Accessibility links

"Бір тиын алмадық". Арыс кәсіпкерлеріне жарылыстан бүлінген мүлкіне өтемақы бермеді


"Күні-түні уайым". Ғимараттары қираған арыстық кәсіпкерлер өтемақы ала алмай жүр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:50 0:00

"Күні-түні уайым". Ғимараттары қираған арыстық кәсіпкерлер өтемақы ала алмай жүр

2019 жылы Түркістан облысы Арыс қаласында әскери оқ-дәрі қоймасы жарылып, ондағы снаряд мыңдаған үй мен ғимаратты бүлдірді. Төрт адам қаза тауып, қала тұрғындары үй-жайын тастап көшуге мәжбүр болды. Үкімет апат салдарымен күрес жөнінде үлкен науқан бастап, бар-жоғы бір айдан соң қала 90 пайызға қалпына келді деп мәлімдеді. Бірақ содан бері 1,5 жыл өтсе де, елуге жуық кәсіпкердің бүлінген мүлкі әлі жөнделмеген. Арысқа арнайы барған Азаттық тілшісі кәсіпкерлермен сөйлесіп, мәселенің мән-жайын анықтап көрді.

"БІР ТИЫН АЛМАДЫҚ"

41 жастағы кәсіпкер Мұхамеджан Сапарханов Арыс қаласының орталық көшелерінің бірінде шағын мейрамхана ашып, оның жанындағы он шақты сауда орнын жалға берген. 2019 жылғы 24 маусымда қала шетіндегі әскери оқ-қару қоймасы жарылғанда мейрамханасының төбесі ортасына түсіп, шатыры сынып, терезесі шағылып, қабырғасы жарылып кеткен.

Сауда орындары орналасқан екінші ғимараттың да сау-тамтығы қалмаған. Бір қабырғасына снаряд түсіп, жарылған. Бүлінген мейрамхана мен сауда орнындағы снарядтың орны әлі күнге сол қалпында тұр.

Кәсіпкер Мұхамеджан Сапархановтың әскери оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс салдарынан бүлінген мейрамханасының ішкі көрінісі. Арыс қаласы, Түркістан облысы, 11 желтоқсан 2020 жыл.
Кәсіпкер Мұхамеджан Сапархановтың әскери оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс салдарынан бүлінген мейрамханасының ішкі көрінісі. Арыс қаласы, Түркістан облысы, 11 желтоқсан 2020 жыл.

– Мейрамхана жүз адамға шақталған. 2009 жылы құрылысын бітіріп, іске қосқан едік. Қазіргі жағдайы – мынау. Қирап жатыр. Былтырғы жарылыстан жарамсыз болып қалды, – дейді ол есігі құлыптаулы тұрған мейрамхананы ашып.

Сапархановтың айтуынша, снаряд түсіп, ізі қалған сауда орындары бір жарым жылдан бері жабық тұр. Сауда орындарының шағылған терезесі қайта қалпына келтірілгенімен ішіне кіру қауіпті. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы жіберген бағалау компаниясы мейрамхананы жөндеуге 28 миллион теңге, сауда орындарына 33 миллион теңге өтемақы жазған. Бірақ әлі күнге бір тиын берілмеген. Жұмыс тоқтап қалған соң кәсіпорын қарызға кірген.

– Ешкім жетісіп жүрген жоқ. Нан табайық, күнкөрейік деп жүрміз. Біз кімбіз өзі? Өкіметке керекпіз бе, жоқ па? Үкіметке шағымдансақ, қағаз келеді. "Атамекен" жауапты дейді. "Атамекен" біз жауап бермейміз дейді. Сонда қайда баруымыз керек? – дейді Сапарханов ашынып.

"КӘСІПКЕР 20 ТИЫН САЛЫҚТЫ ТӨЛЕМЕСЕ, МЕМЛЕКЕТ СОТҚА СҮЙРЕЙДІ. БІРАҚ..."

Жарылыс салдарынан бүлінген кәсіпкерлік нысандарды қалпына келтіруді ұйымдастыруды үкімет "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлік палатасына жүктеген. Палата бұл үшін арнайы "Менің Атамекенім" қорын құрып, көмектесуге ірі кәсіпкерлерді тартқан. Бірақ одан ондаған кәсіпкердің бұзылған ғимараты жөнделе қоймаған. Олар мәселесін айтып президент әкімшілігіне, үкіметке шағым түсірген. Үкімет қайтадан "Атамекенге" сілтеген.

Кәсіпкер Ұбайдулла Сүйінов әскери оқ-дәрі қоймасында болған жарылыс салдарынан бүлінген ғимаратына қарап тұр. Арыс қаласы, Түркістан облысы, 11 желтоқсан 2020 жыл.
Кәсіпкер Ұбайдулла Сүйінов әскери оқ-дәрі қоймасында болған жарылыс салдарынан бүлінген ғимаратына қарап тұр. Арыс қаласы, Түркістан облысы, 11 желтоқсан 2020 жыл.

– Мемлекет кәсіпкер 20 тиын салықты төлемесе, сотқа сүйрейді. Мемлекеттің қарауындағы әскери бөлімнің қоймасы жарылып, кәсіпкердің мүлкі қирады, миллиондаған теңге шығын келтірді. Бірақ жөндеу үшін ақша бермейді. Бір жарым жылдан бері жөндей алмай отырмыз. Жаздай желде, шаңның, топырақтың астында қалды. Жаңбыр жауып, су өткен сайын жүрегім ауырады, – дейді 61 жастағы кәсіпкер Ұбайдулла Сүйінбаев бұрын тігін цехы болған үш қабатты ғимаратты көрсетіп.

"ӨТЕМАҚЫ ҚҰНЫН АЗАЙТЫП ТАСТАДЫ"

Ұбайдулла Сүйінбаевтың айтуынша, әскери оқ-қару қоймасы жарылғанда қала орталығындағы кофеханасы мен бұрын тігін цехы болған, жарылыс болғанға дейін жүк сақтайтын қойма ретінде жалға беріп жүрген үш қабатты ғимараты бүлінген. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы жіберген бағалау компаниясы кофехананы жөндеуге 2,5 миллион теңге, қойманы қалпына келтіруге 25 миллион теңге шамасында ақша кетеді деп есептеген. Кофехананы жөндегенімен, қойманың шығыны әлі күнге өтелмеген.

Сүйінбаев үш қабатты бұл ғимаратты 2000 жылы сатып алыпты. 1980 жылы іске қосылған тігін цехы сол жылы тоқтап қалған. Былтырғы жарылыста ғимараттың барлық дерлік терезесі шағылған. Қабырғалары әр жерден жарылып, шатыры сынған. Ішке кіргенде екінші, үшінші қабаттағы бөлмелердің төбесіне қаланған цемент плиталардың орнынан қозғалғаны байқалады.

– Жарылыс болған әскери қойма осы жерден шамамен 4 шақырым жерде тұр. Жарылыс кезінде жан-жағымыздағы мына тұрған үйдің бәрі қирады. Үкімет бәрін жөндеді. Ортадағы осы қойма жөндеусіз қалды, – дейді кәсіпкер.

Сүйінбаевтың сөзінше, кәсіпкерлік палатасы алғашында қойманы жөндеуге 25 миллион теңге беруге келіскен. Кейін оны 19 миллион теңгеге түсіргенде, ол келісім берген. Көп өтпей 9 миллион теңге береміз деп шорт кескен. "9 миллионға мына қойманың шатырын да жаба алмаймын деп алмай қойдым" дейді кәсіпкер.

"КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ӨТЕМАҚЫ БЕРУГЕ АҚША ЖОҚ"

Төребеков бүлінген мүліктеріне өтемақы ала алмай жүргенінен хабардар екенін, бірақ ұлттық палата бұл мәселені шешпейтінін айтады. Оның сөзінше, палатаның міндетіне кәсіпкерлердің тізімін жасап, шығынын анықтап, олардың талап-тілегін "Менің Атамекенім" қорына беру жүктелген. Қорға ақша салып, көмектесуді үкімет ірі кәсіпкерлерге тапсырған. Кәсіпкерлердің бүлінген меншігіне бюджеттен ақша қарастырылмаған.

Махамбет Төребеков - "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлік палатасының Арыс қаласы филиалының басшысы. Арыс қаласы, Түркістан облысы, 11 желтоқсан 2020 жыл.
Махамбет Төребеков - "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлік палатасының Арыс қаласы филиалының басшысы. Арыс қаласы, Түркістан облысы, 11 желтоқсан 2020 жыл.

– Арыста жарылыс кезінде 465 кәсіпкерлік нысан қирады. Қазір спорт кешені, азық-түлік дүкені, дәмхана, мейрамхана, қонақ үй, сауда орындары сияқты 48 нысан жөндеусіз қалды. Қорда ақша таусылған соң өтемақы төлеу тоқтап тұр, – деді Төребеков Азаттыққа.

Төребековтің сөзінше, 465 нысанның 417-і жөнделген. Оған 3 миллиард 97 миллион теңге жұмсалған. Қалған 48 кәсіпкердің бүлінген мүлкін жөндеу үшін 360 миллион теңге керек. Палата филиалының басшысы шағымданушы бұл кәсіпкерлердің құжаттары түгел, шығын көлемі нақтыланған дейді. Ол бұл туралы қала, облыс әкімдігіне, кәсіпкерлер палатасы мен үкіметке хабарланғанын айтты.

Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбектің айтуынша, қала әкімдігі жарылыс кезінде кәсіпкерлік нысаны бүлінген кәсіпкерлердің құжаттарын дайындауға көмектесе алады. Ал оған өтемақы төлеу үшін бюджеттен ақша қарастырылмаған.

АРЫСТАҒЫ АПАТТЫҢ ТАРИХЫ

2019 жылғы 24 маусымда Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасы жарылып, салдарынан төрт адам қазаға ұшырады. Олардың екеуі – әскери, біреуі – бейбіт тұрғын, бір бала эвакуациялау кезінде жол апатынан мерт болды. Оқиға салдарынан алпыс мыңнан астам адам үй-жайын тастап көшуге мәжбүр болды. Ресми мәлімет бойынша, қаладағы 7527 үй мен 103 көпқабатты тұрғын үй зақымданған. Оның ішінде падалануға жарамсыз болып қалған бес жүзге жуық жеке тұрғын үй мен 3 көпқабатты тұрғын үй құлатылған.

Жарылыс кезінде Арыстан қашқан халық төрт күннен кейін қалаға қайта оралған.

Қалада бұған дейін де бірнеше рет жарылыс болған. 2015 жылғы қарашада қаладағы полигон аумағындағы жарылыстан бір адам мерт болған. Ресми ақпарат бойынша, жарылыс әскери оқ-дәрі мен өндіріс қалдықтарын жою кезінде болған.

2014 жылы Арыстағы "Қазақжарылысөнеркәсібі" акционерлік қоғамы аумағында болған жарылыс салдарынан екі адам қаза тапқан.

2009 жылғы наурызда да Арыстағы қоймада жарылғыш заттар жарылып, сақтаулы тұрған оқ-дәрі атылған. Бұл оқиға салдарынан төрт адам мерт болған. Жиырмаға тарта адам жарақат алып, ауруханаға түскен. Ол кезде ресми билік жарылысты қоймадағы қарудың дұрыс сақталмауынан және жарылғыш затпен дұрыс жұмыс істемеуден көрген.

2019 жылы Арыстағы жойқын жарылыстан кейін үкімет бүлінген үйлер мен әлеуметтік нысандардың барлығы жөнделіп, жарамсыздары сүріліп, соғылады деп уәде берді, оқ-дәрі қоймасы көшіріледі деді. Қазір әскерилер Арыс аумағын оқ-дәріден тазарту жұмысын жүргізіп жатыр.

2019 жылғы 4 шілде күні, жарылыстан он күн өткенде Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайлов Арысты қалпына келтіруге 34,5 миллиард қажет деген. Бір жарым айдан соң бұл сома 56,1 миллиард теңгеге жетті. Смайлов бұл ақшаның 27,5 миллиард теңгесі үкімет қорынан, 20 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттен, 6 миллиард теңгесі "Самұрық-Қазына" қорынан бөлінгенін, қалған 2,6 миллиард теңгені демеушілер мен қайырымдылық қорлары бергенін айтқан.

Апаттан бір ай өткенде Арыс қаласына Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин барып, қалпына келтіру жұмыстарының 90 пайызға аяқталғанын мәлімдеді. Бірақ содан бері бір жарым жыл өтсе де, "Атамекеннің" Арыстағы филиалының басшысы Махамбет Төребеков айтқан 48 кәсіпкерлік нысан сол күйі жөндеусіз тұр.

Ал оқ-дәрі қоймасында болған жарылысқа байланысты қозғалған қылмыстық істі 11 маусымда Шымкент гарнизон соты қарай бастаған. Онда айыпталушы ретінде 16 адам жауап беріп жатыр. 150 адам жәбірленуші деп танылған. Жәбірленушілердің ішінде кәсіпкерлер де бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG