрсе айтпайтынын мен жақсы түсінемін. Билік біреу. Сол Назарбаев, сол Тоқаев, екеуінің фамилиясы бөлек болғанмен, ұстанып отырған саяси бағыты, жасап жатқан жұмыстары, Қазақстандағы саяси жүйені ұстау әдістері бірдей. Олардың арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Сондықтан өз басым Amanat пен «Әділеттің» арасына теңдік белгісін ғана қоя салар едім.

Азаттық: Әріптестерімнің жиыннан жіберген видеоларына қарағанда, "Аманаттың" төрағасы Ерлан Қошанов "Әділет" партиясына қосылатынын айтып жатқанда съезге қатысушылардың көзінен нұр байқалмады. Қуанған, шаттанған ешкім көрінбеді. Мұндай көңіл-күйдің мәнін қалай түсінер едіңіз?

Дос Көшім: Мұны түсіну оңай. Себебі дәл осындай жағдай, ұмытпасам, 1991 жылы 8 қырқүйекте де болды. Коммунистік партия тарады, орнына Социалистік партия құрдық деді. Адамдар дәл осылай қабылдады. «Коммуниспіз» деп көкірегін ұрып жүргендер ертеңінде социалист болып шыға келді. Менің ойымша, біздің қоғам саяси партияның классикалық түрін әлі түсінбейді, түсінсе де оны қабылдағысы келмейді. Партияның ұстанымы, мақсат-мұраты жеке азаматтардың саяси көзқарасынан құралатынын ешкім білгісі келмейді. Билік қандай партия құрғысы келеді, оны қалай құрғысы келеді, оларға бәрібір.

Бұған қоса, саяси партияның қоғамдағы рөлі жоққа тән. Көппартиялы жүйенің көрсеткіші екеу-ақ. Біреуі – қоғамдағы рөлі, екіншісі – бәсеке. Менің ойымша, Қазақстанда бар партияларда бұлардың екеуі де жоқ. Партиялар қоғамда қандай рөл атқарып жатыр? Қандай саяси бәсеке бар? Бізде партия парламентке өту үшін құрылады және олардың ең басты міндеті – Қазақстанда көппартиялы жүйе бар екенін көрсету.

Азаттық: Бұл бірігуден Қазақстанның саяси жүйесінде, іс басқаруында қандай да бір өзгеріс болуы мүмкін бе? Бұл өзгерістен кім ұтады, кім ұтылады? Бұдан кімге қандай пайда?

Дос Көшім: Менің ойымша, ешқандай өзгеріс болмайды. Бұл жерде ұтатын бір-ақ нәрсе – аты кірлеген Amanat партиясы тарих сахнасынан кетеді. Оның орнына еш қателігі жоқ, таза «Әділет» деген партия құрылады.

Менің бір жазғаным бар. Тек қылмыскерлер ғана [жазадан] қашып құтылу үшін өз аты-жөнін өзгертеді. Бұл жасалып жатқан іс те соған ұқсайды, бірақ мұның масштабы кеңірек. «Біз жоқпыз» дейді, бірақ сол адамдар. «Біз Amanat емес, «Әділетпіз» дейді, бәрібір сол адамдар. Мақсаттары бір болған соң бірікті. Ал аттары қандай болады, оның еш айырмашылығы жоқ.

Қаңтар кезінде алты облыста «Нұр Отанның» филиалын өртеді. Ертең «Әділет» болғанда оларды өртемейтініне кім кепіл? Жұрт партияның атына емес, істеген жұмысына қарап баға береді. Сондықтан партиялардың аты өзгеруі мүмкін. Бірақ басқасы өзгеріссіз қалады, себебі билік өзгерген жоқ. Билік ауысса, демократиялық жүйенің бір белгісі саналатын шынайы көппартиялы жүйе қалыптасар еді. Көппартиялы жүйенің сиқы – осы.

XS
SM
MD
LG