Accessibility links

«Сенімсіз халықтар» паналаған мекен


Совет билігі күштеп жер аударған балқарлар. 8 наурыз 1944 жыл. Мұрағаттағы сурет.
Совет билігі күштеп жер аударған балқарлар. 8 наурыз 1944 жыл. Мұрағаттағы сурет.

Екінші дүниежүзілік соғыстың соңына қарай Ресей мен Кавказдан Қазақстанға миллионға жуық адам «сенімсіз халық өкілдері» ретінде күшпен қоныс аударылды.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстанға Кавказдан жер аударылған ұлттардың бірі - месхеттік түріктер. Қазір Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Көксай ауылында осы месхеттік түріктердің бір шоғыры бар. Совет өкіметі кезінде «Путь Ильича» аталған бұл ауылда 44 жыл жүргізуші болып істеп, 1995 жылы зейнетке шыққан 78 жастағы ақсақал Әлет Жалалов тұрады.

ТАУАР ПОЙЫЗЫ МЕН ӨГІЗ АРБА

- Немерелерімізді былай қойғанда, қалай көшіп келгенімізді білетін естиярлардың өзі санаулы-ақ қалдық. Ауылда бас-аяғы бес-алты адам бар шығар сол кезден қалған, - деп бастады Әлет ақсақал әңгімесін.

Оның айтуынша, ата-мекені Грузияда екен. Бір қауым месхеттік түрік 1944 жылдың қысында Орта Азияға зорлықпен көшірілген. Боржоми станциясынан тауар таситын пойызға тиелген жұрт бір ай жүріп Қазақстанның Алматы облысындағы Шамалған станциясынан бір-ақ түсіріледі. Ақсақал арагідік көзіне жас алып отырып, түн ортасында көп балалы отбасының өгіз арбамен Жамбыл ауданына қалай жеткенін суреттеді.

Әлет Жалалов, Көксай ауылының тұрғыны. Алматы облысы, Қарасай ауданы, 31 қаңтар 2012 жыл.
Әлет Жалалов, Көксай ауылының тұрғыны. Алматы облысы, Қарасай ауданы, 31 қаңтар 2012 жыл.
- Түнде өгіздер болдырып, бала-шаға жылап тоқтадық. Отбасымызда 9 бала бар еді. Мая шөпті қалың қардың үстіне жайып жаттық. Ертеңіне Жамбыл ауданына әкеп, шағын мектепке кіргізді. Қазақтар нан-шайын беріп екі күн бақты. Сосын кейбірімізге тоқал там берді, жетпегенін қазақтардың үйіне бөліп кіргізді. Көктемге дейін бір адамдай болып тұрдық, – деді ол.

Қария тоғыз жасынан жұмыс істеп, егіс салғанын айтады. 10 жасында қазақ мектептің 1-класына барған. 1953 жылы Ұзынағаштағы МТС-те істеп, көктемде трактор рөліне отырған.

- 1956 жылға дейін коменданттық сағатпен жүрдік. Өз ауылымыздың төңірегінен ұзауға болмайтын еді. Кейін еркіндік бергенде де елімізге қайтармады, - деді ол.

Ақсақал Грузиядан не себепті жер аударылғанын өзі әлі күнге түсінбейтінін айтады. «Қазір де туған жеріңізге қайтқыңыз келмей ме?» деп сұрағанымызда:

- Осы жерге сіңіп кеттік, оның үстіне әлі де қайтуға рұқсат етпейтін болуы керек, - деп өзімізге сұраулы жүзбен қарады.

Әлет Жалаловтың Азаттыққа берген сұхбатынан үзінді
(толық нұсқасын Азаттықтың YouTube-тегі парағынан көріңіз)

Месхеттік түрік Әлет Жалалов
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:51 0:00
Жүктеп алу

«СОВЕТ АЗАМАТЫНА АЙНАЛУЫ НЕҒАЙБІЛ»

Месхеттік түріктер сияқты ондаған этникалық топтар екінші дүниежүзілік соғыстың соңына дейін Ресей мен Кавказдан Қазақстанға жөнелтіліп, күшпен қоныстандырылып жатты.

Қазақстандық тарихшы Қайдар Алдажұманов бұл процестің соғыстан әлдеқайда бұрын басталғанына назар аударады.

«Зорлықпен жер аудару процесі соғыстан әлдеқайда бұрын, 1917 жылғы төңкерістен кейін-ақ басталған. Мәселен, 1931 жылдың мамыр-маусым айларында, яғни ашаршылық етек ала бастаған кездің өзінде Ресейден Қазақстанға топ-тобымен жер аударылғандар 189 мың адамға жетті. Сөйтіп Қазақстан сол кездің өзінде сталиндік режимнің сенімсіздігіне ұшыраған халықтарды орналастыратын жерге айналды» деп жазады тарихшы.

Қазақстанға 1930 жылдардың ортасында алғаш жер аударылған халықтар - корейлер, поляктар мен Еділ бойындағы немістер.

Сталин кезіндегі депортацияны бейнелейтін театрландырылған көрініс. Грозный, 10 мамыр 2013 жыл
Сталин кезіндегі депортацияны бейнелейтін театрландырылған көрініс. Грозный, 10 мамыр 2013 жыл
Қазақстан тарихы туралы көптомдық кітаптың бірінде сталиндік саяси жүйе үшін «сенімсіз халық» болып танылған, кейін Қазақстанға жер аударылған корейлер туралы мынадай дерек бар.

1920 жылдардың соңында Владимир Арсеньев атты совет саяхатшысы, һәм жазушысы БК(б)П Қиыр Шығыс өлкелік комитетіне корейлерді зорлап көшіру жөнінде мынадай үндеу хат жазады: «Корейлер антропологиялық, этнографиялық, дүниетанымдық тұрғыдан бізден гөрі жапондарға жақын. Олардың жуық арада совет азаматына айнала қоюы екіталай. Мінез-құлқы мен дүниетанымы қашан өзгереді деп күтетіндей уақытымыз жоқ».

Қазақстанға депортацияланған халықтар тарихын зерттеуші Құралай Қожақанова Азаттық тілшісіне Қазақстанға жер аударылған азаматтардың саны 1 миллион 200 мыңға дейін жететінін айтты.

- Соғыс жылдары неміс, поляк, қарашай, түрік, т.б. аз ұлттарға «фашистік Германияға іш тартты» деген желеуді алға тартқан. Бірақ оған нақты дәлел жоқ. Қазақстанның көп ұлтты елге айналуы сол кезден басталды, - дейді ол.
1946 жылға дейін Қазақстанға барлығы 890 698 адам жер аударылған.

Азаттық тілшісімен сөйлескен Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов «Ресей - халықтар түрмесі» деген әйгілі фразеологизм кейін Қазақстанға қарата айтыла бастағанын еске алды.

- Ресей жазушысы, диссидент Александр Солженицынның «Архипелаг ГУЛАГ» дейтін еңбегінде «Қазақстанға жер аударылғандар мен тұтқындардың көптігі сонша, бұл жер Қазақстан емес «Казекстанға» («зек» - сотталған деген
Тұтқындар лагері болған жерде саяси қуғын-сүргін құрбандарына қойылған ескерткіш. Қарағанды облысы, 31 мамыр 2011 жыл.
Тұтқындар лагері болған жерде саяси қуғын-сүргін құрбандарына қойылған ескерткіш. Қарағанды облысы, 31 мамыр 2011 жыл.
мағынасы бар жаргон – ред.) ұқсайтын еді» деген сөз бар. Жер аудару процесі соғыстың соңына дейін жалғасып, Қазақстан шын мағынасында «Казекстан» болып шықты, - дейді Хангелді Әбжанов.

Советтік саяси қуғын-сүргін кезінде Қазақстанда пайда болған еңбекпен түзеу лагерьлері мен арнаулы елді мекендер кейін келе жер аударылғандардың тұрақты қонысына айналды. Осы кезеңді зерттеушілер келтіретін деректер бойынша, соғыс қарсаңында Қазақстанға 102 мың поляк депортацияланды. Ресей құрамындағы автономиялық неміс облысы жойылып, Қазақстанға 360 мыңнан астам Еділ бойындағы немістер көшірілді. 1946 жылға дейін Қазақстанға барлығы 890 мың 698 адам жер аударылған.
XS
SM
MD
LG