Accessibility links

Сот Әмин Елеусіновті бостандыққа шығаруды ұйғарды


Әмин Елеусінов, Oil Construction Company кәсіподағының жетекшісі.
Әмин Елеусінов, Oil Construction Company кәсіподағының жетекшісі.

Екі жылға сотталған мұнай саласында қызмет көрсетумен айналысатын Oil Construction Company (ОСС) кәсіпорны кәсіподағының төрағасы Әмин Елеусіновтің түрме жазасы шартты түрге ауыстырылды.

Шешімді мамырдың 4-і күні Павлодар қалалық №2 соты шығарған. Бұл туралы сотқа қатысқан Қазақстандық адам құқығы жөніндегі халықаралық бюро өкілі хабарлады. Ақпаратты соттың баспасөз қызметі мен Елеусіновтің адвокаты Төлеген Шаиков те растады.

Павлодар қалалық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, судья шешімнің қарарын ғана жариялаған, ал қаулы әлі шықпаған. Егер прокуратура тарапынан наразылық болмаса сот шешімі 21 мамырда күшіне енеді.

Адвокат Төлеген Шаиковтың айтуынша, "57 жастағы Елеусіновтің туыстары мемлекет алдындағы шығындарды өтеген. 16 сәуірде Елеусіновтің мүліктерін бұғаттан босатуға қатысты сот отырысы өтуі тиіс".

Видео: Елеусіновті ұстап әкеткен сәт. 21.01.2017

Әмин Елеусіновті полиция ұстап әкетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:09 0:00

Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company (ОСС) компаниясы кәсіподағының жетекшісі Әмин Елеусіновті мұнайшылардың аймақтардағы филиалдарын билік белгілеген мерзімде тіркеп үлгермеген Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын жабуға қарсы аштық акциясы кезінде ұстаған. Ақтауда және Қаламқас пен Жетібай кеніштерінде өткен наразылық акцияларына жүздеген мұнайшы қатысқан.

Елеусіновпен бірге компания кәсіподағының еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаев та ұсталған. Кейін мұнайшылардың наразылық акциясы тоқтап, ондаған жұмысшыны әкімшілік және азаматтық жауапкершілікке тартқан.

2017 жылы сәуірде Астана қаласының Алматы аудандық 2-соты Әмин Елеусіновті "кәсіподақтың сеніп тапсырған қаржысын жымқырды" және "полицейлерге тіл тигізді, бағынбады және оларға күш қолданды" деген айыптармен екі жылға соттаған. Нұрбек Құшақбаев "заңсыз ереуілді жалғастыруға арандатты" деген айыппен екі жарым жылға түрмеге қамалған.

Видео: Елеусінов "Басқа амалым бар ма?" деді. 16.05.2017

Екі жылға сотталған Елеусінов "Басқа амалым бар ма?" деді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:40 0:00

Судья Гүлжаһан Ұбашева сотталушы Елеусіновтің "шын ниетімен өкінгенін", "айыбын мойындағанын" және бұрын сотталмағанын ескеріп Елеусіновті екі жыл бас бостандығынан айырып, жазасын орташа қауіпсіздіктегі түзету мекемесінде өтеуге үкім кескен. Сот кезінде Елеусінов пен прокурор арасында процессуалдық келісім де жасалған.

​Сот қаулысына сәйкес, Елеусіновтің "қылмыстық жолмен иеленген мүлкі" тәркіленген. Сот оны түрмеден босағаннан кейін қоғамдық және кәсіподақ қызметімен айналысу құқығынан бес жылға айырған. Шешімге сай, Әмин Елеусінов 2018 жылдың мамырына дейін Oil Construction Company пайдасына 8 миллион 212 мың теңге төлеп, мемлекетке процессуалдық шығындарды қайтаруы тиіс болған. Әмин Елеусінов 2017 жылғы қаңтардың 20-сынан бері түрмеде отырған.


Amnesty International және бірнеше халықаралық ұйым Қазақстан билігін қамауда отырған Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаевты қамаудан босатуды талап еткен.

XS
SM
MD
LG