Accessibility links

Теңгенің құнсыздануы экспаттарды азайтқан


Астана қаласының көрінісі.

Шетелдік жұмысшылар үшін елдің тартымдылығын бағалайтын "Expat Insider-2018" рейтингіне енген 68 мемлекет ішінде Қазақстан 49-орында тұр. Бір жылда Қазақстанның рейтингі 14 сатыға төмендеген.

Expat Insider рейтингін жасаушылар бүкіл әлем бойынша экспаттардан (белгілі бір елге келіп жұмыс істейтін өзге елдің азаматтары) сауалнама алып, көптеген тармақтар бойынша елдің тартымдылығын бағалаған. Сауалнамада жұмыс қауіпсіздігі, жергілікті тұрғындардың қонақжайлығы, балаларға білім беру сапасы, денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімділігі мен басқа да көптеген сауалдар бар.

Рейтингіде Бахрейн, Тайвань және Эквадор көш бастап тұр. Респонденттердің айтуынша, бұл елдер жұмыс істеуге қолайлы, тұрғындардың көбі экспаттарға жылы шырай танытады, қажет кезде заманауи әрі сапалы медицина көмегіне жүгіне алады.

Тізімнің соңында Үндістан (67-орын), Сауд Арабиясы (67) және Кувейт (68) тұр. Қазақстан (49) "шетелдік жұмысшыларға тартымды емес" жиырма елдің қатарына енген. 2017 жылы Қазақстан 35-орынды иеленіп, тізімнің ортасында тұрған.

"ҚАЗАҚСТАНДА МЕНЕДЖМЕНТ САПАСЫ ТӨМЕН"

Мәскеулік IT маман Алексей Гореминский Астанаға қазақстандық компанияның шақыруымен келген. Ол компанияны жұмыс іздеу сайттарының бірінен тапқан.

Қазақстандық компания Алексейге Мәскеу нарығымен бірдей жұмыс шартын ұсынған. Бұған қоса, пәтерақысын төлеп береді. Жұмыс шарттарын көрген IT маман Қазақстанға келуге келіскен. Алексей – IT салада юзабилити маман. Яғни, компания дайындайтын түрлі программалардың қолданушыларға тиімді тұсын анықтайды.

- IT өнімді жетілдіру үшін аудиториямен сұхбаттасып, оның қажеттілігін анықтаймын. Кейін өнімді жобалап, қолданушылар арасында сынақтан өткіземін, тексеремін. Осыдан соң өнімді дайындауға жібереміз. Мәскеуде мұндай жұмысты еш қиындықсыз табар едім. Бірақ шеберлігің шыңдалған сайын мықты жобалар қызықтыра түседі екен, - дейді Алексей Гореминский.

Алексей Гореминский.
Алексей Гореминский.

Алексейдің айтуынша, Қазақстанда шетелдік IT мамандар жетерлік, көбі Ресей мен Украинадан келген. Ол Еуропада жұмысқа орналасу үшін тіл білмейтінін айтады. Маманның сөзінше, юзабилиске білімді болу аз, өзі жұмыс істейтін елдің тілін жетік білуі керек. Қазақстанда Гореминский орыс тілді аудиторияны зерттейді.

IT маманға Астана ұнаған, Мәскеуге қарағанда баға арзан, адамдары қонақжай. "Кемшілігі – баратын қызықты орындар аз" дейді ол.

Украиналық Константин Генрих Алматыдағы ірі компаниялардың бірінде бірнеше айдан бері коммерциялық директор болып істеп жүр. Жұмысқа орналасқанға дейін ол Қазақстанға келмеген, бірақ қазақстандық бизнесмендермен таныс болған. Сондықтан "жергілікті нарықтан хабардар". Алматыда жұмысқа шақырғанда дереу келіскен.

- Кәсіпкерлер қазақстандық нарық кең болмаса да, экономикасы жақсы дамып келе жатқанын, жақсы мамандардың тапшы екенін біледі. Нарық Ресей мен Украинаға қарағанда "аш". Алматыға келгенде 90-жылдарға оралғандай болдым. Инфрақұрылым, жолдар Украинадан жақсырақ сияқты. Бірақ Мәскеу мен Киевтегідей қайнаған өмір байқалмайды. Айтарлықтай ірі компанияға жұмысқа орналастым. Мамандармен танысу кезінде менеджмент сапасының барлық деңгейде төмен екенін, ал сұраныстың жоғары екенін байқадым, - дейді Константин Генрих.

Константин Генрих.
Константин Генрих.

Генрихтің пайымдауынша, жергілікті мамандар "жоғары талапқа сай емес", сондықтан компаниялар шетелдік мамандарды шақырады. Генрих үшін "Қазақстанда жұмыс істеу – жаңа тәжірибе". Оның айтуынша, "қазір Украинада жұмыс табу қиын. 2014 жылғы оқиға экономикаға кері әсет еткен, инвестиция жоқ, бизнес баяу дамып жатыр".

ДЕВАЛЬВАЦИЯНЫҢ ӘСЕРІ

Азаттықпен сөйлескен "Оптимум" рекрутинг агенттігінің директоры Салтанат Әбілтаеваның айтуынша, бірнеше жыл бұрын Қазақстанда экспат ретінде жұмыс істеуге Ресей мен Украина менеджерлерінен көп өтініш түсетін. Алайда 2015 жылдың тамызынан бері жағдай өзгерген. Бұл уақытта ұлттық валюта "еркін айналымға шығып", доллар күрт өскен еді.

Әбілтаеваның сөзінше, теңге құнсызданған соң шетелдік мамандарға Қазақстанда жұмыс істеу тиімсіз болған, олар жергілікті нарықтан кете бастаған.

- 2016 жылға дейін экспаттар ағылып келді. 2017-2018 жылдары айтарлықтай өзгеріс байқалмады. Компанияға экспат керек болса, оны қалайда шақырып алады. Мұнай өндіруші Батыс Қазақстан аймағында жағдай өзгерген жоқ. Тамақтану саласындағы компаниялардың көбі бас аспаз ретінде шетелдік мамандарды шақырады, - дейді ол.

Сәуле Әбілтаеваның пайымдауынша, экспаттардың Қазақстанға келуі тәжірибе алмасуға, адамның дамуына, бизнесті түсінуге көмектеседі.

- Экспаттар білім беру саласына көп пайда тигізеді. Мысалы, Нархозда (Алматыдағы Нархоз университетін америкалық Эндрю Вахтель басқарып отыр – ред.) озық жобалар жасалып жатыр. Жергілікті университетке мықты шетелдік басқарушы келсе, өзгерістер байқалады. Білім беру саласында экспаттардан көп нәрсе үйренуге болады, - дейді Салтанат Әбілтаева.

Рекрутинг агенттік директорының айтуынша, "жергілікті мамандармен бірдей жұмыс істейтін шетелдік қызметкер көбірек жалақы алады. Бұл - экспаттардың келуінің теріс жағы".

- Банк пен мұнай-газ саласында жалақыдағы сәйкессіздік жиі кездеседі деп естідім. Бизнес иесі өзі біледі ғой, бірақ бұл логикаға қайшы әрі нарықтағы жағдай жағынан қарағанда дұрыс емес, - дейді ол.

Әбілтаеваның пікірінше, Қазақстан үшін халықаралық нарықта жұмыс істеген экспаттардың пайдасы мол. Бірақ кейбір компания басшылары фирмада шетелдік маманның жұмыс істегенін қалайды. Бұл қалау халықаралық тәжірибесі аз экспаттардың елге келуіне ықпал етуі мүмкін.

  • 16x9 Image

    Пётр ТРОЦЕНКО

    Пётр Троценко - Азаттықтың Алматы бюросының тілшісі. Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Журналистік карьерасын "Уральская неделя" басылымында, "Инкар-инфо" интернет радиосында бастаған. 2007-2016 жылдары Алматыдағы, Нұр-Сұлтандағы, Оралдағы, Тараздағы және Ақтөбедегі басылымдарда жұмыс істеген. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG