Accessibility links

Eurovision байқауына бәсекелес бола алмаған «Интервидение»


Алла Пугачева 1978 жылы өткен «Интервидение» байқауында ән айтып тұр.
Алла Пугачева 1978 жылы өткен «Интервидение» байқауында ән айтып тұр.

Қазір жұрттың көбі білетін Eurovision (Евровидение) ән байқауының бір кездері коммунистік баламасы, яғни бәсекелесі болғанын көпшілік біле бермейді.

Талай жыл әлемді өзіне қаратқан ән байқауының жеңімпазын жариялайтын шешуші бөлімі осы аптада Стокгольм қаласын үш түн бойы салтанатқа бөлеп, мамырдың 14-і күні аяқталады. 60 жылдан бері өтіп келе жатқан бұл байқауды сүйіп көретіндер де, жақтырмайтындар да бар, бірақ ондаған, тіпті жүздеген миллион адам үздіксіз көріп келе жатқан Eurovision қазір өте танымал өнер сайысына айналып кеткен.

Eurovision фестивалін адамның ойына келмейтін, тіпті кейде ақылға сыймайтын түрлі көрініс, қойылымдары үшін сынап-мінеушілер көп, байқаудың дауыс беру жүйесін де көркемдік талаптарға сәйкес келмейді деп сынайтындар бар.

Осы Eurovision байқауының коммунистік көшірмесі болғанын екінің бірі біле бермейді. Енді міне бірнеше жылдан бері оны қайтадан жаңғырту әрекеті жасалып келеді.

Спутниктік телевизия дәуірі пайда болғанға дейін кабельдік толқындармен тарайтын телевизия Батыс мемлекеттерін біріктіріп, көптеген елдерде тікелей трансляция жасауға мүмкіндік берді. Бұл жүйе Еуропа елдеріне телебағдарламалар алмасуға жағдай жасап, Еуропа хабар тарату одағы (EBU) құрылды, оны жұрт Eurovision деп атай бастады.

СОВЕТТІК БАЛАМА

Eurovision ән байқауы «қырғиқабақ соғыс» қарсаңында Батыс елдерін бір-біріне жақындату үшін жаңадан пайда болған телевизиялық технологияны пайдаланды. 1950-жылдары Еуропа хабар тарату одағынан (EBU) бөлінген советтік елдер 1961 жылы өзінің жеке телевизиялық желісін құрды, оны «Интервидение» деп атады. Шекараларды кесіп өтіп, тікелей трансляция жасайтын желінің қызметі Eurovision-ге ұқсас еді.

Eurovision байқауының ашылу музыкасы – Марк Антуан Шарпантьенің Te Deum шығармасы – Батыста ғана емес, советтік блокта да брендке айналды, себебі ол бұрын Батыстан тікелей трансляция жасалатын халықаралық футбол матчтерінің алдында ойналатын еді.

Eurovision байқауының танымалдығы «темір шымылдықты» бұзып өтіп, шығысқа тараған сайын советтік блок елдері атауы мен формасы Eurovision-ге ұқсас ән байқауын шығаруды көздеді. «Интервидение» байқауы алғаш рет 1977 жылы Польшаның Сопот қаласында өтті.

«Интервидение» әуені мен таңбасын таңдаған кезде де оны көрермендерге бұрыннан танымал Eurovision-ге ұқсатып жасағанымен, айырмашылықтары да болды.

Eurovision Батыста ерекше оқиғаға айналып, жыл сайын әншісі жеңіске жеткен елде өтіп, орнын ауыстырып, қоғам арасында телефонмен дауыс беруге көшіп жатқанда «Интервидение» Сопоттан аспай қалды, дауыс беру жүйесі де дамымады.

Коммунистік елдерде телефон орнатудың өзі машақат еді, жұрт өтініш берген соң айлап, тіпті жылдап күтетін. Сөйтіп, советтік блокта көрермендер әнді ұнатса, үйіндегі жарықты қосатын, ұнамаса өшіріп қоятын әдіске жүгінді. Жеңімпаз электр желісіне түскен жүктемеге байланысты анықталатын болған.

БАЙҚАУДЫҢ ҚЫСҚА ҒҰМЫРЫ

Совет Одағы елдері арасында қызығушылық азайғандықтан, «Интервидение» ұзақ өмір сүрмеді. «Интервидение» ән байқауы небәрі төрт рет өткен соң, 1980-жылдары оны көретіндер саны тым азайып кетті.

Сол жылы ирландиялық Джонни Логан Eurovision сайысын «What's Another Year» (Тағы бір жыл дейсің бе?) балладасымен дүрліктірді.

Кейбіреулер «Интервидениенің» тез құлдырауына Польшада «Солидарность» тәуелсіз кәсіподақ қозғалысы пайда болуы әсер етті деп санайды. Бірақ ең негізгі себеп байқаудың қызықсыз болуы еді.

Советтік стильдегі коммунизмнің дәурені біте бастаған онжылдықта «Интервидение» желісін тікелей эфирде футбол матчтарын өткізу мен Шығыс Берлиндегі Friedrichstadtpalast театры шоуларын көрсетуге ғана пайдалана бастады.

Ал бұл кезде Eurovision ән байқауы, кесірінше, танымал бола түсті. Тіпті постсоветтік елдерден әншілер шақырып, ауқымын кеңейтті. Биыл Eurovision сайысына 61 жыл толды, оны әншілері қатысып жатқан 42 мемлекеттің халқы тікелей эфирде көре алады, соның ішінде алыстағы Австралия да бар. Биыл тұңғыш рет Қытай, Қазақстан, Жаңа Зеландия және АҚШ байқау барысын тікелей көре алатын болып отыр.

Ал Ресей басшысы Владимир Путин 2009 жылы «Интервидение» конкурсын қалпына келтіру туралы ұсыныс жасады. Оған Ресей, Қытай және постсоветтік Орталық Азия елдері, негізінен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер қатысса деген идея айтылды.

2014 жылы «Интервидение» Сочиде өтеді деген уәде де берілді, бірақ сол күйі ол жоспар орындалмай қалды. Сонымен «Интервидение» байқауының тағдыры жеті жылдан бері ұсыныс қалпында тұр, бастапқы ашылған кезінде көрермен жинай алмаған байқау сол олқылықтың орнын толтыра алмайтын тәрізді.

Еуджен Томюктың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG