Accessibility links

Грузияның тұңғыш әйел президенті ант берді


Саломе Зурабишвили инаугурация кезінде. Телави, 16 желтоқсан 2018 жыл.
Саломе Зурабишвили инаугурация кезінде. Телави, 16 желтоқсан 2018 жыл.

Грузияның тұңғыш әйел президенті Саломе Зурабишвили халық алдында ант берді. Шеруге шықпақ болған оппозиция өкілдері инаугурация өткен қалаға жіберілмеді.

ИНАУГУРАЦИЯ

Инаугурацияда сөз сөйлеген Зурабишвили саяси алауыздықты жойып, НАТО және Еуроодақпен байланысты нығайтуға уәде берді.

"Грузия президентін еліміздің стратегиялық әріптестері, АҚШ, Еуропа елдері қолдағандықтан, еліміздің НАТО және Еуроодақпен байланысын нығайтуға бар күшімді саламын" деді ол.

Зурабишвилидің айтуынша, егер Мәскеу көрші елдермен байланысын қалпына келтіргісі келсе, онда халықаралық құқықты құрметтеуі тиіс. 2008 жылғы бескүндік соғыстан соң Тбилиси мен Мәскеу арасындағы салқын қарым-қатынас сол күйде қалған.

Саломе Зурабишвили инауграция кезінде сөз сөйлеп тұр. Телави, 16 желтоқсан 2018 жыл
Саломе Зурабишвили инауграция кезінде сөз сөйлеп тұр. Телави, 16 желтоқсан 2018 жыл

"Егер Ресей халықаралық қауымдастықтың толық мүшесі атанғысы келсе және аймақтағы қатынасты қалпына келтіргісі келсе, халықаралық құқық нормаларын сөзбен де, іспен де дәлелдей алуы тиіс. Көршілермен тең әрі бейбіт қатынас орнату үшін бұл өте қажет" деді ол.

Зурабишвили Ресейдің сепаратистер шоғырланған екі аймақ - Оңтүстік Осетия және Абхазияға қатысты "ақылға қонымсыз саясат" жүргізіп отырғанын айтқан.

Ресей қолдауына ие болған сепаратистер 2008 жылғы қақтығыстан соң осы екі аймақты бақылауына алған. Мәскеу екі аймақты тәуелсіз мемлекет деп мойындап, төрт мың әскерін орналастырған. Ресейден басқа оларды тәуелсіз ел деп бес мемлекет мойындаған.

Абхазия мен Оңтүстік Осетия 2008 жылы Ресей мен Грузия арасында болған әскери жанжалда Грузиядан бөлініп шыққан. Ресей Грузияның жікшіл аймақтарындағы әрекетін "бітімгершілік операциясы" деп атаған.

Грузия президентінің инаугурациясы. Телави. 16 желтоқсан 2018 жыл
Грузия президентінің инаугурациясы. Телави. 16 желтоқсан 2018 жыл

Саломе Зурабишвили инаугурациясы Тбилисиден шамамен жүз шақырым жердегі Телави қаласындағы көне сарайда өткен. Оған шамамен 1800 адам қатысқан. Олардың арасында Армения президенті Армен Саркисян, Францияның бұрынғы президенті Николя Саркози болған.

Францияда туылған, елдің бұрынғы сыртқы істер министрі 66 жастағы Саломе Зурабишвили 28 қарашада өткен президент сайлауының екінші кезеңінде жеңіп шықты. Оған сайлаушылардың 59,5 пайызы дауыс берген. Ол "Грузия арманы" партиясы атынан сайлауға қатысқан.

Екінші турдағы оның қарсыласы, Бірыңғай ұлттық қозғалысының жетекшісі Григол Вашадзе 40,5 дауыс алған. Оппозиция күштері дауыс беру кезінде заңсыздықтардың болғанын алға тартып, сайлау қорытындысын мойындаудан бас тартқан.

16 желтоқсанда оппозиция жақтастары Телави қаласында шеру өткізбек болған. Бірақ полиция олардың жолын бөгеп, қалаға жібермей қойған. Полиция мен шерушілер арасында кикілжің болғаны туралы да хабарланды.

Инаугурация күнгі оппозиция шеруі. 16 желтоқсан 2018 жыл.
Инаугурация күнгі оппозиция шеруі. 16 желтоқсан 2018 жыл.

- "Грузия арманы" партиясы бізден Конституциямызды, мемлекеттік инситуттарды, еркін пікір білдіру құқығын тартып алды, - деді Григол Вашадзе журналистерге.

Халықаралық бақылаушылар сайлаудың екінші турының "тартысты" өткенін айтса да, "Грузия арманы" партиясында әкімшілік ресурстар болғандықтан Зурабишвилидің көпшілік даусын "өз еңбегімен" алмағанын айтқан.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG