Accessibility links

"Қоғам бәріне жәбірленушіні кінәлайды". Күйеуін өлтірді деп айыпталған әйелдің ісі


Екібастұзда жақында 37 жастағы жергілікті тұрғынның қазасы бойынша сот процесі басталмақ. Марқұм – дәрігер Әсем Әлімбаеваның күйеуі. Айыпталушы – дәрігердің өзі. 31 жастағы әйелге кісі өлтірді деген айып тағылып отыр. Ол қорғану мақсатында күйеуіне пышақ жұмсағанын алға тартып, істі басқа баппен қарауды сұрайды. Әсем бұрын күйеуінен жәбір көріп жүргенін айтып, полицияға да арызданған. Қазір айы-күні жетіп отырған әйел әділдік іздеп жүр.

Дәрігер Әсем Әлімбаеваның үстінен қозғалған іс бойынша алдын-ала сот отырысы өткен. Күйеуі Атамұрат (іс материалдарында ол туралы дерек жоқ, отбасы марқұмның тегін жариялауға қарсы) 7 мамырда көз жұмған. Әлімбаева сол күні балабақшада күзетші болып істейтін күйеуіне түскі ас апарған.

Көп сыра ішті. Мен де іштім, бірақ кішкене стақаннан артық ауызға алмадым. Өзін агрессивті ұстады, сабырға шақырып, тыныштандыра алмадым. Бір кезде пышақ ала жүгірді. Пышағын тартып алып, тұра қаштым. Тағы тап берді. Қорыққанымнан пышақпен ұрып жібердім. Өкінішке қарай, күйеуім тіл тартпай кетті. Өзімді қорғауға мәжбүр болдым, дейді Әлімбаева.

Әсем күйеуімен бес айдай ғана бірге тұрған. Қазір аяғы ауыр, бала көтергеніне 36 апта болған. Әсемді басындағы жағдайын айтуға өзі көмек сұрап барған Қазақстандағы дағдарыс орталықтарының одағы көндірген. Алдын-ала сот отырысы басталмай тұрып, Әлімбаева екі видео жариялады. Әсем күйеуінен психологиялық және физикалық тұрғыда зорлық-зомбылық көргенін, тіпті полицияға арыз бергенін айтты. Әлімбаеваның сөзінше, полиция күйеуін алып кетіп, кейін қоя берген. Ол үйге бұрынғыдан да ашулы күйде оралған.

Аяғым ауыр екенін білмей тұрғанда жақсы еді. Ішпейтін, асты-үстіме түсіп, қамқор болып жүретін. Құдайға сенетін, намаз оқитын. Некеге тұрғаннан кейін қатты ішіп келді, сол кезде бірінші рет ұрсысып қалдық. Содан кейін күрт өзгеріп кетті. Әр қадамымды қадағалап отыратын. Жұмыстан бос уақытта үнемі көз алдымда жүр дейтін. Өз шаруаммен айналыссам, ашуланып, өлердей қызғанатын. Әр ұрыстан кейін кешірім сұрап, енді қайталамаймын деп уәде беретін. Жақсы көрдім, сонымен бірге бақытты болғым келді, балам әкесімен бірге өскенін қаладым, дейді Әлімбаева.

Әлімбаеваға Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлімі (кісі өлтіру) бойынша айып тағылған. Әсем мен адвокаты істі "Қажетті қорғаныс шегінен шығу" бабына ауыстыруды сұрайды.

РЕЗОНАНС

"Болған оқиғаға құқықтық баға бермеймін. Бірақ аяғы ауыр, әлжуаз әйел өзінен бірнеше есе күшті ер адаммен төбелесіп, оны қасақана өлтіре ала ма? Сену қиын. Екіқабат әйелге бұл өзінің ғана емес, баласының да өміріне төнген қауіп. Шындыққа жанасатын нұсқа өзін қорғау", дейді Екібастұздағы мәслихат депутаты Лейла Қасымова.

Әлеуметтік желіде Әсемнің хикаясын оқыған қазақстандықтардың көбі, оның ішінде әйелдер құқығын қорғаумен айналысатын ұйымдар депутаттың пікірін қолдады.

Дағдарыс орталықтарының одағы да Әсемге тағылған айыпты "әділетсіз" көреді.

Әлия Жанғожина
Әлия Жанғожина

Тергеу нұсқасы бойынша, ол күйеуіне тамақ апарған. Қолында пышақ болмаған. Қасақана өлтіргісі келсе, тамаққа бірнәрсе қосып әкелер еді, дейді ұйымның PR-менеджері Әлия Жанғожина.

Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі бюроның Павлодардағы филиалы мемлекеттік айыптаушы істі басқа бапқа ауыстыра алатынын, бірақ ол үшін кешенді әрі объективті әдіс керегін айтады.

Айыпталушы істі "Қажетті қорғаныс шегінен шығу" бабына ауыстыруды сұраса, оған сараптамалар арқылы расталған әртүрлі негіз керек. Мысалы, өзі мен баланың өміріне қауіп төнгенін қалай сезді? Өз-өзіне ие бола алмай қалған (аффект) күйде болды ма? Оқиғаға кешенді қарап, объективті баға беру керек. Әйелдің аяғы ауыр екенін де ескеру қажет. Бұл іс оның өміріне ғана емес, әлі дүниеге келмеген баланың тағдырына да әсер етеді, дейді адам құқықтары жөніндегі бюроның Павлодар филиалы директорының міндетін атқарушы Меруерт Шәкірова.

Әлімбаеваның ісін басқа бапқа ауыстыру мүмкін бе? Нақты айту қиын. Әлия Жанғожинаның сөзінше, олай деп айту қиын. Қазақстанда "Қажетті қорғаныс шегінен шығу" бабы бойынша істер өте аз қаралады. Адам өлтіргені үшін түрмеде отырған әйелдердің көбі тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбаны болған дейді дағдарыс орталықтары одағының өкілі.

Жүйелі түрде жасалатын абьюз, жыныстық зорлық, қудалауды дәлелдеу қиын. Не агрессор түбіңе жетеді, не сен оған тойтарыс берсең, түрмеге отырасың. Зорлық көрсеткен адамнан кету оңай емесін көбі түсіне бермейді. Қоғам бәріне жәбірленушіні кінәлайды, дейді Жанғожина.

Қазір Әсем Әлімбаева үйқамақта отыр. Жақындары барынша қолдау көрсетіп жатыр. Күйеуінің отбасы Әсемнің айтқанына сенбейді. Олар марқұм қасақана өлтірілген дейді.

Тергеушілер мен прокуратура берген барлық құжатпен және айғақтармен танысып, қасақана өлтірілген деген ойға келдік. Сол күнгі бейнежазбаларды қарадық, бірде-бір кадрде қолында пышақ жоқ. Әсем бізге жақсы жеңге болды. Ағам Атамұрат үнемі мақтап отыратын. Араларында не болғанын білмейміз. Сыртқа айтпайтын. Ыдыс-аяқ сылдырламайтын отбасы болмайды, олар да ұрсысқан шығар, бірақ бізге білдірмейтін, дейді марқұмның қарындасы Райхан Қалпеева.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG