Accessibility links

Қазақстанда қоқысты кәдеге жарату мәселесі неге шешілмей отыр?


Орал қаласы маңындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны
Орал қаласы маңындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны

Қазақстанда советтік кезеңнен бері қатты тұрмыстық қалдықтардың көп жиналғаны сонша - билік 2019 жылдан бастап қоқыс полигондарына пластмасса, қағаз бен әйнекті алдын ала сұрыптаусыз көмуге тыйым салды. Осылайша энергетика министрлігі қоқысты өңдеу деңгейін арттырып, тұрғындарға қоқысты сұрыптап жинауды үйреткісі келеді. Тыйым салу арқылы мәселені шешуге бола ма? Қазақстандықтар не үшін қалдықтарды сұрыптамайды? Бизнестің қоқыс өңдеу саласына көңіл бұрмауының себебі неде? Азаттық тілшісі осы сауалдардың жауабын іздеп көрді.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды игеру – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылы мәлімдеген "жасыл" экономикаға көшу концепциясындағы басты тармақтардың бірі.

Атап айтқанда, үкімет 2030 жылға дейін қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40 пайызға жеткізуі тиіс. Осы салада тәртіп енгізуге жауапты энергетика министрлігі бұл міндетті уақытынан ертерек яғни, "екі-үш жыл бұрын" орындаймыз деп мәлімдеді.

... өңдеген жағдайда 60 миллиард теңге көлемінде пайда табуға болатын қалдықтар полигонға көміледі

Былтырғы жылдың соңында өткен парламенттік тыңдау кезінде энергетика вице-министрі Сәбит Нұрлыбай осылай деп айтты. Бірақ ол үшін "жергілікті әкімдіктер тиісті деңгейде шара қабылдауға тиіс" деді.

2016 жылы парламент сенаты төрағасының орынбасары Сергей Громов өңдеген жағдайда 60 миллиард теңге көлемінде пайда табуға болатын қалдықтардың полигонға көмілетінін айтқан болатын.

Энергетика министрлігінің 2018 жылғы дерегі бойынша, 3,5 мыңнан астам полигонның ешбірі (Астанадан басқасы) санитарлық-экологиялық нормаларға сай келмеген. Қоқыс орындарының көбі құжатпен заңдастырылмаған. Дегенмен де салалық ведомстволар жағдайдың өзгеріп жатқанын, кейбір қалаларда тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап жинау жүйесінің енгізілгенін, ал 130 астам кәсіпорынның қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдейтінін айтады.

"ҮЙДЕН ЕКІ ПАКЕТПЕН ШЫҒЫҢЫЗ"

Шынболат Байқұлов қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеумен айналысатын 50 ұйым мен жеке кәсіпкерлердің басын біріктірген KazWaste қауымдастығын басқарады. Ұйым сайтындағы дерекке сәйкес, KazWaste қауымдастығының мақсаты – осы саладағы кәсіпкерлерді қолдау, жаңа жобаларды жүзеге асыру (оның ішінде қалдықтарды сұрыптап жинау жүйесі де бар), сонымен бірге осы сияқты кәсіпорындар қызметін үйлестіру.

— Қазір Қазақстанда төрт зауыт бар. Бұл жеткіліксіз. Биылдан бастап қатты тұрмыстық қалдықтарды полигонға апаруға тыйым салынған. Сұрыпталмаған қоқысты алып шыққан көлікті полигонға жібермейді, экология департаменті айыппұл салады, - дейді Шынболат Байқұлов.

Шынболат Байқұлов
Шынболат Байқұлов

Байқұловтың айтуынша, жыл сайын әр қазақстандық орта есеппен 250-360 кг тұрмыстық қалдық тастайды, бірақ әр аймақта қалдықтың құрамы әртүрлі. Оңтүстік аймақтарда пайыздық арақатынаспен алғанда "өңделмейтін азық-түлік қалдықтары" көбірек, ал солтүстік облыстарда қайта өңделетін шикізат жиі шығарылады.

— Мұнай бәрібір жақын арада таусылады. Міндетіміз – қалдықты "айналымға енгізу". Мысалы, пластик өнім сынып қалса, оны жеті рет қайта өңдеуге болады. Бұл циркулярлық экономика, соған ұмтылуымыз керек, - дейді Шынболат Байқұлов.

Оның пікірінше, ең алдымен үй қалдықтарын сұрыптаудан бастау керек, түрлі контейнерлер қойып, бизнесті мемлекеттік-жеке серіктестік (МЖС) арқылы қайта өңдеумен айналысуға ынталандыру керек.

Прага қаласындағы қалдықтарға арналған түрлі контейнерлер
Прага қаласындағы қалдықтарға арналған түрлі контейнерлер

— Әр адам үйде бір пакетке азық-түлік қалдықтарын, екіншісіне әйнек, пластик және қағазды салып шығуға тиіс. Үйден екі пакетпен шығыңыз. Алматы, Астана және өзге де бірқатар қалаларда қайта өңделетін шикізатқа арналған жасыл контейнерлер мен пластикке арналған торлар қойылып жатыр. Сосын қоқыс шығарушы компания азық-түлік қалдықтарынан бөлек қайта өңделетін шикізаттарды сұрыптау немесе қайта өңдеу кәсіпорындарына апаруы керек, ал өңделмейтін бөлігін көму үшін полигонға алып кетеді, - дейді Байқұлов.

