Accessibility links

Ел ішіндегі ет неге қымбаттады?


Орталық базарда ет сатып отырған сатушылары. Алматы, 23 мамыр 2019 жыл.

Қазақстанда еттің қымбаттауына жанармай мен жем бағасының көтерілуі себеп болды дейді сатушылар. Ресми дерек бойынша, елде сиыр, қой және шошқа еті экспорты артқанымен, жылқы мен құс етін әлі де сырттан сатып алады.

МАЛ БАЗАРЫНДАҒЫ БАҒА

Алматы облысы Іле ауданына қарасты Жетіген ауылындағы мал базарында жексенбіде сауда қызады. Іле ауданымен бірге Қапшағай қаласы мен Талғар ауданынан мал әкелетіндер де осы базарда сауда жасайды.

Саудагерлер мен сатып алушылар биыл ет бағасы қымбаттағанын айтады. Жетіген базарындағы мал сатушылар ісек қойға 50-55 мың теңге сұрайды. Биыл ақпанда туған қозының бағасы 30-33 мың теңгеге шыққан. Ал ең арзан болып есептелетін ешкінің бағасы 18-22 мың теңге аралығында. Көпшілігі – арық, союға жарамсыз. Ірі қара малдың бағасы тіпті шарықтай түскен. Бір жасар тайынша 200 мың теңге тұрады.

Жетіген ауылындағы мал базары. Алматы облысы, 19 мамыр 2019 жыл.
Жетіген ауылындағы мал базары. Алматы облысы, 19 мамыр 2019 жыл.

​Былтыр дәл осы уақытта қозының орташа құны 15 мың теңге болса, екі жасар еркек қойдың бағасы 30 мың теңге төңірегінде еді. Ал союға жарамды деген ешкі 13-16 мың теңге аралығында болған.

- Қазір жілігіне енді су жүгірген ешкінің өзі 20 мың теңге, - дейді жасы алпысты алқымдаған ер адам сатуға әкелінген ешкілердің бірінің қабырғасын басып көріп.

Азаттық тілшісі мал бағасы неліктен қымбаттап кеткенін сатушылардан сұрады.

- Қазір базарда сататын мал аз. Себебі жайылымдағы мал әлі толық семіре қойған жоқ. Мына әкеліп тұрған малдың барлығы – бордақыланған. Оларға кеткен жем-шөптің шығыны да қоса есептеледі, - деді мал сатушылардың бірі.

Алматыдағы "Көк базар" аталып кеткен сауда орталығының ет сататын бөлімінде баға тіпті шарықтай түскен.

Орталық базардағы ет саудасы. Алматы, 23 мамыр 2019 жыл.
Орталық базардағы ет саудасы. Алматы, 23 мамыр 2019 жыл.

​"Келіңіз, ет алыңыз. Жас малдың еті, бүгін ғана сойылған" деп жарыса сөйлеп, тауарын жарнамалап жүргендердің бірі – Жанар есімді сатушы келіншек. Оның айтуынша, қазір ет азайған әрі базарға қымбат бағамен түсіп жатыр.

- Қазір жылқы мен сиыр етін Ресейге, Қытайға экспорттап жатыр ғой. Содан болу керек бізге де ет қымбат бағамен келеді. Қымбат ет өтпейді. Бұрынғыдай емес, алушы да аз, - деді ол.

Жанар былтыр ораза айында күніне бір сиырдың етін сатып жіберетін кездер жиі болғанын, ал биыл "бір малдың етін бір аптада әрең өткізетінін" айтып шағынды.

Алматының орталық базарында сиыр еті 1600 бен 2200 теңге аралығында болса, жылқы еті 2200-ден 3 мың теңгеге дейін барады. Ал қой еті 1800 бен 2000 теңге аралығында сатылып жатыр.

"ЖАНАРМАЙ МЕН ЖЕМ ҚЫМБАТТАДЫ"

66 жастағы Жақсылық Тәшкеев Талғар ауданында тұрады. Соңғы 15 жылдан бері сиыр бордақылап, етін базардағы сатушыларға өткізіп жүрген Жақсылық Тәшкеев "ауылда сатып алатын мал қалмағанын, өйткені бағатын жайылым жоғын" айтады.

Жақсылықтың сөзінше, ол ерте көктемде 50-ге жуық тайынша сатып алып, қыстай жемдеп, сатумен айналысады.

- Былтыр ұрғашы сиырдың етін сатушыларға [килосын] 1000 теңгеден, еркек малдың етін 1200 теңгеден өткізетінбіз. Қазір қымбаттап кетті, - деді ол.

Мал базарындағы сиырлар. Алматы облысы, Жетіген ауылы, 19 мамыр 2019 жыл.
Мал базарындағы сиырлар. Алматы облысы, Жетіген ауылы, 19 мамыр 2019 жыл.

Жақсылықтың пікірінше, бағаның қымбаттауына мал басының азаюы мен жем-шөптің қымбаттауы әсер еткен.

- Әр үш малдың бірі шығынды жабады, қалған екеуінен пайда түседі. Алыс ауылдағы мал сатушылардың өзі малды қала бағасымен өткізгісі келеді. Өйткені сатып алатын мал жоқ, - деді ол.

Он үш жылдан бері жылқы етін көтерме бағамен базардағы сатушыларға өткізіп жүргенін айтқан Саяхат Әсімханның сөзінше, бірнеше жылдан бері тұрақты болып келген ет бағасы биыл қымбаттаған.

- Бұған дейін ет бағасына әрі кетсе 50-100 теңге ғана қосылатын. Биыл бірден ет екі жүз-үш жүз теңгеге қымбаттап кетті. Мысалы, былтыр базардағы сатушыларға еттің келісін 1400-1500 теңге аралығында беретінмін. Биыл 1700-2000 теңгеден өткізіп жатырмын. Себебі, қазір дизель отыны мен жем қымбат, - дейді ол.

Бұл сөзді елдегі жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды біріктіретін "Қазақстанның ет одағы" бірлестігі өкілі Гүлнәр Тілеуова да растайды.

- Жанармай мен жем бағасының қымбаттауы ет пен мал бағасына әсер етті. Мысалы, жанармай құны 120 теңгеден 200 теңгеге дейін көтерілсе, бір тонна жемнің бағасы 30 мыңнан 60 мың теңгеге дейін жетті. Сол себепті фермерлердің де өз өнімдерінің бағасын көтеруі заңды, - деді Гүлнәр Тілеуова.

Жайылымда жүрген сиырлар. Көрнекі сурет.
Жайылымда жүрген сиырлар. Көрнекі сурет.

Саяхат Әсімхан ет өткізушілер көрші Ресей мен Өзбекстанға ет сатуға талпынатынын айтады. "Ресей мен Иранға және Қытайға мал етін өткізу қолға алынғалы мал бағасы да қымбаттай түсті" дейді ол.

Ал "Қазақстанның ет одағы" бірлестігі өкілі болса Қазақстанда өндірілген еттің төрт пайызы ғана экспортқа шығарылады дейді.

- Бұл - өте төмен көрсеткіш. Шамамен алғанда 20 тонна сиыр еті, бес тонна қой еті дегендей ғой. Шындығында өзімізді тоқсан пайыз сиыр етімен қамтамасыз ете аламыз, - дейді Гүлнәр Тілеуова.

ЕТ ЭКСПОРТЫ МЕН ИМПОРТЫ

Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігінің Азаттыққа берген мәліметі бойынша, 2018 жылы Қазақстан 16000 тоннаға жуық сиыр етін экспортқа шығарып, шеттен 15000 тоннадан аса сиыр етін әкелген. Былтыр 60 тоннадан астам жылқы еті шетелге сатылса, екі жарым мың тоннаға жуық етті сырттан сатып алған. 3800 тоннадан астам қой еті экспортқа шығарылып, 93 тоннадан астам ет шеттен әкелінген. Экспортқа екі мың тоннадан астам шошқа етін шығарып, бір мың тоннадан астам етті сырттан әкелген. Ал 190 мың тоннадан аса құс етін шетелден сатып алған Қазақстан экспортқа 8,5 мың тонна құс етін шығарған.

Жетіген ауылындағы жексенбілік мал базары. Алматы облысы, 19 мамыр 2019 жыл.
Жетіген ауылындағы жексенбілік мал базары. Алматы облысы, 19 мамыр 2019 жыл.

2019 жылдың алғашқы үш айында 5,4 мың тоннадан астам сиыр еті экспортқа кетсе, 2 мың тоннадан артық ет шеттен сатып алынған. Сол сияқты, екі мың тоннаға жуық құс етін экспортқа шығарып, 33 мың тоннаға жуық етті өзге елдерден сатып алған. Осы мерзім ішінде шетелге небары бір тонна жылқы еті сатылып, 169 тоннаға жуық жылқы еті Қазақстанға сырттан әкелінген. Сонымен бірге 604 тонна қой еті шетелге сатылып, 6 тоннадан аса қой еті сатып алынған. Шетелге 330 тоннаға жуық шошқа еті сатылып, сырт жақтан 64 тоннаға жуық ет әкелінген.

Қой етін көп жейтін елдер. 2017 жылғы дерек.
Қой етін көп жейтін елдер. 2017 жылғы дерек.

Қазақстаннан ет алатындар тізімінде Ресей, Армения, Өзбекстан, Иран, Бахрейн, Украина мен Қырғызстан бар. Ал Қазақстанға ет сататын мемлекеттер арасында Ресей, Украина, Беларусь, АҚШ және Уругвай аталады.

Қазақстан 2018 жылы Қытайға 60 тонна қой етін сатқан.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Азаттыққа берген есебі бойынша, өткен жылы Қазақстанда миллион тоннадан астам ет өндірілген. Олардың ішінде 480 мың тоннаға жуық сиыр еті, 150 мың тоннадан астам қой және 20 мың тоннаға жуық ешкі еті, 86 мыңнан астам шошқа еті, 126 мың тоннадан артық жылқы еті, 192 мың тоннаға жуық құс еті және 6 жарым тоннадан астам түйе еті бар.


  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG