Accessibility links

Наразылық күшейгенде "қосымша тізім" жарияланды


Білім және ғылым министрлігі ғимаратынан шығып келе жатқан түлектер. Астана, 12 тамыз 2017 жыл.

Қазақстан білім және ғылым министрлігі мемлекеттік грант иегерлерінің "қосымша тізімін" жариялады. Оған бір жарым мыңға жуық адам кірген. Бұған талапкерлердің ашынған ата-аналары министрлікке барып, шенеуніктермен кездескеннен кейін қол жетті. Ал гранттан қағылған мектеп түлектері министрлікке әлі барып жүр.

Дүйсенбі күні Астанада түлектердің ата-аналары алдыңғы аптадағы сияқты білім және ғылым министрлігінің алдына тағы жиналды. Жұрттың айтуынша, балаларының оқуға неліктен түспей қалғанын оларға әлі ешкім түсіндірмеген. Жиналғандардың көбі Қазақстанда тегін білім алуға болады деген "үміттері өшкеніне" қынжылады. Шығыс Қазақстан облысында тұратын Анибал Сыздықбаева асырап алған баласына көмектесуге тырысып көру үшін Семейден Астанаға арнайы келген. Ол тұл жетім болып қалған 17 жастағы Санжар Халеловті өз қамқорлығына алған.

- Санжар дәрігер болғысы келеді, отбасымызда бәрі - дәрігер. ҰБТ (ұлттық бірыңғай тестілеу. - Азаттық) тапсырар алдында қаламыздағы медакадемияға (Семей қаласындағы медициналық академия) барғанымызда жетім балалар [тегін оқуға түсу үшін] 50 балл жинаса жеткілікті деген болатын. Ал ол 77 балл алды әрі грантпен түсетініне сенімді болған. Құжаттарын қайта жібереміз деген болатын. Бірақ құжаттары келді, ал өзі тізімде жоқ... Мемлекет болмаса, балаға кім көмектесуі тиіс? Кімге жүгінерімді білмей тұрмын, - дейді Анибал Сыздықбаева.

Анибал Сыздықбаева, түлектің қамқоршысы. Астана, 14 тамыз 2017 жыл
Анибал Сыздықбаева, түлектің қамқоршысы. Астана, 14 тамыз 2017 жыл

Әйел қамқорлығындағы ұлдың арманы орындалмай қалуы мүмкін, сондықтан "қатты ренжіп тұрмын" дейді, ал коммерциялық бөлімдегі оқу ақысын (жылына шамамен 700 мың теңге) төлеуге шамасы жоқ.

Түлектердің ата-аналары білім және ғылым министрлігінен алдыңғы аптаның соңында әділдік талап ете бастаған. Ақыры шенеуніктер жұрт мүлдем "жол бермей қойған соң" жауап беруге мәжбүр болған. Түлектердің бір топ ата-анасы мен туысы гранттар "әділетсіз" бөлінді деп мәлімдеген. Алдыңғы демалыс күндері мемлекеттік білім гранттарын бөлу жөніндегі республикалық комиссия грант алғандардың тізімін қайта қарап шыққан. Министрлік комиссия отырысына "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы, білім саласы қызметкерлері кәсіподағы, жоғарғы оқу орындары қауымдастығы және ата-аналар қауымдастығының өкілдері қатысты деп хабарлады. Министрліктің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Гүлзат Көбенова "қазіргі заңға сәйкес, "Алтын белгі" иегерлері грантпен қамтылуы тиіс" деп мәлімдеген.

— Сондықтан республикалық комиссия оларды грантпен университет, білім және ғылым министрлігі мен денсаулық сақтау министрлігі қаражаты есебінен қамтамасыз етуді ұйғарды. Бұған қоса, гранттардың жалпы саны 3,5 пайызға, яғни 1487 грантқа көбейді, ал бұл "Алтын белгі" иегерлерінің білім деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Биылғы конкурсқа 4360 "Алтын белгі" иегері қатысты, олардың 1487-сі негізгі тізімнен шығып қалды, нақтырақ айтқанда, олардан гөрі көбірек балл алған абитуриенттер тізімінен ығыстырдық. ЖОО мен министрліктер есебінен осы балалар қаржыландырылатын болды, - деп түсіндірді Гүлзат Көбенова.

Шенеуніктер "Алтын белгі" иегерлеріне қатысты шарттар ішінара қайта қаралатыны жайлы да айтты. Комиссия жұмысына қатысқан жоғарғы оқу орындары қауымдастығы президенті Рахман Алшанов келер жылдан бастап жаңа жүйе енгізіледі деп мәлімдеді.

- Келер жылдан бастап балдық жүйеге көшуді ұйғардық. Алтын медаль алсаң, ол сенің наградаң болады. Қабырғаға іліп қойып, жұрттан құттықтау, гүлшоқтарын аласың, сонымен бітті, сау бол дейміз. Ал ары қарай өзгелер сияқты жалпы негізде құжат өткізуге тиіссің. Биыл медаль алғандардың ешқайсысы далада қалған жоқ, меніңше, бұл – әділ шешім. Үкімет жағдайды түсініп, қосымша орындар бөлді, - дейді Рахман Алшанов.

ҰБТ-да тең балл жинаған жағдайда "Алтын белгі" иегеріне басымдық беріледі деп хабарланған. Бұған қоса, білім министрлігі "Алтын белгі" алған түлектері ҰБТ-да аз балл алған мектептерде тексеру жүргізілетіні жайлы да мәлімдеген болатын. "Түлектерге тексеру нәтижелерінің зардабы тимейді, бірақ бұрмалаушылық фактілері анықталса, мектеп басшылары жазаланады" деп көрсетілген порталда.

Бұған дейін министрлік өкілдері заңдарға "Алтын белгі" иегерлеріне басымдық бермей, грантты ҰБТ-да жинаған балы, ауыл квотасы бойынша, жетім, мүгедек балаларға және өзге де жеңілдік категориясына енетін талапкерлерге ғана бөлуді қарастыратын өзгеріс енгізу жұмысын жүргізіп жатқанын мәлімдеген.

Белсенді Мұхтар Тайжан мұндай тексерулерге сенбейді. Ол "тексерушілер мектептерден үлкен кемшіліктер таба қоюы екіталай. Өйткені әлгі "тексерушілер" – мына жағдайға жол берген адамдардың өздері ғой" дейді.

— Мына жағдайға министр Сағадиевтің өзі кінәлі. ЖОО-на түсу критерийлері біреу ғана – ҰБТ-да жинаған балл болуы тиіс. "Алтын белгі" иегерлері ҰБТ-да тым төмен деңгей көрсетеді. Бұл бір ғана нәрсені білдіреді, демек мектептер "Алтын белгіні" коррупциялық жолмен табыстай ма деп қорқамын. Өйткені тестілеуде мұншалықты төмен нәтижелер көрсету себебін өзгеше түсіндіре алмаймын. Бұл – коррупция, ал мектептердегі коррупция үшін кім жауапты? Білім министрлігі, - дейді Мұхтар Тайжан.

Ертеректе Мұхтар Тайжан министр Ерлан Сағадиевті талай мәрте теледебатқа шақырған, бірақ шенеунік мұндай пікірталасқа "құлықсыз" екенін мәлімдеген.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG