3 тамызда Ресейдің Краснодар өлкесіндегі Геленджик курорт аймағындағы Архипо-Осиповка демалыс ауылындағы адам толы жағажайға дрон құлап, жарылған.
Бастапқыда жарылыс салдарынан үш адам қаза тауып, ондағы кісі зардап шеккені туралы ақпарат тараған еді. Кейінгі нақтыланған деректе қаза тапқандар саны жеті адамға жеткені айтылады. Ресейдің ТАСС агенттігі жедел штабтың дерегіне сүйеніп, қазаға ұшырағандардың үшеуі – бала деп хабарлады.
Краснодар өлкесінің губернаторы Вениамин Кондратьев 40-қа жуық адам зардап шекті деп айтты. Қала билігінің мәліметінше, 47 адам жараланған. Ресейдің денсаулық сақтау министрлігі 17 дам ауруханаға жатқызылғанын, арасында балалар да бар деген ақпарат берді. Губернатор Кондартьев те дәл осындай дерек айтты.
Astra басылымы адам толы жағажайға көктен дрон құлаған сәт түсіп қалған видео жариялады. Видеода әлдеқайдан атып жатқан қару дыбысы естіледі, басылым бұл көктегі дронды атып жатқан әуе шабуылынан қорғаныс күштері қаруының дауысы болуы мүмкін деп топшылайды.
Кейбір сарапшылар дрон жағажайға әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері оны атып түсіргеннен кейін құлаған болуы мүмкін деген болжам айтады.
"Агенттік" басылымы Conflict Intelligence Team зерттеу тобы өкілінің дрон әуеден атып түсірілген соң жағажайға құлаған болуы мүмкін деген сөзін келтірген. Видеода естілген дүркіндете атып жатқан қару дыбысы дрон құлай бастаған кезде тоқтап қалғаны соны аңғартады дейді ол.
Краснодар өлкесінің губернаторы Вениамин Кондратьев бұл оқиғаға Украинаны айыптап, "киевтік режим әскери құрылымға мүлде қатысы жоқ бейбіт халыққа қарсы мақсатты түрде шабуыл жасады" деп мәлімдеді.
Украина тарапы бұл ақпаратқа байланысты әзірге түсініктеме берген жоқ.
Жергілікті тұрғындар мен туристер дрон шабуылы қаупі жөнінде ешкім ескертпегенін, әуе шабуылы туралы дабыл белгісі я басқадай ескерту болмағанын, адамдарды жағажайдан эвакуациялау жұмыстары жүргізілмегенін әлеуметтік желіде жазды.
"Пост" телеграм-арнасы дрон бизнесмен Михаил Прохоровтың құрметіне халық арасында "Прохорлық" деп аталып кеткен жағажайға құлаған деп хабарлады. Жағажайдың ресми атауы – "Норникель".
"Пост" арнасы оқиға куәларының сөзіне сүйеніп, әуеде екі дрон болған, оның біреуі атып түсірілген деп жазды. Бұл деректі растайтын өзге ақпарат болған жоқ. Желіде жарияланған видеода бір дронның әуеден жағажайға қалай құлағаны көрінеді.