Accessibility links

"Өмірге құштар еді!" Майқайыңдағы құтқару операциясы неге созылып кетті?


"Майқайыңалтын" акционерлік қоғамының кеніші аумағындағы іздестіру-құтқару операциясы. Үйінді астында қалған екі адам табылмай жатыр. Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігі таратқан фото
"Майқайыңалтын" акционерлік қоғамының кеніші аумағындағы іздестіру-құтқару операциясы. Үйінді астында қалған екі адам табылмай жатыр. Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігі таратқан фото

Павлодар облысында алтын кеніші шұңқырына құлап кеткен автобусты жер бетіне алып шыға алмай жатқанына екі аптадан асты. Басқа бір апаттан құтқаруға бара жатқан автобуста жүргізуші мен үш тау-кен құтқарушысы болған. Олар жолшыбай опырылған шұңқырға түсіп кеткен. Қаза тапқан екі құтқарушы сол күні автобустың сыртынан табылды. Қалған екеуін әлі іздестіріп жатыр.

"ТІРІ ҚАЛУЫ МҮМКІН БЕ ЕДІ?"

Павлодар облысы Баянауыл ауданы Майқайың ауылының тұрғыны Нұрсұлу Шаймерденнің де мазасы қашып, шарасыз күйге түскеніне аттай 15 күн болды. Жұмысы тоқтап тұрған шахтаның шұңқырына түсіп кеткен автобус ішінде басқа тау-кен құтқарушымен бірге Нұрсұлудың жұбайы Айдос та болған. Хабар-ошарсыз кеткен азаматтың туыстары "әне-міне автобусты да үйінді астынан алып шығып қалар" деген үмітпен құтқару операциясы жүріп жатқан аймақты күн сайын кезекпен бақылап жүр.

Айдос Шаймерден – Майқайың әскери тау-кен құтқару жасағы командирінің орынбасары. Ол 4 қаңтарға қараған түні "Майқайыңалтын" акционерлік қоғамының шахтасында жарылыс болғаны туралы суыт хабар түскеннен кейін өзге әріптестерімен бірге оқиға орнына аттанған. Диспетчер ол жақтан тарсылдаған дыбыс естілгенін хабарлаған. Құтқарушылар төтенше жағдай болған аймаққа автобуспен шығады, алайда оқиға орнына бара жатқан жолда көлік тереңдігі 150 метр шұңқырға түсіп кетеді.

Айдос Шаймерден – Майқайың әскери тау-кен құтқару жасағы командирінің орынбасары. Отбасы архивіндегі фото
Айдос Шаймерден – Майқайың әскери тау-кен құтқару жасағы командирінің орынбасары. Отбасы архивіндегі фото

Содан бері Нұрсұлудың жұбайынан хабар-ошар жоқ. Құдайдан жарының амандығын тілеген Нұрсұлу бір ғажайыптың боларына көзсіз сенеді. Оның аман қалатынына сенімді.

Ерлі-зайыптының кәмелетке толмаған бес баласы бар, ең кенжесі екі жаста.

– Алғашқы күні кешкісін жұмысты тоқтатып қойды. Тірі қалуы мүмкін бе еді?! Олар мәйіт іздеп жүр, ал біз тірі шығар деп отырмыз. Балалардың ересегі болған жайтты түсінгенімен, нақтысын білмейді. Ол балаларын ешкімге сеніп қалдырмайтын. Айдос өмірге сондай құштар еді! Кейінгі кезде қызын қатты уайымдайтын, өйткені қызымыздың омыртқасына ота жасалған еді, біз наурыз айында оңалту емін алып, артынан мүгедектік рәсімдеу үшін Астанаға бармақшы едік, – деді Нұрсұлу Шаймерден Азаттыққа.

Айдос Шаймерден мен жары Нұрсұлу. Отбасы архивіндегі фото
Айдос Шаймерден мен жары Нұрсұлу. Отбасы архивіндегі фото

Ол күйеуінің жұмыс орнында "маман тапшы" екенін де айтып қалды. Нұрсұлу Айдос маман жетіспегендіктен, басшы болса да, шахтаға түскен болар деп отыр.

– Ол жақта жарық та жоқ, қараңғы, олар тек көліктің жарығын пайдаланған. Оларға шахтада оқыс жарылыс болғанын ғана айтқан. Диспетчер жол жабық деп ескертпеген, – дейді Нұрсұлу.

Автобус жүргізуші – 55 жастағы Айып Төлепбергенов. Оның да отбасы күнде "бір хабар болып қалар" деп сарыла тосып жүр. Автобус шұңқырға құлаған кезде жүргізуші Айдоспен бірге автобустың ішінде қалуы мүмкін, қалған екі құтқарушы көліктен далаға шығып қалған.

"ЖЕТІМ ҚАЛДЫ"

Апат салдарынан қаза тапқан 24 жастағы Бердіқан Сарқыт пен 52 жастағы Олег Тышкевич үйінді астынан табылды. Бердіқан содан екі ай бұрын ғана жұмысқа тұрған. Ол "тұрақты жұмыс істеймін" деген үмітпен отбасын Талдықорғаннан Майқайыңдыға көшіріп әкеліпті.

Олег Тышкевич 27 жыл құтқарушы болып еңбек еткен. Қызы Яна Осолодкова отбасының бір жарым жыл бұрын ғана анасын жер қойнына тапсырғанын, енді әкесінен де айырылғанын айтты. Олег Тышвекичті 7 қаңтарда жерледі. Яна мен бауыры тұл жетім қалды.

"Майқайыңалтын" АҚ аумағында қаза тапқан тау-кен құтқарушысы Олег Тышкевич. Отбасы архивіндегі фото
"Майқайыңалтын" АҚ аумағында қаза тапқан тау-кен құтқарушысы Олег Тышкевич. Отбасы архивіндегі фото

Екібастұз қаласында тұратын Олег Тышкевич Майқайыңда вахтамен еңбек еткен. Отбасын асырау үшін екі жұмыста қатар істеген.

– Әкем батыл, ержүрек адам еді, осы қайсарлығынан мерт болды. Мен жетім қалдым. Біреудің салғырттығынан әкем ажал құшты. Ешқандай қолдау да көрсетілмеді. Қаржылай да, басқадай да қолдау болмады. Әке-шешесіз қалай өмір сүретінімді елестете алмаймын. Бәлкім, мемлекет үшін бұл жай ғана қайғылы оқиға шығар, бірақ марқұмның отбасы үшін бұл – орны толмас қасірет, – дейді Яна Осолодкова Азаттық тілшісіне.

Яна әкесінің табанды еңбек еткені үшін алған медальдары мен алғысхаттарын әкесінің көзіндей сақтап қойыпты. Сондай-ақ әкесінің өлер алдында салған портретін – үлкен мысықтың суреті де сақтаулы тұр. Жары қайтыс болғаннан кейін Олег Тышкевич сурет салуды әдетке айналдырыпты, марқұм жарына деген сағынышы қолына қылқалам алдырса керек.

Олег Тышкевич пен қызы Яна. Отбасы архивіндегі фото
Олег Тышкевич пен қызы Яна. Отбасы архивіндегі фото

– Әкем екеуміз шіркеуге жиі баратынбыз, қайыр-садақа беретінбіз, әкем шіркеудің жөндеу жұмысына тегін көмектесті. Ол кітап оқығанды қатты жақсы көретін. Екеуміз сурет салып, шахмат ойнайтынбыз, телефонмен де ұзақ сөйлесетін едік. Сол ауысым болған күні бір сағат бұрын сөйлескенімде, әкем шахтаға жаңа түскен болатын, ал түске таман маған әкемнің қаза тапқанын жұмыс берушілер емес, көршілерім естіртті. Жұмыс беруші үшін жай қатардағы бір жұмысшы қаза болды, бар болғаны – сол. Әлеуметтік желілерде жүрген "марқұмдардың отбасына төрт жарым миллион теңгеден жәрдем бөлінді" деген ақпараттың бәрі – жалған, шындыққа жанаспайды. Бізге одан анағұрлым аз ақша берілді, оның жартысынан көбін жерлеуге жұмсадық. Одан басқа ешқандай көмек берілген жоқ. Алғашында бізге жиі хабарласқан компания да, әкімдіктегілер де қаржы туралы сөз болғанда қаша бастады, – дейді марқұмның қызы.

"ЕЛ БОЛЫП ДАБЫЛ ҚАҒАЙЫҚ"

Үйінді астында қалған тау-кен құтқарушылардың әріптестері үміт оты өшсе де, іздестіру жұмысын жалғастырып келеді.

– Сағат түнгі екі болатын. Ештеңеден бейхабар адамдар суыт хабар түскен бойда апат орнына аттанған. Бұлай болады деп ешкім ойлаған жоқ. Бұрын мұндай шұңқыр болмаған. Күндіздің өзінде болмаған, сондықтан да олар жайбарақат жолға шыққан еді. Бізде нысанға есептелген уақытта жету қажет, сондықтан олар асыққан да шығар. Жұмысымыз – өте қауіпті. Бірақ мұндай оқиға бірінші рет болып отыр. Жолдастарымыз осы күндері демалыста болса да, көбі өз еркімен іздестіру жұмысына қатысып жүр. Ол шынымен де – өте қауіпті, бірақ біз ештеңеге қарамастан табуымыз керек, – дейді құтқарушының әріптесі.

Үйінді астында қалған құтқарушылардың туыстары іздеу жұмыстары нәтижесіз жүргізіліп жатыр дегенді алға тартып, биліктен хабарсыз кеткен адамдарды тезірек іздеп табуды талап етті.

– Күнде бұл жерге "табылып қалар" деген бір үлкен үмітпен келеміз. Мұндай қарқынмен олар әлі бір ай қазатын шығар. Егер сол жерде бір шенеунік қалса, үш-төрт тұрмақ, тура үш-төрт сағатта-ақ алып шығар еді. Ел болып дабыл қағуымыз керек, біздің Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) мұндайға дайын емес. Бізге ешкім ештеңе айтпай отыр. Олар жолға шыққанда кәдімгі жарықтың өзі де болмағанын білемін. Біз жан-жақты іздестіргенін қалаймыз. Іздестіру жұмысын мүлдем тоқтатып тастай ма деп қорқамыз, – дейді үйінді астында қалған Айдос Шаймерденнің бауыры Нұрбақыт Сансызбаев.

"Майқайыңалтын" АҚ аумағында құтқару-іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан фото
"Майқайыңалтын" АҚ аумағында құтқару-іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан фото

ІЗДЕСТІРУ ЖҰМЫСТАРЫНА НЕ КЕДЕРГІ?

Алғашында билік "автобус шұңқырға құлап кетті" деп қысқа қайырған. Артынша апатқа ұшырағандарды құтқару қызметінің орталық штабында шахта аумағы жұмысшылар автобусы құлағанға дейін опырылғаны мәлім болды.

Әлгі диспетчердің "түтін" дегені топырақ опырылғаннан кейін шыққан шаң болуы мүмкін деген де болжам бар. Оның үстіне әлеуметтік желілерде автобустың қою қараңғыда келе жатып, біраз уақыттан кейін кенет төмен түсіп кеткені жазылып қалған бақылау камерасының да бейнежазбасы жүр.

Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі ұзақ іздестіру нәтижесінде жер тағы опырылып түсіп, іздеп жатқандардың өміріне қауіп төнуі мүмкін деп түсіндіреді. "Қолдан келгенше, аянып қалмаймыз", – деді ТЖМ өкілдері Азаттыққа.

ТЖМ 17 қаңтар күні кешке сақтандыру арқанының көмегімен кішкентай экскаваторды шұңқырға түсіргенін хабарлады. Автобус болуы мүмкін деген жерді қазғанда автобус шанағының бөлшегі, оттегі баллоны, тыныс алуға арналған аппарат пен құтқарушының сөмкесі табылған.

"Тау жынысының тұрақсыздығы мен опырылған шұңқыр асты бос болғандықтан топырақ жылжып, жұмыс жүргізу қиынға түседі. Жұмыс істеу өте қиын. Жұмылдырылған мамандардың да өміріне қауіп төніп отыр. Автобус жатыр деп болжанған жердің асты бос болғандықтан, іздестіру жұмыстары кезінде кез келген уақытта жер опырылып кетуі мүмкін. Дәл қазір топырақ жылжығанын бақылауға арналған құрылғы орнатылды, – деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.

ТЖМ "жазатайым оқиғаны" тергеуге ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті басшысының орынбасары Мұса Танабаев жетекшілік ететінін мәлімдеді. "Майқайыңалтын" АҚ жерасты кенінде жұмыс тоқтатылды. Оқиғаның себебін анықтау үшін сараптама ұйымдары да жұмылдырылды. ТЖМ-нің айтуынша, "көрші елдердегі" мамандардың кеңесіне де жүгінген.

"МАЙҚАЙЫҢАЛТЫН" КОМПАНИЯСЫ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ?

"Майқайыңалтын" АҚ құрамында алтыны бар колчедан-полиметалл кендерін өндірумен және өңдеумен айналысады. Кәсіпорынға екі кеніш, байыту фабрикасы мен түрлі құрылымдық бөлімшелер қарайды. Сондай-ақ компания кәсіпорын базасы орналасқан Майқайың ауылындағы орталық қазандықты да қамтамасыз етеді.

Өткен ғасырдың 30-жылдарынан Майқайыңда алтын кенін өндіре бастады. Компания сайтында мұнда осы күнге дейін құрамында алтын, күміс, мыс пен мырыш бар 16,7 млн тонна кен өндіргені туралы мәлімет берілген.

Компанияның бас директоры Қуаныш Ботин деп көрсетілген. Kompra.kz-тің айтуынша, "Майқайыңалтын" АҚ-ның құрылтайшысы – Кипрде тіркелген Rence Enterprises компаниясы. Құрылтайшысы – Милан Попович деген Сербия азаматы.

15 қаңтарда Майқайың ауылының халқы төтенше жағдайды тергеумен айналысатын мемлекеттік комиссияға жүгінді.

Ауыл тұрғындары топырақтың опырылуына өңделген блоктар астында жылдар бойы үлкен бос кеңістіктің пайда болуы себеп деп есептейді.

"Біз апат себебін тергеуді ең бастысы тау-кен ісі саласы мен ғылыми-жобалау институттарының тәжірибелі де білікті мамандарын жұмылдыра отырып әділ жүргізуін талап етеміз. Бұл қайғылы жағдай ұзақ жылдар бойы шетел инвесторларын тарту салдарынан болған келеңсіз жайттың сырын ашып отыр", – деп жазылған мәлімдемеде.

"Майқайыңалтын" АҚ өз аумағында болған қайғылы жағдай мен тұрғындардың мәлімдемесіне қатысты әлі ашық пікір айтқан жоқ.

Терең шұңқырға құлаған автобус пен екі адам әлі табылмады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:44 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG