Accessibility links

Әкежан Қажыгелдин: "Назарбаев менен кешірім сұрады"


Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин (оң жақта) және журналист Қасым Аманжол. Скайп-сұхбат. 6 қыркүйек 2019 жыл.
Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин (оң жақта) және журналист Қасым Аманжол. Скайп-сұхбат. 6 қыркүйек 2019 жыл.

1994-1997 жылдары Қазақстан премьер-министрі болып, 1998 жылы елден кеткен Әкежан Қажыгелдин Азаттыққа берген сұхбатында шетелде бірнеше рет Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескенін айтты.

6 қыркүйекте Алматыда «Ақиқат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының 15-съезінде партия басшыcы Ермұрат Бапиға ЖСДП мүшелері сенімсіздік білдіріп, ақырында Бапи төрағалықтан кетіп, партиядан да шығарылды. Жиында кейбір партия мүшелері Бапидың биыл көктемде бір топ белсендімен Парижге барып, Қазақстанның бұрынғы премьері Әкежан Қажыгелдинмен партия рұқсатынсыз кездескенін айыптады. Бапидің орнына Асхат Рақымжанов партия жетекшісі болып сайланды.

Дәл осы күні Нұр-Сұлтанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық сенім кеңесінің алғашқы жиыны өтті. Бұл кеңесті Тоқаев халық пен билік арасында диалог орнату үшін құрған еді. Қажыгелдин Азаттыққа берген сұхбатында ЖСДП-дағы дау мен Ұлттық сенім кеңесінің жиыны жайлы айтты.

Сұхбаттың толық нұсқасын көріңіз:

«БҰЛ – НАЗАРБАЕВ ПЕН ДАРИҒАНЫҢ ІСІ»

Азаттық: Партия мүшелері Бапиді орнынан алып тастағанда оның Парижде Қажыгелдинмен және Атырау облысының экс-әкімі, сырттай сотталған Бергей Рысқалиевпен кездесуді себеп қылды. Партия мүшелері «Бапи солардың ықпалына түсуі мүмкін» деді. Бұған не дейсіз?

Әкежан Қажыгелдин: Партияның жаңадан сайланған жетекшісі Асхат та Париждегі кездесуге қатысқан. Логика қайда? Ермұратты [Бапи] кездесу үшін қатардан шығарып жатса, Асхат Рахымжановты сайлауы қалай? Парижге жиналуға ешкім ешкімді қинаған жоқ. Жігіттер алда келе жатқан сайлау туралы пікір алмасуға өздері жиналды. Асхатқа сәтті саяси сапар тілеймін. Ақырғы 4-6 жылдай бұл партия ұйықтап жатқан партия болды.

Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюросы ұйымдастырған Париж конференциясының қатысушылары. Отырғандар (солдан оңға қарай): Ермұрат Бапи, Әкежан Қажыгелдин, Бергей Рысқалиев және Серік Медетбеков. Бірінші қатарда: Асхат Рақымжанов (оң жақта). Париж, 21 мамыр 2019 жыл.
Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюросы ұйымдастырған Париж конференциясының қатысушылары. Отырғандар (солдан оңға қарай): Ермұрат Бапи, Әкежан Қажыгелдин, Бергей Рысқалиев және Серік Медетбеков. Бірінші қатарда: Асхат Рақымжанов (оң жақта). Париж, 21 мамыр 2019 жыл.

Азаттық: Бүгінгі өзгеріс туралы кейбір саясаткерлер «мұның артында кейбір саяси күштер тұруы мүмкін» деді. Бұған не айтасыз?

Әкежан Қажыгелдин: Әрине, олардың артында тұрған күштер бар. Ең біріншісі – бүгінгі билік. Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысы жоқ. Ол кісіге мұндай тірлік қажет емес.

Азаттық: Ақорданың қатысы жоқ дейсіз ғой?

Әкежан Қажыгелдин: Ақорданың, Тоқаевтың қатысы жоқ. Бірақ [президент] әкімшілігінің қатысы бар. Мұның артында тұрған – [Қазақстанның бұрынғы президенті] Нұрсұлтан Назарбаев пен оның үлкен қызы Дариға [Назарбаева].

Азаттық: Партияға ықпал етуге ойларыңыз болды ма?

Әкежан Қажыгелдин: Париждегі кездесуде демеуші ретінде менен басқа, Бергейден басқа төрт адам отырды. Оның үшеуі Қазақстаннан келді. Біз бүгінгі заңды – жақсы болсын, жаман болсын, ұнасын, ұнамасын – біліп отырмыз. Бәрін біліп отырмыз ғой. Сондықтан партия демеушілері – елде отырған азаматтар.

«НҰРЕКЕ, СІЗ ХАЛЫҚТЫ ЕКІГЕ БӨЛІП ЖҮРСІЗ»

Азаттық: 6 қыркүйек күні Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Сіз оны бақылай алдыңыз ба? Сенім кеңесінен үміт күтесіз бе?

Тоқаевқа бүгін өте сауатты, қолында нақты билігі бар, халықтың өзі дауыс беріп, таңдаған парламент керек. Назарбаевтың құрған командасы Тоқаевқа артық қадам жасауға мүмкіндік бермейді.


Әкежан Қажыгелдин: Бұл кеңестен бір нәтиже шығуы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа екі нәрсе керек. Бірі – мінез, екіншісі – жақсы мінезі мен білімі бар команда. Мен іштей Тоқаевты жақсы біліп отырмын. Ол – сауатты, білімі бар азамат. Оның ішкі көзқарасы Нұрсұлтан Әбішұлының көзқарасымен сәйкес емес. Мен оған сенбеймін. Ол тарихта өзінің ізін қалдырғысы келсе, бүгінгі тіршілік оған жеткізбейді. Ол үшін халықты жинап, әкімшілік таңдаған емес, кездесуге кіре алмай жүргендермен жиналыс өткізуі керек. Бұл – бірінші мәселе.

Екіншіден, Тоқаевқа бүгін өте сауатты, қолында нақты билігі бар, халықтың өзі дауыс беріп, таңдаған парламент керек. Жанында отырған бюрократтармен ол кісі соғыса алмайды, тіке айтқанда. Назарбаевтың құрған командасы Тоқаевқа артық қадам жасауға мүмкіндік бермейді. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгіннен бастап халыққа қарсы емес, халыққа сүйенуі керек. Халыққа сүйенсе, ойындағы бағдарламасын орындайды. Тоқаев бірдеңе шешемін десе, Дариға Назарбаеваны босатуы керек. Сенатта отырған Дариға халықтың ашуын тудырып отыр. Сол мәселені шешпей, әңгіме болмайды. Одан соң Конституцияны өзгерту керек. Халықтың алдына мәселе ретінде қою керек. Нұрекең демалысқа шықпай, ол кісі қызметтен кетпей, бұл елде ешқандай өзгеріс болуы мүмкін емес. Мұны көшеге шығып халық не Тоқаевтың өзі жасауы мүмкін.

Әкежан Қажыгелдин.
Әкежан Қажыгелдин.

Азаттық: Конституция бойынша президенттің ықпалы зор, мүмкіндігі жоғары. Назарбаев бар кезде Тоқаев өз өкілетін пайдалана отырып, дербес, тәуелсіз әрекет етіп кете ала ма?

Әкежан Қажыгелдин: Заң бойынша, өкілеті жеткілікті. Мәселе мінезде. Ұлттық үлкен компанияның быт-шытын шығарып, 6 миллиард доллар банкрот жасаған адамды (Асқар Маминді) үкімет басшысы етіп тағайындап отыр (Мамин “Қазақстан темір жолы” компаниясын басқарып тұрғанда кредиторлар алдындағы қарызы 6 миллиард доллар болғаны хабарланған – ред.). Бұл қайда бара апаратын шешім? Ұлттық банк ақшасын шетелдегі кішкентай, бұрышта тұрған банктерге апарып салып қойған. Оның ішінде Әзербайжандағы зейнетақы қорының (БЖЗҚ-ның шамамен 225 миллион доллары салынған Әзербайжан банкі банкротқа ұшыраған. Қазақстан билігі бұл ақшаны қайтаруға тырысып жатыр – ред.) қаржысы бар. Оған ешкім жауап бермейді. Неге Ұлттық банктен миллиардтаған теңге көмек сұраған банктің («Халық банкпен» біріккен Qazkom банкті айтады – ред.) акционерлері мен басшылары жауапқа тартылмайды. Бірақ бұрынғы «Тұранәлем банкінің» басшысының (Мұхтар Әблязов – ред.) шетелде қуғында жүргеніне 10 жыл болды. Мәселе – қарым-қатынаста. Нұрекең қазақтың таңдаулы жігіттерінің жеке басын жек көреді, солардың соңына түсіп алады. Мен ол кісімен кездестім. Бүгін айтайын енді.

Азаттық: Кіммен?

Әкежан Қажыгелдин: Нұрсұлтан Назарбаевпен.

Азаттық: Қашан?

Әкежан Қажыгелдин: Бірнеше рет.

Азаттық: Кейінгі жылдары ма?

Әкежан Қажыгелдин: Иә, мен шетте жүрген кейінгі жылдары. Мен ол кісі «Нұреке, сіздің ең басты кемшілігіңіз – сіз қазақты бөліп жүрсіз. Жаныңызда Рахат бар, Тимур бар, анау бар, мынау бар. Мен неге жоқпын? Менің кінәм не? Сізге дұрыс сын айтқанымда ма? Сіз қызметке шақырғанда «Мен сізге ұнасын, ұнамасын – шындықты айтып тұрамын» деп келісіп едік қой. «Жарайды» деген сол кезде. Мен ол кісімен әңгімені «Нұреке, біліп жүріп айтпады демеңіз. Сол үшін айтам» деп бастайтынмын. Содан соң менен кешірім сұрады ғой. «Айналайын, кешір, біз жасаған тіршілік артық болып кетті» деді. Мойындайды. Бұл әңгіме АҚШ өкілдерінде жазылған. Кездесуден шыққан соң басқаша жасайды. Бізге ондай ұлттық лидерлердің керегі жоқ. Бізге керегі – сауатты, халықтың мүддесін ойлайтын лидерлер. Нұрекең өзінің бар жетістігі – отбасын бай етті, өзі 30 жылдай билікте отырды. Енді «шіркін-ай, балаларымды жеткізсем» дейді. Енді бұл халықтың қолында.

ШЕТЕЛГЕ КЕТКЕН АҚША ТУРАЛЫ

Азаттық: Сіздің қолыңызда Қазақстаннан заңсыз шығарылған қаржы көлеміне қатысты, ол жағдайларға дәлел болатын қандай құжаттар бар?

Әкежан Қажыгелдин: Шетелде KIAR (Kazakhstani Initiative on Asset Recovery – ред.) деген ұйым бар. Оның мүшелері – Қазақстаннан кеткен қазақтар ғана емес, құрамында Германия, Франция, Ұлыбритания, Канада мен АҚШ-тан қосылған журналистер бар. Үкіметтік емес ұйым сияқты. Біздің бүгін сол ұйым арқылы дәлелдай алатынымыз – 70 миллиард долларға жуықтайды. Бірақ, өзімнің, басқа да бақылаушылардың санауынша, 180-200 миллиард доллардай.

Азаттық: Ол қаражат қандай жағдайда қайтуы мүмкін?


Әкежан Қажыгелдин: Тоқаев қоғаммен, журналистермен бірігіп, шетелден заңгерлерді шақырса, бізге үндеу жасаса, көмектесеміз. Оны 18 айда қайтаруға болады. Дұрыс амнистия қабылдап, заң шығарса, 80 пайызын қайтаруға болады.

Азаттық: Ол қаражат нақты бір азаматтар атына тіркелген бе, әлде белгісіз заңды тұлғалар атында ма?

Әкежан Қажыгелдин: Ең бірінші, олар офшор компаниялардың артына тығылған. Panama Papers дегенді оқыдыңыз ғой. Оның арасында Дариға да, «Қазкоммерцбанктің» бұрынғы басшылары да бар. Оның бәрі белгілі. Ол офшор компанияның артында Қазақстанда туып-өскен азаматтар, Назарбаев отбасының мүшелері, министрлер мен ұлттық банктің бұрынғы басшысы бар. Сауат Мыңбаев деген қазір «Қазақстан темір жолын» басқаратын, көп жыл «ҚазМұнайГаз» бен «Самұрық-Қазына» компанияларында басшы болған кісінің атында бізге белгілі үш жердің өзінде ақша жатыр.

«ЕЛГЕ БҮГІН ЖЕТУГЕ ДАЯРМЫН»

Азаттық: Сіздің қазіргі статусыңыз қандай? Іздеу жарияланған тұлғасыз ба? Қазақстан билігі сұрата ма?

Әкежан Қажыгелдин: Мен өзім қызық бір жағдайдамын. Бір жағынан үкімет мені елге келтіргісі келмейді. Көреміз енді Қасым-Жомарт Тоқаевтың қалай боларын. Нұрекең менен қорқыңқырап жүреді. Бірақ менің пікірімді сыйлайды. Мысалы, 2009 жылы экономикалық дағдарыс кезінде, сосын «ұрланған ақшаны қайтарайық» деп ұсыныс жасағанда екі рет менен тікелей шығып, «меморандум жазып берші» деген. Жазып бердім.

Азаттық: Назарбаев па?

Әкежан Қажыгелдин: Иә, Назарбаев. Мен ол кісіге бір қағаз емес, 1 сағат 10 минуттық аудиохабарлама жібердім. Оның ішінде «Кәрім Мәсімов үкімет басшысы ретінде жарамайды. Содан құтыл» деп айттым. Ол Мәсімовті шақырып алып, «Мен Әкежаннан хабар алдым. Сені қызметінен алып тастасын деп ұсынып отыр» депті. Нұрекеңнің мінезі сондай – жігіттерді бір-бірімен шағыстырып жүреді. Ол кісі «Әй, мен болмасам, сендер құрисыңдар» деп арбитр ретінде отырады. Он шақты жыл бұрын үкіметті жинап алып «Әкежанды елге қайтарып әкелем. Екі аяқтарыңды бір етікке тығады» деп айтады екен. Оған тірі куәлер бар. Мен – көп қазақтың бірімін. Әрқашан еліме жаным ашып отырады.

Азаттық: Елге оралғыңыз келе ме?

Әкежан Қажыгелдин: Әрине, ертең жетуге даярмын.

Азаттық: Сізге заңдық тұрғыда шектеу жоқ па?

Әкежан Қажыгелдин: Кім біледі, Нұрекеңнің басында не барын. Ол Тоқаевтың емес, Назарбаевтың қолында.

Азаттық: Қазақстанда нені сағындыңыз?

Әкежан Қажыгелдин: Қазақстанның жерін, жусанның иісін сағындым. Тауларым қалды. Алатау… Бәрін-бәрін сағынамын. Бірақ бүгінгі технологияның арқасында музыка да, әңгімелер де, жаңалықтар да жетіп тұрады. Он шақты жыл бұрын қиын болатын.

Азаттық: Бүгінгі сұхбатта өтірік айтқан жоқсыз ба?

Әкежан Қажыгелдин: Менің білетінім, өтірік айту үшін басың мықты істеуі керек қой. Қолыңнан келсе, өтірік айтпа. Бұл – менің бірінші іштей сақтап жүрген заңым. Ал жаңа айтып кеткен нәрсенің бәрін сізге дәлелдей аламын.

Азаттық: Ең үлкен арманыңыз қандай?

Әкежан Қажыгелдин: Елге келіп, өзгерістер жасауға араласып, егемендігі мен бостандығы бар, әр қазаққа бірдей қарайтын мемлекет құру. Менің бірінші арманым – сол. Басқа арманым жоқ.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет!


  • 16x9 Image

    Қасым АМАНЖОЛ

    Қасым Аманжол – Азаттық радиосының тв-продюсері. 1977 жылы Шығыс Қазақстан облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін, Жүргенов атындағы Өнер академиясының кино және телевидение факультетін аяқтаған. 20 жылдан астам Қазақстанның телевизия саласында істеп келеді. Авторлық бағдарламалардың, деректі фильмдердің авторы. «Шынның жүзі» сұхбаттар циклын, «Анық Абай» деректі сериалын, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы жайлы фильмдерді, 2014 жылы Шығыс Украинадағы соғыс пен Қырым туралы фильмдер түсірген. 2015 жылдан бері Азаттықта тікелей эфирлер жүргізіп, тележобалар жасайды. Телетоптың жұмысына продюсерлік істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG