Accessibility links

Газ қоры мол Қазақстан мен Өзбекстан неліктен Ресейге тәуелді болып барады?

Совет одағы тұсында Өзбекстан газы ондаған жыл бойы Ресейге жеткізіліп тұрды. Мұны Қазақстан арқылы өтететін "Орталық Азия – Орталық" құбыры арқылы іске асырды. Қазір тасымал кері бағытта жүріп жатыр: газ қоры мол Өзбекстан Ресей көк отынын сатып алушыға айналды. Қазақстан да Ресей газын импорттауды арттырып отыр. Орталық Азиядағы ең қуатты деген екі ел неліктен Ресей газына тәуелді болып қалды? "Газпром" осы аймақ арқылы Оңтүстік Азияға шыққысы келе ме?

2025 жылы Ресейдің "Газпром" компаниясы Өзбекстанға 6,48 млрд текше метр газ экспорттады. Ал 2026 жылы экспорт көлемі 10 млрд текше метрден асуы мүмкін екені айтылды. Қазақстан да Ресейден табиғи газ сатып алуды үш есеге жуық арттыратынын мәлімдеді. Былтыр 4 млрд текше метр импорттаса, биыл 11 млрд текше метр импорттау жоспарланып отыр.

"Газпром" басшысының айтуынша, 2026 жылдың басынан бері Ресейдің Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдеріне газ экспорты 70 пайызға артқан.

Ташкент сөйте тұра тұрмыста қолданылатын газдың орнына электр энергиясына басымдық беру жоспары барын айтып отыр.

"Халқымыз газбен қамту жылдан жылға арта бермейтінін, керісінше, қысқара түсетінін дұрыс түсінуі керек" деді Өзбекстан энергетика министрінің бірінші орынбасары Умид Мамадаминов.

Бұрын газды шетелге молынан экспорттап келген Өзбекстан қалайша импортқа тәуелді болып қалды? Мұндай процестің Қазақстанда да жүріп жатқанының себебі не?

Өзбек газы қайда кетті?

Өзбекстан ұзақ бойы аймақтағы ең ірі газ өндірушілердің бірі болып келді. 2014 жылы елде 57 млрд текше метр газ өндіріліп, Өзбекстан әлемнің үздік 15 елінінің қатарына кірді. 2010 жылдардың аяғына қарай бұл ел жыл сайын 10-15 млрд текше метр газ экспорттап келді және оның көбі Қытай мен Ресейге, сондай-ақ Қазақстанға кетті.

Бірақ сол кездердің өзінде-ақ жағдай өзгере бастады. 2018 жылы "Газпроммен" әріптестік бағыты өзгерді: Ресей компаниясы өзбек газын сатып алудың орнына Өзбекстанға түркімен газын бере бастады.

Елде ішкі нарықтың сұранысын өтеудегі алғашқы қиындықтар 2019 жылғы қыста байқалды: Газ бен электр энергиясының үзілуі наразылыққа ұласып, бірнеше өңірде тұрғындар жолдарды жауып, көлік дөңгелектерін өртеді. Билік іркілістердің бір бөлігін инфрақұрылымның тозуына жапты. Ал наразылық білдірушілер тапшылық газдың Қытайға беріліп жатқанын туды деді.

Пандемия жағдайды ушықтыра түсті: Ресейге экспорт тоқтады, Қытайға экспорт қысқарды, өндіріс азайып қалды. Пандемиядан кейін мұның бәрі оңала бастаған, бірақ бұрынғы деңгейге жете қоймады. Ұлттық статистика комитетінің дерегінше, 2021 жылы елде 53,8 млрд текше метр газ өндірілсе, 2024 жылы 41,5 млрд, 2025 жылы 42,3 млрд текше метр газ өндірілген. 2026 жылдың алғашқы жартысында өндіріс алдыңғы жылдың сол кезеңімен салыстырғанда 16 пайызға бәсеңдеді.

Fitch агенттігі "Өзбекнефтегаз" компаниясындағы өндірістің құлдырауын ең алдымен негізгі кен орындарының сарқылуымен байланыстырады. Халықаралық энергетика агенттігі де қолданыстағы ресурстық база бұрынғы өндіріс деңгейін ұстап тұруға қауқарсыз екенін айтады. Бұған ескі газ тасымалдау жүйесіндегі апаттар мен шығындар қосуға болады.

2023 жылғы қазанда Өзбекстан алғаш рет газдың нетто-импорттаушысына айналды: Сол кезде "Орта Азия – Орталық" газ құбырын кері бағытта жұмыс істету арқылы Ресей газын жеткізу басталды. 2023 жылдың кейінгі үш айында "Газпром" Өзбекстанға 1,28 миллиард текше метр газ жеткізсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 6,48 миллиард текше метрге жетті.

Салыстырар болсақ, 2025 жылы Өзбекстан шамамен 47 миллиард текше метр табиғи газ тұтынған. Демек, "Газпром" жеткізген газ елдің ішкі тұтынуының шамамен 14 пайызына тең болған. Халықаралық энергетика агенттігінің болжауынша, 2026 жылы Ресейден жеткізілетін газ көлемі 10 миллиард текше метрден асуы мүмкін. Бұл Өзбекстанның алдыңғы жылы тұтынған бүкіл газының бестен бірінен асады.

Қытайға газ экспорты да айтарлықтай қысқарды. 2026 жылғы қаңтар-ақпанда бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда төрт есе азайған.

Осло университетінің зерттеушісі, энергетикалық қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Франческо Сасси мұның бір себебі тиімсіз басқару екенін айтады.

"Қолда бар ресурстарды дұрыс басқара алмау және олардың сарқылуы, ішкі тұтынудың өсуі мен Өзбекстанда инвестицияның ұзақ уақыт бойы жетіспеуі елді қазіргі жағдайға жеткізді. Енді бұл ел аймақтық экспорттаушы рөлін сақтап қалудың орнына импортқа сүйенуге мәжбүр" дейді сарапшы.

Алдыңғы жылдары Өзбекстан ұңғымаларды бұрғылауға, оларды жөндеуге, компрессорлық станциялар мен басқа да инфрақұрылым нысандарына қомақты қаржы бөлді. Алайда өндірілген жаңа газ көлемі ескі кен орындарындағы табиғи құлдыраудың орнын толтыра алмады.

"Энергетикалық саясаттың сипаты бұрын қалыптасқан жүйеге қатты тәуелді. Мұндай үрдістерді өзгерту үшін үйлестіру, стратегиялық жоспарлау және шешімдер әзірлеу бойынша көп жылдық жұмыс қажет. Ал мұны тәжірибелі саясаткерлер мен энергетика саласының мамандары болған жағдайда ғана жүзеге асыруға болады. Аймақта энергетикалық дағдарыстардан шығу тәжірибесі жетіспейді. Энергетикалық геосаясат пен климаттың өзгеруі де жағдайды қиындатып отыр" дейді Франческо Сасси.

2026 жылы өндірістегі қиындықтарға апаттар да қосылды. "Өзбекмұнайгаз" компаниясы кейбір нысандарда болған технологиялық оқиғалар газ өндіру көлемін азайтқанын мойындады, бірақ шығынның нақты көлемін жарияламады.

Газ өндірісі төмендеген тұста билік қосымша шикізат көздерін іздеп қана қоймай, ел ішіндегі тұтынуды да азайтуға тырысып жатыр. Газ әлі де Өзбекстандағы негізгі энергия көзі саналады. Азия даму банкінің дерегінше, 2023 жылы елдің энергиямен қамту жүйесінде газдың үлесі 79 пайыз болған.

Қазақстан: солтүстік облыстардағы тапшылық

Көмірсутек қоры мол Қазақстан ең алдымен мұнай өндіруші ел болып қала береді. Газдың басым бөлігі Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарында мұнаймен бірге өндіріледі. Оның бір бөлігі кен орындарының өзінде пайдаланылады немесе қайтадан жер қойнауына айдалады. Сондықтан шикі газ өндіру көлемінің өсуі тауар күйіндегі газ өндірісі де дәл сондай қарқынмен артады дегенді білдірмейді. 2023 жылы өндірілген 59,1 млрд текше метр газдың тек 29,8 млрд текше метрі ғана тауар күйіндегі газ болған.

Сонымен қатар Қазақстан газдандыру ауқымын кеңейтіп жатыр. Елдегі ішкі тұтыну 2014 жылы шамамен 12,5 млрд текше метрден 2025 жылы 21,6 млрд текше метрге дейін өсті. 2026 жылдың басында 13,1 миллион адам, яғни халықтың 64,2 пайызы газға қосылған. Билік 2035 жылға қарай бұл көрсеткішті 80 пайызға жеткізуді көздейді.

Мәселенің бір ұшы географияға келіп тіреледі: ең ірі газ кен орындары елдің батысында орналасқан, ал шығыс өңірлер әлі газдандырылмаған. Мыңдаған шақырымға созылатын газ құбырын тарту қомақты шығынды қажет етеді.

Қазақстан үшін газ импорттаушысы болу жаңалық емес. PetroCouncil мұнай-газ кеңесінің төрағасы Асылбек Жәкиевтің сөзінше, Қазақстан үшін газды елдің батысынан шығысына тасымалдағаннан гөі көрші елден ала салған тиімдірек.

"Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлеріне Ресейден газ импорттау логистика мен шығын тұрғысынан батыстан солтүстікке қарай миллиардтаған доллар жұмсап жаңа магистральдық газ құбырларын салғаннан оңай әрі арзан" дейді ол.

Кейінгі жылдары Ресейден импортталатын газ көлемі қарқындап артып жатыр. 2023 жылы Қазақстан Ресейден 500 млн текше метр шамасында газ алса, 2024 жылы 3,8 млрд текше метр, 2025 жылы 4 млрд текше метрге жуық газ алған. Ішкі тұтыну көлемі 21,6 млрд текше метр. Яғни импорттың кейінгі көлемінің үлесі – шамамен 19 пайыз.

Биыл жазда Ресейден алдыратын газ көлемі 6 млрд текше метрге дейін жететіні айтылған. Алайда қыркүйекте энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев Қазақстан Ресейден жыл аяғына дейін шамамен 11 млрд текше метр газ алуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Ішкі тұтыну көлемі болжам бойынша 22,6 миллиард текше метр болса, бұл көлем жылдық тұтынудың жартысына жуықтайды. Дегенмен вице-министр импортталатын газдың барлығы ішкі нарыққа жұмсала ма, жоқ па – оны нақтыламады. 2027 жылы Ресейден тағы шамамен 9 млрд текше метр газ алдыру мәселесі талқыланып жатыр.

Билік импорттың күрт өсуі себебінің бірі "шағын техникалық іркілістермен" екенін айтты. Бірақ олардың нақты қандай іркілістер екені сол кезде айтылмады.

Қарашығанақта өндірілген шикі газдың бір бөлігі Ресейдегі Орынбор газ өңдеу зауытында өңделеді. Бұл зауытқа Украина дрондары бірнеше рет шабуыл жасаған. "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартысында Қарашығанақта газды кері айдауға дейінгі өндіріс көлемі 12 пайызға төмендеген.

Асылбек Жәкиевтің пікірінше, апаттар, жөндеу жұмыстары және Ресейдің Украинаға қарсы соғысы бұрын қалыптасқан мәселені ушықтыра түсті.

"Негізгі себеп – Қазақстанның ішкі нарығында тауар күйіндегі газдың бірнеше жылға ұласқан жүйелі тапшылығы. Оған кезінде операциялық факторлар да қосылды" дейді ол.

Дей тұрғанмен Қазақстан тауар күйіндегі газды асыра өндіреді: 2025 жылы оның көлемі 27,4 млрд текше метр болған. Ал ішкі тұтыну 21,6 млрд текше метрге тоқтады. Газдың бір бөлігі "Қазақстан – Қытай" газ құбыры арқылы экспортталады.

"Қазақстанға өз газын Қытайға сатып, ал солтүстік өңірлердегі тапшылықтың орнын Ресей газымен толтырған тиімді көрінеді" дейді Асылбек Жәкиев. "Сол себепті қалыптасқан жағдайды үлкен трагедияға айналдырудың қажеті жоқ шығар. Дегенмен Қазақстан энергетикалық тұрғыдан бір ғана елге тәуелді болып қалмауы керек екені түсінікті. Үкімет мұны жақсы біледі. Бұл жағдайда қабылданып жатқан шешімдердің астарында логистика мен экономикалық тиімділік жатыр".

Ресей газын қажет ететін солтүстік өңірлерді газдандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Депутаттар бұл үдерісті жеделдетуді ұсынып отыр. Жәкиевтің сөзінше, әзірге Қазақстанның Ресей газына қатты тәуелді болып отыр деп айтуға келіңкіремейді.

"Әрине, дәл қазір Қазақстан қатты тәуелділікке ұшырады деп айта алмаймыз. Бірақ импорт көлемі өсетіні, ал елдің солтүстік өңірлері Ресей газын тұтынатыны түсінікті. Қазір "Газпром" жеңілдетілген бағамен сатып отыр. Алайда алынатын газ көлемі ұлғайған сайын тәуелділік те күшейсе, Ресейдің ықпалы да арта түседі" дейді ол.

"Газпромның" көздегені Оңтүстк Азия ма?

Ресейдің Қазақстан мен Өзбекстанға газ экспортын арттыруы Еуропаға бағытталған экспорт көлемінің күрт қысқаруымен тұспа-тұс келді. Оған Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысын бастауы түрткі болды.

Оксфорд энергетикалық зерттеулер институтының жазуынша, Еуропа нарығынан айырылған Ресей газ экспорттайтын жаңа бағыттарды белсендірек іздеуге мәжбүр болды. Осы тұста Орталық Азия тартымды нарыққа айналды: аймақтағы екі ірі экономика – Қазақстан мен Өзбекстанның өздері де отын тапшылығының күшеюіне тап болды.

"Өз газының едәуір бөлігін Еуропаға сатып келген "Газпромның" Еуропа нарығынан айырылуы Ресей Федерациясын шығыс пен оңтүстіктен жаңа экспорт бағыттарын іздеуге итермеледі" дейді Асылбек Жәкиев.

Бірақ бұл тұрғыда Орталық Азия Еуропа нарығының орнын баса алмайды. Жәкиевтің сөзінше, Орталық Азия нарығы бар болғаны "Газпром" өндірген көлемнің бір бөлігін ғана сатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл "Орталық Азия – Орталық" газ құбырын қайта пайдалануға жол ашады.

Өзбекстан үшін Ресей газын сатып алу инфрақұрылым тұрғысынан да ең қолжетімді нұсқа болды.

"Қолжетімді нұсқалардың ішінде логистика жағынан ең оңай жол – Ресей бақылауындағы, Совет одағы кезінде қалыптасқан инфрақұрылым мен жеткізу жүйесіне қосылу еді. Оның бастапқы мақсаты мүлде басқа болатын: өзбек газын елден шығарып, советтік өнеркәсіпті қамтамасыз ету, ал кейін Мәскеуге Еуропа тұтынушыларына газ экспорттауға мүмкіндік беру еді" дейді Франческо Сасси.

Асылбек Жәкиевтің айтуынша, Ресей бұл аймақты өз газын сататын нарық ретінде ғана емес, оны Қытайға әрі қарай жеткізетін ықтимал транзиттік бағыт ретінде де қарастырып отыр.

"Ал одан кейін газды Ауғанстан арқылы Пәкістан мен Үндістанға жеткізуге болады" дейді Жәкиев.

Сассидің пікірінше, қазіргі өзгерістер "Газпром", Қазақстан және Өзбекстан арасындағы жекелеген келісімшарттар шеңберінен әлдеқашан шығып кеткен.

"Ең маңыздысы – болып жатқан өзгерістердің бүкіл аймаққа әсер етуі. Орталық Азия елдері бұрын газ экспорттаушы болды және ішкі тұтыну көлемі салыстырмалы түрде тұрақты еді. Енді олар Ресей мен Қытай қатысатын әлдеқайда күрделі "үлкен газ ойынының" қатысушысына айналды. Бұл үдеріске АҚШ, Еуропа одағы, Түркия, Иран, Үндістан және орта держава саналатын өзге деы сыртқы ойыншылар да қатысып отыр" дейді ол.

"Газ одағы"

2022 жылдың аяғында Ресей Қазақстан мен Өзбекстанға үшжақты «газ одағын» құру идеясын ұсынды. Сол кезде Астана мен Ташкент бұл бастама саяси бірлестік емес, оның тек коммерциялық ынтымақтастық аясында жүзеге асуы мүмкін екенін атап өтті.

Одақ формалды түрде құрыла қоймады. Бірақ Жәкиевтің пікірінше, бастапқы идеяның бір бөлігі іс жүзінде іске асты: "Орталық Азия – Орталық" газ құбыры кері бағытта жұмыс істей бастады, ал "Газпром" QazaqGaz компаниясымен келісімшарт жасасып, Өзбекстанмен келісімдерге қол қойды.

"Мұндай формат Қазақстанға қажет пе? Ұлттық мүдде мен экономикалық қисын тұрғысынан алғанда, бұл амалсыз қажеттілік болуы мүмкін" дейді Жәкиев.

Орталық Азиядағы бұл екі ел де тапшылықты азайту жолдарын іздеп жатыр. Өзбекстан жаңа ұңғымалар бұрғылап, кен орындарын жөндеуге көшті. Сондай-ақ ел билігі тарифтерді көтеріп, электрлендіру мен энергия тиімділігін арттыру арқылы газ тұтынуды қысқартуға тырысып жатыр.

Қазақстан жаңа газ өңдеу қуаттарын іске қосуға басымдық беріп отыр. Атап айтқанда, Қарашығанақта өз газ өңдеу зауытын салу жоспарланған. Бұл Орынбордағы зауытқа тәуелділікті азайтуға тиіс.

Жәкиевтің айтуынша, Қазақстан геологиялық барлау жұмыстарын және ішкі газ құбырларының құрылысын да дамытуы қажет және тариф саясатын біртіндеп өзгертуі керек.

"Ең алдымен, реформалар жүргізіп, газды ел ішінде өңдеуді дамыту керек" дейді ол. "Тағы бір күрделі әрі қоғам үшін сезімтал мәселе – ішкі газ тарифтерін кезең-кезеңімен экономикалық тұрғыдан өзін-өзі ақтайтын деңгейге көтеру. Қазір тарифтер субсидияланады. Сондықтан отандық және халықаралық инвесторлар үшін газды ел ішінде өңдеуге қаржы салу тиімсіз: төмен баға жағдайында олардың инвестиция жасауына жеткілікті экономикалық ынта жоқ".

Айдар
​
XS
SM
MD
LG