Accessibility links

Назарбаев "чемпион" ба? Бұрынғы президентке берілген жаңа мәртебе мен қоғам пікірі


Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан президенті болған кезде "Азия - Еуропа" саммитінде түскен суреті. Брюссель, 19 қазан 2018 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан президенті болған кезде "Азия - Еуропа" саммитінде түскен суреті. Брюссель, 19 қазан 2018 жыл.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа "Ядролық сынақтан азат әлем үшін чемпион" мәртебесі берілгені туралы хабарламасы "елбасы" көп атақ-дәрежеге ие елде екіұшты пікір туғызды. Мұның соңы ағылшын тіліндегі мәтінді дұрыс аудармаған, "манипуляция" жасаған деп дипломаттарды айыптауға ұласты. Назарбаевтың "чемпион" болғаны рас па?

Қазақстан сыртқы істер министрлігі 26 тамыз күні ресми сайтына "елбасы" ("ұлт көшбасшысы") атағына ие бұрынғы президент, ықпалды Қауіпсіздік кеңесінің өмірлік басшысы және биліктегі "Нұр Отан" партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Ядролық қарудан азат әлем үшін чемпион" мәртебесіне ие болғанын жазды. Министрлік дерегінше, халықаралық деңгейдегі мәртебе туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай ұйымдастырылған арнаулы сессиясында айтылған.

"ЧЕМПИОНДЫҚ" ПЕН ОДАН КЕЙІНГІ АҚПАРАТ ЛЕГІ

Министрліктің хабарламасын Қазақстандағы бірқатар ақпарат құралы таратты. Ақпарат агенттіктері сыртқы істер министрлігінің "Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы келісім ұйымының атқарушы хатшысы Лассина Зербо Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құруға қосқан тарихи үлесін мойындаудың белгісі ретінде Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа мәртебе беруді ұсынды" деген жаңалығын жариялады. Ақпарат құралдары Назарбаевтың Семей ядролық сынақ полигоны бойынша бұрын-соңды болмаған тарихи шешім (1991 жылы ол Шығыс Қазақстандағы ядролық нысанды жабу туралы жарлыққа қол қойды) қабылдағаны туралы сөйлемді қайталап жазды.

Қазақстандық шығыстанушы Жар Зардыхан Назарбаевтың жаңа мәртебесі туралы хабарға ерекше назар аударғанын айтады.

– Жаңа мәртебенің атауы ерекше көрінді. Түпнұсқада қалай берілгенін білейін деп шештім. Бізде ақпарат құралдары көбіне біреудің қызметін, мәртебесі мен жүлдесін қате аударып жатады. Осыны анықтап көруге бел будым, бірақ әзірге ["чемпион" сөзін] және [атақ беру туралы] ұсыныс қандай жағдайда айтылғанын тапқан жоқпын. Сондықтан аудармада қате кетуі мүмкін екенін жоққа шығармаймын, – дейді ол.

Зардыхан коронавирус пандемиясына байланысты онлайн-режимде өткен Бас Ассамблея сессиясының БҰҰ-ның сайтына жарияланған видеоларының ішінен Лассина Зербоның сөзін арнайы қарап шыққан. Ол өзі көрген видео туралы пікірін Instagram парақшасына жазды. Зардыханның жазбасына журналистер пікір білдірді.

Көп ұзамай ақпараттың шынайылығын тексеруге маманданған Factcheck.kz сайты Зербоның мәлімдемесін тыңдап, "БҰҰ сессиясында Назарбаевқа атақ беру туралы ештеңе айтылмаған" деген қорытындыға келген.

Factcheck.kz Лассина Зербо өз сөзінде екі адамға: Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Финляндияның бұрынғы президенті Тарья Халоненге алғыс білдіргенін жазды.

"I want thank you, to thank both Presidents - Nazarbayev... former President Nazarbayev and President Tarja Halonen for championing The Сomprehensive Nuclear Test Ban Treaty Group of Eminent Persons".

Бұл мәтін былай аударылады: "Мен сіздерге, қос президентке Назарбаевқа, бұрынғы президент Назарбаевқа және президент Тарья Халоненге ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы келісімнің белгілі қайраткерлер тобын қолдағаны үшін алғыс білдіргім келеді".

Factcheck.kz Қазақстан сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері "championing" ("қолдау") сөзін орыс тіліне "чемпион" деп аударып, "техникалық қате" жіберуі мүмкін деп топшылады.

"ҚР сыртқы істер министрлігі тағы да ыңғайсыз жағдайға қалған сияқты. Бұл жолы қате аударма ақпарат бұрмалануына және осы күйінде БАҚ-тарда жаппай жариялануына себеп болды. Сыртқы істер министрлігі аудармашылары аударманың орыснсыз естілетініне қысылмаған тәрізді. Әңгіме "бірегей мәртебе" туралы емес, ядролық сынақтарға тыйым салу үшін күресте Назарбаев пен Тарья Халоненнің елеулі үлесін мойындау туралы болды. Жалпы бұл шын мәнінде үлкен жетістік, бірақ жаңалық емес", – деп жазды бұл жағдайды "манипуляция" деп түсінген Factcheck.kz сайты.

БҰҰ мен Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы келісім ұйымының сайттарында әзірге Назарбаевқа атақ берілгені туралы хабарлама жоқ.

Азаттық тілшісі Қазақстан сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің басшысы Айбек Смадияровқа хабарласып, жағдайды түсіндіруді сұрады. Смадияров сыртқы істер министрлігі бұл мәселе жөнінде "ресми пікір бермейтінін" айтты.

Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы келісім ұйымы қоғамдық ақпарат бөлімінің басшысы Джил Тюдор Азаттық тілшісіне телефон арқылы берген пікірінде штаб-пәтері Венада орналасқан ұйымның әзірге ресми мәлімдеме жасамағанын айтқанымен, Назарбаевқа мәртебе берілгенін растады.

– (Мәртебе берілгенін – ред.) растай аламын, бұл дұрыс. Біз соңғы ұсақ-түйек мәселелерді нақтылап жатырмыз, сондықтан сізден шыдамдылық танытып, толық ақпаратты күтуді өтінемін. Мәселе біздің бірнәрсені жасырып тұрғанымызда емес, түсінесіз бе, толық ақпарат берілгенше бәрін бекітуге уақыт керек, – деді Тюдор. Ол ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы келісім ұйымы Назарбаевтың мәртебесі туралы қашан мәлімдеме жасайтынын айтпады.

"ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДАН БАС ТАРТУҒА" ҚОСҚАН ҮЛЕСІН МОЙЫНДАТУ ЖОЛЫНДАҒЫ ТАЛПЫНЫС

Орталық Азия елінде Семей полигонын жабу мен Қазақстанға Совет одағынан мұраға қалған ядролық қарудан бас тартуды Назарбаевтың еңбегі деп бағалау әдетке айналған. Сыншылар полигонды жабуға ақын Олжас Сүлейменов бастаған "Невада – Семей" қозғалысының белсенділері күш салғанын, ал Совет одағынан қалған орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою СССР мен АҚШ арасындағы келісімге сәйкес жасалған мәжбүрлі шара болғанын айтады. Бірақ Қазақстан билігі 1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында "өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан ел мәртебесін" сыртқы саясатының бір бөлігіне айналдырып, Қазақстанның бүкіл әлемге жақсы үлгі көрсеткенін биік мінберден айтып жүрді. Осы үлгі Нұрсұлтан Назарбаевты Нобель сыйлығына ұсыну туралы бастамаға негіз болды.

Назарбаев Нобель сыйлығына жеті рет ұсынылғанымен, беделді атақ оған бұйырмады.

  • 2006 жылы Қазақстан халқының Ассамблеясы (Назарбаев құрған, этномәдени орталықтарды біріктіретін консультативті орган), пәкістандық теолог пен америкалық конгрессмен "халықтар арасындағы бейбітшілік пен достықты нығайтуға қосқан үлесі үшін" Назарбаевты Нобель сыйлығына ұсынды;
  • Екі жылдан кейін АҚШ конгресінің мүшелері "ядролық қару таратпауға қосқан үлесі үшін" Назарбаевты аталған сыйлыққа тағы да ұсынды;
  • 2009 жылы сталиндік қуғын-сүргіннен зардап шеккен адамдарға қолдау көрсеткені үшін Назарбаевты Нобель сыйлығына ұсыну бастамасын Шешенстандағы қоғамдық ұйым көтерді;
  • 2010 жылы түркі халықтарының бүкіләлемдік ассамблеясы мен түрік журналистерінің бірі "Семей полигонын жапқаны үшін" Назарбаевты Нобель сыйлығына лайық деп тапты;
  • 2011 жылы норвегиялық ұйым, "Ақ Орда" қозғалысы, шешен-ингуш мәдени орталығы мен Қырғызстан парламенті "ядролық қарусыздану мен бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесі үшін" Назарбаевтың кандидатурасын қолдады;
  • 2012 жылы "Ядролық сынақтарға тыйым салудан ядролық қарудан еркін әлемге дейін" деп аталатын халықаралық конференцияда БҰҰ-ның канадалық өкілі Дуглас Рош пен АҚШ конгрессмені Ени Фалеомаваега Нұрсұлтан Назарбаевты Нобель сыйлығына алтыншы рет ұсынды;
  • 2017 жылы Швейцариядағы бейбітшілік кеңсесі ғылыми-зерттеу институтының директоры Алин Варе "ядролық қаруды жоюға қосқан үлесі үшін" Назарбаевты жетінші рет Нобель сыйлығына үміткерлердің қатарына қосты.

Нобель сыйлығын алудағы сәтсіздігінен кейін Назарбаевқа оның ядролық қарусыздануға қосқан үлесі мойындалғанын білдіретін халықаралық мәртебе берілгенге ұқсайды.

Назарбаев "чемпиондығына" қатысты пікір білдірген жоқ. Ол Нобель сыйлығына қолы жете алмаған сәтсіздіктері туралы да ештеңе айтпаған. Былтыр президент қызметінен отставкаға кеткеннен кейін Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының жиынында өзін мақтаған сөздерді тыңдап болып, жылы лебіздер көңілінен шыққанын айтқан. Ол өзіне мақтау сөздер ұнайтынын бұрын да білдірген. Мысалы, 2016 жылы парламент "бірінші президенттің мемлекет құрудағы еңбегі аталған" Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған Декларация қабылдаған кезде, Назарбаев "Әрине, пенде болған соң, бұл менің көңіліме жақты" деген. Келесі жылы Конституцияға енгізілген өзгерістерде Назарбаев "республика қызметінің негізгі принциптерін қалыптастырушы", тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ретінде көрсетілді. Құжатта Назарбаевтың "елбасы" мәртебесі өзгеріссіз қалатыны жазылған.

Қазақстан астанасындағы музейге қойылған Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші. 6 шілде 2019 жыл.
Қазақстан астанасындағы музейге қойылған Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші. 6 шілде 2019 жыл.

– Назарбаевтың айналасындағылар оның мәнсапқұмарлығын пайдалануға үйреніп алған. Бір жағынан, Назарбаевтың өзі де мойындалған саяси қайраткер болғысы келетінін білдіріп тұрады. Екінші жағынан, маңайындағылар да оның беделіне қатысты кез келген мүмкіндікті пайдаға асыруды көздеп, жаңа қызмет пен өзге де артықшылықтарға қол жеткізуді қалайды, – дейді қазақстандық саясаттанушы, "Oyan, Qazaqstan" оппозициялық қозғалысының белсендісі Димаш Әлжанов.

Назарбаевтың Қазақстандағы және шетелдегі сыншылары оны өзіне қарсы пікірді басып-жаншып, билігін асыра пайдаланды деп айыптайды. Олар Қазақстанда жеке басқа табынушылық барын айтады: елде астанадағы әуежай, университет, кітапхана, мектептер желісі, ірі қалалардағы орталық көшелерге бұрынғы президенттің аты берілген, оған арналған ескерткіштер қойылып, Назарбаевтың өмірі туралы фильмдер мен кітаптар жарық көрген. "Елбасының" қарсыластары (бұл титул бұрынғы президентті кез келген қудалаудан қорғайды) Назарбаев отставкаға кеткеніне қарамастан, өзі орнына қалдырған, билікке келген күні Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерткен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр қадамын бақылауда ұстап, елді әлі де басқарып отыр деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG