Accessibility links

"Қарагөз" пьесасының жаңа қойылымы Алматыға да жетті


DTK қойған "Қарагөз" спектаклінен көрініс. Алматы, 4 ақпан 2018 жыл.
DTK қойған "Қарагөз" спектаклінен көрініс. Алматы, 4 ақпан 2018 жыл.

Мұхтар Әуезовтің 92 жыл бұрын жазылған "Қарагөз" пьесасы Қазақстанның театр сахналарынан түспей келе жатыр. Неміс тіліндегі нұсқасын Алматыдағы мемлекеттік неміс драма театры (DTK) ұсынды. Оны Наташа Дубс пен Флориан Бильбао сахналаған.

Алматы тұрғындары "Қарагөздің" жаңа қойылымын 4 ақпанда тамашалады.

БІРЛЕСКЕН ЖОБА

Наташа Дубс "Қарагөз" пьесасын сахналау идеясын DTK театрының көркемдік жетекшісі әрі режиссері болмай тұрып жоспарлаған. Ол пьесаны Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында бір курста оқыған түлектермен қоюды ойластырған. Режиссер пьесаны классикалық түрде сахналаудан бірден бас тартқан, өйткені оның актерлары - жастар, ал пьесадағы кейіпкерлердің көбі - жасы келген адамдар. Сондықтан әу бастан мәтінді оқу форматы таңдалған.

Пьеса мәтінін неміс тіліне Қазақстандағы Гете институты аударған. Кейінірек жобаны дамытып, хореография мен пластикалық қимылдар қосқан. Германиядан хореограф Флориан Бильбао мен композитор Ян Зигеле де осы мақсатпен шақырылған. Сценография мен костюмдерді де журнал шығарумен және дизайнмен айналысатын Etage Groupe компаниясы мен дизайнер Әсел Нүсіпқожанова әзірлеген.

Актерлар Ақылхан Алмасов (Нарша) пен Толғанай Талғат (Қарагөзді ойнаған екінші актриса). Алматы, 4 ақпан 2018 жыл.
Актерлар Ақылхан Алмасов (Нарша) пен Толғанай Талғат (Қарагөзді ойнаған екінші актриса). Алматы, 4 ақпан 2018 жыл.

DTK театры "Қарагөз" спектаклін алғаш рет 2017 жылғы шілдеде Астанада ЕХРО-2017 көрмесінің мәдени бағдарламасы аясында қойған болатын. Сосын Қазақстан мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен "Ұлы дала театры" жобасы аясында оны Мәскеу, Берлин, Париж, Вена, Брюссельде көрсетті. Алматыдағы алғашқы көрсетілім 4 ақпан күні "Откровение" V халықаралық көркемөнер фестивалі аясында өтті.

Спектакльде пьесаның түпнұсқасынан кейіпкерлердің бір бөлігі сияқты мәтіннің де бір бөлігі ғана алынған. Бірақ кейбір кейіпкерлерді бірден бірнеше актер ойнаған.

ЖАҒЫМДЫ СЫН

DTK сахналаған "Қарагөз" жайлы пікір білдірген театр сыншылары әзірше аз. Өйткені Қазақстанда спектакльді екі рет қана – былтыр шілдеде Астанада және кеше Алматыда көрсетті. DTK театрының Еуропа мен Мәскеудегі турнесі жайлы көбірек жазды. Азаттық тілшісіне DTK театрының жаңа спектаклі жайлы театр сыны жанрына жататын жалғыз ғана мақала табудың сәті түсті. Ол былтыр шілдеде (2017 жылғы 4 шілдеде) Today.kz сайтында шыққан екен. Авторы — Ольга Малышева (Алматы).

Мақалада "Қарагөз" қойылымында эпикалық театр тәсілі мен көріністен кейін артистер өздері сомдаған образдан шығып, кейіпкерлер арасында жаңа ғана болған нәрсеге қатысты комментарий беретін көрініс театры ұтымды ұштасқаны" жазылған.

Актерлар Дмитрий Хольцман (Сырым), Ирка Абдульманова (Маржанның әжесі) және Светлана Скобина (Карагоз). Алматы, 4 ақпан 2018 жыл.
Актерлар Дмитрий Хольцман (Сырым), Ирка Абдульманова (Маржанның әжесі) және Светлана Скобина (Карагоз). Алматы, 4 ақпан 2018 жыл.

Сыншы пікірінше, пьесаны төрт кейіпкерге (Қарагөз, Нарша, Сырым, Маржан) дейін ықшамдау театрға трагедия желісін толық баяндап беруге мүмкіндік бермеген, сондықтан пьеса мүлде өзгеше мағына мен реңктегі қойылым болып шыққан.

Бүтіндей алғанда, театр сыншысы спектакльді жақсы бағалап, "Наташа Дубс пен Флориан Бильбаоның "Қарагөзі" – қазақ драматургиясы мен Еуропаның қазіргі заман театры сәтті ұштасқан синтез. Спектакль сәнді, бірақ тым әлеміш емес, ұлттық, бірақ насихаттық сипатта емес, әсерлі, бірақ жылаңқы емес" деп жазған.

АЛМАТЫЛЫҚ КӨРЕРМЕНДЕР ПІКІРІ

DTK сахналаған "Қарагөз" спектаклін алғаш көрген әрі қойылымнан кейін сұхбаттасудың сәті түскен алматылықтардың бірі бөлігінің пікірлері тек жағымды болып шықты.

— Спектакльді алғаш рет көрдім. Өте қатты әсер алдым. Әсіресе хореографиялық бөлімі мен музыкасы ұнады. Жалықтырып жіберетін тұстар болған жоқ. Қазақстандық сахна үшін үлкен жетістік деп санаймын, - дейді "Еуразия мәдени альянсы" қоғамдық бірлестігі жетекшісі Игорь Слуцкий.

"Қарагөз" спектаклінен көрініс
"Қарагөз" спектаклінен көрініс

Білім саласында жұмыс істейтін Гүлмира Қорғанбаева қойылым – "мүлде соны, қазіргі заманға лайық тәсілмен сахналанған» деп санайды.

— Еуропаның Австрия, Германия немесе Швеция сияқты елдерінің озық театрларының бірінің қойылымын тамашалап отырғандай әсер алады екенсің. Стилистикасы да, сценографиясы да мүлде өзгеше. Меніңше, көрерменнің, әсіресе жас көрерменнің жүрегін, ақыл-ойын дәл осы тәсіл көбірек жаулаған тәрізді. Бұған қоса, қай елде тұратынына, қай ұлттың өкілі екеніне қарамастан, кез-келген көрермен түсінетін қойылым, - дейді Гүлмира Қорғанбаева.

Актриса Юлия Тейфель қобызшы рөлінде. Қасындағы актер - Дмитрий Хольцман (Сырым). Алматы, 4 ақпан 2018 жыл
Актриса Юлия Тейфель қобызшы рөлінде. Қасындағы актер - Дмитрий Хольцман (Сырым). Алматы, 4 ақпан 2018 жыл

Режиссер-хореограф Наталья Новикованың сөзінше, бұл "мықты, тамаша пластикасы бар шебер қойылым". Мәдениеттанушы Евфрат Мәмбеков Мұхтар Әуезовтің әйгілі туындысын бала кезінде оқыған адам ретінде пьеса "жаңа көзқараспен, қазіргі заманға лайық тәсілмен сахналанғанын тамашалау өте қызық болғанын" айтады.

— Бұл дәстүрлі қазақ мәдениетіне деген еуропалық және заманауи көзқарас екені даусыз. Сондықтан өте қызық. Өйткені хореограф, бір қарағанда ұсақ-түйек сияқты көрінетін, бірақ қазақ халқына тән пластиканы ұтымды пайдаланған. Музыкасына да тәнті болдым. Көңіл-күйді дөп басқан. Бәрі үйлесімді болып тұр, - дейді Евфрат Мәмбеков.

XS
SM
MD
LG