Accessibility links

ҰБТ: телефон тәркілеу мен сұрақ тасу


"Сұрағы іштен, жауабы сырттан берілген ҰБТ"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:48 0:00

Видео: "Сұрағы іштен, жауабы сырттан берілген ҰБТ"

Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында мектеп бітірушілердің көпшілігі ҰБТ тапсырды. Аудан бойынша жоғары балл 137-ге жетсе, мүлде балл жинай алмағандар да бар. Азаттық тілшісі ҰБТ өткізудің жергілікті сипатына куә болып қайтты.

Маусымның 23-25 аралығында Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында мектеп бітірушілер Ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) тапсырды. Бұл – жоғары оқу орнына мемлекеттік грант алып тегін түскісі келетін түлектер үшін маңызды сынақ.

«ШТАБ-ПӘТЕРЛЕР»

Аягөзде бүкіл аудан бойынша ҰБТ бір ғана оқу орны ғимаратында – қалалық көп салалы мектеп-гимназияда таңғы сағат тоғызда басталды. Арада шамамен жарты сағат өткеннен кейін ата-аналар бірі-біріне «сұрақтар шықты, сұрақтар шықты» десіп, ары-бері жүгіре бастады. ҰБТ өтіп жатқан ғимаратқа жақын орналасқан көп қабатты үйлердің бірінің подъезіне кірген бір топ ата-анамен бірге Азаттық тілшісі де ішке енген. Үшінші қабаттағы есігі ашық пәтерлердің бірінде бір топ адамның үстелді айнала топтасып отырғаны байқалды. Ішке кірген ата-аналарға олардың бірі: «Сұрақтар келді. Сіздер топырламай сыртқа шығып, бір-бірлеп кіріңіздер» деп қайтадан сыртқа шығарды.

Сол сәтте ата-аналар қолдарындағы ұялы телефондарында WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы мектептің ішінен ҰБТ сауалдары жолданып жатқанын айтты. Олар осы сұрақтарды жаңағы пәтерде үстелдің үстіндегі принтер арқылы шығарып алғанын, сол сұрақтарды сонда отырған мұғалімдерге көрсетіп, тест жауабын алып, кері жолдап отырғаны байқалды. Тілші қолындағы видеокамераны аңғарып қалған бір ата-ана: «Сіз мұнда камерамен не істеп жүрсіз?» дегені сол еді, өзгелері де бірден тап беріп, подъезден шығарып жіберді.

Көпқабатты үйлердің алдында ҰБТ тапсырушыларды күтіп, топталып тұрған адамдар. Аягөз қаласы. 23 маусым 2018 жыл.
Көпқабатты үйлердің алдында ҰБТ тапсырушыларды күтіп, топталып тұрған адамдар. Аягөз қаласы. 23 маусым 2018 жыл.

Мектеп маңындағы көп қабатты үйдегі пәтерлердің кейбірі ҰБТ тапсырушыларға көмекке келген мұғалімдердің «штаб-пәтеріне» айналғандай әсерде қалдырды. ҰБТ өтіп жатқан ғимаратқа жақын орналасқан тағы бір көп қабатты үйдің екінші қабатындағы пәтердің алдында тұрған ер адам тілшіден «қай оқушының ата-анасы екенін» сұрап, әрі қарай жолатпады.

СЫНАҚТАН КЕЙІНГІ СӘТ

Сынақтың бірінші күні тест тапсырғандардың алды сағат 11.00 шамасында сыртқа шыға бастады. Алғашқы шыққандардың бірі Азаттық тілшісінің: «Телефон, немесе шпаргалка пайдаландың ба? Қасыңда ондай пайдаланғандар болды ма, саны қанша?» деген сұрағына:

- Жоқ. Бәрін өзім белгіледім. Мен үшін дүниежүзі тарихының сұрақтары ғана қиын болды. Ал айналама назар аударған жоқпын, - деп жауап берді.

Балалары ҰБТ тапсырып шыққан ата-аналар ашық әңгімеден тартынып тұрды. Тек жиналғандардың бірі, аты-жөнін атамай камера алдында:

Сынақ тапсырушылар іште болғанымен ҰБТ сыртта шешіледі

- Оны сұрайтын несі бар. Сынақ тапсырушылар іште болғанымен ҰБТ сыртта шешіледі, - деп қысқа қайырды.

Ал өзін «Жанарбек Бекбай» деп таныстырған азамат «бұл бірнеше жылдан бері қалыптасқан үрдіс» дейді. Жанарбек өзінің мұғалім екенін, тарих пәнінен сабақ беретінін айтады. Оның сөзінше, тұншықтырғыш құралдар интернет байланысына кедергі жасаған жағдайда телефонды іштен-сыртқа, сырттан ішке таситындар да пайда болған.

- Ғимарат ішінде отырған сынақ тапсырушыға телефон тасу, яғни оның қолындағы ҰБТ сауалдары түсірілген телефонды сыртқа шығарып, кейін жауапты ішке кіргізетіндер болады, - дейді ол Азаттыққа.

Аягөз ауданының тұрғыны Жанарбек Бекбаев.
Аягөз ауданының тұрғыны Жанарбек Бекбаев.

Оның келтірген санына қарағанда, телефон таситындар үшін кәдімгідей ауқымды ақы төленеді.

«200-ДЕН АСТАМ ТЕЛЕФОН АЛЫНДЫ»

Аягөз аудандық білім бөлімінің бастығы Нұрғали Әзімбаев тест кезінде телефон алып кіретіндер бар екенін жоққа шығармайды. Оның айтуынша, биыл сынақ тапсырушылардан «200-ден астам телефон алынған».

- Сондай мөлшерде «шпаргалка» да алынды. Сынақ тапсырушылардың кейбірі ұсталып қалғандай болса, бірін бере салып, екіншісін алып қалу үшін екі-екіден телефон алып кіргені де бар. Биылғы ережеге сәйкес мүмкіншілігіне қарай «сотка» пайдаланушыларды шектеуді техникалық жағынан жаңарттық. Бірақ кезекші алдыға кеткен кезде артта отырған оқушылар ұялы байланысты тұншықтырғыш құралды өшіріп тастап отырған, - дейді аудандық білім бөлімінің бастығы.

Аягөз аудандық оқу бөлімінің бастығы Нұрғали Әзімбаев.
Аягөз аудандық оқу бөлімінің бастығы Нұрғали Әзімбаев.

«Оқушылар 100 пайыз өз күштерімен сынақ тапсырды дегенге сенесіз бе?» деген сауалға Нұрғали Әзімбаев:

- Негізінен 100 пайыз өз күшімен тапсыра алатын балалар да бар. Бірақ барлығы өйтіп ала алмайды ғой, - деп жауап берді.

Бұрынғы екі аудан аумағынан құралып іріленген Аягөз – облыс орталығы Өскеменнен 300 километр қашықта орналасқан аудан. Тұрғындар саны 73 мыңнан асатын ауданда биыл 766 оқушы он бірінші сынып бітірді. Соның ішінде 677 оқушы ҰБТ-ға қатысып, сынақ тапсырды. Нұрғали Әзімбаевтың айтуынша, бір оқушының жинаған баллы 137-ге жетсе, одан кейін бір оқушы - 135 балл және тағы бір оқушы 134 балл жинаған. Аудан бойынша орташа балл 89,7 болған. Мүлде балл жинай алмағандар да кездескен.

Сынақ тапсырып жатқан балаларын күтіп тұрған ата-аналар. Аягөз. 23 маусым 2018 жыл.
Сынақ тапсырып жатқан балаларын күтіп тұрған ата-аналар. Аягөз. 23 маусым 2018 жыл.

Қазақстан мектептерінде маусымның 20-сынан бері ҰБТ өтіп жатыр. Сынақ тапсыру шілденің 1-іне дейін жалғасады. Ұлттық тестілеу 15-рет өтіп жатқанымен, биылдан бастап сынақ жоғары оқу орындарына түсуге емтихан әрі білім беру гранттарын алу механизмі ретінде қарастырылады. Ресми мәлімет бойынша 96 963 мектеп бітіруші ҰБТ тапсыруға ниет білдірген. Олардың 73 мыңы, яғни 80 проценті қазақ тілінде тапсырмақ. Ал барлығы республика бойынша 146 мың оқушы мектеп бітірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG