Accessibility links

Француз қоғамын исламға қарсылық меңдеп тұр


Лион қаласының орталық мешітінің ректоры Камель Кабтане митингіде сөйлеп тұр. Франция, 12 тамыз 2013 жыл.
Лион қаласының орталық мешітінің ректоры Камель Кабтане митингіде сөйлеп тұр. Франция, 12 тамыз 2013 жыл.

Әскери адамның «мешітке шабуыл жоспарлағаны» француз ақпарат құралдарының негізгі тақырыбына айналып тұр. Француз қоғамында мұсылмандарға қысым күшейген, енді онымен күресуге үкімет кірісті.

Үкімет «экстремизмнің кез-келген түріне қарсы күрес» шараларын бастады. Ал мұсылман ұйымдарының басшылары Францияда ислам дініне деген өшпенділіктің күшейіп келе жатқанын айтады.

Тамыздың 11-і күні Францияның Лион қаласы маңындағы мешітке шабуыл жасамақ болған әскери қызметкер қамауға алынды. Жергілікті әуе қорғанысы күштері қатарында қызмет ететін 23 жастағы күдікті мұсылмандардың қасиетті айы Рамазан аяқталған күні мешітке қарулы шабуыл жасауды жоспарлаған.

Ішкі істер министрі күдіктіні «оңшыл экстремистерге жақын адам» деп сипаттайды. Енді оған «мешітке бұған дейін жасалған шабуылды да ұйымдастырды» деген айып тағылып отыр.

Осы оқиғадан соң Лиондағы орталық мешіттің ректоры Камель Кабтане үкіметті халықтың исламнан үрейленуін тоқтататын шаралар жасауға шақырды.

- Бұл – бәріміз бірлесе күресіп, жоятын індет. Біз исламофобияға қарсы парламенттік комиссия құрып, бұған не түрткі болып отыр және оған қалай бірлесіп қарсы тұра аламыз деген сұрақтарға жауап іздеуіміз керек, - дейді ол.

«МҰСЫЛМАНДАРҒА ҚАРСЫ АГРЕССИЯ КҮШЕЙДІ»

Мешітке шабуыл жасауды ойластырды деген күдікті тұтқындалған кезде Франция ішкі істер министрі Мануэль Вальс «экстремистік идеологиялардан күш алып отырған, республика құндылықтарына кері әсер ететін зорлық-зомбылықтың кез-келген түріне қарсы тұруға әзірміз» деп мәлімдеген еді.

Франция ішкі істер министрі Мануэль Вальс. Франция, 14 тамыз 2013 жыл.
Франция ішкі істер министрі Мануэль Вальс. Франция, 14 тамыз 2013 жыл.
Францияда Мұсылмандар Кеңесінің жанынан құрылған исламофобиямен күрес комитеті (CCIF) бар. CCIF есебі бойынша, мұсылмандарға қарсы әрекеттер жыл өткен сайын жиілеп келеді. Комитет өкілі Марван Мұхаммед:

- Өкінішке орай, ұлтшыл, радикал идеялар алдымен партияларға әсер етеді, одан ары қарапайым азаматтар арасына тарайды. Кемсіту, агрессия сияқты жағымсыз әрекеттер осыдан шығып жатыр, - дейді.

CCIF есебінде 2013 жылдың алғашқы жартысында мұсылмандарға түрлі қысым жасаған 108 оқиға тіркелгені, мұның өткен жылғыдан 35 пайызға көп екені жазылған. Мұсылмандардың мүлкін өртеп жіберу, ұрып-соғу, ар-намысына тию сияқты оқиғалар жиілеген. CCIF өкілдерінің айтуынша, мұсылмандарды кемсіту оқиғалары көбінесе мемлекеттік мекемелерде болады. Әсіресе орамал таққан әйелдер қысымға көп ұшырайды. Есепте шілде айында хиджап таққан әйелдерге 9 шабуыл жасалғаны айтылады.

«ПӘРЕНЖІДЕН ШЫҚҚАН ЖАНЖАЛ»

Шілде айында Францияның сыртқы істер министрі Мануэль Вальс Францияда мұсылмандарға қарсы зорлық-зомбылықтың көбейіп кеткенін «өрескел жайт» деп атап, «діни наным-сенімі үшін адамға шабуыл жасау - мүлде ақылға сыйымсыз әрекет» деп мәлімдеді. Сонымен қатар ол «Салафиттер исламофобияны айыптап, республиканың жүйесін өзгертуге тырысады» дегенді де айтып қалды.

Пәренжі киген әйел полиция бөлімінен шықты. Париж, 11 сәуір 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Пәренжі киген әйел полиция бөлімінен шықты. Париж, 11 сәуір 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
​Жақында әсіреоңшылдардың белсендісі төбелесте қаза тапты. Осы оқиғадан кейін полиция жасырын әрекет ететін бірнеше әсіреоңшыл топты анықтап, олардың жұмысын тоқтатты.

Өткен айда бір мұсылманның тұтқындалуы көшедегі наразылыққа ұласты. Ол мұсылманға пәренжі (әйелдің көзін ғана қалдырып, жүзін тұтас жауып тұратын орамал) киген әйеліне айыппұл салған полицейге шабуыл жасады деген айып тағылып отыр. Париж маңындағы Трапп қаласында болған нарызылық шеруі кезінде ондаған көлік өртеліп, 14 жастағы бала күйіп қалды.

Маусым айында Париж маңындағы Аржантей қаласында да дәл осындай оқиға болды: полиция бетін бүркеп, ниқаб киген әйелге олай жүруге болмайтынын ескертіп, орамалын шешуді талап еткен. Мұның соңы полиция мен наразылар арасындағы қақтығысқа ұласты.

Көптеген мұсылмандар Франциядағы оларға қарсы агрессияның күшейюін заң орындары мен БАҚ-тың оларды алалауынан, әсіреоңшыл топтардың қоғамға әсерінен көреді.

Мешіт маңайында жүрген полицейлер. Франция, 27 қыркүйек 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Мешіт маңайында жүрген полицейлер. Франция, 27 қыркүйек 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Әсіреоңшыл «Ұлттық майдан» партиясының вице-президенті Флориан Филиппо Францияда өшпенділіктің артып келе жатқанын жоққа шығарды. Оның айтуынша, француз қоғамы бұрынғыдай ашық болғанымен, коммунитаризмді (қауымға бөлінуді) жақтырмайды.

- Қауымдар арасындағы қақтығыстардың көбею себебі - біз коммунитаристік қоғамға аяқ бастық. Мәселе осында. Исламизм, исламдық радикализм мәселелеріне мән бермей, мұндай проблемаларды елемегенсіп отыра берсек, ал бұл туралы айтқандарды «нәсілшіл», «төзімсіз» дей берсек, мұның бәрі айналып келгенде мұсылмандардың өзіне соққы болып тиеді, - дейді Филиппо.

ФРАНЦИЯНЫҢ ХИДЖАБПЕН КҮРЕСІ

Зайырлы Франция дін мен мемлекетті бөлуге бар күшін салып, Батыс Еуропадағы ең үлкен ислам қауымдастығы – 5 миллион мұсылманды француз қоғамына бейімдеуге тырысып келеді.

Соңғы жылдары үкімет заңдарға өзгерістер енгізіп, ислам дініне қатысты бірқатар шектеулер қойды. Бұл мұсылмандарды бұрынғыдан бетер оқшаулай түсті, кейбір мұсылмандар қоғамнан бөлініп, еңбек нарығынан тыс қалғанына шағым айта бастады.

Франция мұсылмандары мешітте намаз оқып жатыр. Страсбург, 9 тамыз 2013 жыл.
Франция мұсылмандары мешітте намаз оқып жатыр. Страсбург, 9 тамыз 2013 жыл.
2004 жылы депутаттар орта мектептерде діни символдарды ашық пайдалануға тыйым салу туралы заң қабылдады. Осы заңмен мектептерге хиджаб киіп келуге тосқауыл қойылды. Ал 2011 жылы Францияда қоғамдық орындарда әйелдердің бетін түгел жауып тұратын ниқаб киюге тыйым салынды.

Францияның интеграция жөніндегі жоғары кеңесінің биыл жыл соңында үкіметке тапсырғалы отырған есебінде 2004 жылы қабылданған хиджабқа тыйым салу ережесін университеттерге де енгізу ұсынысы айтылады.

Есепте «Бұл шара студенттер арасындағы келіспеушіліктерді жою үшін қажет. Жікшілдікті діни киім киіп, намаз оқуға арнайы орын бөлуді, өздеріне бөлек тамақ әзірлеуді талап етіп жүрген студенттер тудырып отыр» деп жазылған.

Антуан Блуаның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG