Accessibility links

Балаларын өз атына жаздырған жалғызілікті ананы билік сотқа берді


Қырғызстандық белсенді Алтын Қапалова үш баласының құжатындағы "әкесінің аты" деген тұсқа өзінің есімін жазып, елдегі "патриархалды норманы" бұзған.
Қырғызстандық белсенді Алтын Қапалова үш баласының құжатындағы "әкесінің аты" деген тұсқа өзінің есімін жазып, елдегі "патриархалды норманы" бұзған.

Қырғызстанда мемлекеттік тіркеу қызметі балаларын әкесінің емес, өз атына жаздырып, дәстүрді бұзған белсенді әйелді сотқа берді. Жалғызілікті ана биологиялық әкелері балаларды жеткізуге араласпай, үш перзентін жалғыз өзі тәрбиелеп отырғандықтан туу туралы куәлікте өз есімі жазылғанын дұрыс санайды.

ТІРКЕУ ҚЫЗМЕТІ БЕЛСЕНДІ АНАНЫҢ ӘРЕКЕТІН ЗАҢСЫЗ САНАЙДЫ

37 жастағы белсенді Алтын Капалова үш баласының құжатындағы "әкесінің аты" деген тұсқа өзінің есімін (матроним) жазып, Қырғызстандағы "патриархалды дәстүрді" бұзғанын айтады.

Бұған қоса Капалова 5, 10 және 15 жасар үш баласына өзінің тегін берген.

Постсоветтік елдердің көбіндегідей Қырғызстанда да баланың аты-жөніне әкесінің атын тіркеп жазатын (патроним) орысша дәстүр сақталып қалған. Ер адамның әкесінің атына -ович, -евич, әйелге -овна, -евна жұрнағы жалғанады.

Орталық Азия еліндегі мемлекеттік тіркеу қызметі (МТҚ) жалғызілікті әйелдің бұл ісіне наразылық білдіріп, оны сотқа берді.

Капалова осы уақытқа дейін балалардың биологиялық әкесі перзентін асырап, жеткізуге араласпай, "бір минут уақытын бөлмей я бір тиын бермей", керісінше, ата-ана келісімін талап ететін "құжаттарға қол қоюдан бас тартып", қиындық туғызғанын айтты.

19 қаңтарда Капалова Facebook парақшасына үш баласына жаңадан алған туу туралы куәліктің суретін жариялады.

Қырғызстанда балаларға арналған кітаптардың авторы әрі әйелдер мен балалар құқығын қорғайтын күрескер белсенді ретінде танылған Алтын Капалова суреттің астына "Бұл – патриархатпен күресімдегі феминизмнің кішігірім жеңісі" деп жазды.

МТҚ қызметкерлері балалардың туу туралы куәлігіне бұрын-соңды болмаған өзгеріс енгізілгенін Капалованың "жеңіске" жеткеніне "шаттанып, өзін еркін" сезінетіні жөнінде әлеуметтік желіде жариялаған жазбасынан білген.

Алтын Капалова балалардың тегін ауыстыру оңай болмағанын, ата-ана құқығын толықтай өзіне алу үшін олардың биологиялық әкелерімен ұзақ уақыт бойы соттасқанын айтады. Ол енді шетелге шығуға қажет құжаттарды жасатып, қаржы жинап, пандемия біткеннен кейін балалармен бірге саяхатқа шыққысы келетінін жазған. Бірақ мемлекеттік тіркеу қызметі "матронимді қолдану – Қырғызстан заңына қайшы" дегенді алға тартып, жалғызілікті ананы жауапқа тартпақ.

– Заңда балаларды шешесінің атына жаздыруға болады деген ереже жоқ. Балаларға биологиялық, асырап алған немесе өгей әкесінің есімін ғана беруге болады, – деп мәлімдеді мемлекеттік тіркеу қызметінің өкілі Галина Аманова 24.kg жаңалықтар сайтына берген сұхбатында.

Аманова әкесін ата-ана құқығынан айыру баланы анасының атына жаздыруға негіз бола алмайды деп түсіндірген.

"Капалова балаларына өзінің аты-жөні берілген жаңа құжаттарды қалай алған?" деген сұраққа Аманова "Бұл – Бішкектегі МТҚ қызметкерінің қателігі" деп жауап берген.

ДОСТАРЫ МЕН ОТБАСЫНЫҢ ҚОЛДАУЫ

Азаттыққа берген сұхбатында Алтын Капалова балаларының тегін өзгертпес бұрын, олармен бүкпесіз сөйлесіп, рұқсатын алғанын, достары мен отбасы да өзіне қолдау көрсеткенін айтты.

– Балаларым өздері танымайтын адамдардың аты мен тегін неге алуы керегін түсіне алмады, – дейді ол.

Капалова өз іс-әрекетінің "феминизмге қарағанда, гендерлік теңдікпен көбірек байланысты" екенін айтады. Ол бұл жолдан алғаш өткен өзінен кейін тағдыры оған ұқсас әйелдерге баласының тегін еркін таңдауына мүмкіндік туар деп үміттенеді.

Алтын Капалова үш баласымен бірге.
Алтын Капалова үш баласымен бірге.

– Мемлекетіміз халықаралық келісімдерге қол қойып, әйелдерге қарсы дискриминацияның барлық түрін жоюға міндеттеме алған. Бірақ қазір дәл сол мемлекет балаларымды өз атыма жаздырғаным үшін мені сотқа сүйреп отыр. Бұл қырғыз үкіметіне патриархалды мәселелер маңыздырақ екенін көрсетеді, – деді Капалова Азаттыққа.

6,5 миллион тұрғын халқының басым бөлігін мұсылмандар құрайтын Қырғызстанда заң жүзінде әйелдер мен ерлердің құқығы тең. Әйелдердің білім алуға, жұмыс істеуге және саясатқа араласуға мүмкіндігі бар. Қырғызстан тіпті Орталық Азияда әйел адам президент лауазымын атқарған алғашқы мемлекет – 2010 жылдың шілдесінен 2011 жылдың желтоқсанына дейін Роза Отунбаева Қырғызстан президенті болған.

Бірақ ерлер үстемдігі орнаған қоғамда әйелдерге қысым көрсету, әсіресе, отбасындағы әлімжеттік қалыпты құбылысқа айналған.

МТҚ-ның шағымы бойынша сот өтер алдында Facebook әлеуметтік желісінде Капаловаға жүздеген адам қолдау білдірген.

"Бұл осындай мәселеге тап болған көп әйелге шабыт беретін жеңіс" деп жазды Айнұр Чолпонкулова есімді қолданушы.

"Бәрі өте әділ болған. Тамаша прецедент" деп жазды Алма Карсымбек.

"Мен де солай жасаймын" дейді Чолпон Аркабаева деген қолданушы.

25 ақпанда Алтын Капалованың ісі бойынша сот процесі басталған кезде белсендіні қолдаған ондаған адам Бішкектегі сот ғимаратының алдына жиналды. Бірақ сот отырысын әуелі 4 наурызға ауыстырып, артынан тағы да кейінге қалдырды.

Азаттықтың Қырғыз қызметі мен Настоящее время ақпараты бойынша жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG