Accessibility links

Иранда математика оқулығы мұқабасынан қыз балалардың суретін алып тастау наразылық тудырды


Иранда үшінші сыныпқа арналған математика оқулығының мұқабасынан қыз балалардың суретін алып тастау наразылық тудырды. Оң жақта мұқабаның бастапқы нұсқасы, сол жақта жаңа нұсқа.

Иранда үшінші сынып оқушыларына арналған математика оқулығының ұл және қыз балалар бейнеленген мұқабасынан қыздарды алып тастау халықтың ашуын тудырды. Наразылар осы жайт елдегі гендерлік дискриминация мен шенеуніктердің сексистік көзқарасын көрсетеді дейді.

Білім министрлігі тал түбінде ойнап жүрген екі қыз бен үш ұл бала бейнеленген ескі мұқабада адам саны "тым көп" деп, кітапқа "өнер, эстетика және психология тұрғысынан" қарағандар адам санын "азайтуды" ұсынды деді. Министрлік қыз балалардың суреті оқулықтың ішкі беттерінде барын айтты.

Министрліктің бұл шешімі әйелдердің де, ерлердің де ашуын тудырды. Олар қарсылығын әлеуметтік желіде білдіріп, Нобель сыйлығының математика саласындағы баламасы саналатын Филдс медалін ұтып алған жалғыз әйелдің Ираннан шыққанын атап өтті.

Иран математигі Мәриям Мирзахани.
Иран математигі Мәриям Мирзахани.

Математика саласындағы ең беделді сыйлықты 2014 жылы Стэнфорд университетінің профессоры Мәриям Мирзахани алған. Ол үш жылдан соң 40 жасында қатерлік ісіктен қайтыс болып, Иран басшылығы ғалымның қазасын "қайғымен қабылдағанын" мәлімдеген.

Көптеген ирандық әлеуметтік желіде Мирзаханидің суретін жариялап жатты. Кейбірі оның суретін математика оқулығы мұқабасына фотошоппен салып не желімдеп, парсы тілінде #әйелдіалыптастауғаболмайды деген хэштег жазды.

"Мәриям Мирзахани дейтін ирандық әйел математикадағы ғасырдың ең беделді тұлғасы болды. Ал сіздер қыздардың суретін үшінші сыныптың математика оқулығынан өшіріп отырсыздар ма?" деп жазды интернет қолданушы Махса Насроллахи Twitter желісінде.

Ирандағы танымал саясаткерлердің бірі Ебрахим Аскерзаде Instagram желісінде "[әйелдерді] алып тастау тәжірибесі мен гендерлік сегрегация шарықтау шегіне жетті" деді.

Ол сондай-ақ "Менің қызым: Мирзаханидің суретін кітап мұқабасына жапсырып қой да, қыз болғаныңды мақтан тұт" деп жазды.

Иранның әйел және отбасы істері жөніндегі вице-президенті Масуме Ебтекар үшінші сыныпқа арналған математика оқулығының мұқабасы мен үшінші сыныпқа арналған ғылым оқулығының түгелдей қыздар бейнеленген мұқабасын қатар қойып, екеуін бірге көру керек деді. Ол сондай-ақ білім министрі Мохсен Хаджи Мирзаидың "гендерлік әділет" мәселесін күн тәртібіне қосқанын мәлімдеді.

Ебтекар халықтың осы мәселеге алаңдаушылық білдіруін орынды деп атап, "қыздарды елеусіз қалдыруға болмайды" деді.

Сын айтушылар үш қыздың оқулық мұқабасынан алып тастауды әйелдерге қарсы мемлекеттік деңгейдегі қырық жылдық дискриминацияның көрінісі деп қабылдады. Ел заңы бала қамқорлығы және ажырасу секілді мәселелерде әйел құқығын шектеп тастаған. Әйелдер қоғамдық орындарда шашы мен денесін жауып жүруге мәжбүр.

"Қыздарымыз бен әйелдерімізге әділетсіздік молынан жасалды, бұл ойындарыңызбен қоғамның жарты бөлігін елеусіз қалдыра алмайсыздар" деп жазды Twitter желісінде карикатурист Махди Ахмадиан. Ол бұл жазбасын өзі салған суретпен қатар жариялады. Ол суретте мұқабадағы екі қызды екі ер адамның сүйреп алып бара жатқаны бейнеленген. Бір ер адам шоқпар, екіншісі қолорақ ұстап алған. Шамасы бұл маусым айындағы атышулы оқиғаны меңзесе керек. Жаздың бірінші айында әкесі 14 жасар қызын қатыгездік өлтірген еді. Қызының сүйген адамына қосылуына қарсы болған әкесі өз баласын балталап тастаған.

Оқиға Иранда балалар мен әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөнінде үлкен талқы тудырды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG