Accessibility links

"Құлдық іспетті". Қазақстандықтардың еңбекақысы ішіп-жемнен артылмайды


Қазақстандықтардың табысы өсіп жатқанымен, оны қосанжарласа көтерілген баға "жалмап" жатыр. Елдегі инфляция ғаламдық көрсеткіштен жоғары. Тұрақты жұмысы бар адамдардың айтарлықтай бөлігінің жалақысы ең қажетті тауардан артылмайды. Неліктен?

"ҮНЕМДЕУ РЕЖИМІНЕ КӨШТІК"

Алматылық 27 жастағы Аян Ғиззат ай сайынғы бүкіл табысын азық-түлік, жолақысы, әйелі мен бір жасар баласының күнделікті қажетіне, ипотекалық несие төлеміне жұмсайды. Осыдан екі жыл бұрын Аян алатын жалақы мен қосымша табыс отбасын толықтай қамтамасыз етуге жетсе, қазір бұл ақша жұғын болмай қалды. Алматы облысы Қаскелең қаласындағы Сүлейман Демирел университетінде аға оқытушы болып істейтін ол қымбатшылық отбасы бюджетіне салмақ сала бастағанын айтады.

2021 жылы шаңырақ көтерген Аян сол жылы Алматыда жаңадан салынған тұрғын үй кешенінен үш бөлмелі пәтер алған. Содан бері ипотекалық несиені қайтаруға ай сайын 169 мың теңге төлейді. Жас отбасыға 20 жылға алған ипотекалық несиенің бір бөлігін төлеуге Аянның анасы көмектеседі. Жаңа тұрғын үй кешенінде коммуналдық төлем ақысы арзан емес, оның ауқымды бөлігі − тұрғын үй кешеніне қызмет көрсететін басқарушы компанияның төлемақысы. 82 шаршы метр пәтер үшін Аян басқарушы компанияға 12 мың теңге төлейді. Газ, су, электр энергиясын қосқанда, коммуналдық төлемге ай сайын орташа есеппен 30 мың теңге жұмсалады.

Бұдан бөлек ол баспаналы болғаннан кейін жаңа пәтерге дүкеннен тоңазытқыш, газ плитасы, ас пісіретін пеш пен ас үй жиһазын 24 айдың ішінде біртіндеп төлеу шартымен сатып алған. Соған ай сайын 30 мың теңге төлейді. Жас отбасы азық-түлікке айына кемінде 70 мың, ең көп дегенде 150 мың теңге жұмсайды. Тұрмыста тұтынатын химия және жеке гигиена заттарына орташа есеппен 30 мың теңге кетеді.

Ресми статистика деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері қазақстандықтардың орташа атаулы табысы өскенімен, оны инфляция "жалмап" жатыр.
Ресми статистика деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері қазақстандықтардың орташа атаулы табысы өскенімен, оны инфляция "жалмап" жатыр.

Алматыдан 30 шақырым жерде орналасқан Қаскелеңдегі жұмысқа оқытушы қоғамдық көлікпен, кейде таксимен қатынайды. Такси кемі 400, ал қала мен Қаскелең арасында жолаушы тасымалдайтын автобус 200 теңге алады. Алматының ішінде қоғамдық көлікпен жүру шығынын қосқанда Аян жолақысына айына 20 мың теңге жұмсайды.

– Әйелім бала күтімімен демалыста. Баламен қала ішінде таксимен жүреді, себебі автобуспен баруға қиналады. Сондықтан оның жолы, баланың жаялық-жөргегі, киімі мен басқа да керек-жарақ алуға әйеліме айына 100 мың теңге беріп тұрамын, − дейді ол.

Аян баға арифметикалық прогрессиямен өсіп жатқан шақта жалақының сатып алу қабілеті төмендеп барады деп есептейді. Бұрын отбасы қажетін жалақы және тренингтер мен видео монтаждау тәрізді қосымша жұмыстан түсетін табыс толық жапса, қазір бұл ақша отбасына жетпейді. Жас әке ара-тұра таныстарынан қарыз алып жүрді.

− Қазір қарыз азайды, себебі оны жабу үшін үнемдеу режиміне көштік. Сатып алу қабілетім төмендеді, көп нәрсе сатып алмаймын. Киім алмағалы екі жыл болды. Киім жиі алып отыруым керек деген әдет жоқ. Тозғанша шыдай аламын, − дейді Аян Ғиззат.

ЖАЛАҚЫНЫ ИНФЛЯЦИЯ "ЖАЛМАП" ЖАТЫР

Ресми статистика деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері қазақстандықтардың орташа атаулы табысы өскенімен, оны инфляция "жалмап" жатыр. 2023 жылдың бірінші тоқсанында жан басына шаққандағы орташа атаулы табыс былтырғы жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 18,1 пайыз өсіп, 168 097 теңгеге жетті. Бірақ бірінші тоқсанда тұтыну бағаларының индексі 20 пайыз көтеріліп, халықтың нақты табысы 1,6 пайыз азайған. Соның салдарынан қазақстандықтар жалақысының сатып алу қабілеті төмендеген.

Статистика агенттігінің 2023 жылдың бірінші тоқсанындағы дерегінше, қазақстандықтар табысының 51,3 пайызын азық-түлікке жұмсайды.
Статистика агенттігінің 2023 жылдың бірінші тоқсанындағы дерегінше, қазақстандықтар табысының 51,3 пайызын азық-түлікке жұмсайды.

Finprom талдау агенттігінің мәліметінше, Қазақстан – биылғы жылдың бірінші тоқсанында Еуразия экономика одағына кіретін елдердің арасында жалақының сатып алу қабілеті азайған жалғыз ел. Бұл кезеңде жалақы 19,3 пайыз өскенімен, инфляция кесірінен жалақының сатып алу қабілеті 0,6 пайыз төмендеп кеткен. Беларусьте сатып алу қабілеті – 1,7, Ресейде – 1,9, Арменияда – 14,6, ал Қырғызстанда 24,2 пайыз өскен.

Мамырда орташа атаулы табыс былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,9 пайыз өскенімен, инфляция 15,9 пайыз болған. Осылайша бұл айда да инфляция табыстың өсу көрсеткішінен асып түскен.

Статистика агенттігінің бірінші тоқсандағы дерегінше, қазақстандықтар табысының 51,3 пайызын азық-түлікке жұмсайды. Табыстың 22,5 пайызы азық-түлікке жатпайтын тауарға, 18,3 пайызы ақылы қызметке, 5,9 пайызы несие мен қарызды жабуға, 1,8 пайызы алименттер мен туыстарға көмекке, 0,2 пайызы салықтар мен басқа да төлемдерге кетеді.

Азық-түлікке жұмсалатын шығын – халық тұрмысынан хабар беретін экономика индикаторларының бірі. Ulagat Consulting group консалтинг компаниясының директоры Марат Қайырленовтің айтуынша, дамыған елдердің халқы азық-түлікке табыстың шамамен 20 пайызын жұмсайды. Ал табысы төмен дамушы елдерде жалақының жартысынан астамы азық-түлікке кетеді.

– Бұл ретте біз Африканың Сахара шөлінен оңтүстікке қарай орналасқан елдерімен бірдейміз. Киім мен тамақ үшін құлдар ғана жұмыс істейді. Ал Орталық және Шығыс Еуропа табыстың 16-18 пайызын азық-түлікке жұмсайды, − дейді Ulagat Consulting group консалтинг компаниясының директоры Марат Қайырленов.

Жоғары инфляция салдарынан сатып алу қабілеті төмендеп жатқанда халық мардымды қор жинай алмайды, себебі табыс азық-түлік пен несие тәрізді міндетті төлемдерден артылмайды. Ұлттық банк тапсырысымен маусым айында жүргізілген, Қазақстан бойынша 1500 адамды қамтыған репрезентативті сауалнамаға қатысқандардың 89 пайызы кейінгі айда ешқандай ақша жинай алмағанын, тек 11 пайызы белгілі бір қор жинағанын айтқан. Ал "осы күнге дейін жинаған ақшаңыз бар ма?" деген сұраққа респонденттердің 77 пайызы "жоқ" десе, тек 19 пайызы "бар" деп жауап берген, қалған 4 пайызы жауап беруге қиналатынын айтқан.

Инфляция жалақы өсімінен жоғары болған жерде сатып алу қабілеті міндетті түрде төмендейді дейді сарапшылар.
Инфляция жалақы өсімінен жоғары болған жерде сатып алу қабілеті міндетті түрде төмендейді дейді сарапшылар.

Алматыдағы қоғамдық тамақтандыру орындарының бірінде аспаз болып істейтін Әсел Серік (кейіпкердің өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді – ред.) күйеуі екеуі екі жақтап жұмыс істейтініне қарамастан, ақша қоры жоқ, отбасының табысы ішіп-жемнен артылмайды. Әселдің күйеуі күзет қызметінде, бір күн қаладағы соттың бірін, екінші күн орталықтағы мейрамхананы күзетеді, аптасына тек бір күн демалады. Ерлі-зайыптының алты және төрт жасар екі қызы бар.

– Биыл қымбатшылық қатты біліне бастады. Азық-түлік бағасы екі есе өсіп кетті. Айына кемі 80-90 мың теңге азық-түлікке кетеді. Ет атаулыдан тек тауық алатын болдық. Киінбейміз десек те болады. Қыста бір киім, жазда бір киім алып қоямыз, − дейді ол.

Әсел Серіктің отбасы Алматыдағы Әйгерім ауданында жалдап тұрып жатқан бір бөлмелі шағын үйге айына 35 мың теңге төлейді. Газ бен жарыққа тағы 5 мыңдай кетеді.

Бұдан бөлек Әсел мен күйеуінің мойнында бірнеше несие бар. Былтыр Әселдің анасының тік ішегінде ісік бары анықталып, ота жасалған. Анасының отадан кейінгі ем-домы үшін Әсел банктен 500 мың теңге несие алды. Одан бөлек енесінің 70 жылдық мерейтойына 770 мың теңге несие алған. Жақында үйге теледидар мен ұялы телефон сатып алды, оның ақшасын бөліп төлейді. Бас-аяғын қосқанда несиеге ай сайын 100 мың теңгедей құйып тұрады.

Күйеуі екеуі жұмысқа қоғамдық көлікпен қатынайды, жолақысына айына 15 мың теңгедей кетеді. Тағы 20 мыңдай теңге балаларға күнделікті шырын, балмұздақ пен тәтті алуға жұмсалады. Балаларды айына бір рет ойын-сауық орталығы немесе саябаққа апару үшін кемі 15 мың теңгедей керек.

– Қорға ақша мүлде қалмайды. Жер алайық десек, оған да жетпейді. Пәтер сатып алуға мүмкіндік мүлде жоқ. Өмір бойы пәтер жалдаумен өтеміз бе деп қорқамын, − дейді Әсел.

МӘСЕЛЕ ЭКОНОМИКАДАҒЫ МОНОПОЛИЯДА МА?

Қазақстан − Еуразия экономика одағында Ресейден кейін ең көп мұнай, газ, металл өндіріп, бидай өсіретін ел. Қазақстанның жер қойнауында Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрі бар деген сөз көп айтылады. Бірақ сарапшылар табиғи ресурстарды сатудан түскен пайданы әділетті бөлмеу − авторитарлы саяси жүйелерде көп қозғалатын мәселе екенін жиі тілге тиек етеді.

Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде бай мен кедей арасындағы алшақтық "жол беруге болмайтын" деңгейге жеткенін мәлімдеген. Ол KPMG дерегіне сүйеніп, Қазақстан байлығының жартысынан астамы 162 адамның қолында, ал халықтың жартысының ай сайынғы табысы 50 мың теңгеден аспайды деген. Президент ішкі жалпы өнімнің өсімінен тек шектеулі элита топтары ұтқанын, ал қазақстандықтардың басым бөлігінің табысы азайып немесе тұралап қалғанын, бұл экономикалық, әлеуметтік, саяси бөлініске әкелетінін айтқан.

Тоқаев ішкі жалпы өнімдегі жалақының үлесі 31 пайыз екенін келтірген. Үкімет оны 2025 жылға қарай 38,5 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр.

– Дамыған елдерде жалақының ішкі жалпы өнімдегі үлесі – 50-60 пайыз. Неге бізде жете төленбейді? Себебі қазақстандықтар өз құқықтарын талап етпейді, − дейді Қайырленов.

Сарапшылар инфляция жалақы өсімінен жоғары болған жерде сатып алу қабілеті міндетті түрде төмендейді дейді. 2022 жылы инфляция 20 пайыздан асты, биыл ақпан айында ол 21 пайызға жетті. Ал маусым айында инфляция 14,6 пайызға азайғанымен, бұл − әлі де Еуразия экономика одағындағы ең жоғары көрсеткіш. Ресми дерек бойынша, Қырғызстанда маусымда инфляция 10,5 пайыз болса, Беларусьте ол − 2,9 пайыз. Арменияда бұл айда тауар мен қызмет арзандап, дефляция -0,5 пайызды көрсетті. Украинаға басып кіріп, соғыс жүргізіп жатқан Ресейде ресми дерек бойынша, маусымдағы инфляция 3,3 пайыз болған (Дегенмен сарапшылар бұл елдердің биліктері инфляция деңгейін төмендетіп көрсететінін жиі айтады, сондықтан бұл деректердің объективтілігін анықтау қиын – ред.).

Қазақстандағы жоғары инфляцияның себептерін талдаған Halyk Finance инвестициялық-брокерлік компаниясының мамырдағы зерттеуіне қарағанда, 2022 жылы елдегі инфляция ғаламдық инфляциядан асып түсті. Зерттеу тұтыну инфляциясының жоғары деңгейі мен оның 2016 жылдан бері тұрақсыз сипатта болғанына әсер еткен төрт факторды анықтады. Олар: шикізатқа тәуелділік және экономиканың диверсификациясының төмен болуы; тиімді емес бюджеттік саясат және оны жүзеге асыруда тәртіп жоқтығы; бәсекелестік болмауы және нарық механизмдерінің тиімсіз жұмыс істеуі; елдегі қаржы және валюта нарығының дұрыс дамымауы.

Қазақстан билігі экономиканың диверсификациясы туралы ондаған жыл бойы сөз қозғап келсе де, жағдай еш өзгермеді. Іс жүзінде шикізат өндіру, телекоммуникация, логистика саласында монополия қалыптасқан. Соның салдарынан баға шарықтап, халықтың қалтасын қағады.

Алматыдағы бірінші президент саябағындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші.
Алматыдағы бірінші президент саябағындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші.

Марат Қайырленов жоғары инфляцияның себебін экономика монополизациясының жоғары деңгейімен байланыстырады. "Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында оның төңірегі мен олигархтардың экономикадағы үлесі артқан" дейді ол.

− Саяси жүйе мен халықтың белсенді болмауы экс-президенттің билікті қолына шоғырландыруына әкелді, соның нәтижесінде бірінші отбасымен байланысты активтер көп шоғырланды. Таяуда Jusan Analytics өз зерттеуінде 22 саланы талдап, 11 саланың 50-70 пайызына он ойыншы иелік етіп отырғанын анықтады. Монополия бар жерде бәсеке болмағандықтан, баға өседі, − дейді Қайырленов.

Экономикадағы монополияны жоймайынша, ұлттық банктің инфляцияны ауыздықтау саясаты жемісін бермейді дейді мамандар. Halyk Finance сарапшылары тауар нарығында ірі мемлекеттік және мемлекетпен байланысты бірнеше жекеменшік компания басымдыққа ие екенін атап өткен. Нарық механизмдері мен бәсекенің дамуына мемлекеттік монополия кедергі келтіреді. Сарапшылар мемлекеттің онымен күресетін нақты жоспары жоғын айтып жүр.

Мұндай жағдайда Әсел Серік пен Аян Ғиззат сияқты тұрақты жұмысы бар тұрғындардың үнемдеу режиміне көшу не көбірек қосымша табыс табудан басқа амалы жоқ.

− Бір ет алсақ, оны шақтап екі-үш айға жеткізуге тырысамыз. Кір жуатын ұнтақ, сабын тәрізді бұзылмайтын тауарды жеңілдік кезінде алып қоямыз. Күріш, басқа да ұзақ сақталатын азық-түлікті арзанырақ бағаға көбірек сатып аламыз, − дейді Әсел Серік.

Отбасының күнделікті кешкі асы − тауық сорпасы, күріш, макарон; тамаққа ет қоспайтын кездер болады. Жеміс-жидекті айына бір рет қана ала алады.

Дүкен сөресіне азық-түлік қойып жатқан адам. Шымкент, 23 қазан, 2021 жыл.
Дүкен сөресіне азық-түлік қойып жатқан адам. Шымкент, 23 қазан, 2021 жыл.

Сатып алу қабілетінің төмендеуінен туындайтын шығындардың алдын алу үшін халық ұзақ мерзім сақтауға болатын тауар мен азық-түлік қорын жинауға кіріседі.

"Бұл нарықта осы тауардың тапшылығына әкеп соқтырып, инфляцияның ары қарайғы өсімін тудырады. Соның салдарынан халықтың нақты табысы төмендеп, өмір сүру деңгейі нашарлап, ұлттық валютаға сенім азаяды, ал азаматтардың әлеуметтік-экономикалық саясатқа көңілі толмауы әлеуметтік наразылыққа әкеліп, инфляцияның экономикаға тигізетін кері әсері күшейе түседі" дейді Halyk Finance сарапшылары.

Қайырленовтің ойынша, мәселенің шешімі саяси реформалар мен халықтың белсендігіне келіп тіреледі.

– Ішкі жалпы өнімдегі жалақының үлесін көбейту үшін халық өз құқықтарын қорғауы керек. Мұнай өндіруші, кен өндіруші компаниялар, шикізат саласындағы инвесторлардан жалақыны өсіруді талап ету керек, − дейді сарапшы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG