Accessibility links

"Сексеуілде тоқтаған пойыз, Шудағы шырғалаң". Қаңтарда шалғайдағы халық та билікке талабын жеткізуге талпынды


Қаңтар оқиғасы кезінде теміржол жабылып, Қызылорда облысы Сексеуіл станциясында тұрып қалған екі пойыздың жолаушыларына жергілікті халық азық-түлік, ыстық тамақ беруді ұйымдастырған. Азаттыққа Сәкен Төрешов жіберген фото. 5 қаңтар 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде теміржол жабылып, Қызылорда облысы Сексеуіл станциясында тұрып қалған екі пойыздың жолаушыларына жергілікті халық азық-түлік, ыстық тамақ беруді ұйымдастырған. Азаттыққа Сәкен Төрешов жіберген фото. 5 қаңтар 2022 жыл.

Қаңтар оқиғасы Қазақстанның ірі қалаларында ғана емес, шалғайдағы аудандар мен ауылдарда да болды. Сұйылтылған газ бағасын 50 теңгеден асырмауды талап етіп, алаңға шыққан Жаңаөзен тұрғындарына қолдау көрсетіп, үн қосқан көпшіліктің талабы біртіндеп жергілікті жердегі проблемаларға ауып, әрі қарай саяси сипат ала бастағаны байқалған. Азаттық Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында болған оқиғаларды шолып, әр өңірдегі қоғам белсенділерінен сұрастырды.

"ШУДЫ ҚОРҒАУ"

Қазақстанның көптеген өңірлері секілді Жамбыл облысы Шу қаласында да белсенді азаматтар 4 қаңтарда "Жаңаөзенді қолдауға" шыққан. Шу қаласының тұрғыны, 1993 жылы туған Ақтөре Қомытовтың сөзінше, халық әуелі теміржол вокзалына жиналған.

– Митингі басталмай тұрып-ақ кей белсенділерді қамауға алған еді. 300-ден астам адам жиналған соң прокурор оларды босатуға уәде берді. Митингіге шыққандарды да қамамайтын болды. Бірақ сот санкциясы жоқ полицейлер ертеңіне үйімді тінтіп, есірткі іздегені таңырқатты, – дейді ол.

Ақтөренің сөзінше, Шудағы митингі кезінде қоғамдық тәртіп бұзылмаған. Жиналғандар әкімге әлеуметтік мәселелерін айтқан. 5 қаңтарда халық қайта жинала бастағанда, "Алматыдан тонаушылар келе жатыр, әркім өзі тұратын аймақты, ауылдарын қорғасын" деген хабар тараған.

Азаттық сөйлескен Шудың тағы бір тұрғыны Алмагүл Сәрсенбаеваның (өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді – ред.) сөзінше, митингіге жиналғандар 5 қаңтарда Шу ауданының орталығы Төле би кентіне қарай шерулеткен.

– Төле би кентіне баратын үлкен жол адамға лық толды. Кейбіреулер "Нұр Отан" партиясы кеңсесін өртейміз, жоямыз деген ұран тастады, оларды үлкен кісілер тоқтатты, – дейді ол.

Алмагүлдің айтуынша, "Алматыдан тонаушылар келе жатыр, халық ауылды өзі қорғасын" деген хабарды мекеме басшылары жоғарыдан түскен нұсқау ретінде таратқан.

– Жеңіне ақ лента таққан адамдар қолына ілінген қаруын ұстап, топ-топ болып Шуға кіретін жолдарды бақылап тұрды. Сол төңіректегі барлық ауыл сөйтті. Бір таңғаларлығы, бірде-бір полиция болған жоқ. Полиция бөлімін ішінен жауып, жарығын өшіріп, қаруларын сайлап отырғанын кейіннен көрдік. Полиция бөлімін қорғаңдар деген бұйрық түсіпті, – дейді ол.

Алмагүлдың сөзіне қарағанда, елдің ішінде "тонаушылар Қордай талқандап, енді Шуға келе жатыр-мыс" деген алыпқашпа сөз тараған. Ал Қордайдағы туыстарына хабарласқанда олар да тонаушыларға қарсы дайындалып отырғанын айтқан.

Алмагүлдің айтуынша, Шуды ерікті-қорғаушылар мен полиция арасында түсініспеушілік болып, соңы оқ атумен аяқталған.

– Полицейлер қызмет формасын тастап, жай киім, жеке көліктерімен қаланы бақылады. Қалада нөмірсіз мәшинелер көп жүрді. Кімнің кім екенін ажырату қиын еді. Полицейлер мінген көліктің бірі түнде еріктілер тұрған жерге барып, оларды мылтық ұстаған тонаушылар деп ойлап қалып, тоқтамай қашқан. Ал еріктілер оларды "Алматыдан келе жатқан тонаушылар" деп ойлап, қуа жөнелген. Шудың ішіндегі полиция бөліміне таяғанда қуып жетіп, көліктен түсіріп алып тепкілеген. Сол кезде бөлімнен шыққан полицейлер оқ атып, серіктерін құтқарып қалған. Екі адам ауруханаға түсті деген хабар бар. Полиция бөлімі алдында атылған қару дауысын өзім де естідім, қалада көп адам естіді, – дейді ол.

Шу қаласында болған жағдай туралы Шу ауданы әкімі орынбасары Ербол Айманбетовтен сұрадық. Оның сөзінше, Шуда қаңтардың бесі мен алтысына 300-ге жуық адам наразылыққа шыққаны да, еріктілер мен полиция арасында түсініспеушілік болғаны да рас.

– Наразылар аудан орталығы Төле би ауылындағы "Нұр Отан" партиясы ғимаратына түнгі екі-үштің шамасында барып, акт залы мен 2-3 кабинетін өртеп үлгерді. Өрт сөндірушілер өшірді. Тараздан түнде келе жатқан полицейлер Шуға кіреберісте тұрған еріктілердің кім екенін білмегендіктен қашып, полиция бөліміне жеткені рас. Бірақ жараланған ешкім жоқ, – деді әкім орынбасары.

Шу аудандық полиция бөлімі бұл оқиға жайлы сұрағымызға жауап бермеді.

Жуалы ауданы орталығы Момышұлы ауылында мыңға жуық наразы адам шыққан. Қаңтар оқиғасы Жамбыл облысы орталығы Тараз қаласында да болған еді.

Ресми ақпарат бойынша, Жамбыл облысында "тәртіпсіздіктерден кейін" 250-ден астам адам ұсталған. 20 қылмыстық іс, 104 әкімшілік іс қозғалған.

АРЫС ПЕН САРЫАҒАШТАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ

Әлеуметтік желіде тараған видеоларда Түркістан облысы орталығында да жүздеген адам шеруге шыққанын, оларды көшеде ұстап, автзакқа күштеп салып жатқанын байқауға болады.

4 қаңтарда Кентау қаласында мыңнан астам адам көшеге шығып, "Шал, кет!" деп ұрандатып, көшеде әнұран айтып жүрген. Түркістан облысының Шардара, Жетісай, Өзбекстанмен шекарадағы Жібек жолы (бұрынғы Черняевка – ред.), Сарыағаш, Арыс қалалары мен ауылдарында мыңдаған адам бастапқыда "Жаңаөзенді қолдау" акциясына шығып, соңы митингіге ұласқан.

Арыс қаласының тұрғыны Нұржан Сабырхан.
Арыс қаласының тұрғыны Нұржан Сабырхан.

Арыс қаласының тұрғыны Нұржан Сабырхан Арыстағы митингіден кейін 10 тәулікке қамауға алынған белсенділердің бірі. Оның сөзінше, Жаңаөзенді қолдау туралы хабар әлеуметтік желі арқылы тараған. 5 қаңтарда кешке қала орталығына мыңнан аса адам жиналған, митингі ертеңіне де жалғасқан. Полиция мен әкімшіліктің жиынды таратуға шамасы келмеген.

– Арыстың әлеуметтік мәселелерін, 2019 жылғы жарылыстан кейін үкімет уәдесінде тұрмағанын, көп үй жөнделмей қалғанын айттық. Соңына қарай "саяси жүйе ауыссын, шал ғана емес, бәрі кетсін, "Нұр Отан" партиясы тарасын деген талап қойдық, – дейді ол.

Нұржанның сөзінше, Арыс қаласында 6 қаңтарда интернетті ажыратып тастаған. Бірақ Алматыда, Шымкентте халықты атып жатыр деген хабар жете бастаған. 7 қаңтарда наразы топ Нұржан Сабырханның үйіне келіп, әкімдікке халықтың мұң-мұқтажын айтуды тапсырған.

– Мені аудан әкімінің орынбасары қабылдады. Кабинетінен шыға берісте полиция күштеп әкетті. "Сен сияқтылардың кесірінен талай полицейдің басын кесіп кетті, түрмеде шірітеміз" деп ұрды. Смартфонымды ашып, Жаңаөзенді қолдайық деген хабарды қайдан келгенін, кімге жібергенімді тексермек болды. Сондықтан смартфонымды сындырып тастадым. Арыстағы митингіге қатысқан алты белсендіні соттап, 10-15 тәулікке қамады. Сот процесі дәл мұндай тез болады деп ойламаппын. Судья әрқайсымызға бір минуттан бөлді де, қамата салды, – дейді Нұржан Сабырхан.

Арыс қаласының сотталған алты белсендісін полиция көршілес Сарыағаш қаласының абақтысына жіберген.

– Абақтыда 80-ге жуық адам жатты. Бәрі митингіге шыққан адамдар, көбі Сарыағаштан. Шымкенттен келгендер де бар, – дейді ол.

Полиция Нұржан Сабырханды 8 күннен кейін жоғарыдан түскен бұйрық бойынша босатқан. Қандай бұйрық екенін айтпаған.

Сарағаш қаласындағы митингіден кейін 15 тәулікке қамалған белсенділердің бірі Ғалымжан Қарабаевпен сөйлестік. Оның сөзінше, Сарыағаштан өтетін Шымкент-Жетісай тас жолына 4 қаңтарда үш мыңға жуық адам жиналып, аудан мәселесі бойынша түрлі талап қойған.

– 4 қаңтарда полиция жай ғана бақылап тұрды. Ертесіне халықтың жиналуына жол бермеуге тырысты. Митингіге халық өзі жиналды. Тәртіп бұзылған жоқ. Мен көптің ішінде тұрып, түнгі сағат 11-де қайттым. Бірақ видеоға түсіп қалған екенмін, соны ілік етіп 10 тәулікке қамап тастады, – дейді ол.

Ғалымжанның сөзінше, Сарыағаштағы митингіден кейін 7 адамды 3 тәуліктен 10 тәулікке дейін қамаған.

СЕКСЕУІЛДЕ БӨГЕЛГЕН ПОЙЫЗ

Қаңтар оқиғасы кезінде Қызылорда қаласында мыңдаған адам наразылыққа шығып, соңы қақтығысқа ұласты. Билік мәліметіне қарағанда 25 адам қаза болған.

Қызылорда облысының бір шетіндегі Сексеуіл кентінен Түркістан облысымен шектесетін Жаңақорған кентіне дейінгі аралықтағы аудан орталықтарының көбінде жұрт "Жаңаөзенді қолдауға" шыққан.

Халқының саны он мыңнан асатын Сексеуіл станциясында бірнеше жүз адам 4 қаңтарда шеруге шығып, Қазақстан туын ұстап, әнұран айтқанын әлеуметтік желідегі видеолардан көруге болады.

Арал қаласы мен Қазалы ауданы орталығы Әйтеке би кентінде мыңдаған адам көшеге шығып, "Шал, кет!" деп ұрандатқан. Теміржол өткелін жауып тастаған.

Байқоңыр, Төретам кенттері мен Ақай ауылының белсенділері бастаған жүздеген адам 4 қаңтар кешке Төретам кентінде наразылыққа шыққан. Шиелі ауданы орталығы Шиелі кентінің алаңына да 4 қаңтарда наразылар жиналған.

Қаңтар оқиғасы кезінде Сексеуіл кентінде пойыз тұрып қалғаны, халықтың пойыз жолаушыларына азық-түлік, тамақ бергені жайлы ақпараттар тараған еді.

Қаңтар оқиғасы кезінде Сексеуіл станциясында бөгелген екі пойыздың жолаушыларына жергілікті халық ыстық тамақ беруді ұйымдастырған:

Сексеуілде бөгелген пойыз жолаушыларына жергілікті халық көмектесті
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:23 0:00

Сексеуіл кентінің әкімі Сәкен Төрешовтің Азаттыққа айтуынша, 5 қаңтарда түнде Сексеуілге жеткен Маңғыстау-Алматы бағытындағы екі пойыз әрі қарай жүре алмай тұрып қалған.

– Арал мен Қазалыда және Ақтөбе облысында митингіге шыққандар теміржолды жауып тастағандықтан екі пойыз Сексеуілде екі күн тұрды. Ішінде 720-дай адам болды, арасында 20 жас бала бар. Алғашқыда митингіге шыққан халық қайта жиналып, пойыз жолаушыларына көмектесті. Сексеуілде қонақ үй жоқ. Екі күнде он шақты қой сойдық. Вокзал маңына қазан-ошақ көтеріп, ағаш үй тігіп, дәрі-дәрмек, үш мезгіл тамақ бердік. Әкімдік қана емес, Сексеуілдің бүкіл жастары жүрді. Өте асығыс адамдарды Қызылорда, Шымкентке дейін көлікпен жеткізіп тастадық. 2019 жылы Арыста жарылыс болғанда да Сексеуілде бірнеше пойыз 5 күн тұрған. Сол кезде де 4590 адамды осылай тамақтандырғанбыз, – дейді әкім.

ЖАҢАҚОРҒАНДАҒЫ МИТИНГІ

Қызылорда облысы Жаңақорған кентінде 4 қаңтарда түстен кейін басталған наразылық жиыны ертесінде де жалғасып, мыңға жуық адам жиналған.

Жиын ортасында жүрген, кейіннен 7 тәулікке сотталған белсенді Мұратбек Рыспанбетовтің сөзінше, бастапқыда халық Жаңаөзендегі наразылықты қолдаймыз деп шыққан, аудан басшылары келген соң жергілікті проблемалар да айтыла бастаған.

– Аудан басшылары әкімдікке кіріп сөйлесуге шақырды, халық көнбеді. Төңіректегі ауылдардан да адамдар келе бастады. Наразылық күшейіп бара жатқан соң әкімқаралар имамды әкелгенімен жұрт оны да тыңдамады. Ол кезде Алматыда халыққа оқ атылып жатқанын білмедік. Жаңақорған Жаңаөзенді қолдауға алғашқылардың бірі болып шықты. Халық оянды деп көзіме жас келді, – дейді ол.

Мұратбектің сөзінше, жиналған халық Жаңақорғанның орталық көшесімен әрі-бері шерулетіп жүріп өткен.

"Шал, кет!" Жаңақорғандағы наразылық шеруі
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:17 0:00

– 5 қаңтарда түстен кейін полиция мүлде болмады. Алматыдағы оқиғаны естіп, содан сескенді деп ойлаймын. Ешқандай тәртіп бұзылған жоқ. Жиналғандар төрт-бес жігітті басшы етіп сайлап алды. Олар жиынның шырқын бұзуға жол бермеді. "Нұр Отан" партиясының кеңсесін өртейік деген кей жастарды тыйып тастады, – дейді ол.

Жаңақорғандағы наразылық акциясына жиналғандар жергілікті "Сыбайлас жемқорлықты жою" тәуелсіз қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қарасай Әшірбековті басшы етіп сайлаған.

– Алматыда митингі болса полиция Жаңақорғандағы мені қарауылдай бастайды. Халық митингіге өзі шықты. Әкімдікке 23 талап қойдық. Аудан мәслихатының 15 депутатын шақырдық, біреуі ғана келді. Біз оларды сайлаған жоқпыз. Ауданда Шалқия кенішінен өзге, уран өндіретін бірнеше ірі кеніш пен сол саланың зауыты бар. Әу баста уран кеніштері жұмысшыларының 80 пайызы жергілікті адамдар болады деген, керісінше болды. Соны орындауды талап еттік, – дейді ол.

Жаңақорғандағы "Сыбайлас жемқорлықты жою" тәуелсіз қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қарасай Әшірбеков.
Жаңақорғандағы "Сыбайлас жемқорлықты жою" тәуелсіз қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қарасай Әшірбеков.

Жаңақорғандағы наразылық үшінші күні бейбіт түрде тараған. Алайда кейін бір топ адамды әкімшілік жауапқа тартып, қамауға алған.

– Мені 10 күнге қамап, этаппен Қызылордаға, сосын Жалағаш ауданының орталығына апарды. 7 күннен кейін ауырып, жедел жәрдеммен ауруханаға түстім. Ол жерде маған "симптомсыз коронавирус жұқтырған" деген диагноз қойып, 14 күнге инфекция бөліміне оқшаулап тастады. Өзімді коронавируспен ауырдым деп ойламаймын. 8 күннен кейін үйге оқшаулануға жіберетін болды. Бірақ сол жерде полиция күтіп тұрды. Қызылорда облыстық ішкі істер департаментіне апарып, "Тоқаевтың қазіргі саясатына көзқарасыңыз қандай?" деген сұрақтар қойды, – дейді ол.

Қарасай Әшірбеков қамауда жатқанда үйін аудан полициясы сот санкциясынсыз тінтіп кеткенін айтады.

– Бұлар мені арандатушы деп есептейді. Керісінше біз адамдарды арандап қалудан сақтап тұрдық, – дейді ол.

Қарасай Әшірбеков қаңтардағы митингіден кейін үстінен тағы бір қылмыстық іс қозғағанын айтады.

– Кейінгі бірнеше жылда үстімнен 7 рет әкімшілік, 4 рет қылмыстық іс қозғады. Соның бәрін сотта жеңіп шықтым. Бұл жолы "жала жабу" бабы бойынша айып тағып отыр. Бір өкініштісі, екі жылдан бері табысымнан бәрін адвокаттарға жұмсап жүрмін, – дейді ол.

Қаңтардың басында Маңғыстау облысында басталған наразылық Қазақстанның барлық өңіріне жайылып, ірі қалалар бірге шалғайдағы ауылдарға да жеткен.

Қымбатшылық, жұмыссыздық пен жоқшылық титықтатқан халық биліктен елдің әл-ауқатын жақсартуды, жемқорлықты жойып, саяси өзгерістер жасауды талап еткен. Бірнеше қалада наразылықтың соңы ойран мен қантөгіске ұласқан. Сол кезде президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде "мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныс" болды, "шетелде дайындықтан өткен, Орталық Азия елінен келген террористер шабуылдады" деп мәлімдеп, ҰҚШҰ-нан көмек сұраған. Ақорда Қазақстанда төтенше жағдай жариялап, ҰҚШҰ әскерін енгізген.

Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде кемінде 227 адам қаза болды. Билік қаза болғандардың тізімін әлі күнге дейін жариялаған жоқ. Құқық қорғаушылар қаңтар оқиғасы кезінде қаза болғандар мен хабар-ошарсыз кеткендерді өз күшімен анықтап жатыр.

Халықаралық ұйымдар Қазақстан үкіметінің "наразыларға шамадан артық күш қолдануын" айыптап, "террорист" деген сөзді оңды-солды қолдана береді деп сынады. Құқық қорғаушылар қаңтар оқиғасын тәуелсіз зерттеуге үндеді. Ақорда ол ұсынысты қабылдамады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG