Accessibility links

Біріккен банктегі қарбалас әлі тарқамады


Банк бөлімшелерінде кезек азаймады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:22 0:00

Халық банк пен Qazkom қосылғалы бері банктердегі кезек азайған жоқ

Халық банк пен Qazkom қосылғалы бері банктердегі кезек азайған жоқ. Банктің әлеуметтік желідегі парақшалары да клиент шағымдарына толы. Банк басшысы “жағдайдың күн сайын жақсарып келе жатқанын” мәлімдеді.

Халық банк пен Qazkom қосылғалы бері банктің жұмысына қатысты шағымдар әлі азайған жоқ. Тамыздың 9-ында Facebook-тағы Qazkom аккаунты homebank қызметінің жақсара түскенін хабарлап, жазба жариялаған еді. Бірнеше сағаттың ішінде пост форумы қолданушылардың шағымына толып кетті.

"Карта арқылы депозитті толтыра алмайсың! Дүйсенбіден бері депозитке ақша түскен жоқ, әлі қарастырылып жатыр дейді! Адамдарды алдамаңыздар!!! Колл центр дұрыс жауап бермейді!!!" деп жазды Raissa Shafikova есімді қолданушы.

Ал Qazkom аккаунты бұл қызметтің қалпына келгенін айтып, қайта тексеріп көруге кеңес берген.

Қолданушылардың бірі Homebank қызметінің кейбір функцияларының істемей қалғанын айтса, бірі жаңа нұсқасының өте қолайсыз екенін айтады.

Бірнеше күннен бері әлеуметтік желі қолданушылары да банктегі шаруаларын бітіре алмай жүргенін жазып, парақшаларында түрлі постылар жариялап жатыр.

БАНК БӨЛІМШЕЛЕРІНДЕГІ ЖАҒДАЙ

Астана қаласында сырты "Қазком", іші "Халық банк" филиалдарындағы қарбалас та әлі тарқамаған.

Азаттық тілшісіне сұхбат берген кейбір клиенттер банктегі ұзын-сонар кезек пен қызмет сапасына шағымданды.

- Өткен аптада Казком дей ме, Халық дей ме, білмеймін, жеке кәсіпкер салығын осы жерден төлегенбіз. Әлі түспеді. Есеп шот та ашуымыз керек еді. Менеджер қабылдамай жатыр. Кезекте отырғаныма екі сағат болды, - дейді Астана тұрғыны Жұлдыз Ысқақова.

Кейбір клиенттер өзге банкке ауысу мүмкіндіктерін қарастырып жатқанын да айтқан.

- Жалақымызды Казком арқылы беретін. Енді мына Халық банкіне ауысқалы бері проблема болып, бізге Каспийге ауысыңдар деп айтып жатыр жұмыс берушілеріміз, - дейді Астана тұрғыны Олжас Сабеков.

Халық банктің Астана бойынша аймақтық филиалының жетекшісі Жанар Рахимова Азаттық тілшісіне қазіргі кезде мәселелердің 90 пайызы шешілгенін айтқан. Ол филиалдардағы кезек мәселесін кадр жетіспеушілігінен, жүйелік проблемалар техникалық ақаулардан болып жатыр деп түсіндірген.

"ЖАҒДАЙ ЖАҚСАРЫП КЕЛЕДІ"

Жергілікті kursiv.kz басылымына берген сұхбатында соңғы өзгерістер жайлы айтқан Халық банктің басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова кейбір ақаулар болмаса, банктің жалпы қалыпты жұмысқа көшкенін мәлімдеген.

“Күн сайын жағдай жақсарып келеді. Көбірек сервистерді іске қосып жатырмыз. Қазіргі кезде онлайн, банкоматтар жүйесі, барлық бөлімшелер мен операциялар, ішкі және сыртқы төлемдердің барлығы жұмыс істеп тұр” деген Үміт Шаяхметова.

Бүгін банктің бірнеше бөлімшесінде болғанын айтқан басқарма төрайымы несие үшін "ұзын-сонар кезекке тұрған халықты көргенін", ал "кассаларда кезек жоқ" екенін де жеткізген.

Шілде айының аяғында елдегі ең ірі банктердің бірі Казкоммерцбанкті Халық банкіне қосу процесі толық аяқталғаны хабарланды. Ресми дерек бойынша, Халық банк бұл процеске 250 миллиард теңге қаржы жұмсаған.

Бұған дейін Халық банкі екі банктің қайсысында рәсімделмесін, барлық тұтынушы және ипотекалық несие шарттарының бұрынғыша сақталып қала беретінін мәлімдеген. Депозитеттер де солай. Qazkom клиенттерінің карточкаларын қайта жасатуы қажет еместігін де хабарлаған.

Ірі қаржы институттарының қосылу процессі бір жарым жылға созылды. Бірігу процессі аяқталған қазіргі уақытта «Халық банк» активтері Қазақстандағы банк секторы активінің үштен біріне тең болып отыр. Қазақстанда екінші дәрежелі 32 банк жұмыс істейді.

  • 16x9 Image

    Ержан ӘМІРХАНОВ

    Ержан Азаттықтың Астана бөліміне 2015 жылғы қаңтарда телеоператор болып қосылды. "Ирбис-ТВ" мен КТК телеарналарында жұмыс істеген. Павлодар мемлекеттік университетін бітірген.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG