Accessibility links

Қазақстандағы корейлер. Жер аударылған халықтың ана тілінен ажырауы


Корей тарихы туралы кітаптар.

Корейлерді Қиыр шығыстан Орталық Азияға депортациялау 1937 жылы жапон әскері Қытайға басып кіріп, Корея Жапонияның бір бөлігі саналған кезде басталған. Қазір Қазақстанда ұлты корей 100 мыңға жуық адам тұрады.

Халықаралық ана тілі күні қарсаңында Азаттық әңгімеге тартқан Қазақстанда тұратын ұлты корей азаматтар ата-бабасының тарихы, ұлттың салт-дәстүрі мен мәдениеті, ана тілінің қазіргі жағдайы және тарихи атамекенімен байланысы туралы айтып берді.

"ҚҰЖАТ БОЙЫНША ҒАНА КОРЕЙМІН"

29 жастағы Олег Ни Алматыда туып-өскен. Олегпен қаладағы кофеханалардың бірінде кездесіп, корейлер туралы сөйлестік. Ол ұлтына аса мән бермейтінін айтты.

Олег Ни шын аты-жөнін көрсетпеуді сұрады. Ол мұны "Артық сөйлеп қойсам, оным ата-анама ұнамауы мүмкін" деп түсіндірді.

– Құжат бойынша – корей, азаматтығым бойынша – қазақстандық, сана бойынша орыспын. Үйде ата-әжемнің өзі бізге корей тілінде сөйлемеген, олар екеуара қалғанда да орысша сөйлеседі. Ата-анам Қызылордада өскен, кейін Алматыға көшіп келген. Олардың корейше сөйлегенін естіген емеспін. Бұл жерде тағы не айтуға болады? Әйелім – орыс. Ағам қазақ қызына үйленген. Осындай көпұлтты отбасымыз, – дейді Олег.

Олегтің сөзінше, үйде ешкім тіл мәселесін көтермеген, "корей болған соң ана тіліңде сөйлеуің керек" деп айтпаған.

– Мектепте, институтта, достарыммен орысша сөйлесіп жүріп, үйге келіп, корейше "шай құйыңызшы" десем, қызық көрінер еді. Бұл – біздің тіліміз емес, арғы ата-әжелеріміздің тілі. Бұл тіл солармен бірге кеткен, – дейді Олег.

Қазақ тілінен сабақ беретін Владислав Тен.
Қазақ тілінен сабақ беретін Владислав Тен.

Қазақ тілін үйретумен айналысатын Владислав Тен Өзбекстанда туып-өскен. Он жыл бұрын Қазақстанға көшіп келіп, қазақша үйренген. Владислав қазақ тілінен бөлек, ағылшын және корей тілдерінен сабақ береді.

– Қазақстанда бір кездері депортацияланған корейлердің төртінші толқыны тұрып жатыр. Олар таза корейлер емес. Иә, үйде корей мәдениеті болды, "біз – корейміз" дегенді естіп өстік. Бірақ іштей өзімді орыс сезінетінмін. Өйткені балалық шағым Совет одағында өтті. Ондағы мәдениет орыс тіліне негізделді. Біз Орталық Азиядағы корейлердің үшінші буынымыз, ешкім бізбен корей тілінде сөйлескен жоқ. Корей тілінің Сеул диалектісін өз бетімше меңгеріп алдым. Бірақ корё мар мен қазіргі заманғы корей тілінің арасындағы айырмашылық жер мен көктей.

"1937 ЖЫЛҒА ДЕЙІН КОРЕЙ ТІЛІ ҚОЛДАНЫСТА БОЛҒАН"

Корё мар – корей тілінің Орталық Азияға депортацияланған корейлер қолданған диалектісі. Ол 150 жыл бұрын оңтүстік және солтүстік диалектілер негізінде пайда болған. "Қазір біздің диалектіні жақсы білетін қарттар өзара сөйлессе, оңтүстікте тұратын корей ең көп дегенде әңгіменің жартысын ғана түсінер еді. Оңтүстік Кореяның лингвистері корё мар диалектісін естіген кезде "О мынау оңтүстік өңірдің, мынау солтүстік өңірдің сөзі" деп таңғалады, – дейді қазақстандық тарихшы әрі корейтанушы Герман Ким.

– Біз қарапайым тілде тұрмыстық сипаттағы шектеулі сөздерді ғана пайдаланамыз. Сондықтан қазіргі әдеби тіл 19 ғасырда болған жалпыкорей тіліне ұқсамайды. Ғылыми тұрғыда айтсақ, корё мар архаикалық тілге айналды. Орыс, өзбек, қазақ тілдерінен неологизмдер еніп, корей тілінің ерекшелігіне сай айтыла бастады, – дейді Герман Ким.

Тарихшы, корейтанушы Герман Ким. Алматы, 16 ақпан 2021 жыл.
Тарихшы, корейтанушы Герман Ким. Алматы, 16 ақпан 2021 жыл.

Герман Кимнің пікірінше, Орталық Азиядағы корейлер арасында корё мар мәжбүрлі-ерікті түрде ұмытыла бастаған: бір жағынан, корейлерді оқшау өмір сүріп жатқан жерінен күштеп басқа өңірге көшіріп, олар тілі мен мәдениеті бөлек ортаға тап болған, екінші жағынан, олар совет мемлекетінің саясатына қарсылық көрсете қоймаған. Нәтижесінде, қазақстандық корейлер үшін орыс тілі ұлтаралық қатынас құралы ғана емес, этнос ішінде қолданылатын тілге айналып кеткен.

– Қиыр шығыстағы корейлер тұрған аудандарда корей мектептері, кітапханалар, университеттер, редакциялардың корей бөлімі, радио, театр жұмыс істеген. Яғни, 1937 жылғы депортацияға дейін корей тілі қолданыста болған. Қиыр шығыстағы корейлер өте жинақы өмір сүрген: екі-үш ауданда 182 мың адам тұрған. Депортациядан кейін олар бірнеше елге шашырап, басқа ұлттардың ортасына түскен. Совет одағында орыс тілін білмей өмір сүру қиын болғандықтан, корейлер балаларын орыс тілін үйренуге шақыра бастаған. 1938 жылдан кейін ұлт тілінде оқытатын 12 мектептің жұмысы тоқтап, олар жалпысоветтік типтегі білім мекемесіне айналған. Мектепте корей тілін үйренуге тыйым салынған.

Владислав Теннің айтуынша, совет мемлекеті корейлер мәселесін қолға алған кезде ұлт зиялыларының көбі қаза тапқан. "Орталық Азияға негізінен қарапайым, білімі жоқ адамдар келген. Ағартушы қалмаған соң, тілді сақтап қалатын ешкім болмаған" дейді Тен.

– Тіліміз өшті, ол қазір жоқ. Ресми деңгейде біздегі корей театрының өзінде корё мар қолданылмайды. Көрермен туған диалектісінде қойылым көргісі келеді. Кейде корей театрының актерлері корё мар мен орыс тілі аралас интермедия қояды. Мұны бәрі түсініп, ерекше қуанады. Көрермендердің ең сүйікті дүниесі – осы, – дейді Герман Ким.

Ғалымның айтуынша, қазір Оңтүстік Кореяда (бұл елге бұрынғы Совет одағы елдерінен 80 мың корей көшкен) корё марға қызығушылық пайда болған.

Тарихшы, корейтанушы Герман Ким. Алматы, 16 ақпан 2021 жыл.
Тарихшы, корейтанушы Герман Ким. Алматы, 16 ақпан 2021 жыл.

– Оңтүстік Кореяда бұл толқын Өзбекстаннан келген корейлер арасында пайда болды деп ойлаймын. Оларға өзара араласу үшін орыс тілінен бөлек, корейлерді біріктіретін бір тіл керек болды. Сондықтан олар корё марды еске түсіріп, сол тілде сөйлей бастады. Ташкентте танымал совет фильмдерін корё мар тілінде дубляждай бастаған. Бұл видеоларды ондаған мың адам көреді, – дейді Герман Ким.

"КОРЕЙ ЕКЕНІМІЗДІ ҰМЫТТЫРМАУҒА ТЫРЫСАДЫ"

Елена Ким Қазақстанға Өзбекстаннан көшіп келген. Ол да Владислав Тен сияқты қазіргі корейлер арасында диалектіні меңгергендер сирек кездесетінін, әпкелері корей тілін білмейтінін айтады.

– Корей тілі не үшін керек? Үйде, мектепте, институтта орыс тілінде сөйледік. Қолданыстан шыққан соң, тіл де ұмытыла бастады. Ата-анам өзара корейше сөйлесетін, жасы қырыққа таяған шақта орыс тіліне көшті. Бізбен орысша сөйлескенімен, ұрысқан кезде корей тілін қолданатын. Мүмкін, осылай жақсы түсінеді деп ойлаған шығар. Оңтүстік Кореяда аудармашының көмегінсіз жүре аламын, оларды тұрмыстық деңгейде түсінемін. Сіңлім ілеспе аудармашы, корей және ағылшын тілдерін жақсы біледі. Бірақ жергілікті корей тілін білмейді. Осындай қайшылықты жағдай, – дейді Елена Ким.

Қазақстанға жер аударылған корейлер. 1940 жылдары түсірілген сурет.
Қазақстанға жер аударылған корейлер. 1940 жылдары түсірілген сурет.

Елена Кимнің пікірінше, қазақстандық корейлердің ассимиляциясын түсінуге болады: біріншіден, бұл халық басқа елге депортацияланған, екіншіден, оларда туған жерім деп атауға болатын ел қалмаған.

– Совет одағынан шықтық. Оған дейін ата-бабамыз қазіргі Солтүстік Кореяның аумағында тұрған. Сондықтан тіліміз де, мәдениетіміз де, менталитетіміз де басқа. Белгілі себептермен, Солтүстік Кореяға да орала алмаймыз. Осы факторлардың әсерінен корейлер ассимиляцияға ұшырап, тұрып жатқан елдегі халықтың ортасына сіңіп кетуге тырысатын сияқты. Бұл тірі қалу механизмдерінің бірі деп ойлаймын, – дейді Елена.

Қазақ тілінің мұғалімі Владислав Тен Қазақстандағы корейлер Оңтүстік Кореяның мәдени ықпалының арқасында ұлттық ділін сақтап қалуға мүмкіндік алып отыр деп есептейді.

– 1990 жылдары Оңтүстік Корея қарқынды даму жолына түспегенде, қазір Қазақстандағы корейлерден ештеңе қалмас еді. Өйткені әлі де сол жақтан мәдени қуат алып отырмыз. Олар корей екенімізді ұмыттырмауға күш салып жатыр. Қазір корей болғымыз келеді, өйткені олар брендке айналды.

Оңтүстік Кореяның астанасы Сеул қаласында. Көрнекі сурет.
Оңтүстік Кореяның астанасы Сеул қаласында. Көрнекі сурет.

Тарихшы Герман Ким де Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы корейлерге ықпалы зор екенін айтады. Ол мұны кейінгі жылдары Оңтүстік Кореяның экономикалық тұрғыдан өсуімен және k-pop, сериалдар, Gangnam Style әнін айтатын PSY (бұл әннің клипі You Tube желісінде бірнеше миллиард рет көрілген) сияқты бұқаралық мәдениеттің әсерімен байланыстырады. Одан бөлек, Оңтүстік Корея Қазақстандағы корейлердің өміріне қатысуға тырысады.

– Оңтүстік Корея АДК мәдениет сарайын сатып алып, ол жерге үлкен ағарту орталығын салу үшін миллиондаған доллар ақша жұмсады. Жергілікті корейлер бұл орталықта корей тілін үйреніп, би мен тхэквондо үйірмесіне қатысады деп жоспарланған. Бірақ қазір ағарту орталығына келушілердің 90 пайызы корейлерден басқа ұлт өкілдері. Бұған бұқаралық мәдениет әсер етіп отыр. Оңтүстік Кореяның бұқаралық коммерциялық мәдениеті бізге де ықпал ете бастады. Бұл белгілі бір деңгейде оң әсер болып саналады, өйткені бізге тарихи отанымыздың беделіне ие болу маңызды. Артымызда осындай экономикалық және мәдени тұрғыдан қуатты түп-тамырымыз шыққан тарихи отанымыз болғаны жақсы. Солтүстік Корея да бізге қызығушылық танытуға тырысып көрді. 1980 жылдары қайта құру кезінде, 1990 жылдардың басында Солтүстік Кореядан оқулықтар, сөздіктер, барабандар мен костюмдер келетін. Бізде Солтүстік Кореяны қолдайтын ұйым да құрылған. 1990 жылдардың соңында Солтүстік Кореяда аштық басталған кезде олардың қазақстандық корейлермен байланысы тоқтап қалды, – дейді Герман Ким.

Ғалымның айтуынша, корейлердің ұлттық ерекшелігі салт-дәстүрі мен тағамдарында ғана сақталып қалған.

– Тамақ ішуге келгенде ғана корей болып қалдық. Қаладағы кез келген пәтерге немесе ауылдағы үйге кірсеңіз, жиһазына, киіміне қарап, онда кім тұратынын түсінбеуіңіз мүмкін. Бірақ ас үйге кіріп, тоңазытқышты ашсаңыз, бірден бұл жерде корейлер тұратынын жазбай танисыз, – дейді Герман Ким.

  • 16x9 Image

    Пётр ТРОЦЕНКО

    Пётр Троценко - Азаттықтың Алматы бюросының тілшісі. Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Журналистік карьерасын "Уральская неделя" басылымында, "Инкар-инфо" интернет радиосында бастаған. 2007-2016 жылдары Алматыдағы, Нұр-Сұлтандағы, Оралдағы, Тараздағы және Ақтөбедегі басылымдарда жұмыс істеген. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG