Accessibility links

Сарапшы: Amanat-ты "Әділетке" қосу туралы шешім тым асығыс қабылданған

"Әділет" партиясын құру бойынша құрылтай. Астана, 7 мамыр 2026 жыл.
"Әділет" партиясын құру бойынша құрылтай. Астана, 7 мамыр 2026 жыл.

Биліктегі Amanat партиясының саяси кеңесі демалыс күні өткен шұғыл отырыста мамырда құрылған "Әділет" партиясына қосылуды талқылады. Саяси кеңес мүшесі, мәжіліс депутаты Ерлан Саиров "президентті қолдайтын электоратты бөліп-жаруға болмайды" деген. Тақырыпты саясаттанушы Мәди Омаровпен талқыладық.

Азаттық: Сіздің ойыңызша, Amanat пен "Әділет" партияларының бірігуі мүмкін деген әңгімелер қаншалықты шынайы? Бұл нақты саяси сценарий ме, әлде көбіне ақпараттық алыпқашпа сөз ғана ма?

Саясаттанушы Мәди Омаров. (Madi Omarov telegram-арнасынан)
Саясаттанушы Мәди Омаров. (Madi Omarov telegram-арнасынан)

Мәди Омаров: Шынын айтсам, "Әділет" партиясын құруға қатысты оқиғаның барлығы мынадай ой салады: біздің биліктің ойына бұл идея жақында ғана келген сияқты. Мұның бәрі олар асығыс әрекет етіп, түрлі шешімді жүре келе ойлап тауып жатқандай әсер қалдырады. Бәлкім, олардың негізгі идеясы — бұрынғы "Нұр Отан", қазіргі Amanat партиясы сияқты жағымсыз ізі жоқ жаңа саяси партия құру болған шығар. Яғни, бұрынғы саяси жобалармен мүлдем байланысы жоқ, мүлде жаңа құрылым жасау әрекеті болған сияқты. Бірақ, шамасы, олар сайлауға дейін уақыт аз қалғанын түсінді, яғни кей әріптестерім айтқандай, Amanat партиясының аймақтық ұйымдастырушы құрылымынсыз бұл істі алып шыға алмайтынын ұқты. Содан кейін, сірә, осылай істеуге бел буған сияқты.

Бұл жоба аяқасты жасалды деген тұжырымға дәлел болатын фактор көп. Біріншіден, логотипіне қарайықшы. Оларда логотиптің кемінде екі нұсқасы бар, оның үстіне біреуі латын қарпімен қате берілген, екіншісі кирилл әліпбиімен жазылған. Екеуінің стилі бір-біріне еш ұқсамайды. Осының өзі бір нәрсені аңғартқандай. Сонымен қатар, олардың әрекеттері де тым ретсіз, шашыраңқы көрінеді. Сондықтан, меніңше, Amanat-ты "Әділетпен" қосу туралы бұл шешім де асығыс қабылданып, соңына дейін жете ойластырылмаған тәрізді.

Азаттық: Биыл Тоқаевтың бастамасымен жаңа Конституция қабылданды. Билікке жақын кейбір тұлғалар мұны Назарбаев дәуіріндегі Конституциядан бас тарту ретінде бағалады. Сол сияқты Назарбаев тұсында қалыптасқан қос палаталы парламент бір палаталы жүйеге өзгертілді. Бұдан бөлек, кезінде Назарбаев бас тартқан вице-президент лауазымы қайтадан енгізілді. Осы өзгерістерге қарап, Назарбаевпен байланысты Amanat партиясының да саяси сахнадан кетуі осы логикалық тізбектің жалғасы деп айтуға бола ма?

Мәди Омаров: Amanat пен "Әділеттің" бірігу ықтималдығы туралы Telegram-арнамда жаздым. Біріншіден, бұл өте қисынсыз әрі күлкілі көрінеді. Ойланып көріңізші: бұл - отыз жылдық тарихы бар, 30 жылға жуық уақыт билік басында отырған, парламентте өз өкілдігі бар, барлық өңірлер мен аудандардағы, облыстық маңызы бар барлық қалалардағы жергілікті өкілді органдарды толық бақылауында ұстап отырған партия. Бұл - кейінгі парламент сайлауында 53% нәтижемен жеңіске жеткен партия. Сөйткен партия бір айға жетпейтін уақыт бұрын ғана құрылған, мемлекеттік тіркеуден жаңа ғана өткен, жоғарыда айтқанымдай, дұрыс логотипі де, аймақтық желісі де жоқ, өмірінде бірде-бір рет сайлауға қатысып көрмеген партияның құрамына кіру туралы шешім қабылдауы мүмкін. Ресми шешім шыққан жоқ, әрине, бірақ бәрі соған келе жатқан сияқты. Шын мәнінде, бұл өте күлкілі көрінеді.

Азаттық: Партиялардың бірігуі – саясатта қалыпты құбылыс. Бірақ Қазақстандағы партиялық жүйе жоғарыдан қалыптастырылады және басқарылып отыр деген пікір бар. Сіздіңше, бір партияның өте қысқа уақытта құрылып, оны Президент Әкімшілігінің бұрынғы басшысы басқаруы, сонымен қатар артынан "президент төңірегіне топтасу" туралы әңгімелердің көбеюі осы пікірдің дәлелі бола ала ма?

Мәди Омаров: Бұл — Қазақстандағы саяси партиялардың барлығы жоғарыдан құрылады деген тұжырымды тағы бір мәрте дәлелдей түседі. Әрине, бұл менің жеке пайымдауым, қолымда нақты дәлел жоқ. Десе де, бұл жағдай бізде азаматтардың бастамасымен төменнен құрылған саяси партия мүлдем жоқтығының айқын айғағы. Тіпті қазір мемлекеттік тіркеуі бар партиялардың өзі кезінде дәл осындай принциппен құрылған, бірақ олар бұл жүйеге сіңісіп кеткелі қашан, тіпті олардың басшылары да бірнеше рет ауысып үлгерді.

Мысалы, "Нұр Отан" партиясынан ауысып барып, санаулы күннің ішінде "Ақ жол" партиясына басшы болып кеткен Азат Перуашевты еске түсірсек те жеткілікті. Мұның бәрін көрдік, барлығы есте. Немесе, өзін оппозициялық партия деп атайтын ЖСДП партиясын алайық. Онда да басшылық ауысқаннан кейін қазір олар билікке барынша адал, ыңғайлы позиция ұстанып отыр. Яғни, олар тіпті парламентте отырса да, қазіргі билік ұсынған қандай да бір шешімдерге қарсы дауыс беруге батпайды, әдетте, қалыс қалуды жөн көреді. Бірақ нағыз оппозициялық партияның аты айтып тұрғандай, ол қарсы дауыс беруі керек немесе қандай да бір балама ұсынуы қажет. Ал біз мұны көріп отырған жоқпыз.

Ал қалған саяси партиялар бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың, ал қазір Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағытын қолдайтынын үнемі ашық мәлімдеп келеді. Мысалы, 2022 жылғы сайлауды еске түсірейік. Ол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев Amanat-тың ғана емес, үш партияның коалициясы атынан додаға түсті, соның ішінде "Ақ жол" мен "Қазақстан халық партиясы" да Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынуға қатысты. Сондықтан қазіргі билікке қандай да бір сын айтатын тіркелген бірде-бір саяси партия жоқ. Бұл — мемлекеттік тіркеуі бар партиялардың қазіргі саяси режимге барынша адал, ыңғайлы позиция ұстанатынын тағы бір мәрте айқын дәлелдейді.

"Әділет" партиясына Дәдебай төраға болды
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:17 0:00

Азаттық: Ресми дерек бойынша Қазақстанда Amanat партиясының 1 миллионға жуық мүшесі бар. Бірақ әлеуметтік желіде әзірше Amanat-тың тәуелсіздігін қорғаған ешкім көрінбеді. Бұл ненің көрсеткіші? Сол миллион адам өз партиясын неге қорғамайды?

Мәди Омаров: Қазақстан жағдайында саяси партиялар халықтың идеологиялық таңдауын көрсетпейді және олар қандай да бір әлеуметтік топтардың мүддесін білдірмейді. Бұлар — "catch-all parties" деп аталатын, яғни заң шығарушы органға қажетті депутаттардың өтуін қамтамасыз ету үшін тек заңды құрал ретінде ғана құрылған саяси партиялар.

Венгриялық екі саясаттанушы Балинт Мадьяр мен Балинт Мадлович 2022 жылы посткоммунистік режимдер туралы ауқымды монография жазды. Олар осындай саяси партияларға өте жақсы анықтама берген. Олардың терминологиясы бойынша бұл "жетектетегі" партия (transmission-belt party). Яғни, бұл — халықтың ешқандай идеологиялық көзқарасын білдірмейтін және ешкімнің мүддесін қорғамайтын саяси ұйым. Мұндай партия тек заң шығарушы органға тиісті депутаттардың өтуін қамтамасыз ету үшін ғана керек. Оның атқаратын жалғыз функциясы да — осы.

Кезінде Amanat партиясына адамдарды қандай принциппен жинағанын сіз бен біз жақсы білеміз. Бюджет саласының қызметкерлерін жұмыстан шығарамыз деп қорқытып, "Нұр Отан" партиясына кіру туралы өтінішке мәжбүрлеп қол қойдырған фактілер болғаны есімізде. Сондықтан әлгі бір миллион адамның қайдан шыққанын да тамаша түсініп отырмыз. Өйткені, кезінде мемлекеттік секторда жұмыс істегің келсе, міндетті түрде "Нұр Отан" партиясының мүшесі болуың керек еді. Осы тұрғыдан алғанда, егер ол жерде қандай да бір идеялық ұстанымы бар адамдар болса, олардың саны өте аз деп ойлаймын. Негізгі бұқара — ерікті таңдауымен немесе бұл партия саяси мүддемі мен көзқарасына сай келгеннен емес, тек мансап үшін немесе мәжбүрліктен оның құрамына өткендер.

Назарбаев "Нұр Отан" – "Аманат" партиясынан шықты ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:48 0:00
XS
SM
MD
LG