Accessibility links

"Өзгеріс болуын қалау – қылмыс емес". Экстремизм деген не және билік оны қалай қолданады?


Оппозиция шеруі өтеді деп хабарланған жерге "Белсенділер экстремист емес", "Саяси тұтқындарға бостандық берілсін" деп ағылшын тілінде жазылған плакат ұстап келген адамдарды билік өкілдері күштеп әкеткелі жатыр. Алматы, 28 ақпан 2021 ж.
Оппозиция шеруі өтеді деп хабарланған жерге "Белсенділер экстремист емес", "Саяси тұтқындарға бостандық берілсін" деп ағылшын тілінде жазылған плакат ұстап келген адамдарды билік өкілдері күштеп әкеткелі жатыр. Алматы, 28 ақпан 2021 ж.

Қазақстан билігі митингіге шығып, биліктің ауысуын талап еткен белсенділерді "экстремизм" бабымен соттайды. Бірақ заңда бұл ұғымға нақты анықтама берілмегендіктен сот үкімінің әділдігіне күмән туады. Сөз еркіндігі мен экстремизмді қалай ажыратуға болады? Халықаралық тәжірибе қандай? Азаттық бұл сұрақтарды құқық қорғаушы Евгений Жовтиске қойды.

"ЭКСТРЕМИЗМ ДЕГЕН НЕ?"

11 қазан күні "тыйым салынған ұйым құрған және оның ісіне араласқан" деп айыпталған 13 белсендіге үкім шықты. Сот олардың ешқайсын да ақтаған жоқ, бәрін бірдей кінәлі деп тапты.

"Отанды өздері сатады!" 13 белсенді сотта соңғы сөзін айтты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:30 0:00

Тамыздың аяғында өткен сот отырысында адвокат Нұрлан Рахманов тергеуші Ғизат Қажыбаевтан экстремизмнің не екенін, оның ішінде саяси экстремизмді қалай түсінетінін сұрады. Тергеуші "жиналған іс материалдарында аталған азаматтардың қылмыстық әрекеті анықталғанын" айтып, экстремизм сипатына тоқтамады.

"Адамдар өз ойын бейбіт жолмен білдірді, сонда оның несі экстремизм?" дейді адвокат сұрағына жауап алмақ болып.

Бірақ судья Ернар Қасымбек адвокаттың бұл сұрағын алып тастайды. Осылайша адвокат та, айыпталушылар да істі жүргізген тергеушіден экстремизмнің не екенін, жауапқа тартылғандардың қай әрекеті "экстремизмге" жататынын ести алмады. Бір жарым айдан соң судья белсенділердің төртеуін 5 жылға түрмеге қамап, қалғанының бостандығын түрлі шартпен бір-екі жылға шектеу туралы үкім шығарды. Бұл азаматтар қылмыстық іске дейін наразылық акцияларына қатысып, үкіметті сынаған.

Соттағы жарыссөз кезінде ағылшын тілінде "Есімім Асхат, мен экстремист емеспін" деп жазылған қағаз ұстап тұрған белсенді Асхат Жексебаев. Кейін сот оны бес жылға түрмеге қамауға үкім етті. Алматы, 28 қыркүйек 2021 ж.
Соттағы жарыссөз кезінде ағылшын тілінде "Есімім Асхат, мен экстремист емеспін" деп жазылған қағаз ұстап тұрған белсенді Асхат Жексебаев. Кейін сот оны бес жылға түрмеге қамауға үкім етті. Алматы, 28 қыркүйек 2021 ж.

Құқық қорғау органдары істі қылмыстық кодекстің 405-бабы бойынша қозғады. Яғни оларды "экстремист ұйым жұмысына араласты" деп айыптады. Бұл жерде биліктің экстремист ұйым деп отырғаны елде тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) және "Көше партиясы" қозғалыстары еді. Бұл екеуін "экстремист" деп таныған да биліктің өзі. Бірақ бұлай деп тануға негіз болған сараптама қорытындысын жасырып отыр. Ал Еуропарламент өз қарарында аталған қозғалыстарды бейбіт ұйым деп атаған.

Оксфорд сөздігі экстремизмге көпшіліктің тұрғысынан қисынсыз, шеттен шыққан саяси, діни және өзге де идеялар мен әрекеттер" деген анықтама береді. Бұл ұғым латынның "extremus" дейтін сөзінен шыққан. "Шамадан тыс" деген мағына береді.

Ал Ұлыбритания үкіметінің құжатында экстремизмге "Британияның іргелі құндылықтарына, соның ішінде демократияға, заң үстемдігіне, жеке бостандықтарға, түрлі сенім-нанымды құрметтеу мен оларға деген төзімділікке сөзбен не іспен қарсылық таныту" деген анқытама берген.

Экстремизммен күрес деп аталатын бұл құжатта экстремистік ұранның мысалын да келтірген:

"Егер антифашист паразиттердің мұрнын бұзғанды ұнатсаңыз, ақтардың тобына қосылыңыз, бізге хабарласыңыз" деген нәсілшіл жазба Twitter-де 1,5 мың оқырманы бар неонацист топтың аккаунтында жарияланған.

"Егер сен Батыста тұратын болсаңыз, бізге қарағанда бақыттысың, кәпірлердің зәресін ала аласың... Көтеріліңдер бауырлар, көтеріліңдер!" деген жазбаны Сирияда жүрген Ұлыбритания лаңкесі жариялаған. Оны 55 мың адам көрген.

Батыс әлемі "экстремизм" ұғымына осындайды, яғни бір топты екіншісінен артық көретін, өз идеологиясына сілтеп, өзгелерге зорлық-зомбылық көрсетуге шақыратын, адамның жеке бостандықтары мен сенімін жоққа шығаратын идеялар мен іс-әрекетті жатқызады.

БИЛІК "ҰРТОҚПАҒЫНА" АЙНАЛҒАН БАПТАР

Ал Қазақстан заңы экстремизмге кең ауқымды анықтама береді. Оған ұлттық және діни алауыздықты қоздыру әрекеттерімен бірге елдің конституциялық құрылымын күшпен өзгертуді, аумақтық тұтастығын бұзуды, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруді және билікті күшпен басып алуды көздейтін іс-әрекет те жатады. Онда демократия құндылықтары туралы сөз жоқ.

Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросы жетекшісі Евгений Жовтис Қазақстан заңнамасында "экстремизмнің құқықтық сипаты нақты көрсетілмеген, сол арқылы экстремизмге кез-келген әрекетті жатқызуға болады" дейді. Оның сөзінше, бұл жағдай халықаралық құқықтарына қайшы.

Қазақстан құқық қорғау органдары қылмыстық кодекстегі "экстремизм" бабын (405-бап) жиі қолданады. Ресми дерек бойынша, кейінгі үш жылдың өзінде бұл баппен 150 іс қозғалған. Оның 113-і сотқа жеткен.

Құқық қорғаушылар 405-бап биліктің өзіне ыңғайсыз адамдарды жазалайтын "ұртоқпағына" айналды дейді.

Азаттық: Экстремизм деген не және қандай да бір іс-әрекетті я идеяны экстремистік деп тану үшін демократиялық елдер қандай стандарттар ұстанады?

Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросы жетекшісі Евгений Жовтис.
Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросы жетекшісі Евгений Жовтис.

Евгений Жовтис: "Экстремизм" терминін нақты анықтап, сипаттау қиын. Сондықтан ол құқықтық емес саяси термин. Анықтамасы шашыраңқы болғандықтан оны халықаралық құқықта мүлдем қолданбайды. Құқықтық баға беру үшін "зорлық-зомбылықшыл экстремизм" (violent extremism) терминін қолданады. Бұл жерде бір нәрсені нақты түсіну қажет, кез-келген көзқарас я идеяның болуы – заңды. Яғни, әр адам саяси я діни көзқарасына сүйеніп өзгеріс болуын қалауға хақылы. Бірақ ол өзгерістерге күш қолданып, өшпенділік пен алауыздық тудырып, зорлық-зомбылық арқылы жетуді көздесе – белсенді экстремизм (зомбылықшыл экстремизм) деп танылып, ол жауапқа тартылады.

Азаттық: Көпшілік діни экстремизмнің не екенін біледі, жалпы хабардар. Ал саяси экстремизм дегеніміз не? Оған қандай мысал келтіре аласыз?

Евгений Жовтис: Белсенді (зомбылықшыл) экстремизмнің айқын мысалдары – фашизм, расизм және басып-жаншу мен зорлық-зомбылықты қолданатын кез-келген тоталитарлық идеология ұстанатын елдер. Гитлердің тұсында Германияда, өткен ғасырда Оңтүстік Африка елінде болған, Солтүстік Кореядағы және Сталин кезінде Совет одағындағы режимдер – классикалық мысалдар. Сондықтан саяси оппоненттеріне қарсы, ойын еркін білдіру, бейбіт жиын өткізу мен бірігу сияқты құқықтарға қарсы зорлық пен күшті қолданатын тоталитарлық, диктаторлық мемлекеттің өзі экстремист.

Азаттық: Қазақстанның "Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы" заңында, экстремизмнің көздегені "конституциялық құрылымды күшпен өзгерту, егемендігін, оның аумағының тұтастығын, қолсұғылмаушылығын және бөлінбестігін бұзу, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіру, билікті күшпен басып алуды немесе билікті күшпен ұстап тұру, заңсыз әскерилендірілген құралым құруды, оған басшылық жасауды және қатысу, қарулы бүлік ұйымдастыруды және оған қатысуды, әлеуметтік, тектiк-топтық алауыздықты қоздыру (саяси экстремизм)" деп жазылған. Бұл анықтама экстремизм туралы жалпы адами түсінікке сай ма?

Евгений Жовтис: Өкінішке қарай, біздің заңдар, оның ішінде "Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы" заң да, әкімшілік пен қылмыстық кодекстердің барлығы экстремизмнің құқықтық сипатын нақты көрсетпеген, сол арқылы экстремизмге кез-келген іс-әрекетті жатқызуға болады. Бұл халықаралық құқық тұрғысынан заңдағы бірмағыналық, нақтылық принципін бұзады. Ондай нақтылық 405-бапта да, 174-бапта да жоқ. Бұған қатысты Қазақстан сынға да қалған. 2019 жылы Қазақстанда болып, адам құқығы ахуалы жөнінде көлемді сараптама жасаған БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі сарапшысы Финнуала Ни Илойн ханым дәл осы бірмағыналықтың жоқтығы адам құқығын бұзады деген еді. Мұндай ескертуді, өзіміз қазір мүше болып отырған БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитеті де, бейбіт жиындар мен қауымдастықтар жөніндегі арнайы баяндамашысы да айтқан.

БИЛІКТІҢ КЕТУІН ТАЛАП ЕТУ – ҚЫЛМЫС ЕМЕС

Азаттық: Белсенділер рұқсат етілмеген, бірақ бейбіт митингіге шыққанда билік басындағылардың отставкаға кетуін, конституцияны өзгертуді талап етеді, мұны "конституциялық құрылымды күшпен өзгерту" немесе "мемлекеттiң ұлттық қауіпсiздiгіне нұқсан келтіру" деуге бола ма?

Евгений Жовтис: Жоқ. Азаматтар бейбіт митингіге шыққанда құқықтарының сақталуын, үкіметтің отставкаға кетуін, өзгеріс болуын талап етеді. Бұл жерде наразылыққа [билік тарапынан] рұқсат берілмегені шарт емес. Егер олар зорлық-зомбылыққа, қақтығыс пен төңкеріске шақырмай, жай талап айтумен шектелсе, оның экстремистік ештеңесі жоқ. Біздің конституцияда саяси плюрализмнің бары айтылған. Соған қарамастан, билік бұл терминді оппозицияның, өзімен келіспейтіндер мен өзгеше ойлайтындардың іс-әрекетін қылмыс деп сипаттау мақсатында пайдаланады.

Полиция оппозицияның наразылық акциясына келген адамды күштеп әкетіп бара жатыр. Алматы, 28 ақпан 2021 ж.
Полиция оппозицияның наразылық акциясына келген адамды күштеп әкетіп бара жатыр. Алматы, 28 ақпан 2021 ж.

Азаттық: Қазақстанда экстремизм айыбы тағылғанда билік қандай дәлел келтіреді? Мәселен, жуырдағы 13 белсендіні қандай логикаға сүйеніп экстремист деп таныды?

Евгений Жовтис: Билік мұндай айыпты тек формалды түрде ғана тағады. Қылмыстық кодекстің 405-бабы немесе 175-бабы бойынша қозғалған істердің айыптау актісін қарасаңыз, онда мазмұнның өзгергенін байқауға болады. Іс материалдарында зорлық сөзі түсіп қалады да билік тергеушінің қолымен "азаматтар үкіметтің ісін негативті бағалады, билікті сынады, үкіметтің оставкаға кетуін талап етті" деп жазады. Яғни билік үшін үкіметтің отставкаға кетуін талап ету – қылмыс. Біздегі саяси алаң тып-типыл таза. Бізде оппозициялық саяси партияны тіркеу мүмкін емес, елдегі ондай жалғыз партия (Жалпыұлттық социал-демократиялық партияны айтады – ред.) маргиналданып, елдің саяси өміріне атсалыспайды да. Бізде я парламентте, я жергілікті билік органдарында оппозиция жоқ. Сондықтан экстремизм термині кез келген оппозициялық саясатты, оппозициялық көзқарасты басып-жаншу мақсатында қолданылады. Оларды түрлі сарапшылардың қортындысымен "экстремист ұйымға араласты" деп қудалайды. Шындығында, бұл – оппозициялық іс-әрекетті қудалау.

Азаттық: Қазіргі қазақстандық заңнама аясында жеке басқа қауіп келтірмей, сотқа тартылмай саяси белсенділікпен айналысудың жолы бар ма?

Евгений Жовтис: Біздің заңнама – авторитарлы мемлекетке тән толығымен репрессивті сипатта. Билік басында өз саяси билігіне қандай да бір қауіп төнгенін қаламайтын, төнген жағдайда оны тез жоюды көздейтіндер отыр. Сондықтан ешқандай саяси әралуандық, көппартиялық пен сайлау еркіндігін қалыптастыруға ниеті де жоқ. Билік қолындағы ресурсты барлығын бақылауда ұстауға бағыттайды. Сондықтан бізде саяси белсенді болудың ешқандай қауіпсіз жолы жоқ. Саяси партия құра алмайсыз, саяси топтарды қылмыстық топ деп жауып тастайды. Бұдан кейін жекелеген белсенділер қудалауға ұшырайды. Осы тұрғыдан алғанда мәселе адамның құқығының сақталуында емес, саясатта болып тұр.

Полиция оппозиция митингісі өтеді деген жерде адамдарды ұстап жатыр. Алматы, 23 қазан 2021 ж.
Полиция оппозиция митингісі өтеді деген жерде адамдарды ұстап жатыр. Алматы, 23 қазан 2021 ж.

Азаттық: Ақорда белсенділерден емес, олардың Мұхтар Әблязовпен бірігуінен қорқады деген пікір бар. Мұның негізі бар ма? Бұл дегеніңіз Әблязовпен байланысы жоқ өзге белсенділерге еш қауіп жоқ деуге келе ме?

Евгений Жовтис: Меніңше, бұл жерде мәселе Әблязовпен бірігуде емес. Мәселе – кез-келген саяси белсенділік пен азаматтардың ұйымдасу әлеуетін болдырмау. Билік оппозициялық көзқарасты, президент пен үкіметке айтылған сынды өзіне төнген қауіп деп біледі. Сол себепті ол ұйымдарды қылмыстық топ деп көрсетіп, ішіндегі аса белсенділерін қамап, қоғамнан оқшаулайды.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG