Accessibility links

Келді, алды, кетті. "Арселордың" Қазақстандағы 28 жылы мен Митталдың болат қорыту империясының өрлеуі


ArcelorMittal концернінің басшысы Лакшми Миттал Луврде. Париж, Франция, 14 шілде, 2023 жыл
ArcelorMittal концернінің басшысы Лакшми Миттал Луврде. Париж, Франция, 14 шілде, 2023 жыл

Тегі үнді британ миллиардері Лакшми Митталдың компаниясы активтерін мемлекетке беріп, Қазақстаннан кетіп жатыр. Елде отыз жылға жуық жұмыс істеген компанияның кетуіне Қарағанды облысындағы көмір шахталарында және ірі металлургия комбинатындағы адам өліміне апарып соққан апаттар себеп болды. Миттал Қазақстанға қалай келді, болат қорыту империясын қалай құрды? Басқа елдердегі жемқорлыққа қатысты қандай жанжалдар Арселор Миттал есімімен байланысты?

МИТТАЛ ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЛАЙ КЕЛДІ?

1995 жыл, Қазақстан. Совет Одағы ыдырап, кеше ғана тәуелсіздік алған мемлекеттің экономикасы тұралап қалды. Қара металлургияның отаны – Қарағандыдағы металлургия комбинатының жағдайы ауыр. Жалақы қарызы көп кәсіпорынның өндірісті модернизациялауға қаржысы жоқ. 1992 жылы Қазақстан Магниткасының директоры, "нағыз шаруа адамы" Александр Свичинскийді зауыттың босағасында (тапсырыс бойынша) атып өлтіріп кеткеннен кейін басшылыққа адам тұрақтамай қойған кез болатын.

Осы кезде кәсіпорынға жаңа қожайын келді. Митталдар әулеті негізін қалаған Ispat International комбинатты жекешелендіру жөніндегі жабық тендерде жеңіске жетті. Келіссөздің құны ресми түрде жарияланған жоқ.

2019 жылы теміртаулық журналист Олег Гусев InBusiness бағанасына Миттал Қазақстаннан активтерді "су тегінге" алды деп жазды. Айтуынша, кәсіпорын нарықтағы құнынан он есе арзанға, яғни 225 миллион долларға сатылып кеткен.

ArcelorMittal бас директоры Лакшми Миттал Абай қаласындағы кен басқармасында журналистермен сөйлесіп тұр. Қарағанда облысы, 14 қаңтар, 2008 жыл
ArcelorMittal бас директоры Лакшми Миттал Абай қаласындағы кен басқармасында журналистермен сөйлесіп тұр. Қарағанда облысы, 14 қаңтар, 2008 жыл

Журналист мақаласына сату-сатып алу келісім шарты деп көрсеткен суретті қоса тіркеді. Гусев Митталдың компаниясы сатып алу ақысын бірден емес, төрт бөліп төлегенін жазды. Бірінші 22,5 миллион доллар төлем – 1996 жылы мамырда, екіншісі – 112,5 миллион доллар сол жылдың қарашасында түскен. Келесі транш – 22,5 миллион – 1997 жылы мамырда, ал соңғысы – 67,5 миллион 1999 жылы жүргізіледі.

Сондай-ақ Гусев атап өткендей, кейінірек атауы "АрселорМиттал Теміртау" болып өзгерген компания бірқатар жеңілдік алған. Атап айтқанда, электр энергиясын тұтынғаны, теміржол тасымалы қызметін пайдаланғаны үшін төмен бағамен ақша төлеген, сондай-ақ әлеуметтік нысандарды мемлекетке беріп құтылған.

Бұл қаншалықты рас екені белгісіз. Бірақ компания Гусевтен бұл ақпаратты жоққа шығаруын талап еткен жоқ.

Карметкомбинатты жекешелендіру барысында жемқорлыққа жол берілді деген қауесет көптен айтылып жүр. 2002 жылы ArcelorMittal-дың бұрынғы басшысы Йоханнес Ситтард ВВС эфирінде Лакшми Митталдың компаниясы Қазақстан нарығына кіру үшін 100 миллион доллар төлегенін мәлімдеді. Ситтардтың айтуынша, бұл ақша тау-кен өндіру кәсіпорындарына иелік ететін "Еуразиялық үштік" атты топтағы олигархтардың бірі, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың маңында жүретін кәсіпкер Патох Шодиевке берілген. Ситтард ақша ("қомақты көлемде") Шодиевке ArcelorMittal мен Қазақстан үкіметі арасында делдал болғаны үшін берілгенін мәлімдеді.

Бұл айыптауға Лакшми Миттал өзіне Патох Шодиевтің тобы Қазақстан туралы ақпарат беріп, "түрлі мүмкіндіктер ашқанын" айтып, ақшаны комбинатқа кен жеткізіп бергені үшін төледім деп жауап берді.

Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің "Өкіл қайыната" кітабында Митталдың есімі аталады. Қазақстанда тыйым салынған кітапта металлургия комбинаты мынадай шарттармен сатылғаны жазылған: "...үнділер кәсіпорынды құжат жүзінде толық сатып алады, бірақ үстел астынан Нұрсұлтан Әбішұлының оффшор компаниясына акциясының жартысын, тіпті 50 миллион доллар пара беруге тиіс".

Пара бергені туралы мәлімдемені ешкім растаған да жоқ, ресми түрде жоққа да шығармады.

"Арселор Миттал Теміртау" компаниясының кеңсесі. 2006 жыл
"Арселор Миттал Теміртау" компаниясының кеңсесі. 2006 жыл

"АРСЕЛОР" КОМПАНИЯСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖҰМЫСЫ

Назарбаев ел басқарып тұрған кезде Лакшми Миттал Ақордада оның қабылдауында бірнеше рет болған. Президенттің баспасөз қызметі кездесулерде Миттал Назарбаевқа "жұмыстағы басымдықтар жайында" айтты, президент инвестормен "компанияның Қазақстан экономикасын дамытудағы үлесін" талқылады деп хабарлап келді.

ArcelorMittal-дың қазақстандық бөлімшесі өндірілетін болат көлемі бойынша Миттал тобында көш бастап тұр. 2022 жылы Теміртау комбинаты 3,4 миллион тонна болат өндірген уақытта, Оңтүстік Африкадағы зауыты 2,4 миллион, Украинадағы зауыты 1,2 миллион (Ресейдің басқыншылығына байланысты "АрселорМиттал Кривой Рог" кәсіпорны өндірісін қысқартты, соғысқа дейінгі 2021 жылы комбинат 4,9 миллион тонна өндірген) тонна шығарған. "Криворожсталь" кәсіпронын сатып алғаны үшін Миттал 4,8 миллиард доллар төлеген, ал қазақстандық активтерді сатып алғанда ондаған есе аз төлегенге ұқсайды.

2022 жылы ArselorMittal компаниясы жылдық есебінде Қазақстанда "айрықша қиындықтарға" тап болғанын жазды: компанияның мәліметінше, бір жылда 14 адам өндірісте қаза тапқан. Компания сонымен қатар топ құрамындағы кәсіпорындардаға қауіпсіздік деңгейін арттыруға арналған шараларды тізіп көрсеткен.

2022 жылы Митталдың Қазақстандағы кәсіпорнында қайғылы апаттар болғаннан кейін Қазақстан парламенті сенатының депутаты Сергей Ершов кейінгі 16 жылда кеніштерде 100-ге жуық адам қаза тапты деп мәлімдеді. Ал 2023 жылы қарағандылық БАҚ "АрселорМиттал Теміртау" нысандарында компания құрылғалы бері 250 адам опат болғанын жазды.

Адам ең көп қырылған апат биыл, 2023 жылғы 28 қазанда Қарағандыдағы Иван Костенко атындағы шахтада болды: 46 адам қаза тапты. Осы оқиғадан кейін Қазақстан үкіметі инвестормен ынтымақтастықты тоқтататынын мәлімдеді.

"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы басқаратын Костенко атындағы шахтада өрт шығып, құтқару жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде биіктен түсірілген фото. Қарағанды, 28 қазан, 2023 жыл
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясы басқаратын Костенко атындағы шахтада өрт шығып, құтқару жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде биіктен түсірілген фото. Қарағанды, 28 қазан, 2023 жыл

Оған дейін 2006 жылы Ленин шахтасында болған апат ең ірі қайғылы оқиға саналып келген. Ол кезде шахтада метан жарылып, салдарынан 41 кенші қаза тапқан еді. Сол оқиға бойынша тергеу жүргізіліп, сегіз инженер-техник жауапқа тартылды. Компания басшылығының немесе қызметкерлердің құқығы мен еңбек жағдайының сақталуына жауапты шенеуніктердің кінәсі туралы сол кезде де, одан кейінгі жылдары да ресми түрде ештеңе айтылмады.

Былтыр адам өліміне апарып соққан апаттарды билік "топ адамның қатысуымен болған қайғылы оқиға" деп атаған. Ардагер кеншілер мен қарағандылық қоғам белсенділері мұндай тұжырымға қарсы шықты. Олар компания шахталарда қауіпсіздік шараларынан ақша үнемдейді, өйткені пайданы ғана көздеген жұмысберуші жерасты құрылғыларының жағдайын, кеншілерге түсетін жүктемені ойламайды деп дабыл қақты.

Қарағанды облысының экобелсенділері "Арселор" улы заттардың ауаға тарап жатқанына, Теміртау елдегі ең лас қалаға айналғанына пысқырмайды дейді. Тұрғындар қалың түтіннен арыла алмай отырғанына шағымданып, компанияға жабдықты жаңартудан гөрі айыппұл төлей салған оңайы және тиімді болып отыр деп сын айтты.

Қазір Миттал Қазақстандағы активтерін мемлекетке өткізгелі жатыр. Компания басшылығы қылмыстық жауапкершілікке тартыла ма, жоқ па – ол жағы белгісіз. Митталдың жауапкершілігі туралы сұраққа жауап берген Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев "Арселор Митталдың" экономикалық жауапкершілігі қазірдің өзінде басталғанын" мәлімдеді – компания акцияларының құлдырауына байланысты оны капиталдандыру 21 миллиардтан 20 миллиард долларға дейін түсіп кеткен.

Қарағандыдағы Иван Костенко атындағы шахтада 2023 жылғы 28 қазанда өрт шығып, жер астында жұмыс істеп жатқан 46 адам қаза тапты.
Қарағандыдағы Иван Костенко атындағы шахтада 2023 жылғы 28 қазанда өрт шығып, жер астында жұмыс істеп жатқан 46 адам қаза тапты.

Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов Азаттықпен әңгіме барысында қазіргі кезде ең бастысы – компанияға толық аудит жүргізу екенін айтқан еді.

– Алдымен инвестор міндеттемесін бұзды ма, заң бұзды ма, бұзса, оған кім көмектесті деген сұрақтарға жауап табу керек. Қауіпсіздік шараларын тексеріп, бұрын болған апаттарға талдау жасап, кәсіпорынға аудит тексеруін жүргізу қажет. Мемлекет проблемалы активтерді сатып алып, оны өз қалтасынан ақша төлеп қалпына келтірмегені азбал. Сонымен қатар сатуға қатысты келіссөзге талдау жасауға тиіс. Осының бәрін істеу мемлекеттік аппараттың қолынан келе ме, білмеймін, – деді сарапшы.

Лакшми Миттал кім?
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:04:54 0:00

ӨЗГЕ ЕЛДЕРДЕГІ ДАУ-ДАМАЙЛАР

Лакшми Митталдың өзге елдерде болат өндірісін сатып алуының аяғы да талай рет дау-дамайға ұласқан.

2002 жылы Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэрге Миттал отбасы иелік ететін Mittal Steel компаниясына Румынияның Sidex болат зауытын жекешелендіруге көмектесті деген айып тағылды. Мұндай айыптауға оның румын үкіметіне Митталды инвестор ретінде таңдағаны үшін құттықтап жазған хаты себеп болған.

Лакшми Митталдың жуырда Блэр мүшесі болып есептелетін Ұлыбритания лейбористік партиясының қорына қайырымдылық ретінде 180 мың долларға жуық қаражат бергені де британдықтардың ашуына тиді. Сондай-ақ сол кезде нидерландық Антиль аралдарында тіркелген бұл үнді компаниясының АҚШ-тағы болат импортының тарифін көтеруге лобби жасағаны да наразылық тудырды. Себебі бұл әрекет британдық болат өндірушілердің қаржы жағдайына әсер еткен.

Оған қоса Митталдың шығындары, мәселен оның 100 миллион долларға Лондоннан зәулім үй сатып алғаны, ондаған миллион доллар ақша жұмсап, қызы Ванишаның тойын Версальда өткізгені де сөз болды.

Жанжал өршіген кезде Румыния зауытын сатып алу туралы келісімді жүзеге асыруда Тони Блэрдің үкімет мақұлдаған Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) несиесі шешуші рөл атқарғаны анықталды. Лондон бұған несиені тек Ұлыбритания ғана мақұлдаған жоқ деп жауап берді.

ЕҚДБ Қазақстандағы ArcelorMittal бөлімшесіне де ақша бөлген. 1997 жылы Лакшми Миттал компаниясы ЕҚДБ мен Халықаралық қаржы корпорациясынан Қарметті қайта құру үшін 315 миллион фунт стерлинг алған, ал 1998-1999 жылдары тағы 25 миллион доллар несие алды.

Ирландияда да Лакшми Митталдың басы дауға қалған. 1996 жылы Ирландияның Irish Steel атты жартылай мемлекеттік компаниясын Irish Ispat (Mittal Ispat International негізін қалаған еншілес компания) небәрі 1 фунт стерлингке сатып алған. Соның алдында ғана болат бағасы құлдырап, зауыт қарызға белшеден батып, жұмыс орындары қысқарған екен. Сату-сатып алу келісім шартында 30 миллион фунт стерлинг көлемінде инвестиция құю және 300-ден астам жұмыс орнын 5 жыл бойы сақтау талаптары болған делінеді.

Келісілген бес жыл өткеннен кейін, яғни 2001 жылы Миттал компаниясы шығынның көптігіне байланысты ирландық зауытты жабатынын мәлімдейді. Irish Times газеті Irish Ispat зауытқа шартта міндеттелген сома көлемінде инвестиция жасамағанын, сонымен қатар қауіпті қалдықтарды жағатын зауыт салу үшін Ирландияның Рингаскидди ауылындағы жерді сатып жібергенін жазды және бұл компания активтерді ұрлады деп айыптауға себеп болады. Мақалада сондай-ақ бес жыл ішінде зауытта болған қайғылы оқиғалар тізіп шыққан. Апаттар салдарынан әр уақытта үш адам қаза тапқан. Қайғылы оқиғалардың бірінде компанияның әкімшілік ғимаратында өрт дабылы мен өрт сатысы болмағандықтан адам ажалына апарып соққан делінеді.

Костенко атындағы шахтада 28 қазанда шыққан өрт салдарынан жер астында қаза тапқан кеншілердің жаназасына Әл-Мәшани мешітіне жиналған адамдар. Қарағанды, 30 қазан, 2023 жыл
Костенко атындағы шахтада 28 қазанда шыққан өрт салдарынан жер астында қаза тапқан кеншілердің жаназасына Әл-Мәшани мешітіне жиналған адамдар. Қарағанды, 30 қазан, 2023 жыл

МИТТАЛ ҚАЗАҚСТАННАН ҚАЛАЙ КЕТІП ЖАТЫР

Америкалық Forbes журналы Митталдың қазіргі байлығын 14,8 миллиард долларға бағалады, ол әлемдегі миллиардерлер рейтингінде 111-орнында тұр. Бақылаушылар кәсіпкер Қазақстандағы комбинат пен шахталарды тиімді бағаға сатып алып, капитал көлемін едәуір арттырды деп санайды: 2005 жылы Миттал 25 миллиард доллар байлығымен Forbes тізімінде үшінші орын иеленді.

Миттал компаниясы Қазақстаннан кететіні жайында көңіл көншітер пікір білдірмей отыр.

ArcelorMittal қазан айының аяғында активтерді мемлекетке беру туралы үкіметпен алдын ала келіссөз жүргізілгенін хабарлады:

"Тараптар ArcelorMittal Temirtau-дың болашағын талқылады және келіссөз туралы алдын ала келісімге қол қойды. Оның нәтижесінде меншік құқығы Қазақстан Республикасына өтеді".

Үкімет те мардымды жауап бермеді. Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов 1 қарашада "АрселорМиттал Теміртау" активтерін заң шеңберінде беру процедурасы айдың соңына дейін аяқталатынын мәлімдеді. Миттал "уақытты шегеруді" талап етті деген қауесетті үкімет жоққа шығарды.

– Біріншіден, бұл шындыққа жанаспайды. Екіншіден, тағы да айта кетейін, компанияны беру туралы алдын ала келісімге сәйкес, біз қазір анық-қанығын жариялай алмаймыз, – деді Смайылов.

Ел билігі компания активтері өзге шетелдік инвесторға берілмейді дегенге сендірді. Алайда әлеуетті сатып алушыға әлден талаптар қоюды бастап кетті: ол алдағы үш жылда үш миллиард доллар инвестиция құю керек. Назарда тұрған ондай инвестор бар ма, ол жағы белгісіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG