Accessibility links

"Саяси лидерлер жалған кейіп танытуды қойды". Freedom House өкілі Майкл Смельцермен сұхбат


Кезектен тыс президент сайлауының ресми қорытындысына қарсылық акциясы өтетін жерге наразыларды өткізбеу үшін жолды жауып тұрған полиция жасағы. Нұр-Сұлтан, 10 маусым 2019 жыл.
Кезектен тыс президент сайлауының ресми қорытындысына қарсылық акциясы өтетін жерге наразыларды өткізбеу үшін жолды жауып тұрған полиция жасағы. Нұр-Сұлтан, 10 маусым 2019 жыл.

Мамырдың 6-сы күні демократия, азаматтық еркіндік пен адам құқығын зерттеп, насихаттаумен айналысатын америкалық Freedom House үкіметтік емес ұйымы жыл сайынғы Nations in Transit есебін жариялады. Азаттық Қазақстанды қосқанда 29 елдегі саяси жағдайға шолу жасалған есеп авторларының бірі, Freedom House сарапшысы Майкл Смельцерден сұхбат алып, әлемде демократиялық елдер неге азайып бара жатқаны, Қазақстан мен Өзбекстан демократиялық көрсеткіштерін қалай "жақсартқаны", Қытайдың Орталық Азияда қандай рөл атқаратыны жайлы сарапшының пікірін білді.

Азаттық: Nations in Transit есебіне 29 мемлекет кірген. Неге дәл осы елдерге назар аударуды жөн көрдіңіздер?

Майкл Смельцер: Nations in Transit (NIT - өтпелі кезеңдегі мемлекеттер – ред.) – Freedom House ұйымының жыл сайын жариялайтын жалғыз өңірлік есебі. Ол Орталық Еуропадан Орталық Азияға дейінгі [өңірдегі] демократияның дамуына баға береді. NIT есебі алғаш рет 1995 жылы жарық көрді. Ол кезде коммунизм [кезеңінен] жаңа шыққан мемлекеттерге назар аударылды. Содан бері өңірлік фокус өзгермей келеді. Ортақ мұрасы бар мемлекеттердегі институттардың дамуын бағалауда белгілі бір құндылық бар деп ойлаймыз.

Азаттық: Есепте "қазір өңірде 1995 жылдан бері алғаш рет ең төменгі демократиялық көрсеткіш тіркелгені" жазылған. Бұл тенденцияны қашан байқадыңыз? Оның себебі неде деп ойлайсыз?

Freedom House сарапшысы Майкл Смельцер.
Freedom House сарапшысы Майкл Смельцер.

Майкл Смельцер: "Транзитті" елдердегі демократияның орташа көрсеткіші 16 жыл қатарынан кеміп келеді. Nations in Transit есебінің жалпы тарихында бірінші рет демократиялық мемлекеттер саны ең төменгі деңгейде тұр. Соңғы онжылдықта демократиялық режим саны үштен бірге: 15-тен 10-ға қысқарды. Аралас режимдер саны үш есе: үштен 10-ға дейін өсті.

Nations in Transit бағалайтын либералды демократия институттарына барлық бағыт бойынша қысым көрсетіледі және бұл біраз уақыттан бері жалғасып келеді. Біз бақылау жүргізетін көп елде сайлау механизмдерін биліктегі өкілетті тұлғаларға заңсыз басымдық беру үшін қолданады. Мысалы, Венгрия мен Албанияда солай. Сербия, Болгария мен Грузияда парламент демократиялық институт болудан қалған. Еуразияның авторитарлы мемлекеттерінде соққының астында қалған ақпарат құралдары мен азаматтық қоғам Орталық Еуропадағы демократия жағдайында да күн өткен сайын бұрынғыдан көп мәселеге тап болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, өңірдегі саяси лидерлер "демократия ережесімен жүреміз" деген жалған кейіп танытуын қойды.

Азаттық: 100 пайыздық өлшеммен алғанда, демократияның жалпы пайызы Қазақстанда - 5%, Қырғызстанда - 16%, Тәжікстанда - 3%, Өзбекстанда - 2%, ал Түркіменстанда - 0%. Бұл көрсеткіштерді қалай және қандай әдістің көмегімен есептеп шығарғаныңызды қарапайым тілмен түсіндіріп бере аласыз ба? Есепте Орталық Азия өңірі авторитарлы режимдер шоғырына ұқсайды. Бұл нені білдіреді?

Майкл Смельцер: 2003 жылдан бастап Nations in Transit 29 мемлекетке бірден жетіге дейінгі сандарды пайдаланып, (жеті – ең демократиялы ел және бір – демократиядан ең алыс мемлекет) ұлттық демократиялық басқару, жергілікті демократиялық басқару, сайлау процесі, тәуелсіз ақпарат құралдары, азаматтық қоғам, сот жүйесі мен оның тәуелсіздігі, жемқорлық сияқты жеті санат бойынша баға беріп келеді.

2020 жылғы Nations in Transit есебінде Орталық Азиядағы бес мемлекет те біріккен авторитарлы режим деп аталған. Біздің әдіс бойынша, біріккен авторитарлы режим "диктаторы саяси бәсеке мен плюрализмге жол бермейтін, адам құқықтары мен негізгі саяси, азаматтық құқықтарды бұзатын жабық қоғам" деп сипатталады. Біріккен авторитарлы [режимдерде] билік шектен тыс орталықтандырылып, көбіне бір адамның ғана қолына шоғырланады. Ал сайлау диктатор билігін нығайту үшін ғана өтеді. Ұлттық және жергілікті билік органдарын демократиялық деп атауға келмейді және олар халық алдында есеп бермейді. Азаматтық қоғамға билік тарапынан көп шектеу қойылып, репрессия амалдары қолданылады. Пікір еркіндігі қатаң шектеледі.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның үлкен қызы Дариға Назарбаева.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның үлкен қызы Дариға Назарбаева.

Азаттық: Баяндамада Нұрсұлтан Назарбаев "[үлкен] қызын мұрагері болуы ықтимал тұлға ретінде дайындады" делінген. [Дариға Назарбаеваның сенат спикері қызметінен кеткені туралы] соңғы жаңалықтар бұл динамиканы өзгертті. Бұл туралы қазір не ойлайсыз?

Майкл Смельцер: Freedom House пен Nations in Transit алдында бұл Қазақстанның демократияға жақын институттарға өтуіне қалай әсер етеді деген сұрақ тұр. Автократиялы мұрагерлік жоспары мен Дариға Назарбаеваның билікке келетін келесі адам рөліндегі лауазымы туралы пікіріміз Nations in Transit есебінде қамтылған Қазақстан мен басқа мемлекеттердегі ұлттық демократиялық басқару институттары мен сайлау процесінің әлсіздігін көрсетті. Назарбаеваның сенат төрағасы қызметінен кетуі келесі сайлаудың ашық, әділ әрі еркін өтуіне әсер ете ме, жоқ па, оны алдағы уақытта бақылап көреміз.

Азаттық: Баяндамада Қытайдың ықпалы мен оның "қарыз дипломатиясы" деп аталған әдісі талданған. Қытайдың Орталық Азиядағы рөлі, әсіресе, коммунистік партияның медиа арқылы Қытайды қолдайтын ақпарат тарату мүмкіндігі мен аңду технологиялары туралы айтып берсеңіз?

Майкл Смельцер: Баяндамадағы алаңдаушылық туғызатын тенденциялардың бірі – ғаламдық тәртіп бұзылып, демократиялық келісімнің орнына державалар бәсекесі келген уақытта туған геосаяси тұрғыдан алға ілгерілеушілік. Әсіресе, Қытай [басқа мемлекеттердің] институционалды кемшіліктерін пайдаланып, жемқорлыққа белшесінен батқан саяси және экономикалық құрылымдарға дендеп ене бастады. Қытайдың Орталық Азиядағы ықпалы туралы зерттеуімізде азаматтарды аңду технологияларының импорты (әсіресе Safe City ("Қауіпсіз қала" - ред.) [бағдарламасы] мен осыған ұқсас жобалар бойынша жасалған келісімдер арқылы) және "қарыз дипломатиясы" деген екі әдіске сүйендік. Қытайдың Huawei [телекоммуникациялық компаниясының] Өзбекстандағы көлік қозғалысының мониторинг жүйесіне қатысы барын білеміз. Тәжікстан мен Қырғызстан сыртқы қарызының біраз бөлігін Қытайдан алған.

Азаттық: Есепке қарасақ, Қазақстанның демократиялық көрсеткіштері қатты өзгермегені байқалады: 2019 жылы - 1,29 болса, биыл - 1,32. Өзбекстанда шамалы алға ілгерілеу байқалады: 2019 жылы - 1,11, 2020 жылы - 1,14. Орталық Азиядағы өзге мемлекеттердегі демократия көрсеткіші кеміген. Қазақстан мен Өзбекстан көрсеткішін жақсарту үшін не істеді?

Майкл Смельцер: Freedom House ұйымы Қазақстан мен Өзбекстанға бір ұпайдан қосамыз деп шешті. Сарапшыларымыз Қазақстанда азаматтық кеңістіктің салыстырмалы түрде ашық екенін байқады. Оның ішінде 2007 жылдан бері бірінші рет биліктің рұқсатымен өткен наразылық акциясы да бар. Әртүрлі топқа жататын жаңа белсенділердің пайда болуы мен полицияның биліктің рұқсатынсыз өткен кей наразылық акциясына араласпауы да Қазақстанның көрсеткішін жоғарылатуға көмектесті. Өзбекстанға келсек, біздің топ мемлекеттік қызметкерлер арасындағы ұсақ жемқорлық деңгейін азайтуға талпынысты байқап, елдің осы саладағы көрсеткішін өзгертті.

Азаттық: Орталық Азия үшін қандай құнды кеңестер бар?

Майкл Смельцер: Бүкіл әлемдегі демократиялық институттардың дамуына қолдау көрсету үшін негізгі құндылықтарды нығайтып, қорғау керек. Авторитарлы ойыншылар тарапынан манипуляцияға жол бермеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаған дұрыс. Әсіресе, Орталық Азияда жемқорлықтың дендеуін тоқтату, клептократияға қарсы күрес жүргізу маңызды. Сондай-ақ авторитаризмнің арам пиғылды ықпалын шектеудің де мәні зор: біз адам құқықтарының бұзылуына қатысы бар тұлғаларға қарсы санкциялар қолдануды құптаймыз.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.


  • 16x9 Image

    Әйгерім ТӨЛЕУХАНОВА

    Азаттықтың Прага кеңсесінің тілшісі. Esquire Kazakhstan, EurasiaNet, The Conway Bulletin, Foreign Policy, The Independent  сынды қазақстандық және шетелдік басылымдарға жазған. Associated Press және Agence France-Presse агенттіктеріне видео түсірген. KIMEP университетін халықаралық журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Лондон экономика мектебінде "медианы басқару" мамандығы бойынша магистратура оқыған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG