Accessibility links

"Большевизм тәрбиелеген мінез-құлықтан арылмаған" Назарбаев және "Желтоқсан алаңы"


1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында қазақ жастарының бейбіт шеруін совет билігі күшпен таратқан Алматының орталық алаңына кейін Тәуелсіздік монументі орнатылды. Оның бір бөлігінде сол қолын Конституцияға қойып ант беріп тұрған Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі бар.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында қазақ жастарының бейбіт шеруін совет билігі күшпен таратқан Алматының орталық алаңына кейін Тәуелсіздік монументі орнатылды. Оның бір бөлігінде сол қолын Конституцияға қойып ант беріп тұрған Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі бар.

Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған күннің ертесіне Алматының бас алаңына жиналған халықтың алдында сөйлегендердің дені Желтоқсан оқиғасынан гөрі тәуелсіздік пен президент Назарбаев туралы көбірек айтып, құттықтау тілек білдірген. Азаттық радиосы сол кезде осы митинг туралы бірнеше бөлімнен тұратын хабар әзірлеген. Бұл туралы "Азаттық радиосы – 70 жыл" аудиоподкасының кезекті шығарылымында айтамыз. Подкастың қысқаша мазмұнымен таныс болыңыз.

1953 жылы наурызда жұмысын бастаған Азаттық радиосының Совет Одағы ыдырағаннан кейін тәуелсіз елдерден ақпарат алуы жеңілдеді. Тіпті одақ әлі құламай тұрған кезде радио хабарлары бағытталған елде Азаттық өз тілшілерін ұстады. Сондай елдердің бірі Қазақстан болды. Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағанда, сол кездегі астанасы Алматы қаласында Азаттықтың тілшілері жұмыс істеп жатқан болатын. Сол уақытта радиоға Алматыдан берілетін хабарлар телефон арқылы жазып алынатын. Сондықтан да кейбір хабарлардың сапасы сол кездегі телефон байланысының көрсеткіші іспетті еді. Байланыс кезіндегі қосылып кететін бөгде дыбыстар немесе телефон желісіндегі әртүрлі шуыл қоса жазылатын.

Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған күндердегі оқиғалар да әдеттегідей телефонмен жазылды. Тілшілер оқиға орнындағы дауыстарды диктофонмен жазып әкеліп, оны сол кездегі Азаттықтың Мюнхендегі кеңсесі қайтадан телефон арқылы алып, таспаға жаздыртқан.

Қазақстан тәуелсіздік алған күні Азаттық Назарбаевты неге қатаң сынады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:23:13 0:00

"ЖЕЛТОҚСАН" АТАУЫ БҰЙЫРМАҒАН АЛАҢДАҒЫ ЖИЫН

1991 жылғы 16-17 желтоқсандағы Азаттық радиосының хабарларын тыңдап отырсақ, Желтоқсан оқиғасының бес жылдығы Қазақстан тәуелсіздігін құттықтауға ұласады. Осы шараның атмосферасы туралы хабарлаған Азаттықтың Алматыдағы тілшісі Қиял Сабдалин эфирде қаланың бас алаңының атауын "Желтоқсан алаңы" деп атайды. Шын мәнінде ұсыныс болғанымен, алаңға "Желтоқсан" атауы сол күйі берілмеді.

1980 жылы жаңадан пайдалануға берілген Алматының бас алаңы "Жаңа алаң" аталып, екі жылдан соң оған Брежневтің сойы берілген. 1986 жылы осы алаңда қан төгілді, Желтоқсан оқиғасында бейбіт шеруге шыққандар осы жерде басып-жаншылды. 1988 жылы оған "Жаңа алаң" атауы қайтарылады. Бұл сәулет нысаны 1990 жылдан бастап "Республика алаңы" атауына ие.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде Алматының бас алаңына жиналған адамдар. Алматының орталық мемлекеттік архиві қорындағы сурет.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде Алматының бас алаңына жиналған адамдар. Алматының орталық мемлекеттік архиві қорындағы сурет.

Азаттық радиосы 1991 жылғы 17 желтоқсанда осы алаңдағы жиыннан мынадай хабар таратқан:

"Желтоқсанның 17-жұлдызы күні таңғы 11-де Желтоқсан алаңында үлкен митинг өтті. Бұл митингіге ондаған мың адам қатысты. Митинг түскі бірге дейін созылды. Құрметті мінбеде республика президенті Нұрсұлтан Назарбаев, премьер-министрдің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков, Алматы мешітінің имамы Асылбек, үкімет мүшелері және Желтоқсан оқиғасында жазықсыз жапа шеккендер, түрлі саяси партиялар мен қозғалыстардың көрнекті өкілдері және басқа да адамдар болды".

НАЗАРБАЕВТЫҢ "ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАР" ТУРАЛЫ ҰСТАНЫМЫ

Осы оқиғадан жарты ай бұрын, 1991 жылғы 1 желтоқсанда тұңғыш жалпыхалықтық президент сайлауында дара кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың 98 пайыздан аса дауыс жинағаны туралы ресми ақпарат жарияланған.

Нұрсұлтан Назарбаев 1990 жылғы 1 желтоқсанға белгіленген алғашқы жалпыхалықтық сайлауда Қазақ ССР президенттігіне жалғыз кандидат болып тіркелген. Сайлау бюллетенінің үлгісі басылған ресми басылым хабарламасы.
Нұрсұлтан Назарбаев 1990 жылғы 1 желтоқсанға белгіленген алғашқы жалпыхалықтық сайлауда Қазақ ССР президенттігіне жалғыз кандидат болып тіркелген. Сайлау бюллетенінің үлгісі басылған ресми басылым хабарламасы.

Назарбаевтың өзі 17 желтоқсанда Алматының бас алаңында Желтоқсанның бес жылдығына арналған жиында сөз сөйледі. Ол бұл митингіде өзін Желтоқсан оқиғасының жоқтаушысы ретінде көрсетуге тырысты.

1987 жылы ғана Мәскеудің "Дружба народов" журналына берген ұзын-сонар сұхбатында Қазақ ССР министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастардың бір бөлігін "интернационал қасиеттен ада" деп айыптаған. Ол "экстремистік көңіл-күйдегі жастардың әлеуметтік жағынан осал студенттерді өзіне баурап" алғаны жайында айтқан.

Қазақ ССР министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Совет одағы коммунистік партиясының XXVII сиезінде сөйлеп тұр. Мәскеу, 4 наурыз, 1986 жыл
Қазақ ССР министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Совет одағы коммунистік партиясының XXVII сиезінде сөйлеп тұр. Мәскеу, 4 наурыз, 1986 жыл

Ал 1991 жылы Желтоқсан оқиғасының бес жылдығында Назарбаев басқаша сөйлейді. Ол алдымен Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы конституциялық заңның қабылдануын "тарихи оқиға" деп атады.

"Дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойғы аңсаған арманы еді. Міне, енді сол күнге де жеттік. Қуаныш ұзағынан болсын, туысқандар! Тәуелсіздік табалдырығында тұрған осы жан тебірентетін сәтте қазақ елінің еркіндігі және бостандығы жолында Қазақстанның егемен ел, тәуелсіз мемлекет болғанын көре алмай өмірден өткен Желтоқсан оқиғасы құрбандарына тағзым етіп, еске алуларыңызды сұраймын" деген Назарбаев бір минуттық еске алу рәсімін жариялайды. Содан кейін ол сөзін былай сабақтаған:

"Әлеуетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Бірақ бұл бізге оңайға түспейді. Кең байтақ еліміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып, бірге өмір сүріп келе жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Тек не істесек те, ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік! Жалаң сезімге тізгін бермейік дегім келеді. Әсіресе жастар салқынқандылықтан, үлкенді сыйлаудан және сөзге тоқтаудан айнымаса, қашан да достыққа адал болса екен. Бауырмал, кеңпейіл болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздықтан, жүгенсіздіктен аулағырақ жүрсе екен деп тілеймін".

Назарбаев сөзінің аяғында сол күні құрамында ешқандай мемлекет қалмаған "бүкіл Совет Одағы мен жер жүзіне түсінікті болу үшін" орыс тілінде сөйлейтінін ескерткен. "Сіздер оған ренжімеңіздер" деп алаңда жиналған адамдардың да қас-қабағына қарағандай болады.

ПРЕЗИДЕНТТІҢ АБЫРОЙЫН ҚОРҒАҒАН ДЕПУТАТ

Назарбаевтан кейін сөз алған депутат Салық Зиманов президентті барынша жақтап сөйлейді. Ол көпшілікті жаңадан сайланған Назарбаевтың беделіне кір келтірмеуге үндейді.

"Қарақтарым, Желтоқсан оқиғасы тек жастар емес, бізге де өшпестей рух, санамызға дақ салды. Арада бес жыл өтсе де, ойымызға түссе, жүрегіміз дірілдейді, сүйегіміз сырқырайды" деп сөз бастаған депутат халықты президентті қолдауға үндеген.

"Сыбанып жұмыс істейтін уақыт жетті. Өзім парламент мүшесі ретінде "көп тиянақты жұмыс істедік" десем, шындыққа жатпаған болар еді. Кемшілігіміз көп. Сөзіміз көп те, ісіміз аз. Мұны мойындау керек! Бірақ болған іске шүкірлік еткен жөн. Соңғы 14 күннің өзінде сол парламенттің қызу қолдауы арқылы қазақтың сыйлы ұлы Нұрсұлтан Әбішұлын бүкіл республика халқы болып алақанымызға салып көтеріп, президент сайладық! Президенттің абыройы халықтың абыройына байланысты. Президентке абырой беретін – халықпен бірге ең алдымен жастар. Президенттің абыройына, еңсесінің жоғары болуына, ісінің нәтижелі болуына көмектесіп, бәріміз күш қосуымыз керек" деп сөзін аяқтаған Салық Зиманов.

ХАСЕН ҚОЖАХМЕТТІҢ ҮНДЕУІ

1991 жылғы 17 желтоқсанда Алматының орталық алаңында "Желтоқсан" ұлттық демократиялық партиясының төрағасы Хасен Қожахмет сөйлеп, Қазақстанның өз тәуелсіздігін жариялауымен халықты құттықтайды. Оның сөзі соның алдында елді сабырға шақырып, Назарбаевтың маңына топтасуға үндеген Салық Зимановтың айтқанынан басқаша шықты.

Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін сотталған диссидент Хасен Қожахмет. Арқалық түрмесі, қазан, 1988 жыл. "Қазақтелефильм" түсірген "Версия" деректі фильмінен скриншот.
Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін сотталған диссидент Хасен Қожахмет. Арқалық түрмесі, қазан, 1988 жыл. "Қазақтелефильм" түсірген "Версия" деректі фильмінен скриншот.

Қожахмет халықты жауынгерлік рухқа, күрескерлікке үндеп, осы алаңмен жапсарлас жатқан Фурманов көшесіне Желтоқсан құрбаны Ербол Сыпатаевтың атын беруді ұсынған. Оның сөзін сол жерде тұрған жұрт қолдап, жиі дем беріп отырды.

"Тәуелсіздік алдық. Енді оны қорғауымыз керек. Бізге әлі көз алартып отырған дұшпан көп. Мен сіздерді батырлыққа шақырамын. Тыныш бол деп айта алмаймын. Батыл болсақ қана елімізді қорғап қаламыз. Әрқашан әр нәрсеге дайын болыңыздар! Біз ешкімге басып кірмейміз. Бірақ 1986 жылғыдағыдай қыруға да жол бермеуміз керек! Қапыда қалмауымыз керек! Жуаспыз, момынбыз дегенді қойыңыздар!"

Хасен Қожахметтен кейін мінбеге шыққан ақын Олжас Сүлейменов тәуелсіздікке екпін бере пафоспен сөйледі. Ол алаңда жиналғандар арасында "көп мемлекеттен келген қонақтар тұрғанын" айтады.

"Қонақтар емес, нағыз достар. Мен оларға жүректен шыққан ыстық сәлем жолдаймын" деп сөзін жалғастырған ол Қазақстан тәуелсіздігін бірінші болып Түркия мойындағанын айтады. Оның сөзін көпшілік жиі қошеметтеп, қолдап тұрды. Олжас Сүлейменов сөзін "Жаса, Қазақстан!" деген ұранмен аяқтаған.

"ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАРДЫ" ҚУДАЛАҒАНДАР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛМАДЫ

1991 жылғы 17 желтоқсанда Назарбаевтың Алматының бас алаңында Желтоқсан оқиғасының бес жылдығына орай сөйлеген сөзінде назар аудартқан мынадай жайт бар еді.

Ол 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауапқа тартылған азаматтарды ақтау туралы жарлық шығарғанын айтқан және оған қоғам атынан өзі баға берген.

"Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтарды ақтау туралы жарлық шығарғанымды, онда желтоқсанның 17-сі "Демократиялық жаңару күні" болып жарияланғанын сіздер жақсы білесіздер. Бұл жарлықты республика жұртшылығы ізгілік пен әділеттілік актісі ретінде қабыл алып отыр" деген сөзін Азаттық радиосы қатаң сынайды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқандарды ақтау туралы жарлығы. 12 желтоқсан, 1991 жыл
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқандарды ақтау туралы жарлығы. 12 желтоқсан, 1991 жыл

"Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы" жарлыққа президент 1991 жылғы 12 желтоқсанда қол қойған. Эфирде "нұсқау" деп аталған бұл жарлықта адамдарды әділетсіз жазаға тартқандарды тергеуге, адамдарды нақақ соттап, "Желтоқсан ісін" жүргізгендерді анықтап, жазалауға қатысты мәселе көтерілмегені сынға ілінген. Желтоқсан оқиғасын басып-жаншып, алаңға шыққандарды соттап, жазалағандардың дені сол кезде әлі билікте отырған.

"Қазақстан президентінінің нұсқауымен Қазақстан астанасында бұдан бес жыл бұрын болған ереуілге қатысқандар толық ақталды. Тұтқыннан босатылды және әділетсіз жазаланғандар құқығы қалпына келтірілді. Бірақ нұсқаудың күші әдейі адам өлтіргендерге және милиция қызметкерлері мен халық жасақшыларына қол көтергендерге дарымайды. Арада бақандай бес жыл өтсе де, Нұрсұлтан Назарбайдың шығарып отырған шолақ нұсқауы, міне, осындай. Ал қазақ жастарын қырған қылмыскерлерді жауапқа тарту қайда? Әлде билікте отырғандардың қылмысы қылмыс болып есептелмей ме екен? Егер де Нұрсұлтан Назарбай олай ойлайтын болса, большевизм тәрбиелеген мінез-құлықтан арылмағаны. Заңға негізделген мемлекет орнату үшін бұрынғы және қазіргі мансабына қарамай жауапқа тарту шарт емес пе? Оны біз нұсқаудан көріп тұрған жоқпыз" деп сөйлеген Азаттық эфирінен радионың қызметкері, совет билігі қуғын көрсетіп, соттап, ақырында шетелге кетуге мәжбүр еткен диссидент Махмет Құлмағамбет.

Азаттық радиосының сол кездегі хабарларына қарағанда, бұрынғы Қазақ ССР Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Назарбаев тәуелсіздік жариялар қарсаңда президент болып сайланып алып, бірінші кезекте өзіне саяси ұпай әкелетін жарлықтарға қол қойған. Бір кезде Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққандарды айыптап сөйлеген ол Желтоқсан оқиғасының құрбандары мен зардап шеккендерді ақтау туралы жарлықты да осы тұрғыдан қарастырғаны байқалады.

Желтоқсан оқиғасына қатысқандарды соттаған адамдарды жауапқа тарту жайы сан рет көтеріліп, ұсыныстар айтылғанымен, заңды түрде ешқандай іс қозғалмады.

КЕЗЕКТІ ЭПИЗОДТА

Бұл кезде Қазақстанға көрші Өзбекстанның президенті Ислам Каримов Түркияға сапарлап, ынтымақтастық жолдарын қарастырып жүрген. Оның сапары кезінде Өзбекстанның тәуелсіздігін шет мемлекеттер әлі мойындаған жоқ еді. Түркиядағы кездесулерде ең алдымен осы мәселе сөз болған.

Ал Қазақстан тәуелсіздік жариялаған күннің ертесінде Алматыға алғашқы шетелдік ресми қонақ, АҚШ мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер келген. Мемлекеттік хатшы – Америкадағы билік иерархиясында атқарушы биліктегі президент пен вице-президенттен кейінгі үшінші адам. АҚШ-тың жоғары лауазымды ресми тұлғасы тәуелсіздігін енді ғана жариялаған Қазақстан басшылығымен қандай мәселелер талқылады, нендей шешім қабылданды?

Бұл туралы "Азаттық радиосы – 70 жыл" подкасының кезекті эпизодында айтпақпыз.

Подкасты Азаттық сайтынан, Apple Podcasts, Google Podcasts платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан жүктеп алуға болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG