Accessibility links

Каспий саммитінде Қазақстанның көздегені не?


Каспий теңізінің Қазақстан жағалауындағы Баутино порты. Көрнекі сурет

Тамыздың 12-сінде Ақтауда Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Түркіменстан мен Иранның президенттері бас қосып, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтаға тырыспақ. Ширек ғасырдан астам уақытқа созылғанкеліссөз кезінде Қазақстанның көздеген мүддесі қандай? Бұл туралы Азаттық Каспий теңізіне қатысты дауды бақылап келе жатқан саясаткер, Сенаттың бұрынғы депутаты Уәлихан Қайсармен сұхбаттасты.

Каспий теңізін бөлу мәселесі 1992 жылдан бері талқыланып келеді. СССР ыдырап, оның құрамындағы мемлекеттер тәуелсіздігін алған соң Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Түркіменстан мен Иранға екі мыңға жуық су асты жануары мекендейтін, 700-ден астам теңіз өсімдігі бар, мұнай мен газ кеніштеріне бай әлемдегі ең ірі тұйық су қоймасының құқықтық мәртебесін жаңадан анықтау қажет болды. Аймақтағы биоресурстарды пайдалану, қоршаған ортаны қорғау, мұнай-газ кеніштерін өндіру, кемелер жүрісін реттеу мен тауар тасу мәселелерін шешу үшін ең әуелі теңізбен шектесетін елдер мәміле жасаулары тиіс.

Азаттық: Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтаудың Қазақстан үшін геосаяси тиімділігі қандай?

Уәлихан Қайсар: Совет Одағы ыдырағанға дейін Каспий өте қызық бөлінді. Шамамен 13% ғана Иранға, қалған бөлігі СССР-ге тиесілі болғандықтан аса бір маңызды сұрақ туындамады. Совет Одағынан соң Ресей мұрагер болып қала берді де, жаңадан пайда болған үш мемлекет Каспийді қалай бөлу керек деген сауалға жауап іздей бастады. Каспийдің құқықтық мәртебесінен бөлек оны «теңіз» деп те, «көл» деп те таласып келе жатқаны белгілі. Каспий ғылыми түрде әлемдегі ең үлкен көл саналады. Оны АҚШ та, Еуропа елдері де теңіз ретінде қабылдаған емес. Алайда, әрине, егер Каспийді теңіз ретінде бөлетін болса, сөз жоқ халықаралық нормаларға байланысты Қазақстанның үлесі үлкен (29%). Ал оны көл ретінде бөлетін болса, әр мемлекет өз жағалауынан 12 миль немесе 22 шақырым қашықтықты бақылайды. Менің ойымша, бұған дейін жасалған қадамдарға қарайтын болсақ, Каспий маңы мемлекеттері оны тамыздың 12-сінде көл ретінде бөледі.

Уәлихан Қайсар, саясаткер, бұрынғы Сенат депутаты
Уәлихан Қайсар, саясаткер, бұрынғы Сенат депутаты

Азаттық: Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау және теңіз суы мен табанын бөлуге қатысты Қазақстан үкіметінің позициясымен келіспейтініңізді айтып жүрсіз. Мұның себебі не?

Уәлихан Қайсар: Қазақстан Каспийдің солтүстік, солтүстік-шығыс, шығыс аймақтарындағы жағалау линиясы 2320 шақырымға созылған тұсына орналасқан. Президент [Нұрсұлтан] Назарбаев Каспийдің табанын бөліп, суды оның биоресурстарымен қоса ортақ пайдалануға бермекші. Ал Каспий теңізінің биоресурсының аса көп шоғырланған тұсы оның Қазақстанға тиесілі солтүстік акваториясы екені белгілі. Әсіресе қызыл балық тұқымдастардың әлемдік гендік қоры сақталған бірден бір су көзі осы Каспий аймағы. Бұл жердегі су температурасы оның басқа аймағымен салыстырғанда 10-11 градусқа дейін төмен болғандықтан оттегіне де бай, ол жерден флора мен фаунаның сан түрін кездестіруге болады. Сондықтан президенттің бұл ұстанымын Каспийдің Қазақстанға тиесілі биоресурсын талан-таражға салу деп санаймын.

Оқи отырыңыз: Каспий мәртебесі туралы 2017 жылы жасалған соңғы конвенция жобасы

Азаттық: Каспийдегі милитаризация қаупі де жиі сөз болады. Су беті бөлініске түссе, мұның салдары қандай болмақ?

Уәлихан Қайсар: Осы мәселеге қатысты Иран туралы баса айтқым келеді. Есіңізде болса, бір-екі жылдың бедерінде Иран кемелері Каспийдің іс жүзінде Қазақстанға, кейбір тұсы Ресейге қарайтын солтүстік бөлігіне кірген еді. Иран өз позициясын «Каспийдің құқықтық статусы анықталмағандықтан кіруге хақымыз бар» деп түсіндірген. Кейін бұл мәселе жоғары деңгейде талқыланып, ирандықтар өз еріктерімен кеткен еді. Бұл да алаңдататын мәселе.

Каспий саммиттерінің тарихы

Каспий саммиттерінің тарихы

2002 жыл. Түркіменстан астанасы Ашхабадта бес мемлекет лидерлері Каспий мәселесін жоғары деңгейде шешуге келісті.

2007 жыл. Иран астанасы Тегеранда теңіздегі қауіпсіздік пен тұрақтылық декларциясына қол қойылды.

2010 жыл. Әзербайжан астанасы Бакуде бес ел теңіздегі қауіпсіздікті сақтау бойынша ынтымақтасуға келіскенімен, құқықтық мәртебе туралы конвенцияға қол қойылмады.

2014 жыл. Ресейдің Астрахань қаласында жағалау елдері теңізді мемлекеттік дербестігі мен балық аулауға қатысты екі зонаға бөлу туралы алдын ала келісім жасады.

2018 жыл. Қазақстанның Ақтау қаласында бес ел басшылары Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойды.

Каспий мәртебесін анықтауда көтерілуі тиіс маңызды мәселенің бірі оны әскери мақсатта қолдануға мүлде тыйым салу. Ресей әскерінің Сириядағы соғыс кезінде 2015 жылдан бері әскери теңіз флотын пайдалана бастағанын білеміз. Сол жылы Ресейдің 26 зымыраны Каспийден атылып, Ирак пен Иранның үстінен өтіп, Сирияның 11 нысанын көздеді. 2017 жылы да Ресей «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымына қарсы теңізден әскери ракета жіберді. Бұған дейінгі келісімдерде Каспийде милитиризациялық аймақ болмайтыны айтылса да, Ресей бұл әрекетті жасады. Каспийде ешқашан әскери қимылдар жасауға болмайды. Мәселен, ИМ өзіне жасалған соққыға кері соққы беруі де мүмкін еді ғой? Ал Каспийдің солтүстік бөлігінің тереңдігі бар болғаны 4-25 метр ғана. Егер онда мұнай платформасы өртенсе, оны ешкім сөндіре алмайды. Мұнайдың бәрі теңізге төгіледі. Нағыз апокалипсис болады.

Азаттық: Каспий теңізінің құқықтық мәртебесінің анықталуы теңіз маңындағы аймақтарға, мысалы Атырау мен Маңғыстау облысының инфрақұрылымдарына, әлеуметтік мәселесіне әсер етеді деп үміттенуге бола ма?

Уәлихан Қайсар: Бұл мәртебеден Атырауға да, Маңғыстауға да жеке түсер пайда жоқ. Судағы биоресурстар ортақ пайдалануға көшкен соң басқа елдердің кемелері балық аулауға кіріскен кезде қазақстандықтарға түсер пайда туралы ойлаудың өзі күлкілі. Түптеп келгенде биоресурстарды болашақ үшін сақтаудың маңыздылығы оның қойнауындағы көмірсутегі қорларын сақтаудан кем емес. Дегенмен бұл келісімнен Каспий экологиялық қауіпсіздік жағынан көп ұтады деп үміттенемін. Себебі шекаралық сызықтар анықталған соң Каспийдегі экологиялық талаптың сақталуына бақылау жасауға бұл елдердің қай-қайсысы да мүдделі болады.

Азаттық: Әңгімеңізге рақмет!

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG