Accessibility links

БҰҰ залын жөндеу, "непотизм" және құдағидың қымбат гобелені. Тоқаев туралы зерттеуде тағы не айтылды?


Сол кездегі Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта), Швейцарияға жеке сапармен барған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) Женевадағы Ұлт сарайында отыр. Арғы жағында суретші Бәтима Зәуірбекованың туындысы ілінген. 27 шілде 2015 жыл.
Сол кездегі Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта), Швейцарияға жеке сапармен барған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) Женевадағы Ұлт сарайында отыр. Арғы жағында суретші Бәтима Зәуірбекованың туындысы ілінген. 27 шілде 2015 жыл.

Швейцариялық Public Eye журналистері Қазақстан президентінің "астыртын бизнесі" туралы зерттеуінде Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Женевадағы өкілдігін басқарған тұста ұйымның мәжіліс залына жөндеу жұмысы жүргізілгеніне назар аударған. Осы залды жаңғыртуға Қазақстан қаржы бөлген. Public Eye анықтағанындай, жөндеу жұмыстарына Тоқаевтың ұлы Тимур Тоқаев пен құдағиы, суретші Бәтима Зәуірбекованың қатысы болған. Азаттық зерттеу авторларының бірі, Public Eye журналисі Агат Дюпаркпен осы жайттар туралы сөйлесті.

Азаттық: Сіз Қазақстан президенті Тоқаев бақылады делінетін активтер туралы зерттеу жарияладыңыз. Мақала жарияланған соң, онда аты-жөні аталған Қасым-Жомарт Тоқаев пен оның ұлы Тимур Тоқаевтан, Қазақстан тарапынан қандай да бір жауап келді ме? Әлде Public Eye сайтына жасалған DDoS шабуылды Қазақстан тарапының реакциясы деуге бола ма?

Агат Дюпарк: Осы күнге дейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен оның ұлынан ешқандай жауап келген жоқ. Бірақ, әрине, зерттеу жүргізген уақытта оларға ұзын-сонар сұрақтар жібердік. Бәлкім, олардың жауап бергісі келмеген шығар. Әдетте зерттеуге арқау болған адамдар көп жағдайда жауап бермей жатады.

Швейцариялық Public Eye ұйымының зерттеуші журналисі Агат Дюпарк.
Швейцариялық Public Eye ұйымының зерттеуші журналисі Агат Дюпарк.

Бір атап өтетін нәрсе, Тоқаев отбасы мен олардың Швейцариядағы байланыстары туралы зерттеу жариялаған күні сайтымызға кибершабуыл жасалды. Бұған дейін еш уақытта мұндай болмаған. Алайда бұл шабуылдың артында қазақ билігі тұр дегенге дәлеліміз жоқ. Біз тек осы екі нәрсенің қатар келгенін байқадық.

Азаттық: Зерттеуде Тоқаевтың "металл және мұнай саласындағы активтерге иелік еткенінен" бөлек, БҰҰ-ның Женевадағы бөліміндегі Ұлттар сарайының XIV конференц-залын жөндеу жұмыстарына Қазақстан 842 мың доллар бөлгені жазылған. Бұл жұмысты бастан-аяқ Тоқаевтың ұлы қадағалады делінді. Неліктен дәл осы нәрсе зерттеушілердің назарына ілінді? Бұдан қандай да бір күмәнді нәрсе байқадыңыздар ма?

Агат Дюпарк: Бұл эпизодта бізді қызықтырған нәрсе Қазақстанның конференц-залды жөндеуге 800 мың доллардан астам ақша бөлгені емес. Біздің назарымызды аударған нәрсе – бұл ақша Қасым-Жомарт Тоқаев отбасының кей мүшелерін байытқан. Тоқаевтың ұлы Тимур жөндеу жұмыстарын басқарды, ал оның енесі Бәтима Зәуірбекова төрт тұскілемін сатты. Бұған дейін бұл жария етілмеген, белгісіз дүние еді. Бұл − непотизм. Бұл эпизодты біз зерттеудің соңына бонус ретінде қостық. Меніңше, Тоқаев БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесін басқарғанда осы бөлмені жөндеу үшін өз отбасын тартқаны Қазақстанда бұрын-соңды белгісіз болғанына сенімдімін.

Тоқаевтың құдасы үкіметтен бөлінген ақшадан қалай табыс тапты?

Тоқаевтың құдағиы үкіметтен бөлінген ақшадан қалай табыс тапты?
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:47 0:00

Азаттық: Ал сіз ол тұскілемдерді көрдіңіз бе?

Агат Дюпарк: Көрген жоқпын, бірақ таныстарым көрді. Иә, ол әсер қалдыратын, жақсы жұмыстар. Бірақ, меніңше, артық ақша төленген. Өйткені осындай тұскілемді ол 2008 жылы 2000 долларға сатты деген ақпаратымыз болды. Ал бұл жөндеу жұмыстары үшін оның құны әлдеқайда қымбат болды.

Азаттық: Екі апта бұрын, яғни зерттеуіңіз шықпай тұрғанда мемлекеттік "Хабар" телеарнасы Youtube-те Бәтима Зәуірбекова мен оның жұмыстары туралы 25 минуттық видео жариялады. Онда суретшінің жұмыстары БҰҰ-ның Женевадағы конференц залында ілінгені, тұскілемнің бір шаршы метрінің бағасы 15-20 мың доллар екені айтылған. Бұл видео сіздің зерттеу жарияланғаннан бұрын шыққаны кездейсоқтық па?

Агат Дюпарк: Нақтысын білмеймін. Бір айтарым, Зәуірбекованың вебсайты біздің сұрақтардан кейін пайда болды. Ал оның өзі сұрақтарымызға жауап бермеді. Сұрақтарымызды Қазақстанның БҰҰ-дағы өкілдігіне жолдадық. Алғаш рет жолдағанда олар жауап бермеді. Содан кейін қайта жолдағанда олар өз жауабында Зәуірбекованың сайтына сілтеме жіберді. Оның жақында ғана ашылғаны анық еді. Әрине, олар бағаны негіздеу үшін әлдебір іс-әрекет жасап жатыр.

Азаттық: Қазақстан президентінің "астыртын бизнесі" туралы зерттеуге 2006 және 2014 жылдар аралығында Тоқаев пен оның ұлының жазысқан мыңдаған хаты арқау болды делінді. Бұл хаттарды қашан қолға түсірдіңіз? Оларды зерттеп талдау қанша уақытқа созылды? Бұл жұмысқа қанша адам қатысты?

Агат Дюпарк: Бұл хаттар былтыр қолымызға түсті. Зерттеу мақаланы биыл маусымда жариялаймыз деп жоспарланбыз. Бірақ ақпан айында Ресей Украинаға басып кіргені белгілі. Сондықтан басқа тақырыптар бойынша жұмыс істеуге тура келді. Ресей олигархтары мен олардың Швейцариядағы байланыстары туралы зерттеу жасауға кіріскендіктен, Тоқаев отбасы туралы зерттеуді қоя тұрдық. Артынша зерттеуге қайта кірістік.

Яғни зерттеудің қазір жариялануының Қазақстандағы саяси жағдайға еш қатысы жоқ (Қазақстанда биыл 20 қарашада кезектен тыс президент сайлауы өтпек – ред.). Өйткені зерттеу Тоқаев немесе оның саяси бағдарламасы, Назарбаев дәуірінің бетін жабуға тырысып жатқаны жайлы емес. Біз ең бастысы, [Швейцариядағы] заңгерлер мен банкирлердің Тоқаев отбасына қалай көмектескенін көрсеткіміз келді. Осылайша ағылшын және орыс тілінде жазылған электрон хаттарды оқып, іріктеп, зерттедік. Бұл шамамен бірнеше ай уақыт алды. Бұл жұмысты орыс тілін білетін әріптесім Роберт Бахманмен бірге жүргіздік.

Сол кездегі БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі (ЮНОГ) бас директоры Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) жақында ғана жөндеуден өткен Қазақ залында тұр. 2 шілде 2013 жыл.
Сол кездегі БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесі (ЮНОГ) бас директоры Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) жақында ғана жөндеуден өткен Қазақ залында тұр. 2 шілде 2013 жыл.

Азаттық: Әлеуметтік желіде көп қолданушы құжаттар шынайы екеніне сенбей, мұны сайлау алдында президент беделін түсіру үшін жасалған әрекет деп айыптады. Зерттеуге негіз болған электрон хаттар қаншалықты сенімді?

Агат Дюпарк: Әрине, бұл шынайы хаттар ма деген сұрақ бізді де толғандырды. Бұл біз үшін басты сұрақ болатын. Швейцарияда осы салаға маманданған компанияға электрон хаттар үлгісі мен онда тіркелген қосымшаны көрсетіп, тексеруді сұрадық. Олар онда манипуляция мен күмәнді нәрсе жоқ деген қорытындыға келді. Бұл – бір.

Екіншіден, электрон хаттар бұған дейін жарияланған кейбір фактілерді растап, ол туралы қосымша мәліметті аша түсті. Мысалы, Қазақстандағы басылымдар 2013 жылы Abi Petroleum компаниясы Тоқаевтың ұлы Тимур Тоқаев пен жиені Мұхаммед Ізбастин бақылауында екенін жазған. Біз тапқан мәліметтер бұдан тереңірек, біз Қасым-Жомарт Тоқаев осы компанияның бенефициарларының бірі екенін анықтадық. Тоқаев [электрон хаттарда] компания туралы жиі сұрап, немере інісіне оны сатуды тапсырған. Тағы бір айтып өтетіні, Suisse Secrets зерттеуі (OCCRP мен серіктес ұйымдардың зерттеуі) Тоқаев отбасының Credit Suisse-те банк есепшоттары барын анықтады. Тіпті Edelweiss компаниясы туралы да айтылды. Біз қолға түсірген құжаттар олардың Credit Suisse-те есепшоты болғанын растайды. Артынша олар банк құжаттарымен Edelweiss компаниясын құрды. Сондықтан бұл құжаттар жалған деуге келмейді. Олардың растығына сенімдіміз.

Тоқаевтар отбасының шетелдегі байлығы, Швейцариядағы үйлері

Тоқаевтар отбасының шетелдегі байлығы, Швейцариядағы үйлері
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:29 0:00

Әрине, көп адам сондай реакция танытып жатқаны таңғаларлық дүние емес. Мұндай құжаттар тарап кеткенде құжаттар қаншалықты шынайы деген күмән қашан да айтылады. Кей адамдар біз президент беделіне нұқсан келтіргіміз келеді дейді. Мұндай айып та көп тағылады. Бірақ бұл ретте айтарым, Public Eye – толық тәуелсіз қоғамдық ұйым. Бізге жазылған 28 мыңға жуық оқырманымыз жарна аударады, біз еш уақытта жекеменшік немесе мемлекеттік сектордан ақша алған емеспіз. Public Eye өз тәуелсіздігі мен этика стандарттарына нұқсан келтіруі мүмкін жеке тұлғалар, компаниялар мен мекемелерден ақша алмайды.

Азаттық: Зерттеуіңізде Швейцариядағы банктер мен заңгерлер оффшор компаниясын тіркеуге қатысқанын жаздыңыз. Қазақстандағы Қаңтар оқиғасы мен Ресей Украинаға басып кірген соң Ұлыбритания парламентінің депутаттары, сол елдің зерттеушілері, үкіметтік емес ұйымдары өз елінің диктаторлар үшін жұмаққа айналғанын, оларға активтерін жасыруға көмектесетінін мәлімдеді. Ал Швейцарияда мұндай мәселе көтеріле ме, талқыға түсе ме?

Агат Дюпарк: Әрине. Швейцария ауқатты адамдар үшін тартымды екені бұрыннан белгілі. Өкінішке қарай, Швейцария билігі мен парламенті бұл мәселеге келгенде белсенді емес. Public Eye мақсаты − жемқорлық пен арам жолмен табылған ақшаны заңдастыруға қарсы күресте оларға қысым көрсету.

Ақорда шетелге заңсыз шығарылған миллиардтарды қайтара ала ма?

Ақорда шетелге заңсыз шығарылған миллиардтарды қайтара ала ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:26 0:00

Мысалы, қазіргі уақытта клиенттеріне офшор компанияларын ашуға көмектесіп, кеңес беретін Швейцария заңгерлеріне арам жолмен табылған ақшаны заңдастыруға қарсы заң жүрмейді, олар күмәнді нәрсеге куә болса, оның артында тұрған клиенттері туралы мәліметтерді ашуға міндетті емес. Әрине, бұл – проблема. Себебі Еуропаның басқа мемлекеттерінде мұндай заңгерлер клиенттері туралы хабарлауға міндеттелген. Мысалы, Францияда заңгерлер офшор компанияларын құрса, оларға арам ақшаны заңдастыруға қарсы заңның күші жүреді. Демек, қандай да бір күмәнді нәрсені байқаса, оны арнайы органдарға хабарлауы керек. Швейцарияда мұндай жоқ.

Азаттық: Зерттеуде Edelweiss және Abi Petroleum арасындағы келісімшарт күмәнді екені айтылған. Julius Bär банк осы келісімнің кепілгері болғанын жаздыңыз. Швейцарияда осындай келісімдердің қаншалықты заңды екенін тексеретін процедура бар ма?

Агат Дюпарк: Күмәнді жолмен табылған ақшаны заңдастыруға қарсы заң банкирлерді мұндай транзакцияларға секеммен қарап, сақ болуға шақырады. Julius Bär бұл операцияны толық тексермеген сияқты. Бұл оқиғаға назар аударған себебіміз де сол, біз банкирлер ауқатты және ықпалды клиенттерді жеткілікті түрде тексермейді дегенді айтқымыз келді.

Азаттық: Зерттеуді жалғастырасыздар ма?

Агат Дюпарк: Дәл қазір зерттеу тәмам. Бірақ зерттеуде айтылған нәрселер бойынша қосымша мәлімет ала алсақ, зерттеу жалғасын табуы мүмкін.

Азаттық: 2000 жылдары "Қазақгейт" деп аталатын дау кезінде Қазақстанның сол тұстағы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның айналасындағы адамдарға қатысы бар есепшоттар Швейцарияда әшкере болды. Бұл істі АҚШ тергеді, ондаған миллион доллар Қазақстанға қайтарылды. Дегенмен мұның Назарбаев үшін ешқандай салдары болған жоқ. Тоқаевтың Швейцарияда жұмыс істегенін ескерсек, Швейцария билігі Тоқаевтың сол елдегі банктерге аударылған қаржысына байланысты тергеу жүргізуі мүмкін бе?

Агат Дюпарк: Әйтеуір бірдеңе болады деп үміттенеміз. "Қазақгейттен" кейін ештеңе болмағаны, іс жабылғаны белгілі. [Швейцарияда] қандай да бір істер ашылуы мүмкін, бірақ олардың алға басуы қиын. Бұл ретте тергеуді Қазақстанмен бірлесіп жүргізу керек. Қазақстанның құқық қорғау органдары қазіргі президент Тоқаев ісі бойынша бірлесіп жұмыс істейді деу қиын. Сондықтан Швейцария парламенті заңды өзгертуі үшін қысым көрсетіп, әрекет етпекпіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG