Accessibility links

Шыңжаңда үйқамаққа түскендердің тағдыры


"Атажұрт ерікті жастары" ұйымының кеңсесінде ілулі тұрған "Қытайда қамалғандардың" суреттері
"Атажұрт ерікті жастары" ұйымының кеңсесінде ілулі тұрған "Қытайда қамалғандардың" суреттері

Қытайда туыстары қысымға ұшыраған қазақтар екі топтың мәселесін жиі көтереді. Біріншісі – саяси үйрену лагеріне түскендер, екіншісі – үйқамақта отырғандар. Азаттық Шыңжаңдағы саяси үйрену лагерьлері туралы үнемі жазып келеді. Бұл жолы үйқамақта отырғандар туралы жаңа ақпарат ұсынады.

ТҰРАН МҰХАМЕДХАНҚЫЗЫ

Туыстары 43 жастағы Тұран Мұхамедханқызының бір жылдан бері Қытайда үйқамақта отырғанын айтады. Азаттық тілшісімен жолыққан анасы Орал Жанәбілқызының айтуынша, Тұранның күйеуі мен баласы - Қазақстанда. Өзі Қытайда қалған үй-мүлкін сату үшін осыдан бір жыл бұрын кеткен. Содан бері Қазақстанға қайта алмаған.

Үйқамақтағы Тұран Мұхамедханның анасы Орал Жанәбіл
Үйқамақтағы Тұран Мұхамедханның анасы Орал Жанәбіл

- Қызымның қолында Қытай паспорты болатын. Шекарадан өткен бетінде құжаттарын тартып алыпты. Кейін Құмыл аймағына қарасты Баркөл ауданындағы саяси үйрену орталығында сегіз айдай болып шықты. Қазір - үйде. Өзімен бірге бір қытай ұлтының өкілі тұрып жатыр екен. Күндіз-түні бақылауда. Бізбен де дұрыстап сөйлесе алмайды, - дейді Орал Жанәбілқызы.

Оның сөзінше, Қытайдағы қызының үйіне хал сұрап келген адамдар да тексеруге ұшырап жатыр.

Тұран Мұхамедханқызы - 2017 жылдың басынан бері Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінде саяси үйрену лагеріне қамалып, мәжбүрлі түрде саяси сауат ашу курсын оқыған мыңдаған этникалық қазақтың бірі. Мұндай жазаға тартылғандар туралы Пекин халықаралық ұйымдар мен БАҚ-қа ресми дерек, я мәлімет бермей келеді. Мыңдаған шыңжаңдық ұйғыр, қазақ пен өзге де саны аз этникалық топ өкілдерінің жаппай қамалғанын жоққа шығарып келген Қытай былтыр ғана саяси орталықтардың бар екенін мәлімдеген. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі қамауға түскендердің ішіндегі Қазақстан азаматтығын немесе ықтиярхат алған этникалық қазақтарды қайтаруға күш салып жатқанын бірнеше рет мәлімдеген. Астанадағы Қытай елшілігі мен Алматыдағы консулдығы бұл мәселеге қатысты Азаттық жолдаған сауалдарға жауап берген емес.

СӘНИЯ САУЫТХАНҚЫЗЫ

Марғұлан Байтұрғанның 57 жастағы анасы Сәния Сауытханқызы бір жарым жылдан бері үйқамақта отыр. Оның айтуынша, Іле Қазақ автономиялық облысына қарасты Тоғызтарау ауданында тұрып жатқан анасына Қазақстандағы туыстарының атынан көші-қон шақыруын да жіберген. Марғұланның ағасы мен әкесі де Қазақстан азаматтығын қабылдаған.

- 2018 жылы тамыз айында Қазақстан сыртқы істер министрлігі атына арыз түсіріп, анамды Қазақстанға қайтаруға көмек сұраған болатынмын. Арыз түскеннен кейін бір апта өткенде Қытайдан хабарласып, "паспортын түзеп береміз, анаң қайтады" деген еді. Бірақ әлі нәтиже жоқ, - дейді Марғұлан.

АНАЛЫ-БАЛАЛЫ СӘУЛЕ МЕН МҰХТАР

Ал бұған дейін "Қытайдың саяси үйрену лагерінен сал болып шыққан" әйелі Сәуле туралы Азаттыққа сұхбат берген Жеңіс Зарқан зайыбының әлі төсеке тартып жатқанын, жергілікті билік өкілдерінің "үйден шықпай күзетіп отырғанын" айтады.

Қытайда қамауда отыр делінген Мұхтар мен анасы Сәуле
Қытайда қамауда отыр делінген Мұхтар мен анасы Сәуле

- ​Өткенде әйелім Үрімжіге келіп 17 күн ем алып қайтты. Сол кезде қасында бес қытай ұлтының өкілдері ере келіп жатыпты. Ал олардың жүрген шығыны мен жатар орны және күнделікті ішіп жегенін менің балам көтерген. Сонымен бірге ауруханаға бару үшін арнайы түсініктеме жазып, бірнеше мекемеге барып мөр бастырыпты, - дейді ол.

Жеңістің сөзінше, әйелі ғана емес, үлкен ұлы Мұхтар да қатаң бақылауда. Олар Қытайдың Алтай аймағына қарасты Шіңгіл ауданында тұрады. Шіңгіл мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің орталығы Үрімжі қаласының арасы 500 шақырымға жуық.

"ҮЙҚАМАҚТЫҢ ЕКІ ТҮРІ"

Былтыр Қытайдың саяси үйрену лагерьнде сегіз ай, кейін үйқамақта екі ай болған Назгүл Мұрат Азаттыққа Шыңжаңдағы үйқамаққа түсу жайын баяндап берді.

- Қолыңдағы құжаттарыңды алып қояды. Сонымен бірге жергілікті полиция бөлімінің өкілі күн сайын үйге келіп тексеріп кетіп тұрады. Егер бір жаққа міндетті түрде баруың керек болса, түсініктеме жазып, рұқсат қағазына бес түрлі мөр бастырасың, - дейді ол.

Ал Қытай қазақтары ұшыраған қысым жайлы жиі мәселе көтеріп жүрген белсенді Қыдырәлі Оразұлы мұндай үйқамақтың екі түрі бар екенін айтты.

- Біріншісі - саяси үйрену лагерінен шыққандар. Олардың төлқұжатын арнайы тізімге енгізіп қояды. Ол өзі тұрып жатқан ауылдан басқа жерге, тіпті үлкен сауда орталықтары мен әкімшілік ғимараттарына кіре алмайды. Өйткені ондай мекемелер мен ауылдың, қаланың шығатын, кіретін қақпасына арнайы сканер қойылған. Сол сканерден жеке төлқұжатыңды өткізу арқылы ғана кіресің. Ал аты-жөні жеке тізімге енгізілгендер ол жерден өте алмайды. Былайша айтқанда төлқұжаттарына "крест" қойып тастаған. Сонымен бірге жергілікті полиция бөлімінің өкілдері үнемі жаныңда болады, - дейді белсенді.

Қыдырәлі Оразұлының айтуынша, үйқамақтың екінші түрі – адамдардың жеке құжаттарын өздеріне қайтарып, бірақ сырттай бақылау. Қытай полициясы мұндай адамдардың жүргенін-тұрғанын аңдып, тұрып жатқан ауылынан басқа жерге жібермейді.

Жеке дерек көздеріне сілтеме жасаған Қыдырәлі Оразұлы лагерьден шыққандардың міндетті түрде қатаң бақылауға алынатынын, жанында "кем деген де екі-үш ай полиция өкілдерінің болатынын" айтады.

Қытайдағы "саяси тәрбиелеу орталықтары" туралы алғашқы ақпарат 2017 жылы сәуірде шыға бастаған. Этникалық қазақтар мен ұйғырлар жақындарының қамалып, олармен хабар үзілгенін айтқан. Кейін Қытайдағы аз ұлттардың қысымға ұшырағаны туралы халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері де мәселе көтеріп, Пекинді сынаған.

БҰҰ Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу орталықтарында" миллионға жуық адам "еркінен тыс" қамауда отырғанын мәлімдеген. Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекиннен Шыңжаңға өкілдерін кіргізуге рұқсат сұраған. Ал қаңтардың 7-cі күні Қытайдың сыртқы істер министрлігі БҰҰ өкілдері "Пекин қойған шарттарды орындаса, Шыңжаңға кіргізетіндерін" айтқан.

Қытай үкіметі басында бұл орталықтардың барын жоққа шығарып келді. Кейін Пекин қысымды "экстремизмге қарсы шара" деп мәлімдеді және "қамалғандар тіл үйреніп, кәсіп меңгеріп шығады" деген ақпарат таратты.

2018 жылдың соңында Қытай билігі Шыңжаңға 12 елдің дипломатын шақырып, саяси тәрбиелеу орталығын көрсеткен. Лагерьлерді аралаған дипломаттар ондағы жағдайды мақтаған.

ВИДЕО: Қазақстан елшілігінің өкілі: Лагерьдегі жағдай жақсы (10 қаңтар 2019 жыл)

Қазақстан сыртқы істер министрлігі 2018 жылы Қытайдан 2500 адамның Қазақстанға кіріп-шығуына жол ашылғанын, тағы 2000 этникалық қазаққа Қытай билігінің азаматтығынан шығуына рұқсат бергенін хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG