Accessibility links

Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттікті Тоқаевқа тапсырған сәті. 2019 жылдың наурызы.
Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттікті Тоқаевқа тапсырған сәті. 2019 жылдың наурызы.

Тоқаев үкімет құрамын бекітті. 11 қаңтарда не болды?

09:52 11.1.2022

11 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламентке үкіметтің жаңа басшысын тағайындау туралы ұсыныс жасайды. Жаңа үкімет елде төтенше жағдай кезінде тағайындалғалы отыр. Тоқаев 5 қаңтарда премьер-Министр Асқар Маминді қызметінен босатып, бұл міндетті уақытша атқаруды Әлихан Смайыловқа жүктеген.

Мәмин үкіметінің отставкаға кетуіне бүкіл Қазақстанды қамтыған жаппай наразылық себеп болды. Үкімет отставкасынан кейін іле-шала Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті осы мекеменің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің ұсталғанын және оның үстінен "Отанға опасыздық жасау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

5 қаңтардан кейін Қазақстанда жағдай ушығып, ондаған адам мерт болған. Сол күні Алматыда Республика алаңына мыңдаған адам жиналып, полиция оларға қарсы жас ағызатын газ шашып, резеңке оқ, шулы граната қолданды. Түстен кейін тәртіпсіздік күшейіп, белгісіз адамдар тобы Алматы қаласы әкімдігінің ғимараты мен әуежайға басып кірді. Алматы әкімдігі өртке оранып, қалада ондаған сауда орындары, дүкендер, банктер тоналды.

Елде жағдай ушыққан тұста Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйымнан (ҰҚШҰ) көмек сұрады. Ұйымға мүше Ресей, Армения, Беларусь Қазақстанға көмекке әскер жіберетінін мәлімдеді. 6 қаңтар кешкісін ресейлік әскерилер Қазақстанға кірді.

Тоқаев 6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесі жиынында Алматыдағы шабуылға "террор топтарды" айыптады. Бірақ ол айтқан "террор топтардың" 2 қаңтардан бері наразылық танытып, билікке талап қойғандарға қатысы барына нақты дәлел жоқ.

Наразылық елдің басқа аймақтарында да жалғасты. Елде бейбіт митинг қалай тәртіпсіздікке ұласып кеткені, қару-жарақтарды кімдер иеленгені, күштік құрылымдармен кімдер атысқаны белгісіз.

7 қаңтарда Тоқаев "содырларға оқ атуға бұйрық бергенін" мәлімдеді. Билік жиынтығы қанша адам қаза тапқанын әлі айтпай отыр. Қазақстанның әр өңірінде көп адам ұсталған, ресми органдар олар жайлы да ешқандай ақпарат бермейді.

19 қаңтарға дейін тұтас ел аумағында төтенше жағдай жариялаған. Билік интернетті өшіріп, халық билікке жақын ақпарат құралдарынан басқа балама ақпарат ала алмай қалды.

Елде 10 қаңтарда не болғанын төмендегі live-блогтан шолып шығыңыз:

10:09 11.1.2022

Семей полициясы наразылық кезінде ұсталған белсенділер жайлы ақпарат бермей отыр

Семейдегі митинг. Шығыс Қазақстан облысы, 5 қаңтар 2022 жыл.
Семейдегі митинг. Шығыс Қазақстан облысы, 5 қаңтар 2022 жыл.

Семейлік белсенді Кербез Егінбаева өткен аптада қала орталығындағы наразылық акциясына қатысқан анасы мен бауырынан көз жазып қалғанын айтады.

– 6 қаңтарда анамды алаңда ұстаған, содан бері қайда екенін белгісіз. Полиция ұсталғандар туралы ақпарат бермеу жайлы бұйрық бар деген желеумен маған ешқандай ақпарат бермейді, – деді Егінбаева.

Оның сөзінше, 4 қаңтарда Семейдегі наразылық акциясына қатысқан бауырын 6 қаңтарда полиция ұстап әкеткен.

– Ол жүріп жүрген қызының кеңсесінде отырған кезде жай киім киген он адам есікті сындырып, 19 жастағы қыздың басына тапанша тақаған. "Еденге жат немесе атып тастаймыз" деп бұйырған. Бауырымды теуіп, басына секірген. Подъездің барлығы қан-жоса. Қызының көзінше қатты ұрып-соғып, алып кеткен. Содан бері хабар жоқ, – деді ол.

Кербез Егінбаева туыстарының полиция бөлімшесінде екі күн қамауда болғанын таныстары арқылы білгенін, кейінірек анасы мен бауырын Затон тергеу изоляторына ауыстырғанын естігенін айтады. Олар тергеу біткенше екі ай қамауда болады дейді белсенді.

– Таныс-туыстарымды сол жаққа жібердім. Сәлем-сауқат қабылдамайды. Адвокаттарды жолықтырмайды, ақпарат бермейді. Тыйым салынған дейді, – деді белсенді.

Азаттық тілшісі Семей полициясынан наразылық акциясы кезінде хабар-ошарсыз кеткен жергілікті белсенді Фарит Ишмұхаметов жөнінде сұрады. Бірақ полиция өкілдері елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты "БАҚ туралы заңның күші тоқтағанын" алға тартып, ондай ақпаратты тек белсендінің туыстарына ғана беретінін айтты.

Семейде жергілікті белсенді Тимур Ержанұлы да хабар-ошарсыз кеткен.

Ресми дерек бойынша, Шығыс Қазақстан облысында қаңтардағы наразылықтар кезінде шамамен мың адам ұсталып, 66-ы қамауға алынған. Оларға әзірге ешқандай айып тағылмаған.

10:57 11.1.2022

Қаңтардағы оқиға кезінде тағы бір қырғыз азаматы қаза болған

Наразылық кезінде хабар-ошарсыз кеткен туыстарын мәйітханадан іздеп, Алматы қаласы бойынша сот сараптамалары институты алдында тұрған адамдар. 10 қаңтар 2022 ж.
Наразылық кезінде хабар-ошарсыз кеткен туыстарын мәйітханадан іздеп, Алматы қаласы бойынша сот сараптамалары институты алдында тұрған адамдар. 10 қаңтар 2022 ж.

Қазақстанда биыл қаңтардағы оқиғалар кезінде екі қырғыз азаматы қаза болған. Бұл жөнінде Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті мәліметіне сүйеніп Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

Арнайы қызмет марқұмның аты-жөнін, қандай жағдай қаза тапқынын айтқан жоқ.

Бұған дейін Алматыда фитнес жаттықтырушы болып жұмыс істеген қырғыз азаматы Әзіз Мұсаевтың қаза болғаны туралы хабар тараған еді.

Қазақстан билігі "террористік әрекет" деп атаған қаңтардағы оқиға кезінде нақты қанша адамның қаза болғаны белгісіз. 9 қаңтарда Телеграмдағы үкіметке жақын арна барлығы 164 адам қаза болған деп хабарлаған. Бірақ кейін денсаулық сақтау министрлігі бұл мәліметті жоққа шығарып, "техникалық қате" деп атады.

Оның алдында полицияның 18 қызметкері және "қарулы топтың" 26 мүшесінің опат болғаны айтылды. Кемінде екі бала өлген.

Ресми мәлімет бойынша, ұсталғандар 9,9 мыңға жеткен. Арасында қырғыз азаматтары да бар. Олардың бірін қазақстандық мемлекеттік телеарналар "200 доллар ақшаға бола тәртіпсіздікке қатысқан" күдікті ретінде атаған. Артынша қырғызстандықтар бұл адамның белгілі музыкант Викрам Рузахунов екенін растап, кейбірі қазақстандық құқық органдары оны азаптап, "кінәсін мойындауға" мәжбүр етті деген. Кейін Қырғызстан үкіметінің талабы бойынша Қазақстан билігі Рузахуновты қамаудан босатып, еліне қайтарған.

11:08 11.1.2022

Еуроодақ Қазақстанды адам құқығын сақтауға шақырып, көмегін ұсынды

Өртенген көлік қаңқасының қасында көшедегі жағдайды бақылап тұрған қарулы әскери қызметкер. Алматы, 8 қаңтар 2022 ж.
Өртенген көлік қаңқасының қасында көшедегі жағдайды бақылап тұрған қарулы әскери қызметкер. Алматы, 8 қаңтар 2022 ж.


Еуропа Одағының сыртқы саясат қызметінің басшысы Жозеп Боррель сейсенбі күні Қазақстандағы жағдай туралы пікір білдірді.

"Біз бұл мәселені бейбіт жолмен шешуге көмек қолын созуға әзірміз" деді ол.

Боррель адамдардың қаза тапқанына қынжылыс білдіріп, зорлық-зомбылықты сынады. Ол ҰҚШҰ мен Ресейді Қазақстанның тәуелсіздігін құрметтеуге шақырды.

"Сырттан әскери қолдау Қазақстанның тәуелсіздігі мен дербестігін, адам құқығын сақтау арқылы жүзеге асуы тиіс. Қазақстан билігі осы қиын уақытта адам құқығы мен азаматтардың еркіндігін, бейбіт жиналу мен ойын еркін айту құқығын және ақпарат алу құқығын сақтауға шақырамыз" деді Боррель.

  • 2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілгеніне қарсы шыққан. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылмады.
  • Наразылар елдегі қымбатшылықты айтып, биліктің отставкасын және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылған.
  • 5 қаңтар түс ауа Алматыда тәртіпсіздік күшейіп, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігінің ғимараты мен әуежайға басып кірді. Қала әкімдігінің өртке оранғаны көрінетін видеолар тарады. Алматыда ондаған сауда орындары, дүкендер, банктер тоналғаны хабарланды. Тоқаев 6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесі жиынында Алматыдағы шабуылға "террористік топтарды" айыптады. Бірақ ол айтқан "террористік топтардың" 2 қаңтардан бергі наразылыққа шыққандарға қатысы бар екеніне нақты дәлел жоқ. ​
  • 5 қаңтар түнде Алматыда мыңдаған адам Республика алаңына жиналды. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, шулы граната қолданды. Елдің басқа аймақтарында түнде наразылық жалғасты. Елде бейбіт митинг қалай тәртіпсіздікке ұласып кеткені, қару-жарақтарды кімдер иеленгені, күштік құрылымдармен кімдер атысқаны жайлы нақты белгісіз.
  • Қазақстан президенті "террористік бандиттер" деп атаған адамдардың кім екені белгісіз. Тоқаев оларды бұлай атауға қандай негіз болғанын, олардың қайдан келгенін, неге мұны "агрессия" деп есептейтінін анық айтпады. Кейінгі күндері Қазақстанда қандай да бір террорлық әрекеттер, әскери операция болып жатқаны жайлы ақпарат айтылмаған еді.
  • 5 қаңтарда елде жағдай ушыққан тұста Тоқаев ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Ұйымға мүше Ресей, Армения, Беларусь Қазақстанға көмекке әскер жіберетіндерін мәлімдеді. 6 қаңтар кешкісін ресейлік әскерилер елге жетті.
  • Билік елде толығымен төтенше жағдай жариялаған. Интернет өте нашар, жиі өшіріледі.
  • 7 қаңтарда Тоқаев "содырларға оқ атуға бұйрық бергенін" мәлімдеді. Ал 8 қаңтарда Назарбаевтың көптен бергі үзеңгілесі, ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов "отанға опасыздық жасады" деген айыппен ұсталды.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG