Accessibility links

"Бетке түкіру". Қарағандыда жүздеген отбасы ақшасын құйған үйге қол жеткізе алмай жүр


Үлескерлер мен көппәтерлі тұрғын үй салып жатқан Eurasia Building компаниясы өкілдері құрылыс басында тұр. Қарағанды, 14 қыркүйек 2021 жыл.
Үлескерлер мен көппәтерлі тұрғын үй салып жатқан Eurasia Building компаниясы өкілдері құрылыс басында тұр. Қарағанды, 14 қыркүйек 2021 жыл.

Қарағандыда 500-ге жуық отбасы немесе екі мыңнан астам адам тұрғын үй құрылысына ақша салған. Кейбірі пәтер ақысын толық төлеп қойса да, әлі күнге баспанаға қол жеткізе алмай жүр. Тұрғын үй жобасына жауапты, өңірге белгілі Eurasia Building компаниясы құрылыстың уақытылы аяқталмауына коронавирус пандемиясы, қаржы аздығы және жұмыс күші тапшылығы себеп болды дейді. Тұрғын үй жобасын мақұлдаған билік баспанадан құр қалған азаматтарға құрылыс нысандары үлескер ақшасын жинауға "рұқсат алмағанын" хабарлаған.

"НЕ БІЗ АҚЫМАҚПЫЗ, НЕ…"

Руслан Лидің отбасы бір жыл бойы тиын-тебенге дейін үнемдеп, Қарағандының жаңадан салынып жатқан ықшамауданынан екі бөлмелі пәтер алуға ақша салған. Олар 2019 жылы қазанда келісімшартқа қол қойғаннан кейін пәтер құнының 80 пайызын бірден төлеп қойған. Қалған ақшаны уақытылы аударып отырып, 2020 жылы жаздың аяғында толық төлеген. Мердігер компания тұрғын үй қыркүйек айында дайын болады деп уәде берген.

Содан бері бір жыл өтті. Баспана беру мерзімінің ұзаққа созылғаны соншалық, жас отбасы екі балалы болып үлгерген. Қазір ерлі-зайыпты екі баласымен бірге жалдамалы пәтерде тұрып жатыр.

– Біз, үлескерлер, компания халықтан жиналған ақшаны басқа мақсатқа жұмсаған деп ойлаймыз. Өйткені құрылыс қарқыны пандемия басталмай тұрып бәсеңдеген. Біздің үйдің жанындағы басқа нысандарда құрылыс қызу жүріп жатыр. Тек бізде ғана бәрі тыныш. Үлескерлердің көбі пәтер ақысын 100 пайыз төлеп қойған, – дейді Руслан Ли.

Үлескерлер "құрылысы созылып кетті" деп шағымданған тұрғын үй кешендерінің бірі Қарағанды қаласының жаңа ықшамауданында орналасқан.
Үлескерлер "құрылысы созылып кетті" деп шағымданған тұрғын үй кешендерінің бірі Қарағанды қаласының жаңа ықшамауданында орналасқан.

Айжан Әлжанова да мердігер жер-көкке сыйғызбай мақтаған жаңа ықшамауданда тұруды армандаған. Айжан 2019 жылы пәтер құнының 40 пайызын (сегіз миллион теңге) төлеп, 2020 жылы баспаналы боламын деп күткен.

– Не біз ақымақпыз, не мемлекеттік емес компаниялардың тұрғын үй салу механизмі дұрыс жолға қойылмаған. Олар бізге "Сендерді ешкім ұстап отырған жоқ, келісімшартты бұзыңдар" дейді. Бір қызығы, олар әлі де жарнама жасап, жаңа үлескер тартып, "тұрғын үй бір-бір жарым жылда бітеді" деп уәде беріп жатыр. Билік қайда қарап отыр? – дейді Әлжанова.

ӘКІМНІҢ ТОСЫН ЖАУАБЫ ЖӘНЕ МЕРДІГЕРДІҢ "ӘНІ БЕЛГІЛІ" ТҮСІНІКТЕМЕСІ

Биыл көктемде құрылыстың баяу жүріп жатқанына ренжіген үлескерлер тағы да жергілікті билік өкілдеріне жүгінген. Салынып жатқан бір тұрғын үйдің үлескерлерінен тұратын бастамашыл топ үй қашан пайдалануға берілетінін білмек болып әкімдікке барған еді. Жергілікті билік өкілдері нақты мерзімді атамағанымен, құрылыс барысы жайлы аз-кем ақпарат берген. Әкімдік шенеуніктері 2021 жылы ақпанда жасалған тұрғын үй құрылысының қалай жүріп жатқаны жөніндегі есепке сәйкес, бүкіл жұмыстың 45 пайызы ғана орындалғанын хабарлаған.

Бірнеше ай бұрын үлескерлер Қарағанды облысы әкімі Жеңіс Қасымбектен жауап алған. Тұрғын үй құрылысына үлескерлерден қаржы жинауға ешкім рұқсат бермегенін айтқан әкімнің сөзі осыған дейін ақша салып қойған жұртқа төбесінен суық су құйып жібергендей әсер еткен.

Азаттықтың осы мәселеге байланысты қойған сұрағына облыс және қала әкімдігі жауап бермеді.

Әкім хатынан кейін үлескерлер мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін құрылыс басына барды. 14 қыркүйекте бір топ үлескер Eurasia Building компаниясы тұрғын үй салып жатқан жерге жиналды. Олар сол жерге БАҚ өкілдерін де шақырды, бірақ журналистерді құрылыс нысанына әзер кіргізді.

Үлескерлермен кездесуге келген Eurasia Building компаниясы басшысы Айдос Мұқатаев тұрғын үй нысаны 2022 жылдың екінші-үшінші тоқсанында дайын болады деп күтіп отырғанын, құрылыстың тым созылып кетуіне коронавирус пандемиясы, құрылыс материалдары мен жұмыс күші қымбаттауы әсер еткенін айтты.

– Жаңа ешнәрсе айтпаймын. Сіздер – клиенттер қанша қысым көрсетсеңіз де, енді белгіленген мерзім бар. Нысанды үлескерлердің ғана есебінен салу мүмкін емес. Үй бюджетінің 30-40 пайызын банк береді, қалғанын өз ақшамыздан қаржыландырамыз. Үлескер ақшасы құрылысқа жұмсалатын қаржының 15-20 пайызына ғана жетеді. Өз қаржымыз жетпегендіктен, банктен қосымша ақша сұрадық. Банк қаржы беруден бас тартса, өз механизмдерімізге сүйеніп, тұрғын үйді бәрібір салып бітіреміз. Банкті тезірек қаржы бөлуге көндіре алсақ, жұмыс та жылдамырақ жүреді, – деді Мұқатаев.

Үлескерлер көппәтерлі тұрғын үй салып жатқан компания өкілдерімен құрылыс басында кездесіп тұр. Қарағанды, 14 қыркүйек 2021 жыл.
Үлескерлер көппәтерлі тұрғын үй салып жатқан компания өкілдерімен құрылыс басында кездесіп тұр. Қарағанды, 14 қыркүйек 2021 жыл.

Жиналғандар одан облыс әкімдігінің "құрылыс нысанына үлескерден ақша жинауға рұқсат берілмеген" деген сөзіне байланысты түсініктеме сұрады.

Eurasia Building өкілі тұрғын үй құрылыс кооперативі құйған жүздеген миллион теңге қажет қаржының бір бөлігіне ғана жетіп, бастапқы жарна түрінде пайдаланатынын, қалғаны банк пен үлескерлер ақшасынан жиналатынын тағы да қайталады.

– Мұндай жауапқа көңіліміз толмайды. Салған қаржымыз жұмыс істемейді екен. Бұл жиналған ақша жоқ дегенді білдіреді. Банктен берілген құжат қайда? Біз мамыр айында сол құжатты көрсетуді сұрағанбыз. Үйді беру мерзімі кешігіп, жұрт қанша уақыттан бері жалдамалы пәтерде тұрып жатыр. Осы шығынды қалай өтейсіңдер? – деді үлескерлердің бірі. Бірақ ол Мұқатаевтан нақты жауап болмағанын айтты.

"ӘЛЕУМЕТТІК ШИЕЛЕНІСТІ УШЫҚТЫРАДЫ"

Үлескерлер бір ғана үйдің құрылысына шамамен 700 миллион теңге салған. Компания үш бірдей тұрғын үй кешені құрылысын аяқтамаған.

Мемлекеттік органдардан мардымды жауап ала алмай, құрылыс мерзімінің үнемі кейінге сырғи бергенінен шаршаған үлескерлер президент әкімшілігіне де хат жазған. Хатта мердігердің әрекеті "әлеуметтік шиеленісті ушықтырып" отырғаны айтылған.

Үлескерлер "құрылыстың уақытылы аяқталмауы облысымызда, оның ішінде Балқаш және Жезқазған қаласында тұратын 500-ден астам отбасын қиын жағдайда қалдырды" деп жазған.

Тапқан-таянғанын тұрғын үй құрылысына құйған азаматтар әлеуметтік және экономикалық қиындықтарға тап болған. Біреулер жаңа пәтер алу үшін ескі үйін сатып, жалдамалы пәтерге не туысының үйіне көшіп, бар ақшасын құрылыс компаниясына құйған.

Хат иелері үкіметтен мемлекеттік резерв, екінші деңгейлі банктерден берілетін жеңілдетілген субсидия немесе несие арқылы қосымша қаржыландыру көзін қарастыруды сұраған. Үлескерлер Қарағанды облысында әлеуметтік, экономикалық, саяси шиеленіс пен тұрақсыздыққа жол бермеу үшін бұл мәселені тезірек шешу керек деп есептейді.

14 қыркүйекте өткен кездесуде Eurasia Building компаниясының басшысы Айдос Мұқатаев наразылардың шағымына "үлескерлер қаласа ақшасын қайтарып ала алады" деп жауап берді.

Үлескерлер, біріншіден, ақшасын қайтарып алғысы келгендер көп әуре-сарсаңға тап болатынын айтады.

Екіншіден, көбі ақшаны қазір қайтарып алудың мәні жоқ деп есептейді.

– Қазір ақшамызды қайтарған күннің өзінде оған ештеңе сатып ала алмаймыз: баға екі есе өсіп кетті. Бұл – бетімізге түкіру, – дейді Руслан Ли.

Азаттық сөйлескен үлескерлердің бірі әрі бастамашыл топ мүшесі Айжан Әлжанова мақала жарияланар алдында редакцияға хабарласып, 21 қыркүйекте кооператив төрағасы қол қойған хат алғанын айтты. Онда үлескер пәтер алуға ақша салған "Комфортный дом" тұрғын үй құрылыс кооперативі онымен келісімшартты бұзатынын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG