Accessibility links

"Шағымдандың ба? Жауап бер!" СПИД орталық қоғам белсенділері мен науқастарды сотқа сүйреді


Қарағанды облыстық СПИД орталығы сотқа берген ""Қанатты жүрек" ("Крылатое сердце") қоғамдық қорының жетекшісі Марат.
Қарағанды облыстық СПИД орталығы сотқа берген ""Қанатты жүрек" ("Крылатое сердце") қоғамдық қорының жетекшісі Марат.

ВИЧ дертіне шалдыққан науқастарға көмектесетін Қарағанды қоғамдық қоры мен оның екі өкілін өңірлік СПИД орталығы сотқа берді. Орталық қоғам белсенділері мен науқастардың мемлекеттік органдарға берген шағымында ұйымның беделіне нұқсан келтіретін деректер бар деп есептейді.

Қарағанды сотында ерекше азаматтық іс қаралып жатыр. "Ар-ожданын, қадір-қасиеті мен іскерлік беделін қорғау" туралы арыз бойынша өтіп жатқан сот процесі бірнеше жергілікті тұрғынның мемлекеттік органдарға медициналық көмек сапасына байланысты шағым беруінен басталған. Арыз иесі – СПИД-тің алдын-алу және оған қарсы күрес облыс орталығы тұрғындардың шағымы мекеменің беделіне нұқсан келтіреді деп тауып, өзіне қарсы айтылған деректерді теріске шығаруды талап етіп отыр. Жауапкер – қоғамдық қор мен оның өкілдері (олардың арасында ВИЧ-пен ауыратын науқас та бар) бұл талаптар ақылға қонбайды дейді.

ДАУ НЕДЕН ШЫҚТЫ?

Қарағанды қаласында тұратын Мараттың (кейіпкер толық аты-жөнін көрсетпеуді сұрады) ВИЧ диагнозымен өмір сүріп жатқанын көп жыл болған. Әйелі бұл дерттен аман. ВИЧ диагнозы қойылған науқас пен сау адамның қарым-қатынасын "дискордантты" деп атайды. Бұл сөз "сәйкессіздік" деген мағына береді. Бірақ Марат пен әйелінің өмірінде ұқсас тұстар көп: ерлі-зайыптының құндылығы ортақ, екеуі де ерікті болған.

Биыл олар ВИЧ инфекциясымен ауыратын және басқа да әлеуметтік маңызы бар дертке шалдыққан науқастарға көмектесіп, олардың құқығын қорғаумен айналысатын "Қанатты жүрек" ("Крылатое сердце") қорын құрған. Мараттың айтуынша, олар өздері көрген қиындықтар басқа науқастардың да басында кездесетінін түсінген соң, қоғамдық қор құруды ұйғарған. Қор басшысы бір кездері ВИЧ диагнозы қойылған науқастарда жиі кездесетін С гепатитінен емделуге әзер қол жеткізгенін еске алады.

– Сау адаммен бірге тұрамын. Сондықтан маған емнің сапалы болғаны өте маңызды. С гепатитімен ауырған кезде дәрі-дәрмек ала алмадым. ВИЧ диагнозы қойылған адам С гепатитімен ауырса, өліп кетуі де мүмкін. Маған ВИЧ бойынша екінші топ мүгедектігі берілді. Шағымдана бергеннен кейін мәселеге облыстық денсаулық сақтау басқармасы араласып, емделуге жіберді. Басымнан өткен жағдайдан кейін бір-бірімізге көмектесіп, кеңес бере бастадық, мұның аяғы қоғамдық қызметке ұласты. Бұл қызметпен атақ-дәреже үшін айналысып жүрген жоқпыз. Науқастар мәселесіне үнсіз қарап отыруға болмайды, – дейді "Қанатты жүрек» қорының басшысы Марат.

Көп науқас ВИЧ-статусын жариялағысы келмейді, ал кей азаматтар шенеуніктермен күресуден аяқ тартады. Сондықтан бәрі бірдей кездескен қиындығын ашып айта бермейді.

Мараттың сөзінше, ВИЧ дертіне шалдыққан науқастар қосымша жабысқан аурулардан емделу, препараттардың кері әсері, емдеу хаттамасының бұзылуы, дәрі-дәрмек берерде кезігуі мүмкін жағымсыз әсердің алдын-алу үшін тест жасаудан бас тарту сияқты мәселерін айтып шағынған. Қоғамдық қор өкілдері науқастарға жақтасып, шағым жаза бастаған. Кей шағымдардан кейін заң бұзған медицина мекемелеріне айыппұл салынған.

СПИД-пен күрес белгісі — қызыл лентаның суреті бар қолсағат.
СПИД-пен күрес белгісі — қызыл лентаның суреті бар қолсағат.

Қоғам белсенділерінің талабы бойынша, СПИД орталығы қызметкерлері ВИЧ-статусын жариялауға келісім берген науқастар диагностикадан өтіп, салалық мамандар кеңесін электронды форматта алуы үшін кешенді медициналық ақпараттық жүйеге жолдама беруі керек. Бұл науқастарды қағаз жинап, емхана табалдырығын тоздыру әуре-сарсаңынан құтқарады. Қор өкілдері осы мәселені көтеріп, денсаулық сақтау министрлігіне хат жазған. Ведомство "Электронды форматтағы мұндай жолдаманы СПИД орталығы қызметкерлері беруі керек" деген жауап жолдады. Науқастар орталық қызметкерлері ұйымның ақпараттық жүйеге қосылмағанын сылтауратып, әлі күнге қағаз жолдама береді деген шағым айтады.

Марат науқастарға шағым жазуға көмектесіп жүріп, қоғамдық қызметінің аяғы сотқа ұласады деп мүлде күтпеген.

СОТ ПРОЦЕСІ

Қазір "Қанатты жүрек" қоры мен ұйымның екі өкілі (олардың бірі – ВИЧ инфекциясына шалдыққан науқас) СПИД-тің алдын-алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың арызы бойынша сотта жауап беріп жатыр. Арыз иесі айыпталушылар әртүрлі органдарға шағым беру арқылы орталықтың, ондағы басшылар мен дәрігерлердің "ар-ожданы, қадір-қасиеті мен іскерлік беделіне нұқсан келтіретін" ақпарат таратты деп есептейді. Бұл жерде Қазақстан президентінің көмекшісі Тамара Дүйсеноваға, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына, Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасына жазылған хаттар туралы сөз болып отыр.

24 желтоқсанда өткен сот отырысында арыз иесі талаптарын нақтылап, жеті хатта жазылған ақпаратты теріске шығаруды сұрады. Талапкердің өкілі сотта айыпталушы "ерікті болып жүрген кездің өзінде кикілжің туғызып, науқастарды шағым жазуға үгіттеп, мекемеге қарсы" әрекет ете бастағанын айтқан.

– Олар өзі және "Қанатты жүрек" қоры атынан әртүрлі мемлекеттік органдарға шағым жазған. Арыз иесі бұл хаттарда шындыққа жанаспайтын, мекеменің кәсіби деңгейін түсіріп, атына кір келтіретін деректер жазылған деп есептейді. Шағым жазуға тыйым салатын ойымыз жоқ. Бірақ біздің атымызға кір келтіріп отыр. Шағымнан кейін тексеріс келеді, мамандар жұмысынан қалады. Сондықтан бізге қатысты жалған ақпаратты сот арқылы теріске шығаруды талап етеміз деп шештік, – деді арыз беруші тараптың өкілі.

Арыз беруші тараптың өкілі сот процесіне ақпарат құралдарын қатыстыруға қарсы болды. Жауап беруші тарап керісінше, журналистер сот отырысына қатысуы керек деген пікір айтты.

– Аталған шағымдардың бәрі тиісті органдарға жіберілген ресми хаттар болғанын еске салып, сот назарын осыған аударғым келеді. Тиісінше, бұл - азаматтардың өз құқығын жүзеге асыру әдісі. Талапкердің азаматтарға конституциялық құқығын пайдалануға тыйым салуға тырысуын заңсыз әрі ақылға қонбайтын әрекет деп есептеймін, – деді жауапкердің өкілі.

Судья шағым науқастардың атынан жазылса, неге жекелеген азаматтарға емес, қоғамдық қорға қарсы арыз берілгенін сұрады. Арыз беруші тарап өкілі бұл арыз бойынша "Қанатты жүрек" қоры жауап беруі тиіс деп есептейтінін айтты.

Қоғамдық қор өкілдері СПИД орталығының арызын негізсіз көріп, соттан бұл арызды қанағаттандырмауды сұрады. Олар арыз беруші науқастар немесе басқа тұлғалар жазған шағымдар үшін де қор өкілдерін жауапқа тартуды сұрап отырғанын айтып, наразылық білдірді. Арызда көрсетілген кей шағымдар қоғамдық қор құрылмай тұрып жазылған.

– Бұл арызды "науқастар шағымданбасын, өз құқығын қорғауға талпынбасын" деген мақсатта жасалған қысым деп қабылдауға болады. Бізге қарсы қудалау ұйымдастырып отыр. Заң бұзған жоқпыз, өзімізге тиесілі нәрсені талап етіп жатырмыз. Тегін ем үшін үкіметке рақмет, бірақ жергілікті мекемелерде кепілдендірілген көмекке қол жеткізе алмаймыз. Осыған қатты қынжыламыз. Біздің сырқатымызды кешенді түрде емдесе деп күресіп жүрміз. Өйткені ВИЧ инфекциясына шалдыққан, иммунитеті төмен адамдар басқа аурулармен жиі ауырады, – дейді Марат.

ВИЧ ДЕРТІНЕ ШАЛДЫҚҚАНДАРДЫ НЕ ТОЛҒАНДЫРАДЫ?

Қарағанды облысында көп жылдан бері ВИЧ инфекциясына қатысты эпидемиологиялық жағдай жақсармай келеді. 1996 жылы облыста нашақорлар арасында ВИЧ инфекциясы өршіген. 1990 жылдан 2021 жылдың қарашасына дейін ВИЧ диагнозы қойылған 6756 науқас тіркелген. Ресми статистикаға сәйкес, осы жылдар ішінде 2850 науқас көз жұмған.

2021 жылғы 1 қарашадағы дерекке сәйкес, облыста ВИЧ инфекциясын жұқтырған 3720 адам бар (2020 жылдың аяғындағы дерек бойынша, Қазақстанда 26709 адамға ВИЧ диагнозы қойылған). Қарағанды облысында 10 ай ішінде 342 адамнан ВИЧ инфекциясы анықталған.

Қазақстанда ВИЧ-пен ауыратын азаматтар басқа сырқаты бар науқастармен салыстырғанда, медициналық қызмет пен дәрі-дәрмекпен қамту сапасына көп шағымдана бермейді. Өйткені бұл дерттің осы түрі қоғамда стигматизацияға жиі ұшырайтындықтан, науқастардың көбі ВИЧ-статусын жасырын ұстауға тырысады.

Дегенмен ВИЧ инфекциясын жұқтырған азаматтар емделу кезінде көп мәселеге кезігетінін pereboi.kz сайтындағы шағымдарға қарап-ақ түсінуге болады.

Бұл онлайн-ресурс "Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы емделуге дайындық жөніндегі коалицияның" қолдауымен және Орта Азиялық ВИЧ инфекциясына шалдыққан адамдар қауымдастығының қатысуымен жасалған. Елдің әртүрлі өңірінде тұратын азаматтар сайтқа сұрақ қалдырып, хабарлама жаза алады.

Соңғы хабарламалардың бірінде дәрі-дәрмек жеткізудегі үзілістер, антиретровирусты терапияға арналған таблеткалардың жоқтығы, әсіресе, жыл аяғында қоймада препарат қоры таусылған кезде қажет дәрі табылмай, емдеу түрі өзгеруі мүмкін деген алаңдаушылық артқаны жөнінде жазылған. ВИЧ-пен ауыратын бір әйел дәрігердің экстракорпоралды ұрықтандыруға квота бермей қойғанына шағынса, тағы бір ана науқас баласына қымбат тұратын қажет препаратты емес, оның арзан баламасы берілгенін айтып налыған. Алматылық студентті ВИЧ-статусына бола емханаға қабылдамай қойған.

Қазір сотпен әуре болып жүрген Марат мұндай шағымдармен жақсы таныс.

– Неге біздің дәрігерге дұрыс қаралуға құқығымыз жоқ? Науқастарға дұрыс әрі қолжетімді ем берілгенін қалаймыз, – дейді Марат.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG