Accessibility links

Guardian: Назарбаевты мақтап кітап жазған Джонатан Айткен Қазақстан үкіметінен ақы алған


Джонатан Айткен (оң жақта) мен оның Назарбаев туралы кітабының мұқабасы.
Джонатан Айткен (оң жақта) мен оның Назарбаев туралы кітабының мұқабасы.

Ұлыбритания саясаткері Джонатан Айткен 2009 жылы Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевты мадақтайтын кітап шығарғаны үшін 166 мың фунт стерлинг (қазіргі бағаммен 96 млн теңге) алған. Бұл туралы офшордағы құпия келісімдерді әшкерелейтін "Пандора құжаттарында" айтылады.

Британиялық Guardian басылымының жазуынша, Айткенге ақыны Қазақстан үкіметіне жұмыс істейтін пиар-компания құпия түрде төлеген.

"2010 жылғы сәуірде Джонатан Айткен Вашингтонға ұшты. Өтірік айтқаны үшін қамалған экс-консерватор депутат және министр АҚШ-та өзінің кейінгі кітабының презентациясын өткізді. Ол кітап Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты мадақтайтын биография болатын. "Биографтар ант суын ішкен суретшілер ғой" деді ол жиналған сенаторлар мен дипломаттардың алдында. "Олар суретті үлкен кенепке салғанды жақсы көреді. Менде Назарбаевтың өмірінен асқан драмаға толы, қарқыны күшті мұндай кенеп болған емес" деп қосты" деп сипаттайды британиялық басылым Конгресс кітапханасындағы сол шараны.

"Назарбаев және Қазақстанның жаратылуы: коммунизмнен капитализмге қарай" кітабының мұқабасы.
"Назарбаев және Қазақстанның жаратылуы: коммунизмнен капитализмге қарай" кітабының мұқабасы.

"Пандора құжаттарында" Айткеннің Назарбаев туралы кітап үшін 166 мың фунт стерлинг алғанын көрсеткен. Ақша Гонконг пен Британияның Виргиния аралдары арқылы айналып, экс-министрдің Aitken Consultancy & Research Services Limited деген компаниясына түскен.

Бұдан бөлек, Айткен Қазақстаннан АҚШ турына да ақша алған. WorldPR дейтін компания саясаткердің Ақ үйден екі квартал жерде орналасқан Capital Hilton қонақүйіндегі үш түні үшін 1527 фунт стерлинг (қазіргі бағаммен 880 мың теңге), Конгресс кітапханасына презентация үшін 6996 доллар (қазіргі бағам бойынша, шамамен 3 миллион теңге) төлеген. Тур кезінде Айткен Қазақстан елшілігінің шақыруымен Нью-Йорктегі Гарвард клубында сөз сөйлеген.

Кітап "Назарбаев және Қазақстанның жаратылуы: коммунизмнен капитализмге қарай" (Nazarbayev and the Making of Kazakhstan: From Communism to Capitalism) деп аталған.

Кітаптың алғы сөзінде автор Қазақстан сыртқы істер министрлігіне Астана (Нұр-Сұлтанның 2019 жылға дейінгі атауы) мен Алматыдағы қонақ үй шығындарын көтергені үшін алғыс айтады. Осыдан кейін Reuters агенттігіне Қазақстан үкіметінен өзге ақша алмағанын мәлімдейді. Бірақ "Пандора құжаттары" мұны жоққа шығарып отыр деп жазады Guardian.

Өз кітабында британ саясаткері Назарбаевты Совет кезінен қалған ядролық қарудан бас тартып, сәтті экономика құрған танымал лидер деп мадақтайды. Бірақ Guardian газеті сол кезде де осы кітапқа мақала арнап, ол туралы "бұл кітап көрікті етіп жасалған алдау, тіпті бұл кітап әлемде осы жылы жазылған агиографиялар ішіндегі ең озаты деген баға алуға да лайық" деп жазды.

Тәуелсіз басылымдардың көбі бұл кітапты сынға алып, Назарбаевтың өзге пікірді қабылдай алмайтын автократ лидер ретінде сипаттаған.

АЙТКЕННІҢ СӘТСІЗ САЯСИ МАНСАБЫ

"Бір қызығы, Айткеннің саяси мансабы 1996 жылы-ақ сәтсіз аяқталған деп жазады" Guardian. Газет сол жылдары Айткеннің қымбат қонақүйде жатып, оның шығынын Сауд Арабия королінің ұлына төлеткенін жазғанда саясаткер басылымды сотқа тартып, сотта жалған айғақ берген, сол үшін жеті ай түрмеде отырып шыққан.

Ашық ақпараттарға қарағанда, 1942 жылы туған Айткен мансабын журналист ретінде бастап, кейін саясатқа ойысқан. 1974-1992 жылдары парламент мүшесі, 1992-1994 жылдары қорғаныс саласындағы сатып алулар министрі болған. Осыдан соң бір жылдай қаржы вице-министрі қызметін атқарған.

Санаулы жылдан соң Айткен Назарбаев туралы екінші кітабын жазды. 2012 жылы ақпанда ол "Қазақстан: тәуелсіз 20 жылдан кейінгі таңғажайыптар мен стереотиптер" атты кітабының тұсауын кесті. Бұл жолы ол Назарбаевтың тек Қазақстандағы рөлімен шектелмей, Орталық Азияны қамтиды.

Осы кітабынан кейін автор Азаттық радиосына сұхбат берген:

Guardian басылымының жазуынша, Айткеннің АҚШ-тағы сапарын көтерген WorldPR компаниясы бір кезде оның баспасөз кеңесшісі болған Патрик Робертсонге тиесілі болған. Робертсон сондай-ақ Қазақстанның Багам аралдарындағы мәртебелі консулы болған. Компанияның сайтында "2004 жылдан бері Қазақстан үкіметінің көптеген департаменті мен агенттігіне жұмыс істеді" деп жазылған дейді ағылшын газеті. WorldPR клиенттері қатарында Чилидің диктаторы Аугусто Пиночет пен Әзербайжан үкіметі болған.

Әшкере болған құжаттарға қарағанда, WorldPR Айткеннің 3000 кітабын баспадан 30 мың фунт стерлингке сатып алған. Ал кітап дүкендерінде барлығы 466 данасы ғана сатылған. Осыдан соң Робертсон Ресейде "медиа консультация қызметіне" 96 мың доллар жұмсап, Мәскеудегі баспаға Айткеннің Назарбаевқа арналған екінші кітабын орыс тіліне аудару үшін 116 мың доллар төлеген.

РОБЕРТСОННЫҢ МҰХТАР ӘБЛЯЗОВКЕ ҚАТЫСЫ ҚАНША?

Guardian сондай-ақ Financial Times газетінің тілшісі Том Берджестің "Клептопия" дейтін кітабына сілтеп, Робертсонға тиесілі WorldPR фирмасының Қазақстанның қуғындағы банкирі, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовке қарсы "қара пиар науқанын" жүргізгенін жазады. Оған қарағанда, фирма Әблязовке қарсы "құпия операциялар", "кибер шабуылдар" және "медиа манипуляция" жоспарлаған. Кітапта Робертсонның қазақ саясаткеріне қорлау сөздерін жолдағаны да айтылады.

Guardian газетінің жазуынша, WorldPR Гонконгта орналасқан, бірақ Панамада тіркелген. Оның қаржы есебін Виргин аралдарындағы офшор компаниясы басқарады.

3 қазан күні жарияланған "Пандора құжаттары" аясында Назарбаевтың есімі екінші рет аталып отыр. Осыған дейін офшордан тарап кеткен бұл құжаттар Назарбаевтың "тоқалы" деген әйел Әсел Құрманбаеваның құпия келісімнен 30 миллион доллар пайда көргені белгілі болған. OCCRP зерттеу тобы бұл келісімге Назарбаевтың серігі деген олигархтар Владимир Ни мен Владимир Кимнің қатысы бар деген.

Назарбаевтың "үшінші әйелі" Әсел Құрманбаева байлыққа қалай кенелді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:36 0:00

Назарбаевтың туыстары мен серіктері, үкімет мүшелер офшор аралдарынан тарап кеткен құжаттарда жиі аталады. Бірақ Қазақстан билігі де, Назарбаевтың өзі де бұл туралы пікір білдіре бермейді. Ары кетсе "бос сөз" деген баға береді. Бұл пікірді жақында президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Дәурен Абаев айтты.

Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі 2019 жылы президенттіктен кетіп, қызметін ондаған жыл қолында істеген Қасым-Жомарт Тоқаевқа қалдырды. Бірақ ол президенттіктен кетсе де, билік партиясы "Нұр Отанның" жетекшісі әрі қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде билікке ықпалын сақтап қалды. Кей сарапшылар елде бейресми түрде әлі Назарбаев билік құрады дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG