Accessibility links

Некесіз туған. Әкесіз бала өсіп жатқан отбасының жағдайы қалай?


Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда 6,6 миллионнан астам бала бар. Жүздеген мың бала әкесіз өсіп жатыр. Елдегі 452 мың ананың көбі көбі перзентті "өзім үшін таптым" дейді. Дүниежүзілік халықтың қоныстануы күні Азаттық толық емес отбасынан шыққан адамдармен, психологпен және әлеуметтанушымен сөйлесті.

ӘКЕСІЗ БАЛА ӨСІРУ. ӘЙЕЛ НЕГЕ МҰНДАЙ ТАҢДАУ ЖАСАЙДЫ?

Анастасия Козлова 29 жасында бала туып алған. Перзентін жалғыз өсіретінін білсе де, Анастасия сәбиінің дүниеге келуін асыға күткенін айтады.

– Студент кезімде таныстық. Бірнеше рет үйленген, төрт баласы бар азамат еді. Он жыл бірге тұрып, балалы боламыз деп ұйғардық. Оған дейін бала сүюге дайын болмадым. Зор жауапкершілік, оған қаржылай және моральдық тұрғыдан дайын болу керек деп ойлайтынмын. Артық ақша, қор жинап алғаннан кейін ғана бала көтеруге бел будым, – дейді Анастасия.

Баланың әкесі жұмыста жүріп, үйге көп келмейтін. Сәбидің ыстығы көтеріліп, бірнеше күнне бері ауырып жатқанын да білмейтін. Анастасияның айтуынша, азаматтық некедегі күйеуі өзін де, баласын да жақсы көрмеген.

– Бір күні балам екеуіміз ауруханаға түсіп қалдық. Ауруханадан шыққанда үйге барғым келмейтінін түсіндім. Солай айырылысып кеттік, – дейді Анастасия.

Қазір әкесі ұлына қаржылай көмектесіп тұрады. Бірақ бала тәрбиесіне араласпайды. Анастасия мен бұрынғы азаматтық күйеуі арасында жасалған келісімге сәйкес, материалдық міндеттемелер баланың әкесіне жүктелген.

– Әрине, ұлыма үлгі болатын әке керек. Ондай адам таппадым. Тағы да тұрмыс құрып, бала сүюге қарсы емеспін. Бірақ ол үшін табысым жеткілікті болуы керек, – дейді Анастасия.

Қазақстан сияқты патриархалды қоғамда некесіз бала туып, жалғыз өсіруге қырын көзқарас бар. Халық жалғызілікті анаға сынап қарайды. Әйткенмен қазір толық емес отбасы жиі кездеседі. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елде 452 мыңнан астам отбасында анасы мен баласы, 68 мың отбасында әкесі мен баласы ғана тұрады. Әкесіз отбасыларда 700 мың бала тәрбиеленіп жатыр.

Сарапшылар бұл трендті бірнеше себеппен түсіндіреді. Біріншісі – демографиялық фактор. Елде ерлерге қарағанда, әйелдер көп. Бірақ одан басқа да факторлар бар.

– Әйелдер өз күшіне еніп, еркін бола бастады. Көбі қаржылық тұрғыдан тәуелсіз. Бұрын күйеуінің ішіп, ұрып-соққанына көнетін әйел көп еді. Қазіргі әйелдер ондайға төзбейді. Өйткені өз бетінше өмір сүре алатынын біледі. Әйелдер тұрмыс құратын серігін мұқият таңдайды, – дейді әлеуметтанушы Камила Ковязина.

Әлеуметтанушы Камила Ковязина.
Әлеуметтанушы Камила Ковязина.

Ковязинаның сөзінше, қазір екінші демографиялық ауысым болып жатыр: білімді, еркін әйелдер кеш тұрмыс құрып, аз бала туады.

– Қазақстанда ерлерге қарағанда, білімді әйелдер коэффициенті жоғары. Әйелдердің жалпы біліммен қамтылу деңгейі – 60 пайыз, ерлерде бұл көрсеткіш 50 пайызға тең. Ерлер көбіне техникалық кәсіби білім алады. Әйелдердің көбі оқудан кейін жақсы жұмысқа тұра алмайды (оларды аяқтан шалатын фактор көп), бірақ айырмашылық бар. Білімді әйелдерге білімді азаматтар жетіспейді. Осыдан жұбын табу қиын, тиісінше, екеуінің арасында келіспеушілік болады. Екінші жағынан, оқымаған азаматтардың табысы аздау болады, содан өміріне көңілі толмай, өзін қор сезінеді.

Әлеуметтанушының пікірінше, жылдар бойы қоғамда әке түзде жүріп, нан табатын, ана үйде от басы, ошақ қасында отыратын адам деген модель қалыптасқан. 1990 жылдары Совет Одағы тарап, елде басталған экономикалық дағдарыс көп отбасындағы дәстүрлі рөлдер бөлінісіне өзгеріс енгізді. Әйел отбасын қамтамасыз етуге көшті: шетелге шығып, ауыр сөмке арқалап, тауар тасыды, базарға шықты. Жұмыссыз қалған ерлердің көбі не істерін білмей, абдырап қалды.

– 1990-жылдары маскулиндік дағдарыс болды. Ерлер отбасын асыраушы рөлінен айырылды. Орнына басқа жаңа рөл таба алмады. Ол кезде ер адам – отағасы, әйел үйде отыруы керек деген түсінік болатын. Әйелдер ерлерге арналған аз жұмыс орындарын тартып алған болуы мүмкін. Шындығында мұндай рөлдер бөлінісі нәтиже бермеді. Орташа статистикалық отбасында балаларды асырау үшін анасы да, әкесі де жұмыс істеуі керек еді. Содан бері үйде отырып, бала тәрбиесімен ғана айналысатын әйел саны қысқарды. Өкінішке қарай, әйел ерлермен бірдей табыс тапса да, бәрібір екінші орында қалады. Ер адам жұмыстан кейін келіп, демалуы керек. Ал әйел жұмыстан кейін үй тірлігімен айналысады. Бала тәрбиесі де соның мойнында, – дейді әлеуметтанушы Камила Ковязина.

Мұндай жағдайда ажырасудың көптігіне таңғалуға болмайды. Қазақстан әлемде ажырасу саны бойынша екінші орында тұр: 2022 жылы мың адамға шаққанда 4,6 ажырасудан келген. Ажырасқан отбасындағы балалардың көбі анасының қолында қалады. Көп жағдайда оларды әкесі қолдамайды.

– ЮНИСЕФ есебіне сәйкес, қазақстандық балалардың 7 пайызының әкесі ғана олардың мектепке дейінгі тәрбиесіне көңіл бөледі. Демек балалардың осынша пайызы ғана әкесімен бірге оқып-жазуды үйреніп, табиғат заңдарымен танысады. Балалардың 7 пайызы деген – сұмдық дерек. Бұл –2015 жылдың дерегі. 2023 жылы осы сауалнаманы қайта жүргіземіз, сонда не өзгергенін көреміз, – деді әлеуметтанушы.

ӘКЕСІЗ ӨСКЕН ҚИЫН БА?

24 жастағы Ризат Рахымжанов әкесіз өскен. Анасы өзі үшін бала тауып алуға бел буған. Ұлы әкесін тек шешесінің әңгімелерінен ғана біледі.

– Анам жүкті болғанда жігіті "бала керек емес" деп бас тартқан. Сондықтан анам мені жалғыз өсіруге бел буған. Ауыр босанған анама дәрігерлер бала жарақат алды, ақыл-есі кем болып өсуі мүмкін деп айтып қорқытқан. Маған қан қажет болғанда әкем қан беруге де келіспепті. Мүгедек болып қалдым, емдеу шаралары бірнеше жылға созылды, – деді Ризат.

Павлодардағы жастар бастамалары орталығын басқаратын Ризат Рахымжанов бала кезінен анасының тәрбиесінде өскенін айтады.
Павлодардағы жастар бастамалары орталығын басқаратын Ризат Рахымжанов бала кезінен анасының тәрбиесінде өскенін айтады.

Дәрігерлердің болжамы тура келмеген. Ризат дені сау бала болып өсті. Бірақ өмірі оңай болған жоқ, анасы көп жұмыс істеді, сондықтан Ризат кішкентай күнінен тәулік бойы қалатын балабақшада түнеді, үйіне демалыс күндері ғана баратын.

14 жасында жұмысқа тұрды. Құрылыста қара жұмыс істеп, асфальт төседі. Бос уақытында әртүрлі шараларды видеоға түсіретін. "Ақша табатын жердің бәріне бара беретінмін" дейді өзі.

– Анам көп жұмыс істесе де, табысы аз болатын. Оның бір бөлігін қарызға береміз. Құр макарон мен тез пісетін кеспені суға қайнатып жеген кездеріміз де болды. Банктер үйлеріңді тартып аламыз деп қорқытты. Ерте есеюге тура келді. Бір кездері алты жұмыста қатар істедім. Шәкіртақы алып, қосымша жұмыс істеу үшін тоғызыншы сыныптан кейін мектепті тастап кеттім, – дейді Ризат.

Көбіне балаларын жалғыз тәрбиелейтін ата-ананың табысы толық отбасыларға қарағанда аз болады. Толық емес отбасынан шыққан балалар тез есейеді.

Ризаттың анасы ұлының балалық шағы ауыр өткеніне өзін кінәлі сезінеді.

– Анама алғысым шексіз, маған бар махаббатын беріп, мейірімін төкті. Бұл – өмір. Неше түрлі жағдай болады. Мінсіз өмір жоқ, адамдар әртүрлі қиындықтан өтеді. Біреу шыдай алмай, морт сынады. Өзіңді қолға алып, қиындықтарды жеңе білу керек деп ойлаймын. Ешкімге ренжімеймін. Қазір айналамның бәрі – ересек адам. Ешкімнен көмек сұрамаймын, қарыз алмаймын. Керісінше, басқаларға көмектескім келіп тұрады. Отбасын құруға дайынмын. Үлкен отбасым болса деп армандаймын, жетімдер үйінен бала асырап алғым келеді. Біреуге жақсы балалық шақ сыйласам деймін. Әзірге өмірде өз сыңарымды кезіктірген жоқпын. Жеке өмірімде ешқандай қиындық жоқ, қыздар үнемі назар аударып, ұнатып жатады. Маған да ұнайтындары бар. Бірақ асықпаймын, әлі 24-темін ғой, – дейді Павлодардағы жастар бастамалары орталығын басқаратын Ризат.

Ризат әкесі болмаса да, анасының ағасына қарап бой түзеп өскен.

– Әр демалыста ауылдағы ағама қонаққа баратынмын. Шаруаға икемді, жауапты адам, мені үй тірлігіне баулыды. Мінезім сол кісіге ұқсайды. Балаға үлгі болатын адам керек, – дейді ол.

Психолог Валерий Мари бала қандай отбасында өссе де, оған бірінші кезекте, махаббат, қамқорлық пен мейірім керек дейді. Маманның пікірінше, отбасы белгілі бір себеппен әкесіз қалса, балаға атасы, ағасы, өгей әкесі, жаттықтырушысы, мұғалімі сияқты бір ер адам керек.

Психолог Валерий Мари.
Психолог Валерий Мари.

– Бірлігі жарасқан отбасын құру үшін бір-бірімен сөйлесе алатын саналы ата-ана керек. Балаға ақша мен уақыт бөліп, махаббат бере алатын болсаңыз, ата-ана болуға дайынсыз. Баланы толық отбасында өсірген дұрыс. Ондай мүмкіндік болмаса, кез келген балаға бірінші кезекте махаббат, қамқорлық, шынайылық керегін ұмытпаңыз, – дейді Мари.

Қазақстанда жалғызбасты ата-аналар мен толық емес отбасыларға арналған әлеуметтік қолдау бар. Отбасындағы табыс күнкөріс шегінен төмен болса, бәрімен бірдей жәрдемақы беріледі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG