Accessibility links

Алматыдан ажыраған ауыл әңгімелері


Жаңашамалған ауылының орталық көшесі. 3 сәуір, 2020 жыл Алматы облысы
Жаңашамалған ауылының орталық көшесі. 3 сәуір, 2020 жыл Алматы облысы

Алматы карантинге жабылған соң төңірегіндегі ауылдар абдырап қалды. Қалаға кіре алмайтын ауыл тұрғындары өз қамын жасауға кіріскен. 42 500 теңге алғысы келетіндер коронавирустан сескенбей әкімдік алдына жиналып жүр. Азаттық тілшісі Жаңашамалған ауылына барып, жұрт тынысын аңдап қайтты.

Ел ауызында «Станция Шамалған» деп аталатын Жаңашамалған ауылына жете бергенімізде себезгілеп жауын жауа бастады. Алдында, түнде жауған жаңбырдан жолдың екі жиегі ми батпақ. Кей шұқырға жиналған су кішігірім шалшыққа айнала бастапты.

Жол бойында басына пакет жамылып тұрған ер адамға тоқтап, Жаңашамалғанға баратын жол сұрадық. Алматыны кесіп өтетін бұрынғы жол жабық. Ол адам «мен де сонда барамын, ала кетіңіздер» деп жабыса кетті.

Байсерке ауылы, Радуга сауда үйінің алды. 3 сәуір, 2020 жыл Алматы облысы
Байсерке ауылы, Радуга сауда үйінің алды. 3 сәуір, 2020 жыл Алматы облысы

Көлікке отырар-отырмастан «Қапшағайға барар жол ашық па екен» деген жолаушы бұзылған мәшинесіне бөлшек іздеп жүргенін, шұғыл таппаса болмайтынын әңгіме қылды.

- Базардың бәрін жауып тастады, - деп билікті бір сыбап өтті. Сақтансаң сақтайды емес пе деген ойымыз іште қалды.

- Маска неге тақпай жүрсіз? - деген сауалымызға «коронавирус бізді қайтсін» деп қысқа жауап берді.

Әдетте, көліктің бөлшегін Алматыдан іздейтін жұрт Жаңашамалғанға сабылып жүр осылай. Алайда Жаңашамалғанда да қосалқы бөлшек табыла қоюы екіталай, өйткені мұнда да базар жабық, дүкен құлыптаулы.

СҮТ САТҚАН КЕЙУАНА

Жаңашамалғанда көлік те, жаяу адам да көп. Алматының карантинде қаңыраған көшелеріндей емес, мұнда өмір қайнап жатқан сияқты.

Ауылды кесіп өтетін орталық көшеге жақын орналасқан «Қазақстан» сауда үйінің алдында сүт сатып тұрған кейуананың жасы сексен екіде екен. Сүтті көршісінен 150 теңгеден сатып алып, үстіне елу теңге қосып қайта сататынын айтқан апа «түске дейін ғана тұрамын, күніне он-ақ литр сүт сатамын» дейді «вирус жұқтырып аламын деп қорықпайсыз ба? деген сұрағымызға орай.

Kazakhstan-Almaty region. Milk for sale. April 3, 2020
Kazakhstan-Almaty region. Milk for sale. April 3, 2020

Зейнетақысына 39 мың теңге ғана алатын апаның екі ұлы бар екен. Айтуынша, қалада тұратын үлкен ұлының алты баласы бар. Карантинге байланысты тұңғышы жұмыссыз қалған. Үйінде жатыр.Кіші баласы әлдебір мекемеде мардымсыз жалақыға күзетші болып істейді. Одан төрт немересі тағы бар.

Кейуана зейнетақысы мен сүт сатып тапқан пайдасын екі ұлына тең бөліп береді екен.

Сүт сатушы апамен әңгімелесіп тұрғанымызда қасымызға 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін он бес жылға сотталып, төрт жылдан кейін босап шыққан Түгелбай Тәшенов келді.

Ол бізді өзімен бірге ауылдық округтің әкіміне кіріп шығуға үгіттеді.

- Тоқаев айтқан 42 500 теңгені бере ме, бермей ме? Соны бірге кіріп, біліп шығайықшы,- дейді ол. Әкімге журналистпен бірге кірсе барлық мәселе шешіледі деп ойлайтын сияқты. Сөз арасында «Вирустан сақтанудың жалғыз жолы үйден шықпау, топтасып тұрмау екенін» тәптіштей түсіндіруді де ұмытпады.

Желтоқсаншы Түгелбай Тәшенов. 3 сәуір, 2020 жыл Алматы облысы
Желтоқсаншы Түгелбай Тәшенов. 3 сәуір, 2020 жыл Алматы облысы

Сәлден соң әкімдік алдында тұрған топ адамның арасына кіріп кетті. 42 500 теңгенің жыры коронавирустан сақтанып, үйде жатқандарды көшеге шығарғанға ұқсайды.

ҮЙДЕ ЖАТЫП АШТАН ӨЛ ДЕЙСІҢ БЕ?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың вирус пандемиясына байланысты шектеулерден кейін табысынан айырылған 3 миллионға жуық адамға 42500 теңге берілетіні туралы айтқан сөзінен кейін құжат өткізуге асыққан жұрт ауылдық әкімдік ғимаратына таңғы жетіден бастап келіпті.

Ішке кіруге ұмтылған топ әкімдік өкілінің сөзіне құлақ асар емес.

- Вирустан қорқып, үйде жатып аштан өл дейсің бе? 42500 теңгені бөліп жармай бәрімізге бер. Әкімнің өзі қайда? Шықсын бері! – деген жұртты «Жаңашамалған» ауылдық округі әкімінің орынбасары Алмат Қалабаев тоқтата алар емес.

- Мына жерде бұлай топтасып тұруға болмайды. Сіз де, мен де басымызды қатерге тігіп тұрмыз. Ауру жұғып кетуі мүмкін, - деп шырылдаған әкімдік қызметкерін тыңдайтын құлақ байқалмайды.

Жаңашамалғвн ауылдық округі әкідігінің алдында 42500 теңгені талап етіп тұрған тұрғындар. 3 сәуір, 2020 жыл Алматы облысы
Жаңашамалғвн ауылдық округі әкідігінің алдында 42500 теңгені талап етіп тұрған тұрғындар. 3 сәуір, 2020 жыл Алматы облысы

Алмат Қалабаевтың сөзінше, әкімдік мұқтаж отбасыларға кәсіпкерлердің көмегімен азық-түлік таратқан екен. Соны естіген ауыл тұрғындары таң атар - атпастан әкімдік алдына жиналыпты.

Жиналған топ бізді де елеусіз қалдырмады.

- Сөзімізді телевизордан толық көрсетіңдер. Тоқаевқа жеткізіңдер. Болмаса сендердің үстеріңнен де жазамыз, - деп өзімізге шүйліккен ашулы топтың арасынан сытылып шықтық.

БЕТІН ӘРІ ҚЫЛСЫН

Жаңашамалғанға барар жолда көлігіме мінгізген жолаушының кебі өз басыма да түсті. Қапшағай жолына түсіп қайтып бара жатқанда Байскерке ауылының тұсында мәшинемнің доңғалағы жарылып, орта жолдан тастап кетуге тура келді. Жарылғанын жамап, ауыстырып бере қоятын жер де жоқ. Карантинге байланысты бәрі жабық.

Амалсыз такси ұстауға тура келді. "Коронавирусқа байланысты таксиге қойылатын талап күшейді, бір көлікке бір жолаушыдан артық мінгізбейді" дегенді естігем. Бірақ мен таксиге төртінші жолаушы боп отырдым. Жолаушы толтырып алған толған такси бірден қозғалып кетті.

Коронавирустан қорғаныс киіміндегі адам. Алматы, 24 наурыз, 2020 жыл.
Коронавирустан қорғаныс киіміндегі адам. Алматы, 24 наурыз, 2020 жыл.

Төртеумізде де маска. Жүргізуші ғана маскасыз, терезесін жартылай түсіріп темекі шегіп отыр. Кенет көліктің алдыңғы жағында отырған алпыс жас шамасындағы адам түшкіріп қалды.

- Сау болыңыз, - дедік бір кісідей. Коронавирус тұмау сияқты дейтін еді. "Түшкірген жерде тұмау бар" деген күдік жайлап алған ойымызды.

- Аға, жақын арада шетелден келген біреу-міреумен табақтас болған жоқсыз ба? - дедім қалжыңдай.

Әуелде сөз төркінін түсінбей қалған жолаушы сәл үнсіздіктен кейін барып «Ә, жоға, аллергия ғой, қорықпаңдар» деді.

Әңгіме бірден коронавирусқа ойысты. Әдетте, таксистер «бәрін біледі».

- Осының бәріне билік кінәлі. Қытайдан алғаш ауру шыққан кезде шекараның бәрін жауып тастау керек еді. Қазір де көп адам сырттан ұшып келіп жатыр, - деді таксист.

- Вирусты таратып жатқан да солар, - деп қостап қойды оң жақ шеттегі жастау жігіт.

- Вирустан өлсек, туғанымыз топырақ та сала алмайды екен, - дедім әңгімені тұздықтап.

- Ондай адамды бөлек жерлейді екен ғой. Өткенде жаңалықтардан айтып жатқан, - деді шетте отырған жігіт сөзге қайта араласып.

Қайтыс болған адамды ақ жуып, арулап қою, қаралы үйге көңіл айту дәстүріне берік адамдарды «коронавирустан қайтыс болған адамның сүйегін туыстарына бермейді, ешкімді жақындатпайды екен» деген сөз қатты шошытқан сияқты.

Көліктің алдыңғы жағында отырған жолаушы «Бетін әрі қылсын! Туғаныңнан бір уыс топырақ бұйырмау деген сұмдық қой. Ата-бабамызда жоқ салт» , - деп келе жатыр еді, бағанадан үнсіз келе жатқан ортадағы жігіт сөзге жол ортадан килігіп, «Топырақ салу, салмауда тұрған ештеңе жоқ. Ең бастысы жаназа шықса болды» деді.

Такси жүргізуші жақында қайын атасын Талдықорғанға апарып жерлеп келген екен.

- Сәл кешіккенде карантинге ілініп, топырақ сала алмай қалады екенбіз. Ертерек кетіп қалғаны жақсы болды,- деді.

Алматы-Қорғас ақылы жолына қойылған бекет. Алматы облысы, 14 мамыр, 2019 ж
Алматы-Қорғас ақылы жолына қойылған бекет. Алматы облысы, 14 мамыр, 2019 ж

Салон ішін үнсіздік жайлады. Жүргізуші радионың дауысын көтеріп қойды.

Телефонымды қолыма алып, «WhatSapp» топтарынан келген хаттарды оқыдым.

Әлдекім «қалаға барғандар ауылға келмеңдер» депті. Оған жауап берген біреу «жамандық шақырмай тыныш отырыңдар. Ешқандай ауру жоқ. Мұны жұқтырғандар тек шетелде қыдырып жүрген ақшасы көп байлар. Осы күнге дейін ауылға не әкім, не басқасы келген жоқ. Біз кімге керекпіз. Мықты болсаңдар соларға айтыңдар. Қалаға жетіскенімізден барып жүрген жоқпыз» деп ұрсып тастапты.

Телефонымды жаптым да үйімнен 40 шақырым жерде қалған көлігімді алып кетудің амалын ойластыра бастадым.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG