Accessibility links

"Тінту мен аңду". Бельгия саяси баспана берген Ботагөз Жәрдемәлінің ісі


Қазақстанда түрмеде отырған кәсіпкер Ескендір Ерімбетовтің қарындасы, БТА Банктің бұрынғы заңгері, Бельгия саяси баспана берген Ботагөз Жәрдемәлі. Сурет 2018 жылы қаңтарда Брюссельде түсірілген.

Қазақстандық белсенділер Брюссельді Бельгиядан саяси баспана алған Ботагөз Жәрдемәлінің ісі бойынша Нұр-Сұлтанмен әріптес болмауға шақырды. БТА Банктің бұрынғы басшысы және Қазақстан билігін сынаушы Мұхтар Әблязов пен оның отбасы мүшелерін қорғаған осы банктің бұрынғы заңгері саяси себеппен қудалауға ұшырағанын айтады. Қазанда заңгердің Брюссельдегі пәтерін Қазақстанның сұрауы бойынша тінтіген. Содан бірнеше апта бұрын Бельгияда Жәрдемәліні аңдыған деп айыпталған адамдардың соты аяқталды. Ботагөз Жәрдемәлі жауапқа тартылған адамдар Қазақстан билігінің тапсырмасымен жұмыс істеген деп санайды.

Бельгия премьер-министрі Софи Вильместің атына Ботагөз Жәрдемәлінің тағдырына алаңдаушылық білдіріп жазылған хатқа үш күн ішінде шамамен 250 қолданушы қол қойған. Қазанның басында Бельгия полициясы Қазақстанның сұрауы бойынша Жәрдемәлінің пәтерін "қазақ тыңшылардың" қатысуымен тінтіп, құжаттар мен электронды құралдарын алып кеткен. Осы туралы жазылған хатты қазақстандық құқық қорғаушы және "Ар.Рух.Хақ" үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина Facebook парақшасына жариялады. Хатта белсенділер Брюссельді Жәрдемәлінің ісі бойынша Қазақстан билігімен бірге жұмыс істеуді тоқтатуға және оның пәтерінен алынған заттарды қайтаруға шақырған.

ТІНТУ МЕН АҢДУ

43 жастағы Ботагөз Жәрдемәлі Азаттыққа Бельгияның әділет министрлігі Қазақстанмен өзара құқықтық көмек көрсету туралы келісімінің болмағанына қарамастан, Нұр-Сұлтанның сұранысын негізге алып, қазанның 1-і күні Брюссельдегі пәтерін тінтігенін айтты. Оның сөзінше, пәтерін тінтуге қатысқан, Қазақстаннан келген екі адамның тұлғасы әлі күнге белгісіз қалып отыр. Бұл оқиға Еуропада резонанс туғызған.

- Саясаткерлер, адвокаттар, құқық қорғаушылар мен журналистер әділет министрлігінен бұл оқиғаға қалай және не үшін жол берілгені туралы жауап талап етіп отыр. Бәрі халықаралық және Бельгия құқықтық нормалары неге бұзылғанын білгісі келеді. Бельгия парламентінің депутаттары әділет министрінен осы мәселеге байланысты жеке жауап беруін сұрады, - деді Жәрдемәлі.

БТА банктің бұрынғы заңгері Ботагөз Жәрдемәлі 2009 жылы банк мемлекеттің қолына өткеннен кейін (бір кездері елдегі ең ірі қаржы ұйымдардың бірі саналған банк бірнеше рет қайта құрылымдаудан өтіп, ақыр соңында басқа қаржы институтының құрамына енді) қызметінен кеткен. БТА банктің мемлекет иелігіне өтуін "заңсыз әрі күшпен жүзеге асырылған шара" деп көретін Жәрдемәлі Қазақстаннан Еуропаға кетіп, 2013 жылы Бельгиядан саяси баспана алған. Қазақстанда Жәрдемәліге БТА банктің қаржысын заңсыз шығаруға қатысы бар деген айып тағылған; ол өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады.

Жәрдемәлі Бельгияда жүріп, 2013 жылы мамыр айында Италия полициясының түнгі операциясынан кейін Қазақстанға заңсыз жеткізілген Әблязовтың әйелі Алма Шалабаева мен олардың қызы Алуаның ісі бойынша жұмыс істеді. Ол сондай-ақ француз әріптестерімен бірге 2013 жылы тамыз айынан бастап үш жарым жыл бойы Франция түрмесінде қамауда болған Мұхтар Әблязовты Қазақстанға экстрадициялаудан қорғаумен айналысты. Қоғамда дау-жанжал туғаннан кейін Қазақстан Әблязовтың әйелін босатып, кейінірек ол Италиядан саяси баспана алды. Франция үкіметі 2016 жылы желтоқсанда Әблязовты экстрадициялау туралы сұраныстың саяси астары бар деп тауып, Қазақстанның өтінішін қанағаттандырмады. Соңғы айларда Бельгия басылымдарында Жәрдемәлінің есімі өзі жәбірленуші боп қатысқан сот процесі туралы мақалаларда жиі аталып жүр. Қарашаның соңында Бельгия соты үш адамды саяси баспана алған Жәрдемәлінің соңына түсіп, аңдығаны үшін айыпты деп таныды. Басылымдар айыптау оқиғасы тыңшылар туралы романдардың авторы жазушы Джон ле Карренің шығармасына негіз болуға татиды деп жазды.

Ботагөз Жәрдемәлі 2014 жылы өзін ұрлап кетуі мүмкін деген ескерту алғанын айтады.

- Италияда Әблязовтың әйелі Алма мен олардың қызын ұрлап әкеткеннен кейін мен бұл жағдайға басқаша қарай бастадым. Өз қауіпсіздігіме алаңдауға негіз барын түсініп, қылмыстық шағым беруге мәжбүр болдым. Жолым болды: шағымым ұйымдасқан қылмыс пен терроризмге қарсы күрес шараларымен айналысатын федералды полиция бөлімшесіне түсіп, олар мені аңду туралы тапсырма алған адамдарды табуға көмектесті, - дейді Жәрдемәлі.

Жәрдемәлінің айтуынша, тергеу нәтижесінде Германияда тұратын ресейлік журналист Виталий Волковтың тапсырысымен жұмыс істеген, бұрынғы шығыс Германияның (Германия демократиялық республикасы) Штази деп аталатын құпия қызметінің бұрынғы өкілдері Йорг-Уве Никлаус пен Ханс-Йохен Тиммерманның 2014-2015 жылдары Бельгия аумағында заңсыз жүргені анықталған. Іс материалдары бойынша, құпия полицияның бұрынғы қызметкерлері Жәрдемәлінің байланыстары, қозғалыс бағыттары туралы ақпарат жинап, Ботагөзбен бұрын жұмыс істеген Брюссельдегі адвокаттан ол туралы дерек сұрап, бес мың еуро ұсынған. Тергеу кезінде екі тыңшының телефон әңгімелерінде Жәрдемәліні "Борис" деп атағаны белгілі болды.

Бұл сот шешімі өте маңызды. Өйткені ол Қазақстан билігіне маған қарсы заңсыз іс-әрекеттерін тоқтату жайлы белгі беріп отыр.

- Бұл істегі мәселе қорғау тарабы жолы болмаған қарт тыңшылар етіп көрсетуге тырысқан адамдарды - арнаулы қызметтің бұрынғы болса да, кәсіби дайындықтан өткен қызметкерлерін пайдаланып, саяси тапсырыс беруінде болып отыр. Штази - шығыс Германияның бұрынғы құпия, саяси полициясы. Оның тыңшылары халықты аңдып, режимге қарсылардың көзін жоюмен кәсіби түрде айналысқан. Олардың мақсаты мені Бельгия аумағынан тыс жерге әкету болғанын білемін. Өкінішке қарай, сот бұл іс бойынша тергеу кезінде жиналған дәлелдерді жеткіліксіз деп тапты. Қалай болған күнде де, Бельгия полициясының бұл астыртын жоспарды орны толмас нәтижеге ұрынбай тұрып, бастапқы кезеңінде әшкерелегені үшін жолым болды деп есептеймін. Бұл сот шешімі өте маңызды. Өйткені ол Қазақстан билігіне маған қарсы заңсыз іс-әрекеттерін тоқтату жайлы белгі беріп отыр, - дейді өзін аңдығандардың артында Қазақстан билігі тұр деп санайтын Ботагөз Жәрдемәлі.

Қарашаның 29-ы күні Бельгияда осы іс бойынша сот процесі аяқталды. Сот Волков, Тиммерманн және Никлаусты екі жылға бас бостандығынан айырып, (Волков пен Тиммерманнға – жазаның бірінші жылын толық өтеп, екінші жылында жазаны кейін шегеру, Никлаусқа – жазаны өтеуді кейінге шегеру шарасы белгіленді) айыппұл кескен.

Тергеу органдары бұл іске қылмыстық топтың қатысы болған деген болжам айтқанымен, сот ол айыпты негізге алмады. Әлгі үш адамға бірлесіп жоспар құру, жеке жемқорлық, қудалау және тыңшылық іс туралы заңды бұзу баптары бойынша айыптар тағылды. Үшеуі де Брюссельде өткен сот отырысына қатысқан жоқ, олардың мүддесін адвокаттары қорғады.

Осы іс жайлы ақпарат берген Бельгия басылымдарының материалдары "Үш жалдамалы қызметкер Қазақстаннан келген саяси босқын Ботагөз Жәрдемәлінің ізіне түскені үшін сотталды", "Штазидің бұрынғы екі тыңшысы Брюссельде жауапқа тартылды", "Қазақстандық оппозиционер Брюссельде қудалауға ұшыраған" деген тақырыптармен шықты.

ВИТАЛИЙ ВОЛКОВ: "ЖУРНАЛИСТІК ЗЕРТТЕУ ЖҮРГІЗДІМ"

Басылым материалдарында Штазидің бұрынғы екі тыңшысын жалдаған адам ретінде көрсетілген Виталий Волков Германия мен Ресей медиакомпанияларына мақала жазатынын, өзіне тағылған айыппен келіспейтінін және сот шешіміне қарсы шағым беретінін айтты.

- Сот журналистік зерттеу жүргізгенімді мүлде ескерген жоқ. Бірақ іс материалдарында аталған зерттеуге тапсырыс берген басылым нақты көрсетілген; менің сөзімді растайтын хабарламалар да бар; осыған дейін 20 жыл журналист боп істеп, ондаған кітап жаздым, олардың бірқатары журналистік зерттеу материалдарының негізінде жарық көрді; дәл осы тақырыпта кітап жазу туралы айтылған, қаламақы мөлшері келісілген хаттар да кездеседі; кейінірек кітап жобасының жүзеге аспайтыны туралы келген хат та тіркелді, - дейді Волков.

Виталий Волковтың сөзінше, ол неміс фирмаларының тапсырысымен ТМД елдерінде жұмыс істейтін таныс тыңшысына Франциядағы жұмыс сапарынан келе жатып, Ботагөз Жәрдемәлінің атына қандай фирма жазылғанын тексеру үшін жолай Брюссельге соғуы үшін үстеме ақы төлеген. Волков телефон әңгімесінің жазбасында "Борис" есімі кездескенін мойындайды. Ол мұны тыңшылардың әдетіне сәйкес қолданылған аз ғана "конспирациялық амал" деп атап, жалдамалы қызметкерлердің бірі ақшасы мен ықпалы бар адамдармен жұмыс істеуден қауіптенуіне байланысты осындай лақап атқа жүгінгендерін айтады.

Волковтың сөзінше, 2013 жылы сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы, Еуропада тұратын Рахат Әлиев қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовпен бірікті деген ақпарат алғаннан кейін осы тақырыпқа назар бұрған. Виталий Волковтың сөзінше, 2015 жылы күзде Рахат Әлиевтің қазасы (2015 жылы ақпанда Вена түрмесінен Әлиев өлі табылған – ресми ақпарат бойынша, ол суицид жасаған) мен кітапқа демеуші таба алмауына байланысты бұл тақырыпқа көңілі суи бастаған.

- Мен Жәрдемәлінің Әблязов пен Әлиевтің бірлескен тобындағы рөлі жайлы білмекші болдым. Шынымды айтсам, бұл да іс материалдарынан анық көрінеді – бұл жұмысқа екі айда бір рет оралсам, оның өзі жақсы көрсеткіш болатын. Яғни, бұл менің негізгі жұмысым болған жоқ. Кенет бір күні маған полиция келді - дейді Волков.

Жәрдемәлінің адвокаттары бұл оқиғаны тамаша пайдаланып, оны қайсыбір тыңшылық жоспардың құрбаны етіп көрсетті.

Бельгияның сұранысы бойынша Германия билігі Волковтың үйін тексеріп, оны 28 күнге түрмеге қамаған. Кейінірек сот Бельгия ұсынған құжаттарда Волковтың қылмыстық істерге қатысы барын растайтын дәлелдер жоқ деп тауып, оны босатқан.

- Жәрдемәлінің адвокаттары бұл оқиғаны тамаша пайдаланып, оны қайсыбір тыңшылық жоспардың құрбаны етіп көрсетті. Мерзімі бойынша бәрі сәйкес келіп тұр, мүмкін оның бірінші мақсаты – Бельгиядан саяси босқын мәртебесін алу болған шығар. Екінші мақсаты – біз білмек болған, Жәрдемәлінің атына тіркелген фирма туралы журналистік зерттеуді тоқтату болды деп ойлаймын, - дейді Волков.

"ӘЛІ ЖАЛҒАСА МА"?

Ботагөз Жәрдемәлі Виталий Волков пен Штазидің бұрынғы екі қызметкеріне шығарылған сот үкімімен өзіне көрсетілген қысым әлі аяқталмағанын айтады.

- Қазір ғана аяқталған істен бөлек, Бельгияда мені заңсыз аңдыған басқа бір топтың қылмыстық ісі қаралып жатыр. Мені тоқтатып, жұмысыма қатысты "жазалау" үшін 2017 жылы қараша айында Қазақстан билігі ағам Ескендір Ерімбетовты тұтқындап, оны кепілге алды деуге болады. Ескендірге "әпкеңді Қазақстанға қайтаруға көндір" деген. Бірақ ол азаптауға қарамастан, бұл ұсыныстан бас тартып, әлі күнге дейін түрмеде отыр, - деді Жәрдемәлі.

Кәсіпкер Ескендір Ерімбетов БТА банктен шығарылған ақшаны жымқырды деген күдікпен 2017 жылы күзде тұтқындалған. Бұл іс сотқа жетпеген. Ерімбетов ұсталғаннан кейін оған "алаяқтық" бабы бойынша басқа айып тағылған: айыптау жағының дерегінше, Ерімбетов өзі басқарады деп айтылған Sky Service компаниясының бірнеше қызметкерімен бірге әуе тасымалымен айналысып, "негізсіз жоғары баға" қойып, алты компания мен Жамбыл облыстық әкімдігінен ақша жымқырған-мыс. Бұл компанияның өкілдері сотта өздерінің "жәбірленуші" екенін тергеу органдарынан естігенін айтқан. 2018 жылы қазан айында сот Ерімбетовке жеті жыл түрме жазасын кесті. Ескендір Ерімбетов пен оның ата-анасының тергеу кезінде көрсетілген азаптау туралы шағымы, өздерінің айтуынша, дұрыс қаралмаған: полиция іс қозғап, кейіннен "қылмыстық құқық бұзу оқиғасының" болмауына байланысты істі жапқан.

"Алаяқтық" ісі бойынша айыпталған кәсіпкер Ескендір Ерімбетовті (сол жақта) Медеу ауданы сотына әкелген сәт. Алматы, 18 шілде 2018 жыл.
"Алаяқтық" ісі бойынша айыпталған кәсіпкер Ескендір Ерімбетовті (сол жақта) Медеу ауданы сотына әкелген сәт. Алматы, 18 шілде 2018 жыл.

Құқық қорғаушылар 2018 жылы Ерімбетовты саяси тұтқындар тізіміне қосты. Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар барын жоққа шығарып, Жәрдемәлі мен оның жақтастары жауапкершіліктен жалтару үшін өздеріне қатысты іске "саяси сипат беруге" тырысады деп санайды.

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис Қазақстан билігі батыс мемлекеттерінің аумағында елден "қашқандарға" қарсы қымбат фирмаларды, қосымша жемқорлық сызбаларын, арнаулы қызметтің бұрынғы өкілдерін жалдайтын тыңшылық агенттіктерді пайдаланып, жақсы қаржыландырылатын операцияларды жиі жүргізетінін айтады.

- Авторитарлы режимдер саяси босқын мәртебесін алғандарды құқықтық құралдармен қолға түсіре алмайтынын біліп, құқық аясынан тыс әрекеттерге жүгінеді. Жәрдемәлінің ісі бойынша Қазақстан билігі кемінде үш рет ұтылды. Біріншіден, арнаулы қызмет деңгейінде. Екіншіден, Бельгия Жәрдемәліге қарсы қозғалған қылмыстық істің саяси астары барына тағы да көз жеткізді. Үшіншіден, тыңшылар оқиғасы мен Жәрдемәлінің үйіндегі заңсыз тінту шарасы Бельгия оппозициясы үнемі қолданатын саяси факторға айналды, - дейді ол.

Бельгияның бірнеше саяси партиясының қайраткерлері "Жәрдемәлі ісі" жайлы пікір білдірген. Олар үкіметті Нұр-Сұлтанмен әріптестіктің қаншалықты заңды екенін тексеріп, Бельгия аумағындағы саяси босқындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды.

- Әлі жалғасады, - деді өзіне қатысы бар оқиғаларды бір сөзбен сипаттаған Ботагөз Жәрдемәлі.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG