Accessibility links

"Еркін вассалдар". Ресей патшалығы қазақ даласын қалай жаулады?


Тарихшы Гүлнәр Кендірбай Колумбия университеті қалашығында. АҚШ, 2019 жыл. Гүлнәр Кендірбайдың жеке архивіндегі сурет.

АҚШ-та тұратын тарихшы Гүлнәр Кендірбай жаңа зерттеуінде 16-19 ғасырдағы Ресей империясының дала шекарасын қалай кеңейткенін, қоңсы көшпенді халықтармен қандай саясат ұстағанын саралаған. Ғалым қазақтардың өзіне тиімсіз санаған кездері патшамен арадағы келісімді мойындамай, қалыптасқан жағдайға байланысты еркін, тәуелсіз әрекет етуге тырысқанын айтады.

АҚШ-тағы Колумбия университетінің профессоры Гүлнәр Кендірбай Ресей империясы, бұрынғы Совет одағы, Орталық Азия, Ішкі Азия аймақтарындағы шекара мәселесі, колониализм, ислам, Орталық Азияның әлеуметтік және интеллектуалдық тарихын зерттейді. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдаған ол Венгрия мен Германияның оқу орындарында білімін жетілдіріп, ғылыми зерттеумен айналысқан.

Жақында ғалымның "Russian Practices of Governance in Eurasia. Frontier Power Dynamics, Sixteenth Century to Nineteenth Century" ("Еуразияны билеудегі Ресей практикасы. 16-19 ғасырлардағы биліктің шекара динамикасы") деп аталатын кітабы ағылшын тілінде жарыққа шықты.

Тарихшы Азаттыққа берген сұхбатында осы зерттеуіне арқау болған тақырып жайлы әңгімеледі.

"ЕРКІН ВАССАЛДАР"

Азаттық: Кітабыңызда 16-19 ғасырдағы Ресей империясының Орталық Азия мен Еділ бойындағы отаршыл саясаты Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін Совет елдерінде "жаулап алу, басқыншылық" аталғанын еске саласыз. Осы арқылы большевиктер өзін құтқарушы ретінде көрсетуге тырысқаны айтылады. Соғыстан кейін бұл "Ресейге өз еркімен қосылғандар" туралы риторикаға алмасты. Сіз Ресей империясының дала өңіріндегі "экспансиясы" туралы айтасыз. Осы арқылы нені меңзеп отырсыз?

Гүлнәр Кендірбай: Ағылшын тіліндегі expansion сөзін Сібірдің, Қиыр Шығыс пен Орталық Азияның ұлан-байтақ жерін қосып алу арқылы Ресей империясының өсіп, ұлғаюы мағынасында қолданамын. Көпке белгілі болған мәліметтерге қоса әлі жарияланбаған деректерді зерттеу барысында мынандай қорытындыға келдім: Ресей империясының өсу динамикасы 19 ғасырдың ортасына дейінгі дала өлкесімен шекарасының кеңею динамикасы арқылы анықталып отырды.

Ол жерлер сол кезге дейін дала фронтирі (ағылшынша frontier – жаңадан қоныстанушылар орналасқан жер мен әлі игерілмеген жердің арасындағы шекара – ред.) қалпында қалған еді. Ресейдің батыс шекарасымен айырмашылығы да осында. Басқаша айтқанда, империяның шығысы мен оңтүстігінде нақты белгіленген шекарасы болмады, үш ғасырдай уақыт ішінде үнемі өзгеріп, ауысып отырды.

Шын мәнінде жағдай қандай еді? Батыс шекара әскери жорықтардан кейін дипломатиялық келіссөз арқылы нақтыланса, даламен шекарасының басым бөлігінде еркін аймақтар болды. Ол өңірлерде шекараға қоңсы көшпенді халықтар емін-еркін жүретін.

Тіпті бұл жағдай Ресей мен Цин империясы арасындағы Нерчинск (1689) пен Кяхта (1727) келісімдері бекіген соң да бәлендей өзгерген жоқ. Осы ахуал көп жағдайда көшпенділердің саяси мәдениетіндегі бодандық пен дербестіктің мағынасы және қолданысы бөлек болғанын көрсетеді.

Азаттық: Кейбір хандықтардың Ресейдің "еркін вассалы" болғанын айтасыз. Еркін болса, неге вассал? Вассал болса, неге еркін?

Көшпенділер бодандықтың территориялық аспектілерін мойындамай, өздерін Ресей патшасы мен Цин императорының еркін вассалы санады.

Гүлнәр Кендірбай: Мұны тәуелділіктің әртүрлі категориясына қарай ажыратуға болады. Тиісінше әрбір жағдайды жеке қарастырған дұрыс. Кей жағдайда қалмақтар мен қазақтар ақ патша бодандығын номиналды түрде мойындағанымен, көбіне сол кезде қалыптасқан жағдайға байланысты тәуелсіз әрекет еткен. Олармен қоса басқа да көшпенділер бодандықтың территориялық аспектілерін мойындамай, өздерін Ресей патшасы мен Цин императорының еркін вассалы санады. Бұл іс барысында көшпенділердің өзіне тиімсіз деп тапқан жағдайды қос империямен арадағы келісімін бұза алатынын байқатты.

Оның жарқын мысалын Орта жүз ханы Абылай көрсетті. Ол орыс пен цин билігі арасында емексіту саясатын ұстана отырып, өз еркіндігін сақтап қалды. Абылай хан қажет болғанда, тіпті көп жағдайда өзі орайластырып, орыс пен қытай билеушілеріне адал болуға ант беріп, екеуінен де әскери көмек болмаған соң сертін бұзып отырды.

"ИМПЕРИЯНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНДА ДАЛА ШЕКАРАСЫ ШЕШУШІ РОЛЬ АТҚАРДЫ"

Азаттық: Шекара тақырыбын зерттегенде сізді Ресей тарихы көбірек қызықтырды ма, әлде көшпенділердің бодандық тарихы қызықты көрінді ме?

Гүлнәр Кендірбай: Бұл кітабым Ресей империясының алғашқы қалыптасу кезеңіне арналған. Осы аралықтағы Ресейдің даламен шекарасының кеңею динамикасы ерекше қызықтырды. Кітапта қалмақтар мен қазақтардың мысалы арқылы ғылымда орныққан империяның дала өлкесін жаулау тұжырымдамасы мен орыс емес халықтардың Ресейге өз еркімен қосылу тұжырымдамасына қарсы дау айтамын. Империяның қалыптасуында шешуші роль атқарған дала шекарасы (дала фронтирі) факторы туралы дәлелдер келтіремін. Бұл фактор көбіне көшпенді халықтардың билік, дербестік пен бодандық туралы түсініктері арқылы ажыратылады. Өйткені осы айтылғандар туралы көшпенділердің түсінігі орыс пен қытайды қоса алғанда өзге отырықшы халықтардан басқаша болатын.

Жетісу қазақтары. Павел Лейбиннің фотосы.
Жетісу қазақтары. Павел Лейбиннің фотосы.

19 ғасырдың ортасынан бастап соңына дейінгі кезеңде орыс және империяның шығыс пен оңтүстік шекараларындағы орыс емес халықтардың өзара тарихи қатынасы өзгере бастады. Бұған Цин және Ресей империялары арасындағы шекараның түпкілікті нақтылануы себеп болды.

Азаттық: Цин империясының көшпенділерге бағытталған саясатын қалай бағалауға болады? Жоңғар хандығы тәрізді субъектінің жойылып кетуі Цин империясының күштілігін көрсете ме? Оның Ресейге әсері қандай еді?

Орыс пен қытай билеушілері көшпенділермен өзара ашық әскери қақтығыстан қашқалақтап, әрқайсысы оларды өзіне тартуға тырысты.

Гүлнәр Кендірбай: 18 ғасырдың ортасында Цин империясының Жоңғар хандығын талқандауы орыс пен қытай билігін алаңдатқан көшпенділер шабуылы қаупін едәуір азайтты. Дала шекарасын бұл екеуі сондай қауіппен байланыстыратын. Алайда ондай фактор біржолата жоғалып кеткен жоқ. Жоңғарлардың орнын Ресей патшасына да, Цин императорына да бағынбай, саяси тәуелсіздігін көксеген басқа көшпенді халықтар басты. Сондықтан орыс пен қытай билеушілері олармен өзара ашық әскери қақтығыстан қашқалақтап, әрқайсысы көшпенділерді өзіне тартуға тырысты.

ӘСКЕРИ РЕСУРС ЖӘНЕ АУДАРМАНЫҢ АУЫРТПАЛЫҒЫ

Азаттық: Орталық Азиядағы бодандық тарихын зерттегенде қандай мәселеге назар аудару керек деп ойлайсыз? Қазіргі тарихшылар қандай мәселені ескермей жүр?

Гүлнәр Кендірбай: Маған көшпенділердің қарастырылып отырған кезеңдегі әскери ісін егжей-тегжейлі зерттеу қызықты көрінеді. Әсіресе, жоңғарлар мен өзге де көшпенділердің от қару жасап, қолдануы және ашық даладағы соғыс тәсілдері назар аудартады.

Мен зерттеген деректерде көшпенділер әскерінің орыс әскерінен артықшылығы негізінен жалпылама түрде бірнеше рет көрсетілген. Цин әскері жоңғарлармен соғыста не жоңғарлардың өзін, не шығыс моңғолдарды (халха) жиі пайдаланған. Бұл жорықтарға Цин әскерінің қаншасы, қалай қатысқанын, олардың ролін зерттеу де қызықты болар еді.

Азаттық: Өзіңіз зерттеген кезеңдегі бұрын беймәлім болып келген немесе аса белгілі болмаған мәселе ретінде нені баса айтар едіңіз?

Зерттеулер екі тараптың да жазбаша құжаттарға толығымен иек артпай, өзара ауызша да ақпарат алмасқанын көрсетеді.

Гүлнәр Кендірбай: Осы айтылғандарға қоса кітабымда көшпенділер элитасы мен орыс билігі арасында байланыс орнатуда ақпаратты ауызша жеткізудің маңызы туралы фактілерді келтіремін. Бұған осы күнге дейін тарихшылар лайықты баға бермеген. Ресей мен Қазақстанның, оған қоса шетелдің жетекші тарихшылары орыс шенеуніктері мен орыс емес элитаның арасындағы байланысты сауатты тілмаштардың жоқтығы қиындатып, аударма дұрыс жасалмаған деген қорытындыға келген. Бұл жағдай көбіне орыс билігінің аталған элита өкілдері ақ патшаның боданы болуға өз еркімен келісті деп көрсетуіне қолайлы болды. Зерттеулер екі тараптың да жазбаша құжаттарға толығымен иек артпай, өзара ауызша да ақпарат алмасқанын көрсетеді.

Тағы бір ескеретін фактор – моңғол, жоңғар, қалмақ, қазақ және басқа да көшпенді халықтардың әскери ресурсы орыс пен қытай әскерінен қалыспағанымен қоймай, кейде тіпті одан асып түскен. Бұл ең алдымен көшпенділер күшінің саны мен жылдамдығына және ашық далада салыстырмалы түрде ұзақ уақыт тынбай соғысу қабілетіне байланысты еді. Ол кезде орыс пен қытай әскеріне ондай қасиет тән емес еді. Осы факторлардың бәрі ақ патша мен Цин императорының көшпенділерді өзге бодандары сияқты өз боданы етуіне кәдімгідей кедергі жасады. Көшпенділер өз өмір салтын отырықшы көршілерімен салыстырғанда анағұрлым артық санады. Осы қос бірдей империяның ең мықты қарсыласы – жоңғарлар от қаруын қолданып қана қоймай, оны жасауды да меңгеріп алды. Бұл фактор номадизмнің өмір салты ретінде жойылуына от қару себеп болды деген ғылымда орныққан пікірді қайта қарауға негіз бола алады.

Цин императорына келетін болсақ, ол көшпенділерге қарсы жорықтарда негізінен шығыс моңғолдардың (халха) күшіне сенді. Олар қарсыластары – жоңғардың бетін тойтару үшін 1691 жылы өз еркімен Цин империясының боданы болды. Сондықтан халха моңғолдар Цин императоры жағында соғысты. Бұл аралықта орыс патшалығы да тарихта Бұлғақ кезең (1598-1613) деген атаумен белгілі терең саяси-экономикалық дағдарысты өткеріп жатқан. 17 ғасырдың соңына дейін жалғасқан бұл дағдарыстан Ресей баяу және ауыр зардаптармен шықты. Бұл да оның көшпенділерге қарсы айтарлықтай әскери жорық ұйымдастыруына қосымша кедергі болды.

Осы аталған факторлар Ресей империясының 19 ғасырдың ортасына дейін ұланғайыр дала шекарасындағы саясатының негізгі бағытын көшпенділерді өзіне бағындырып, кейін оларды империя құрамына енгізуі емес, солар үнемі төндіріп келген шабуыл қаупі айқындап берді деген қорытындыға жетелейді. Мұндай қауіп-қатер 18 ғасырдың ортасында Цин империясы Жоңғар хандығын талқандаған соң азайғанымен, біржолата сейіліп кетпеген еді.

Зерттеулер орыс және қытай шенеуніктері көшпенділердің саяси мәдениеті ерекшеліктерін жақсы білгенін көрсетеді. Олар көшпенділер элитасымен қатынаста көбіне әлгіндей біліміне сүйеніп дипломатиялық ықпал ету тәсілін қолданған. Сол ерекшеліктерді ескере отырып шенеуніктер ақыр соңында элитаны өз мүддесіне бағындырудың жолын таба білді.

Сонымен бірге бұл зерттеу бұрыннан келе жатқан тағы бір пікірді – Ұлы Петрдің вестернизацияға бет бұрған реформасынан кейін оның ізбасарлары дала өңіріндегі саяси механизмдерді қолдану тәжірибесінен бас тартты деген тұжырымды да жоққа шығара алады. Ұлы Петрдің өзі де, оның ізбасарлары да 19 ғасырдың ортасына дейін көшпенділермен дипломатиялық қатынас орнату ісінде осы механизмдерді қолданып келгені зерттеуімде көрсетілген.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG