Accessibility links

"Баланы демалтып, өзіне деген сенімін көтерген жөн". Мамандар жазғы демалысқа қандай кеңес береді?


Коронавирус індетіне байланысты Қазақстан мектептерінің көбінде оқушылар бір жылдан бері онлайн дәріс алып жатыр. Онлайн оқу, виртуал қарым-қатынас, қозғалыстың шектелуі, дос-құрбымен жақын араласудың қиындығы бала психологиясына қалай әсер етті? «Виртуал оқушыға» каникулда қандай жәрдем керек? Жазда олқылықтың орнын толтырып, қосымша курс оқу дұрыс па? Азаттық осы сауалдарды психологтарға қойып көрді.

Онлайн оқу баланың психологиялық саулығына қалай әсер етті?

Анар Рахматуллина, жоғары санаттағы педагог-психолог:

Анар Рахматуллина, педагог-психолог.
Анар Рахматуллина, педагог-психолог.

– Онлайн формат әсіресе балаларға психологиялық тұрғыдан өте ауыр тиді. Себебі, бала аяқ астынан жайсыз психологиялық ортада қалды. Психологтар мұны "шекаралық деңгей" дейді. Яғни депрессия күшейіп, көп сарыуайымға салынатын болды. Екіншіден, онлайн оқу кезінде балада астеникалық күй, яғни шаршау, болмашы нәрседен жалығу сезімі басым бола түсті. Бала үйде түк бітірмейді: бөлмесінде оқиды, тынығады, арасында асүйге барып, тамақтанады, бірақ ешнәрсеге құлықсыз. Мұғалім сабақ сұраса жауап береді, сұрамаса жоқ. Сөйте тұра үнемі шаршаңқы. Себебін ата-ана түсінбейді. Бұл – қозғалыстың азаюынан туындайтын күй. Үшіншісі, обсессивті-фобиялық күй. Яғни үрей-қорқыныштың үдеуі. Бала социумнан қашады, үйден шыққысы келмей, бөлмесінде жиі қалуға тырысады, ешкіммен араласпайды. Адамның тұлға болып қалыптасуында социумның рөлі зор. Иә, кейбір бала табиғатынан тұйық. Алайда ондай балалар бұрын мектепке барып-келу, оқу процесінде болу арқылы социумға бейімделетін. Қазір ол жоқ.

Айгүл Рақымжанқызы, отбасы психологы:

Айгүл Рақымжанқызы, отбасы психологы.
Айгүл Рақымжанқызы, отбасы психологы.

– Онлайн оқу әркімге әртүрлі әсер етті. Бұл ең алдымен адамның темпераментіне байланысты. Мысалы, гиперактивті балаға қашықтан оқу, мектепке бармау қатты соққы болды. Өйткені ол үнемі өзіне назар аударуды, ортада жүруді қалайды. Тақтаға шығып сабақ айту, сахнада өнер көрсету, достарының ортасында жарқырап жүру темпераменті холерик бала үшін маңызды. Осы әрекеттер арқылы ол жан-дүниесін қанағаттандырады. Өйткені олар виртуал емес, шынайы қарым-қатынасқа зәру. Ал табиғатынан тұйық, көп адаммен жұғыспайтын, ойын ашық айтуға жоқ бала үшін керісінше, онлайн оқу оңтайлы болды.

Жазғы демалыста баланы қосымша курсқа берген дұрыс па?

Анар Рахматуллина:

– Мұны алдымен баланың өзінен сұрау керек. Өз еркіңізбен шешім қабылдап, "оқисың" деуге болмайды. Бала қаласа, барсын. Қаламаса, күштемеу керек. Кезекті еңбек демалысы жақындаған сайын өзіміз де босаңсып, жұмысқа құлқымыз төмендейді ғой. Бұл – психологиялық әзірлік. Сол сияқты каникул алдында бала да "осымен бітті" деген күйде болады. Сондықтан ата-ана оқу аяқтала сала, баланы қосымшаға беріп, оған әрі қарай жанына психологиялық жарақат салмауы керек. Екінші жағынан, демалыс компьютерге телміріп, үйде отыру емес, кәдімгі белсенді демалыс болғаны жөн. Яғни бала оқыту процесінен моральдық тұрғыда тынығуы керек.

Айгүл Рақымжанқызы:

– Жазда оқу дегеннің өзі – бос әурешілік. Өйткені баланың құлшынысы мен зейіні тұрақтамаса, жүз жерден ақылы оқытып, қосымшаға бергеннен түк шықпайды. Жазғы демалыс 26 мамырдан басталады. Маман ретінде айтарым, баланы міндетті түрде 2-2,5 ай демалту керек. Тек тамыздың басында "балам, мектеп жақындады, өткен сабақты еске түсірсек қалай қарайсың?" деп, оны қосымшаға баруға дайындауға болады. Содан соң 15 тамыздан бастап, он күндей курсқа берсе, нәтиже шығады.

Бір жыл онлайн білім алған балаға ата-анасы жазғы демалыста қандай көмек көрсетуі керек?

Анар Рахматуллина:

– Қазір бала өмірінде тепе-теңдік жоқ. Кейбірі не болғанын әлі түсінбей жүр. Әсіресе бастауыш мектепте оқитындар. Өйткені олар өздігінен шешім қабылдай алмайды. Осы кезеңде балаға ең жақын адамның, яғни ата-ананың қолдауы, көмегі қажет. Өкінішке қарай, ересектер балаға оның қалауы емес, өз қалауын таңуға бейім келеді. Ал бұл мәжбүрлеуге жатады. Бастысы, балаға зияныңыз тимесін. Оған тұлға ретінде қарап, онымен санасу керек.

Айгүл Рақымжанқызы:

– Бұрын ата-ана "балам мектепте, оны мұғалім оқытады" деп ұл-қызының оқу үлгеріміне онша мән бермесе, қазір көбі сабағын бақылап отырды. Баланы сынап-мінегендер де болды. Осыны естіген балада үлкендерден қорқу, имену күшейді. Яғни бала үйде үнемі стресс жағдайында жүрді. "Мынаны қалай білмейсің?" немесе "Ана бала сабақта белсенді, сен неге үндемейсің?" дегендей сұрақтар көбейді. Бала онлайн сабақта бірдеңені түсінбей қалса, кімнен көмек сұрарын білмей қиналатын болды. Сөйтіп екі оттың ортасында қалған баланың білімге деген құштарлығы азайып, немқұрайлық қалыптасты. Сондықтан ата-ана баламен еркін сөйлесіп, сұрақтарына нақты жауап беріп, оны тыңдауы керек. Осының өзі бала үшін қолдау.

Анар Рахматуллина:

– Бала тәрбиесіндегі төрт аспектіні атар едім. Бірінші, баланы ұрмау. Әке-шешесінен таяқ жейтін баланың өзін бағалауы төмендейді. Барынша түсіндіруге тырысу керек. Екінші аспект, балаға өтірік айтпау. Үшіншіден, баланы ешкіммен салыстырмау. Оның орнына "Есіңде ме, былтыр қандай едің, енді қандай болдың?" деп, өзінің бұрынғы кезімен салыстырған дұрыс. Төртіншіден, балаға сес көрсетпеу керек. Қазір ата-ананың көбі "Сабақты орындамасаң, телефон ойнамайсың", "үйді жинамасаң, далаға шықпайсың" деген сияқты шарт қояды. Бұл да дұрыс емес, мұны да қысымның бір түрі дер едім.

Айгүл Рақымжанқызы:

– Ең бірінші баланың рөліне кіру керек. Оның қорғансыз, үрейлі күйде отырғанын түсіну қажет. Үрейдің арты баланың тұйықталуына, агрессияға әкеледі. Мұндай психологиялық ауытқулар баланың денсаулығына кері әсер етеді. Мысалы, асқазан ауруы, аллергия, ангина, иммунитеттің төмендеуі, шаршаңқылық, ұйқышылдық пайда болуы мүмкін.

"Бала шекарасы" деген не? Оны бұзбау не үшін маңызды?

Анар Рахматуллина:

– Ата-ананың басты қателігі – олар баласынан өзінің жақсарған нұсқасын жасағысы келеді, ал баланың қалауын ескермейді. Оның жеке тұлға, жеке адам екенін ұмытады. Оған құрметпен қарау дегенді ойламайды. Кез келген бала – индивид. Оның өз артық, кемшін жақтары бар. Баланы тұлға ретінде сыйлап, бағаламасақ, оның өзіне деген сенімі де төмендейді. Меніңше, ата-ана алдымен өзін тәрбиелегені жөн. Өйткені бала үшін басты үлгі – ата-ана.

Балаға лайықты қарым-қатынас керек. Бір мысал: анасының көңіл-күйі жоқ, бала "Анашым, не болды?" деп сұрады. Шешесі "Шаруаң болмасын, бар әрі, сабағыңды оқы!" деп жекіп тастады делік. Осы кезде балаға "эмоцияңды көрсетпе" деген месседж тасталды. Кейін бала да эмоциясын жасыра бастайды. Ал эмоцияны жасыру – психологиялық тұрғыда дені сау тұлға болып қалыптасуға басты кедергі. Егер анасы "бұл уақытша нәрсе, бәрі жақсы, балам" деп жауап берсе, екеуінің арасында эмоциялық байланыс орнайды. Балада "анама көмектестім" деген ой қалады. Сөйтіп эмоциялық тұрғыда қанағаттанады. Бала ата-анамен, айналадағы адамдармен әріптестік қатынас орнатуға бейімделеді.

Бұған қоса, тактильді байланыс деген бар. Баланы сипау, құшақтау, сүю. Бұл бала үшін маңызды. Әсіресе қазіргі кезде. Мұндайды сезбеген балада алдымен агрессия күшейеді, сосын "мен ешкімге керексізбін" деген ойға беріледі. Сөйтіп оның тұлғалық қасиеттері бірте-бірте жоғалады. Ондай бала өзін дамытқысы келмейді, лидерлік қасиеттері төмендейді, өзіне сенбейді.

Үйдегі аура қаншалық маңызды?

Анар Рахматуллина:

– Бала үшін үйдегі микроклимат өте маңызды, ал бұл тек сенім негізінде жүзеге асады. Отбасы мүшелері арасында сенім болса, яғни "қиындықты бірге жеңеміз", "бір-бірімізге сенеміз", "бір-бірімізді қолдаймыз" дейтін аура болса, баланың өзіне сенімі күшейеді. Тым қатты бақылап, асыра өбектеудің де қажеті жоқ.

Айгүл Рақымжанқызы:

– Қанша жұмысбасты болса да, ересектер күннің бір уағын баласына арнауы тиіс. Ең дұрысы – жатар уақыт. Балаға 10-15 минут бөліп, сөйлесіп көріңіз. "Күн қалай өтті?", "Не істедің?" деген сұрақтарды қоймай, оның жан-дүниесін түсінуге тырысып көріңіз. Баланың қытығына тимейтін, қарапайым сұрақтар қойған жөн. Мәселен, "Бағана көрген фильмде қай кейіпкер ұнады?", "Ол несімен таңқалдырды?" дегендей сұрақтар жарайды. Осы кезде бала ашылады, ата-ана мен бала арасында эмоциялық жақындық орнайды. Ал бұл баланың дамуына, қоғамға бейімделуіне, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауына көмегін тигізеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG