Accessibility links

Ағайынды Рысқалиевтер де сырттай сотталды


Бергей Рысқалиев (сол жақта), Атырау облысының әкімі кезінде. Атырау, 22 шілде 2009 жыл.

Атырау облысының экс-әкімі Бергей Рысқалиев пен оның ағасы, мәжілістің бұрынғы депутаты Аманжан Рысқалиевке сот үкімі шықты.

"ҮКІМ РЫСҚАЛИЕВТЕР ҰСТАЛҒАН КҮННЕН БАСТАП ЕСЕПТЕЛЕДІ"

Үкім қаңтардың 25-і күні Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында оқылды. Бергей Рысқалиев - 17 жылға, Аманжан Рысқалиев 16 жылға сырттай сотталды.

Сот Рүстем Әлбақасовқа -16 жыл, Мұрат Желдібаевқа- 8 жыл, Нұрлан Жұлмағамбетовке - 9 жыл, Ерболат Ізбасарға - 9 жыл, Айбат Сүлейменовке - 9 жыл түрме жазасын кесті. Ал Артем Данаевичті 6 жарым жыл бас бостандығынан айыру үкімі шыққанымен, мерзімі өтіп кеткендіктен қылмыстық іс қысқартылды. Сот оны айыпты деп танығанымен, ақталғанын мәлімдеді.

Ағайынды Рысқалиевтердің соты былтыр қазанда басталған. Шағымды жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы түсірген.

Сот ағайынды Рысқалиевтер мен олардың күйеу баласы Рүстем Әлбақасовқа 6 жылға дейін мемлекеттік қызметпен айналысуға, қалған сотталушыларды 5 жылға дейін мекемеде қаржылық- шаруашылық қызметте істеуге тыйым салды.

Судья олардың қылмыстық жолмен тапқан немесе иеленген жеке мүлкін тәркілеп, жазасын қауіпсіздігі жоғары деңгейдегі колонияларда өтейтінін мәлімдеді.

"Жаза мерзімі олар іс жүзінде қолға түскен сәттен бастап есептеледі" деді судья Тыныштық Нұримова.

Судья Рысқалиевтер мен Рүстем Әлбақасовтың әйелінің атына жазған мүліктері, жер телімдері мен ондаған компаниялары тәркіленетінін де айтты.

Ағайынды Рысқалиевтерге тағылған айыптар:

  • Аса ірі көлемдегі бюджет қаржысын жымқырды және аса ірі көлемде алаяқтық жасады.
  • Мемлекетке үлкен көлемде зиян келтірген жалған кәсіпкерлікпен айналысты және қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастырды.
  • Қылмыстық топ құрды және осы топтың мүддесі үшін қызмет бабын асыра пайдаланды.
  • Аса ірі көлемде пара алды және ресми жалған құжаттар дайындады
  • Айыптау актісіне сай, Бергей Рысқалиев мемлекетке 72 миллиард теңге зиян келтірген. Іс 754 томнан тұрады.

Прокурор Досбол Бақытжанов "ұйымдасқан қылмыстық топ өз қызметін 2006 жылы қазанда бастаған" деп санайды. Осы жылы Бергей Рысқалиев Атырау облысы әкімі болып тағайындалған. Прокурор сот тергеуі кезінде айыптау актісін бір апта оқыған.

Бергей Рысқалиевтың ісі бойынша сот процесі. Атырау, 15 қаңтар 2019 жыл.
Бергей Рысқалиевтың ісі бойынша сот процесі. Атырау, 15 қаңтар 2019 жыл.

Бергей және Аманжан Рысқалиевтер сотқа қатысқан жоқ. Олардың қорғаушылары жарыссөзде өздерін мемлекет тағайындағанын, тек міндеттерін атқарып отырғандарын айтқан. Адвокаттар қорғауындағы адамдардың айыптарын мойындай ма, жоқ па немесе олар өлі ме, тірі ме ол жағынан бейхабар екендіктерін жеткізген.

Судья Тыныштық Нұримова айыпталушыларға тағылған айып туралы халықаралық және отандық баспасөз құралдарында хабарланғанын, сот мәжілісіне келіп соңғы сөз айтуға мүмкіндік бергенін ескертіп, үкім шығара беретінін айтқан еді.

Сот отырыстарының бірінде прокурор Досбол Бақытжанов судьядан Бергей Рысқалиевке - 17 жыл, Аманжан Рысқалиевке 16 жыл сұраған.

2014 жылы "Бергей Рысқалиев құрған қылмыстық топтың" да соты болған. Сол жылы 15 адамға түрме жазасы кесілген. Бұл сот басталардың алдында ағайынды Рысқалиевтер елден шығып кеткен.

3 жылға сотталған Атырау қаласының бұрынғы әкімі Асқар Керімов пен 4 жылға сотталған Атырау облысының қаржы басқармасаның бұрынғы бастығы Бауыржан Жантеміров және "Азиямаркетс" компаниясының бұрынғы директоры Қайыржан Қадыров (2,6 жыл) бостандыққа шыққан.

Қалған 11 адам әлі жазасын өтеп жатыр. Олардың арасында Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Болат Даукенов (15 жыл), облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Асқар Әбдіров (12 жыл), құрылыс басқармасы бастығының бұрынғы бастығы Нұрлан Кенжебеков (8 жыл), энергетика басқармасының бұрынғы бастығы Бауыржан Жайсанов (7 жыл) бар.

НАЗАРБАЕВТЫҢ АЛҒЫСЫ ЖӘНЕ РЫСҚАЛИЕВТЕРДІ ІЗДЕУ

Қаңтардың 21-і күні 51 жасқа толған Бергей Рысқалиев 1992-2001 жылдары Ақтөбедегі "Аяжан" фирмасының директоры болған. Кейін 2001-2003 жылдары арасында "Шат", "Батыс Мұнай" бірлескен кәсіпорыны компаниялары директоры әрі "CNPC-Ақтөбемұнайгаз" компаниясы директорлар кеңесінің құрамында болған. 2003 жылы Атырау облыстық мәслихатының хатшысы, 2005 -2006 жылдары Атырау облысы әкімінің орынбасары, 2006 ақпан-қазан аралығында Атырау қаласы әкімі болған. Ал 2006 жылы қазан айында Атырау облысы әкімі болып тағайындалған.

Бергей Рысқалиев 2012 жылдың тамызында денсаулығына байланысты өз еркімен жұмыстан кеткен. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы жазда Атырау қаласына барған сапарында Рысқалиевті "5 жыл 9 ай Атырау облысын басқарған кезде президент тапсырмаларының барлығын орындағаны үшін" алғыс айтып, жұмысынан босатқан.

Сол жылы күзде Бергей Рысқалиевтің інісі, парламент мәжілісінің депутаты Аманжан Рысқали депутаттық мандатын тапсырып, "Ақжол" партиясынан кеткен.

Көп ұзамай Бергей Рысқалиевке "бюджет қаржысын жымқырды", "қызмет бабын теріс пайдаланды", Аманжан Рысқалиевке "алаяқтық жасады" деген айыптар тағылған. Бергей Рысқалиевпен бірге қызмет еткен бір топ лауазымды қызметкерлер мен туыстарының үстінен де қылмыстық іс қозғала бастағаны мәлім болған. Кейінірек ағайынды Рысқалиевтердің ел аумағынан шығып кеткен.

Ағайынды Рысқалиевтерді құқық қорғау органдары 2013 жылдан бері іздестіріп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG