Accessibility links

Ғалымжан Сәдуақасов: Мұндай ауқымды әскери реформа жоспарына 10 күн — тым аз мерзім

24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі жаттығу кезінде 14 сарбаз қаза тапқаннан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрлігіне әскерді реформалау жоспарын әзірлеуді тапсырып, он күн берді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің бұрынғы оқытушысы, отставкадағы подполковник Ғалымжан Сәдуақасовтан осы тапсырма туралы, әскери реформа туралы сұрадық.

Азаттық: Ғалымжан мырза, президент Тоқаев жаңа тағайындалған қорғаныс министріне әскерді реформалау жоспарын жасауды және оны 10 күнде дайындауды тапсырды. Сіздіңше, бұл қандай реформа болмақ? Нені өзгерткелі жатыр?

Отставкадағы подполковник Ғалымжан Сәдуақасов
Отставкадағы подполковник Ғалымжан Сәдуақасов

Ғалымжан Сәдуақасов: Менің ойымша, бұл реформа дұрыс жүрмейді. Себебі мұндай ауқымды әскери реформаға 10 күн – тым аз мерзім. Бұл Астананың көшелерін сыртынан ғана әдемілеп, ішкі жағын сол күйінде қалдырғанға ұқсайды: сырты жылтыр, іші шірік. Бұл реформа да сол кепті киюі мүмкін. Ең бастысы – әскер тұжырымдамасын, оған деген көзқарасты түбегейлі өзгерту керек.

Азаттық: Менің білуімше, жоспарды дайындауға ғана он күн уақыт береді; реформаның өзі, сіз айтқандай, ұзақ уақытқа созылады.

Ғалымжан Сәдуақасов: 10 күн – жоспар жасаудың өзіне де аз. Бұл – өте ауқымды мәселе. 35 жыл бойы шешілмей келе жатқан түйінді осынша қысқа мерзімде кім тарқата алады? Президенттің бұл мәселеге көңіл бөлгені – жақсы нәрсе, бірақ ең алдымен нақты ғылыми конференция өтуі керек. Мәселені түбегейлі көтеру қажет. Кез келген жүйені өзгертуді оның принциптері мен тұжырымдамасынан бастаған жөн: тәрбие жағынан, тәртіп жағынан, заң жағынан – яғни түп-тамырынан бастау керек.

Азаттық: Сіз Қаңтар оқиғасы кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің сарбаздары мен өзге құрылым өкілдері арасындағы атыс-шабыс туралы, басшылықтың біліксіздігі кесірінен жас шекарашылардың қаза тапқаны жөнінде 2024 жылы Азаттыққа эксклюзив сұхбат берген едіңіз. Ол қоғамда үлкен резонанс тудырды. Сол сұхбатта да қорғаныс саласына түбегейлі реформа керегін айтқансыз. Сіздіңше, реформа ең алдымен неден басталуы керек?

Ғалымжан Сәдуақасов: Ең алдымен, қатардағы азаматтарға түсіндіріп алайын: әскер не үшін қажет, оның қандай қажеттілігі бар – осыны айқындап алу керек. 18 жастағы жас жігіттерді әскерге аламыз. Оның себебі не? Әскердің мойнына қандай міндет жүктелген? Сол балаларды есейту, ер жігіт етіп қалыптастыру (орысша айтқанда "формирование юношества") – совет заманында мұның бәрін мектепте жасайтын: 100 сағаттық дайындық, ДОСААФ және басқа дайындық болатын. Сондықтан әскерге келген адам сол кездің өзінде-ақ есейген ер жігіт болатын.

Ал бізде қазіргі жас жігіттер әлі толық қалыптаспаған. Кәдімгі бала күйінде келеді де, оны әскердің мойнына іліп қоямыз. Мен үнемі айтамын: әскерге шақыру жасын ұлғайту керек. 18 жаста емес – өйткені бүгінгі 18 жастағылар өткен ғасырдың 15-16 жасар балаларындай. Әскерге 21-22-де шақырған дұрыс. Әскерге келетіндер институттан, колледжден мамандық алып келгені жөн. Сонда ғана оларға қару-жарақ пен техниканы сеніп тапсыруға болады. Ал мектеп қабырғасынан келген жасөспірімге қазір ешнәрсені сеніп тапсыруға болмайды – оларға бірдеңе жүктеу қауіпті.

Одан кейін басқару жүйесін өзгерту керек. Бізде әскери принцип – "единоначалие", яғни бәріне бір басшы ғана жауап береді. Ал бөлімшелер көп, олардың ешқайсысы ешнәрсеге жауап бермейді. Көлденең байланыстар жұмыс істемейді – міне, осы жаман. Ішінде білімді адамдар қаншама, бірақ олар ештеңе тындырмайды, бәрі басшының мойнына жүктеледі. Бірдеңе болса, "басшы кінәлі" дейді. Ал жоспар жасаған адамдар қайда болды? Олар бәрін тексеруге тиіс еді: баянат жазып, десант түсіру кезінде қандай қатер бар – соның бәрін алдын ала ашып көрсетуі керек еді. Ондай кезде олардың міндеті қайда? Бәріне жалғыз командир жауап береді. Бұл дұрыс емес.

Азаттық: Сіз айтып отырған үлгіні әлемнің қай елдерінде қолданады? Жалпы, ондай үлгі бар ма?

Ғалымжан Сәдуақасов: Менің ойымша, бізге Финляндия мен Швейцарияның үлгісін қарастырған жөн. Финляндия – шағын мемлекет, бірақ мобилизация резерві 7 миллион адам. Олар үлкен мемлекеттермен де соғыса алады, қару-жарағы да жеткілікті. Халқы бізден аз, бірақ әскери тұрғыдан өте мықты. Бізге де сондай жүйе керек. Оларда әскерде бос жүре беретін тәртіп жоқ. Ал бізде сарбазды бір жылға әкеледі. Сол бір жылда оны не істейді? Нақты әскери дайындықтың орнына сап түзеп жүру, еден жуумен айналысады. Ал сол сарбазды 3-5 айға алып, нағыз әскери дайындықтан өткізсе, әлдеқайда тиімді болар еді.

Азаттық: Қазір қоғамда міндетті әскери борышты өзгерту керек, Еуропа елдері сияқты оны міндетті етпеу керек деген пікірлер де бар. Бұған қалай қарайсыз?

Ғалымжан Сәдуақасов: Әскерге міндеттеп шақыруды бәрібір сақтау керек. Себебі әскери мобилизация резерві болуға тиіс. Біз – халқы аз мемлекетпіз, сондықтан бізге мобилизация резерві қажет. Бірақ қызмет мерзімін бір жыл емес, жарты жылға, тіпті бес айға дейін қысқарту керек. Украинадағы соғыс көрсетті ғой: адамды үш айдың ішінде әскерге де, соғысқа да дайындауға болады. Оны бір жыл ұстаудың қажеті жоқ, бес айда дайындап шығаруға болады.

Азаттық: Министр ауысқанмен, әскери жүйедегі адамдардың бәрін жұмыстан босатып, орнына жаңа адам әкеле салу мүмкін емес. Реформа жоспарын жасауда да, оны жүзеге асыруда да сол әскерде жүрген мамандардың көмегіне жүгінеді. Осы адамдар шын мәнінде реформа жасай ала ма?

Ғалымжан Сәдуақасов: Кез келген жүйе өз-өзін өзгерте алмайды. Себебі билік бар – билік ешқашан өз артықшылықтарынан, өкілетінен айырылмайды. Ешкім өз еркімен өзгеріске бармайды. Оған не іштен, не президент тарапынан, не қоғам тарапынан қысым болуы керек. Қазір комиссия құрылып жатыр. Ол комиссияға нағыз білікті әскери сарапшылар қажет.

Ал бізде оның басшылығына әскери іске қатысы шамалы адамды тағайындады. Ол әскер туралы не біледі, қазір қандай шешім қабылдай алады? Мұнда нағыз тәуелсіз сарапшылар комиссиясын құру керек еді. Ең алдымен барлық мәселені көтеріп, содан кейін оны шешудің жолын көрсету қажет. Сол біткен соң ғана іске кірісу керек.

Азаттық: Яғни жүйеге қатысы бар, бірақ әскердің өз ішінен емес, қоғам тарапынан өкілдер тартылуы керек дейсіз ғой?

Ғалымжан Сәдуақасов: Иә, жүйені білетін адамдар керек. Бір жағынан жүйені білетін, бірақ осы билікке бағынышты емес адамдар қажет. Әскерде білімді адамдар бар, бірақ олар ештеңе айта алмайды – өйткені олардың басшылары бар. Мен қазір неге ашық сөйлей аламын? Себебі зейнеткермін. Сол себепті бүкіл мәселені ашық көтере аламын. Ал қызметте жүрген әскери адамдар бұлай сөйлей алмайды.


Айдар
​
XS
SM
MD
LG