Accessibility links

Екі алып көрші арасындағы Қазақстан және наразылық “эволюциясы”


Қытай басшысы Си Цзиньпин (сол жақта) және Ресей президенті Владимир Путин Владивостоктағы кездесу кезінде стақан соғыстырып тұр. 11 қыркүйек 2018 жыл.

Халықаралық басылымдар осы аптада Қазақстанның Қытай мен Ресейге қатысты саясатын, шетел инвестициясына төнер қауіп деңгейін, Қазақстан басшылығының елдегі азаматтық қарсылыққа қатысты “эволюциясын” және елдегі мұғалімдердің ахуалын талқылаған.

ҚЫТАЙ МЕН РЕСЕЙ АРАСЫНДА

Оңтүстік Кореяда шығатын International Policy Digest журналында жарық көрген «Екі алыптың арасындағы Қазақстан» атты мақалада автор Қазақстанда биліктің ауысуына қатысты пікір білдіріп, шетелге алғашқы сапарын Ресейден бастаған жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саясатын талдайды.

«Қазақстан қос аймақтық держава – Қытай мен Ресейдің арасында «бутербродтағыдай» қысылып тұр. Назарбаев бұл елдердің арасындағы өзара қайшы келіп жататын мүдделердің ортасында тепе-теңдік сақтап, екеуімен де достық қарым-қатынас орнату арқылы отыз жыл бойы жағдайды жақсы басқарып келген еді» деп жазады International Policy Digest.

Журналдың жазуына қарағанда, кей сарапшылардың ойынша, Назарбаевтың президент қызметінен кетуі Кремльдің «Қазақстанды өз ықпал аймағына тереңірек тарта түсу үмітін арттырып жіберген». Назарбаевтың тұсында «Ресейден алшақтау ашық білінді», оның үстіне «қазақ ұлтшылдығына» негізделген күшті қазақстандық сана-сезім қалыптастыруға жол салынды, бұл “мәдениеттердің ортақтығы жөніндегі советтік идеядан алшақтауға” алып келді деп жазады автор.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей президенті Владимир Путин қол алысып тұр. Мәскеу, 3 сәуір 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей президенті Владимир Путин қол алысып тұр. Мәскеу, 3 сәуір 2019 жыл.

International Policy Digest-тің жазуына қарағанда, Тоқаевтың Мәскеу сапары және Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуі оның «онсыз да берік екіжақты қарым-қатынасты одан сайын күшейте түсуге құлықты» екенін көрсетеді.

Қазақстанның Қытаймен байланысын сараптай келе журнал Қытай үшін Қазақстан “Бір белдеу – бір жол” (БББЖ) жобасының ажырамас бөлігі”, ал Қазақстан үшін Қытай – шешуші экономикалық әріптес әрі инвестор екенін айтады.

Оның үстіне, әсіресе Африка тәжірибесі көрсеткеніндей, «Қытай инвестициясы неғұрлым көп болса, Қытайдың өз активтерін қорғау мүддесі мен қажеттілігі арта түседі». Сондықтан Қазақстанның «стратегиялық және ұлттық мүдде мәселелеріне қатысты маңызды салаларда тәуелсіздігін жоғалтып алу қаупі бар» деп санайды International Policy Digest.

Пекиннің алдындағы мұндай тәуелділік «Шыңжанда мұсылман азшылық өкілдерін лагерлерге қамау ісіне» реакцияның болмауынан байқалды. «Онда этникалық қазақтар өте ауыр жағдайда, кейбіреулерін мәжбүрлеп жұмысқа тартып жатыр» деп жазады басылым. «Қазақстан басшылығы сын айтудан тартынып отыр», мұнымен қоймай, олар (Қазақстан басшылығы) Қытайдағы этникалық қазақтардың құқықтарын қорғап жүрген белсенділерді тұтқындап жатыр. Мұнда басылым тіркелмеген “Атажұрт еріктілері” ұйымының басшысы Серікжан Біләштің үйқамаққа алынуын меңзеген.

- Өз халқына кесірін тигізетін саясат жүргізіп отырған Қытайды сынау мүмкіндігінің болмауы Қазақстанның Қытаймен қарым-қатынасты нашарлатып алмауға қаншалық тырысатынын дәлелдесе керек, - дейді International Policy Digest.

Британдық Financial Times газетінде жарық көрген «Қазақстандағы транзит шетелдік инвестиция жолындағы кедергіні алып тастады» деген мақалада автор Қазақстанда биліктің бейбіт жолмен ауысуын жақсы бағалайды әрі 9 маусымдағы президент сайлауынан кейін елді кім басқаруы мүмкін деген тақырыпқа болжам жасайды және жаңа үкіметтің экономикада құрылымдық өзгеріс жүргізу мүмкіндігіне қатысты пікір айтады.

Басылымның жазуынша, 9 маусымда кезектен тыс сайлау өткізу туралы хабар Қазақстанның негізгі қор индексін екі пайызға жоғарылатты. Назарбаев кенеттен отставкаға кеткеннен бері акциялар бес пайызға қымбаттаған.

«Мұндағы басты белгісіздік – сайлаудан соң билікке кімнің келетіні. Бұрынғы президенттің қызы Дариға Назарбаева әкесі отставкаға кеткеннен бірнеше сағат өткен соң сенат төрайымы болып сайланды, сөйтіп ол билік иерархиясындағы екінші адамға айналды» деп жазады Financial Times. Дегенмен, басылым Назарбаеваның да, Тоқаевтың да сайлауға түсетіні туралы ештеңе айтпағанына назар аудартады.

Британ басылымы GPW консталтинг агенттігінің саяси тәуекелдер бөлімінің басшысы Ливия Падждың «Елде іскерлік әріптестері бар инвесторларды билік үшін күрес толғандырады… [Қазақстанда] кеше ғана сені жақтаған адамның сені қолдамай қалу қаупі үнемі бар» деген пікірін келтіреді.

Қарай отырыңыз: Назарбаева сайлауға қатыса ма? (11 сәуір 2019 жыл).

Назарбаеваның айтқаны және сайлау шығыны
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:28 0:00

НАРАЗЫЛЫҚ ШАРАЛАРЫНАН ҚАНДАЙ САБАҚ АЛДЫҚ?

Британдық Open Democracy онлайн-платформасының сайтында жарияланған “Қазақстан режимі азаматтардың наразылығынан қандай сабақ алды?” деген мақалада соңғы жылдары Қазақстанда болған наразылық шаралары сарапталып, биліктің оларға берген жауабы сөз болады.

Соңғы наразылық шаралары Астанадағы бес баланың қазасына алып келген өрттен соң басталды, ақпан айында Жаңаөзенде еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен жұмысшылар көтерілді, “Нұр Отан” партиясының съезі кезінде Алматы мен сол кездегі Астанада наразылықтар болды, бұдан соң көп қалада астананы Нұр-Cұлтан етіп өзгерту туралы ұсынысқа қарсы адамдар көшеге шықты.

Қарай отырыңыз: 2018 жылы болған наразылықтар мен ұстаулар.

2018 жылы болған наразылықтар мен ұстаулар
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:14 0:00

Open Democracy-дің жазуына қарағанда, кей сарапшылар “елдегі наразылық өршіп келеді” десе, енді бірі “наразылық бұрын да болған, соңғы кездері ол тек жиі көрініс бере бастады” деп санайды.

«Қалай болғанда да Қазақстанда шерудің өзі – ерекше нәрсе, режимнің түрлі ерекшеліктері бойынша авторитарлық саналатын елде наразылық өте сирек болады» деп жазады автор.

Сайттың жазуынша, алдыңғы наразылық шаралары сияқты бұл жолғыларын да күшпен басып тастаған. Дегенмен үкіметтің мұндай наразылыққа жауабы әркелкі.

«2011 жылы Жаңаөзендегі ереуілдеуші мұнайшыларға қарсы қатаң шаралар қолданылса, 2019 жылы (Қазақстанның көп қалаларында көп балалы аналар өмір сапасын жақсартуды талап етіп наразылық білдірген соң – ред.) үкімет отставкаға кетті. […] Мұндағы басты нәрсе – билік өзі үшін өте құнды сабақ алды: тұрақтылықты сақтау үшін билік халықты тыңдайтынын көрсетіп, олардың талаптарын орындауы керек» деп жазды Open Democracy.

Мақалада аймақтағы елдердің наразылық шерулеріне көзқарасы бірдей деген пікір айтылады. Украина мен Қырғызстандағы «түрлі-түсті революциялардан» соң аймақ елдері, соның ішінде Қазақстан, азаматтық қоғамды, үкіметтік емес ұйымдарды және саяси оппозицияны шектеу бойынша шаралар қолданды.

«Қазақстанның жағдайы әсіресе қызық, себебі елде "түрлі-түсті революция" болған жоқ, ал билік толқуды басып отырды. 2011 жылы сегіз ай бойы ереуілдеткен 16 мұнайшыны полиция атып өлтіргенде Қазақстан үшін тұрақтылық деген – тәртіптің болуы, ал тәртіп – бөтен пікірдің болмауы екені байқалды» деп жазады Open Democracy.

Дегенмен авторлар Қазақстандағы билікте «ойлау эволюциясы» бар екенін байқаған. Бұл үшін авторлар Жаңаөзендегі наразылықты басып тастау мен одан бес жылдан кейін болған жер митингілерін салыстырған.

«Жаңаөзендегі жағдай сияқты 2016 жылғы жер митингілері кезінде билік 21 мамырда бейбіт түрде наразылық білдіруге жиналғандарды төңкеріс жасамақ болды деп айыптап, саяси белсенділікті басып тастауға күш салды». Дегенмен режим «күш қолданудан тартынды, оның орнына шенеуніктер мен азаматтық қоғам өкілдерінен комиссия құрды, бұл комиссия аз ғана уақыт жұмыс істеп, 2016 жылғы тамызда тарап кетті» деп жазады Open Democracy,

«Билік тұрақтылықты сақтау үшін қоғамның өзгермелі талаптарына жауап беріп, тым болмаса диалог бар екенін көрсету керек екенін түсінген сияқты. Бұл сабақ биыл ақпанда кәдеге асты, Назарбаев үкіметті отставкаға жіберді» деп жазады Open Democracy.

«Соған қарамастан, Шыңжаңда этникалық қазақтардың қамалуына БАҚ-тың назарын аударып жүрген белсенді құқық қорғаушы Серікжан Біләшті, Жаңаөзен мен Астанада қала атының ауысуына байланысты наразылық туралы хабар таратқан Азат Еуропа/Азаттық радиосының екі тілшісін қамауы Қазақстанда құқық қорғау және шетін тақырыптарды жазу әлі де табу екенін аңғартады» деп жазады мақала авторлары.

ЕҢБЕГІ БАҒАЛАНБАЙТЫН МҰҒАЛІМДЕР

Вашингтонда шығатын Diplomat газеті «Айлығы төмен, жұмысы көп, еңбегі бағаланбайтын Қазақстан мұғалімдері» деп аталған мақалада елдегі ұстаздардың ахуалын сараптаған. 2018 жылдың қазан айында халыққа жолдауында елдің сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке мұғалімдердің мәртебесі туралы заң жобасын әзірлеу жөнінде тапсырма берген. Сонымен бірге мұғалімдер арасында өз мамандықтарына қатысты пікірлері туралы сауалнама жүргізілген.

«Респонденттер берген жауаптар онша таңғалдырмайды. Мұғалімдер – балаларды жақсы көргендіктен ғана бұл жұмысты таңдайтын нағыз альтруистер болып шықты. Бірақ ұстазды мектеп сыныбында ұстап тұру үшін бұл да жеткіліксіз болуы мүмкін. Зерттеулер көрсеткеніндей, Қазақстандағы мұғалімдердің айлығы аз, жұмысы көп, еңбегі бағаланбайды. Алдағы бес жылда қазір мұғалім болғысы келгендердің көбінің бұл жұмыстан кетіп қалу (немесе дәріс оқуды мүлде бастамау) ықтималдығы өте жоғары» деп жазады Diplomat.

Нұр-Сұлтандағы мектептердің бірі. Көрнекі сурет.
Нұр-Сұлтандағы мектептердің бірі. Көрнекі сурет.

Алғаш жұмыс бастаған мұғалімдердің жалақысы - елдегі ең төмен жалақылардың бірі. Олар айына 200-250 доллар алады, бұл бастапқы орташа жалақыдан 40 пайызға төмен. Сауалнама нәтижелері көрсеткеніндей, сұралғандардың 86 пайызы мұғалімдердің әдетте тым көп жұмыс істейтінін, соның кесірінен көбінің бұл кәсіпті тастап кететінін айтқан. Сонымен бірге, басқа мамандықтарға іріктеуден өте алмаған абитуриенттердің біраз бөлігі педагогика факультеттеріне түседі.

Жағдайды жақсарту үшін авторлар Қазақстанға мұғалімдердің жалақысын көтеріп, студенттерді жоғары оқу орындарына іріктеу тәртібін қатаңдатып, мұғалімдердің жүктемесін азайтуды ұсынады.

«Мұғалімдер туралы арнайы заң қабылдау - әрине, маңызды бастама. Бірақ оны орындау үшін әрі үкіметтің мұғалім жағдайын шынымен жақсартуға деген ниетін байқату үшін ең алдымен мұғалімдерге лайықты құрмет көрсетуге кедергі келтіретін басты практикалық кедергілерді алып тастау керек» деп жазады мақала авторы.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG