Арменияның солтүстігіндегі, Грузиямен шекараға жақын орналасқан жасыл желекке оранған алқапта, жаңа жауған жаңбырдан жылтыраған асфальт үстінде жүк көліктері тізіліп тұрды. Қозғалыссыз тұрған бұл көліктер – Ресей мен Батыс арасындағы геосаяси шайқасының айғағы іспетті.
Азаттықтың Армян қызметіне сұхбатында Ресейге тауар тиеп бара жатқан жолда қалай кері қайтарылғанын айтып мұңын шақты.
"Олар барлық құжатымызды тексеріп, құлпынайдың, ауыл тұрғындары өсірген өнімнің сапасын көрді. Бірақ бұл жай ғана саяси шешім болды", — деді Нарек Егинян. Оның көлігінде 20 тонна құлпынай тиелген, енді бұл тауарды қайта өткізетіні белгісіз.
Тағы бір жүргізуші – Ара Исоян да дәл сондай мөлшердегі бұрышты кері алып қайтқан.
"Олар біздің бұрышымыздан тек қызанаққа ғана жұғатын ауру таптық деп мәлімдеді. Бізді автотұраққа жіберіп, оның барлық шығынын өзімізге төлетті. Ол жерде бір күн болып, кері қайттық", — деді ол.
Ара Исоян – Ресей шекарасынан кері қайтарылғанын көп көлік жүргізушісінің бірі ғана.
Жүргізушілер Ресейдің шектеуді күшейтіп жатқанына алаңдайды. 2 маусымда Ресейдің ауыл шаруашылығын қадағалау мекемесі (Россельхознадзор) Армениядан келетін картоп, баклажан, кептірілген жемістер мен сүйекті жемістерге (өрік, шабдалы т.б.) қатысты шаралар қабылданатынын жариялады.
Мұның алдында көкөністің басқа түрлеріне, балық өнімдеріне және минералды суларға осындай шектеу енгізілген.
Ресми мәлімдемелерде денсаулық пен қауіпсіздікке қатысты мәселелер айтылғанымен, мұның артында Кремльдің қысымы тұрғандай.
7 маусымда Армения халқы елдің негізгі сыртқы саяси бағыты шешілетін парламент сайлауында дауыс береді. Премьер-министр Никол Пашинян елді АҚШ пен Еуроодаққа қарай жақындатқысы келеді, ал Ресей оның бұл әрекеттеріне ашық та, тасадан да тосқауыл қоюға тырысып жатыр.
Мәскеу Арменияны Еуразия экономика одағынан (ЕАЭО) шығарамыз деп қорқытты, жеңілдікпен берілетін жанармай жеткізуді тоқтатуымыз мүмкін деп ескертті, одан бөлек Ереванға қарсы ашық мәлімдемелер де жасады.
29 мамырда Астанада өткен саммитте сөйлеген сөзінде Ресей президенті Владимир Путин Арменияға "Украинаның кебін киім қалмаңдар" дегенді емеурінмен жеткізді.
"Украинадағы дағдарыс Еуропа одағына мүшелікке ұмтылудан басталған", — деген Путин Армения Батысты таңдаған жағдайда Ресейдің және Еуразия одағының нарықтарынан шектелетінін, арзан энергия импортынан қағылатынын және Ресейге баратын еңбек мигранттарына кедергілер болуы мүмкін екенін ескертті. Ондағарн жыл бойы Ресейдегі армян мигранттарының ақшасы Армения экономикасы үшін маңызды рөл атқарып келеді.
"Бұдан Армения жалпы ішкі өнімінің кем дегенде 14 пайызын жоғалтуы мүмкін", — деді Владимир Путин.
Еуроодақ көмекке келе ме?
Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян елдің сыртқы саяси бағытын өзгертуге бейіл екенін анық аңғартты. Мамырда ол Ереванда өткен саммитте Еуроодақ пен Еуропаның басқа да лидерлерін, соның ішінде Украина президенті Владимир Зеленскийді қошеметпен қарсы алды. Оған қоса, Пашинян Арменияның құрамына Ресей кіретін Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүшелігін уақытша тоқтатқан.
Өткен жылы Армения Еуроодақ құрамына өту процесін бастайтын заң қабылдады. Бұл мақсатқа жету үшін көп жыл қажет екені анық, Брюссель Ереванның Еуроодаққа ұмтылысын қолдауға барын салды, оған іс жүзінде көмектесуге күш салып жатыр.
Сайлауға үш күн қалған 4 маусымда Пашинян мен Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен телефонмен сөйлесіп, осы мәселені талқылады.
"Бүгін премьер-министр Никол Пашинянмен Ресейдің Арменияға жасап жатқан шектеулері туралы сөйлестім. Бұл экономикалық мәжбүрлеуден басқа ештеңе емес және мұндай әрекетке жол беруге болмайды, — деді ол телефонмен әңгімеден кейін жасаған мәлімдемесінде. — Мәскеу саяси қысым жасау үшін экономикалық қарым-қатынасты қару етіп қолданып отыр".
Қазір Еуроодақ "Автономды сауда шаралары" (Autonomous Trade Measures — ATMs) деп атайтын жоспар әзірлеп жатыр. Бұл шара армян ауыл шаруашылығы өнімдеріне жеңілдетілген сауда режимін қолдануға мүмкіндік береді.
Алайда, Арменияның Грузиямен шекарадағы Баграташен ауылында қаңтарылған көлік жүргізушілерінің арасында Еуроодаққа күмәнмен қарайтындар көп.
"Испания бізге Еуропада қызанақ сатуға рұқсат бере ме? Болгария бұрыш сатқыза ма? Немесе Франция коньягімізді өткізуге жол бере ме?" — деп сұрады атын атағысы келмеген жүргізушілердің бірі.
Бұл сұрақтарға әзірге нақты жауап жоқ, дегенмен Брюссельдегі дереккөздер бұл жеңілдіктердің негізінен маусымдық тауарларға қатысты болатынын меңзеді. Оның үстіне жеткізілетін өнім көлемі туралы да ешқандай нақты мәлімет жоқ.
Тағы бір мәселе — тауарды нарыққа жеткізу қиындығы. Еуроодақ мәлімдемесінде Түркия арқылы ашылған жаңа бағыттар және өнімдерді Грузия арқылы тасымалдау туралы айтылған, бірақ бұл – өте көп уақытты қажет ететін, шығыны көп жолдар.
Демек, мәселе көп. Соңғы жылдардағы ресми статистикаға көз жүгіртсек, Ресеймен сауда-саттық көлемі тұрақты түрде өсіп, Еуроодақпен арадағы сауда айналымынан едәуір озып кеткен.
"Геосаяси базар"
Әрине, Арменияның басқа да сауда серіктестері бар. Observatory of Economic Complexity мәліметінше, елдің ең үлкен экспорт нарығы – Біріккен Араб Әмірліктері оның ең үлкен экспорттық нарығ. Бұл ел негізінен алтын, зергерлік бұйымдар мен гауһар тастар сатып алады.
3 маусымдағы талдауында Кавказ бойынша сарапшы, Carnegie Europe орталығының аға ғылыми қызметкері Томас де Ваал қазіргі жаңа, көпполярлы әлемде бүкіл аймақ елдері сауда бағыттарын әртараптандыруға тырысып жатыр дейді.
"Бұл аймақ Ресей мен Батыс арасындағы текетірестің ортасында тұрған қосполярлы әлем деген түсінік бүгінде шындыққа келмейді, бұл тек Кремль стратегтерінің ойында ғана болмаса. Қазіргі Оңтүстік Кавказ — нағыз геосаяси базар", — деп жазды де Ваал.
"Мұнда Еуропа одағы да, Қытай да, Парсы шығанағы елдері де, Үндістан, Түркия және Америка Құрама Штаттары да бар. Осы қаптаған елдің ішінде Ресей қазір көптің бірі ғана болып қалды", — деді ол.
Америка Құрама Штаттары бұған нақты мысал бола алады. АҚШ президенті Дональд Трамп өткен жылы ондаған жылға соғысқа символикалық түрде нүкте қою үшін Пашинян мен Әзірбайжан президенті Илхам Әлиевті Ақ үйде қабылдаған.
Бұл келісімнің негізгі бөлігі — Әзірбайжанды Нахчыван эксклавымен байланыстыратын, сонымен бірге Ресей мен Иранды айналып өтіп, Шығыс пен Батысты қосатын сауда дәлізі. Ол дәл осы Армения жері арқылы өтеді.
Бұл жол "Трамп атындағы халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолы" (TRIPP) деп аталады. Оның үстіне АҚШ президенті Пашинянға жеке қолдау білдірді.
"Николдың қайта сайлануын толықтай және түпкілікті қолдаймын", — деп жазды Трамп 27 мамырда әлеуметтік желідегі парақшасында.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио осы аптада Конгрессте сөйлеген сөзінде Ресейдің бұл жағдайға ашулы екені байқалатынын айтты.
"Ресейліктер аймақтағы белсенділігімізге қуана қойған жоқ. Меніңше, олар қазіргі [премьер-министр] АҚШ-пен жақындасқаны салдарынан сайлауда жеңілгенін қалайды", — деді ол 2 маусымда сенаттың сыртқы байланыстар комитетінде.
Бірақ ол сөзіне: "Біз оларға (Армениядан) басқа елмен дос болма деп талап қойып отырған жоқпыз", — деді Рубио.
Путиннің құттықтауы
Сайлау жақындаған сайын Арменияның өз ішінде қызу пікірталас жалғасып жатыр.
"Бізді Ресейге қарсы плацдарм ретінде пайдаланып отыр, — деді оппозициялық "Қуатты Армения" партиясының басшысы Самвел Карапетян 27 мамырда журналистерге берген сұхбатында. — Біз Еуроодақпен өте жақсы қарым-қатынастамыз деп күн сайын айқайлай беруіміз мүмкін, бірақ бұл байланыстардан ешқандай пайда көре алмаймыз".
Карапетян былтыр билікті заңсыз басып алуға шақырды деген айыппен тұтқындалған. Сол тұста Еревандағы Аймақтық зерттеулер орталығы (Regional Studies Center) сараптамалық орталығының басшысы Ричард Гирагосян Азаттыққа бұл қамауды "Армения үкіметінің Ресейдің сайлауға араласу әрекетінің алдын алу шарасы" деп бағалаған.
Ресей мен Арменияның қос азаматтығы бар миллиардер Карапетян қазір Ереванда үйқамақта отыр. Ол өзіне тағылған айыптардың саяси астары бар деп есептейді.
Ал Пашинян Мәскеумен қарым-қатынасты үзгісі келмейтінін мәлімдеді.
"Ресей Федерациясының президентімен шынайы доспыз", — деді ол мамырда сайлауалды митингілердің бірінде.
Жақында ол Путин 1 маусымда өзіне телефон соғып, туған күнімен құттықтағанын айтты, ал ресми мәлімдемеде Путиннің "достық рай танытқаны" жоғары баға берілді.