Accessibility links

Макрон "Франция президенті болып сайланды"


Эммануель Макронның Франциядағы президент сайлауында жеңіп шыққанын көрсеткен жергілікті телеарнаның экранынан скриншот.
Эммануель Макронның Франциядағы президент сайлауында жеңіп шыққанын көрсеткен жергілікті телеарнаның экранынан скриншот.

Сауалнамалар ЕО-ны қолдайтын центрист саясаткер Эммануель Макронның мамырдың 7-інде өткен Франциядағы президент сайлауында әсіре оңшыл Марин Ле Пенді "айқын жеңгенін" көрсетті.

Макронның жеңісі Францияның Еуропа мен дүние жүзіндегі одақтастарының арқасынан жүк түсіргендей болды. Былтыр Ұлыбританияның Еуропа Одағынан шығуды жақтап дауыс беруі мен Дональд Трамптың АҚШ президенті болып сайлануы Еуропадағы интеграцияны жақтайтын үкіметтердің мазасын кетірген еді.

Мамырдың 7-індегі Францияда өткен президент сайлауының екінші, шешуші кезеңінен соң үш бірдей сауалнаманың нәтижесі бойынша сайлаушылардың 65 пайыздан астамы дауыстарын Макронға бергені анықталды. Бәсекелесі Марин Ле Пеннің аяусыз әрі жойқын ақпараттық шабуылына ұшырап, соңғы сәттерде хакерлердің нысанасына айналса да, 39 жастағы бұрынғы экономика министрі және банкир Эммануель Макрон біржола үстем түскенге ұқсайды.

Сәуірдің 23-інде өткен президент сайлауының алғашқы кезеңінде де бірінші орын алған Макрон үгіт-насихат науқаны кезінде Еуропа Одағын жақтап, кәсіпкерлерді қолдап сөйлеген. Ал 48 жастағы әсіре оңшыл әрі мигранттарға қарсы кандидат Марин Ле Пен Францияның ЕО мен еурозонадан шығуын қалайтынын айтқан.

Сайлауалды насихат кезеңінде Ле Пен қарсыласы Макронды "элиташыл", "исламшыл фундаментализммен күресуге қауқарсыз адам" деп сипаттаған. Макрон үгіт-насихат кезеңінде Ле Пенді "ашу мен жек көрушілікті қоздыратын" және "артынан ерген ешкімі жоқ" "өшпенділіктің пірі" деп атаған. Мамырдың 5-індегі әлеуметтік сауалнама сайлаушылардың 62 пайызы Макронды қолдайтынын көрсеткен еді.

Оқи отырыңыз: Макронның сыртқы саясаты туралы сарапшылар не дейді?

Дауыс беру Францияның 66 мыңнан астам сайлау учаскелерінде таңғы сағат 06.00-да басталды. Олардың көбі Франция уақытымен кешкі сағат 17.00-де, ірі қалалардағы учаскелер кешкі сағат 18.00-де жабылды.

Жексенбі күні сайлау қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Францияда 50 мыңнан астам полиция қызметкері кезекшілікке шыққан. Елде кейінгі жылдары Парижде, Ниццада және басқа өңірлерде исламшыл экстремистер ұйымдастырған шабуылдардан 230-дан астам адам қаза тапқан.

XS
SM
MD
LG