Accessibility links

Макронның жеңісі ЕО үшін неге сонша маңызды болды?


Франция президенті болып сайланған Эммануэль Макрон мен оның әйелі Бриджит сайлаушылар алдында тұр. Франция, Париж, 7 мамыр 2017 жыл.
Франция президенті болып сайланған Эммануэль Макрон мен оның әйелі Бриджит сайлаушылар алдында тұр. Франция, Париж, 7 мамыр 2017 жыл.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, жексенбі күні өткен Франция президенті сайлауының екінші турында центрист, 39 жастағы Эммануэль Макрон жеңіп, бұл елдің жаңа президентіне айналды.

Эммануэль Макрон еуропалық интеграцияны жақтайтын, бизнесті қолдауға бағытталған саясат жүргізетін тұлға ретінде сипатталады. Ол сайлауда Францияны Еуропа Одағынан (ЕО) шығарып алу, евро валютасынан бас тарту ниетін байқатқан ұлтшыл саясаткер Марин Ле Пенді жеңіп, Францияның жаңа президенті болды.

Сарапшылар Франциядағы президент сайлауы нәтижесін ЕО мен оған мүше елдердің демін ішіне тартып күткенін айтады. Өйткені, мұның алдында ЕО құрамынан Ұлыбритания шығып кеткен еді.

Ақпараттарға қарағанда, қазір дауыстар саналып біткен. Макронға 47 миллион дауыстың 66 пайызы берілген. Ле Пенді сайлаушылардың 34 пайызы қолдаған. Мұның алдындағы сайлауалды сауалнамаларында да мөлшермен осындай нәтиже шыққан еді.

Эммануэль Макрон жақтастарының сайлау нәтижесін естіген сәті.
Эммануэль Макрон жақтастарының сайлау нәтижесін естіген сәті.

Жексенбі күні кешкісін сайлаушылар алдында салтанатты түрде сөйлеген Макрон «Ел бөлініп, қарсыластар тарапынан шетін ұрандар айтылған кезде маған дауыс берген адамдарға ризамын. Біз қорқыныш пен араздық жолына түспейміз» деді.

Францияның жаңа президенті «Еуропа Одағы мен халық арасындағы көпір жасауға еңбек етемін, Еуропа мен азаматтар арасында ынтымақтастық орнауы керек» деп мәлімдеді.

Енді оның басты саяси мүддесі - келесі айда өтетін парламент сайлауында жақтастарына көпшілік орын алуға септесу. Ол мақсатқа жеткен жағдайда оның құрылғанына бір ғана жыл болған La Republique En Marche («Алға, республика!») қозғалысы өзінің саяси бағдарламасын атқаруға мүмкіндік алады.

«​ЕУРОПА АМАН ҚАЛДЫ»​

Биліктен кетіп жатқан президент Франсуа Олланд жаңа президент Эммануэль Макронның жеңісіне қуанып, «сайлауда азаматтарымыздың көпшілігі Республика құндылықтары мен еуропалық ынтымақтастықты қорғап шықты» деп мәлімдеді.

Еуропа комиссиясы президенті Жан-Клод Юнкер Макронға қарата «Сіздің азаматтарын қорғайтын мықты Еуропа, дамыған Еуропа идеясын қорғап қалғаныңызға қуаныштымын» деп жазған.

Париж көшелеріне шыққан Макрон жақтастары. 7 мамыр 2017 жыл.
Париж көшелеріне шыққан Макрон жақтастары. 7 мамыр 2017 жыл.

Макрон телефон арқылы Германия канцлері Ангела Меркельмен сөйлесті. Меркель ЕО-ны алға сүйреп келе жатқан Франция-Германия ынтымақтастығын күшейтуге үмітті екенін айтса, Макрон Берлинге мейлінше тез арада барып-қайтатынын білдірген.

АҚШ президенті Дональд Трамп та Эммануэль Макронды құттықтап, онымен ынтымақтаса жұмыс істеуге дайын екенін білдірген.

Ал Berenberg Bank сарапшысы Хольгер Шмидинг «Францияның саяси қатерден аман өтуі Еуропаның экономикалық өркендеуіне серпін береді» деп мәлімдеді.

ЛЕ ПЕННІҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ

Франциядағы әсіре ұлтшыл "Ұлттық майдан" қозғалысы жетекшісі, президент сайлауында Макронға қарсылас болған 48 жастағы Марин Ле Пен ханым да Макронды жеңісімен құттықтады.

Сарапшылар жұмыссыздық мәселесін көтеріп, француздардың иммигранттарға қарсы ұлттық сезімдерін оятуға тырысқанына қарамастан Ле Пеннің жаһандануға қарсы «алдымен - Франция» саясаты сайлаушыларды үркіткенін айтады.

Сайлаудан кейін мәлімдеме жасап тұрған Ле Пен.
Сайлаудан кейін мәлімдеме жасап тұрған Ле Пен.

Ле Пен сайлау науқаны кезінде Макронды ислам фундаментализміне жұмсақ қарайды, Франция мемлекеттілігін иммигранттардан, басқа да қауіп-қатерлерде қорғай алмайды деп айыптаған еді. Ал Макрон Ле Пен ханымды «француздар арасына қорқыныш себуші», «араздық тудырушы, жек көру мен үрейді пайдаланушы» деп айыптаған.

Ле Пен сайлаудан кейін француздардың таңдауын сыйлайтынын білдіріп, «француздар Республиканың жаңа президентін таңдады, саясаттың сабақтастығын жақтады» деді. Ол енді парламенттік сайлауда күресетінін айтады.

Бұған дейін Азаттыққа сұхбат берген Еуропа саясаты институтының директор орынбасары Мартин Мичелот Ле Пеннің сыртқы саясатқа көзқарастарын айта келіп, "Ол Таяу Шығыстағы терроризммен күресте Ресеймен ынтымақтасқысы келеді, Иранмен келіскісі келеді, оның бұл мақсаттары АҚШ саясатына қарсы. Ал Макрон сыртқы саясатта қазіргі президент Франсуа Олландтың бағытын жалғастырады" деген еді.

Франциядағы CGT кәсіподағы Макронның экономикалық либерализм саясатына қарсы мамырдың 8-і күні демонстрация өткізетінін хабарлады.

ИММИГРАНТ ҚУАНЫШЫ

Макронның жеңісін атап өткен митингіге екі баласын да ерте келген гаитилік иммигрант, 35 жастағы Катя Дьедонне «Макронның жастығы ұнады, оның көзқарастары ұнады» дейді.

«Францияға 1985 жылы келдім, Макрон сол кезден бері қалыптасып келе жатқан ашықтық, әртүрлі ұлттарға еркіндік беру, ешкімді алаламау саясатын жалғастырғысы келеді, мен өткен сайлауда солшылдарға дауыс берген ем, бірақ көңілім қалды» дейді ол.

XS
SM
MD
LG