Қоқыс өңдеудің мінсіз схемасы осындай болуға тиіс, бірақ Қазақстанның көп бөлігінде ол әлі жүзеге аспады.

"Кәсіпкерлер қоқысты сұрыптау мен қайта өңдеуге белсенді араласуы үшін не істеу керек?" деген сауалға Байқұлов "мәселе сенімде" деп жауап берді. Оның айтуынша, мемлекет келісімнің тұрақтылығына кепіл береді, сол себепті бизнес "шығынға батам ба деп қауіптенбеуі" керек.

—Бізде, әдетте бір әкіммен жұмыс істеп үйренген бизнес басқа әкімнің құрылымымен жұмыс істей алмайды. Сондықтан бұл салаға бизнесмендер бармайды. Олар тек бір жылға шарт жасауға ынталы, ары қарай "күл болмасаң, бүл бол" дейді. Мемлекет бізге жол ашып, 30 жылға дейін тұрақтылық болады деп кепілдік беріп отыр. Тіпті соғыс болса да, бюджет қысқартылып, әкім ауысса да шарт күшінде қалады, оған бюджет секвестрі әсер етпейді, - деп сендірді Шынболат Байқұлов.

"МЕМЛЕКЕТТІҢ КӨМЕГІНСІЗ ЕШТЕҢЕ ӨНБЕЙДІ"

Қатты тұрмыстық қалдықты игеру, кәдеге жарату және қайта өңдеу жөніндегі халықаралық кеңесші Егор Зингер 1997 жылдан бері ондаған мемлекетті аралап, халықаралық тәжірибені зерттеген. Зингер инвесторлармен бірлесіп Қазақстанда алғаш рет Алматы мен Астанада қоқыс сұрыптау-қайта өңдеу зауыттарын ашқан, қоқысты брикеттеу жүйесін енгізген.

Зингердің айтуынша, қайта өңдеу тарифі төмен болғандықтан, қаржы дағдарысы мен "белгілі бір" адамдар тарабынан қысым болғандықтан бұл бизнесті тастауға мәжбүр болған. Астанадағы зауыттың жұмыс істегенінен салынуы көп болған, 2013 жылы ол жұмысын тоқтатқан.

— Пластиктен флексалар (ұсақ бөлшекті пластмасса) мен түйіршіктер алдық, орама тілімін жасадық, қағазды экомақтаға (жылытқыш) айналдырдық. Оның бәрі жұмыс істеп тұрды. Бірақ кім екенін білмеймін, біреуге бәрін құрту керек болды. Өте тез әрі айламен жұмыс істеді. Мемлекет басшысына жалған ақпарат жеткізді. Астанадағы зауыттың салынуын президенттің өзі қолдаған болатын, - дейді Егор Зингер ренішін жасыра алмай.

Зингердің айтуынша, қалдықтарды игеру жүйесі былай жұмыс істеуі тиіс: қатты тұрмыстық қалдық төңірегінде "айналып жүрген" ақшаның 40 пайызын қоқыс шығарушы компания, 45 пайызын қоқысты сұрыптап, қайта өңдейтін зауыт алуы керек, тек 15 пайызы полигонға кетуі керек.

— Дәл солай болуы керек, себебі біз зауыттан полигонға қатты тұрмыстық қалдықты брикетпен тасыдық. Яғни, қоқыс көлемін он есе азайтып, полигонның тіршілігін көп жылға ұзарттық. Ал бізге тоннасына үш мың теңге төледі, жартысына жуығын мемлекет қайтадан полигонға көму үшін өзіне алды. Сегіз айға дейін төлемді кідіртті, - дейді кәсіпкер.

Қарай отырыңыз: Қазақстандық "эко-френдли" белсенділер (Тамыз айы 2019 жыл)

Зингердің пікірінше, "коммерциялық" қайта өңделетін шикізатты жинау, сұрыптау және қайта өңдеу арқылы Қазақстандағы қатты тұрмыстық қалдықтар мәселесін шешу қиын. Зингердің айтуынша, қайта өңдеуді қолға алған кәсіпкерлерге қарым-қатынасты өзгерту керек: тарифті өсіріп, пайыздық мөлшерлемені өзге елдер сияқты, тым құрығанда үш пайызға дейін азайту қажет, жәрдемақы беріп көмектесу керек. Ал жергілікті орындарда қатты тұрмыстық қалдықтарды игеру "бір мекемеге қарауы" керек.

— Қазір Крыловтың "Аққу, шортан һәм шаян" мысалындағы жағдай орнап тұр. Қоқыс шығаратындарға қоқыс өңдеу зауытына апарып, ақшаға өткізу тиімсіз, ал полигон мемлекетке қарайды. Сонда зауыт екі ортада қалады! Біз қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейміз, сығымдаймыз, полигонға көму үшін ақша төлейміз. Солай бола ма?! - дейді Зингер ренішін жасырмай.

Ол қазір "полигондарда жатқан 100 миллион тонна қалдыққа" қатысты былай дейді:

— Оның бәрі СССР кезінен көмілген қалдықтар. Оған ештеңе істей алмаймыз. Полигонды рекультивация жасау керек, бәрін жауып, қайтадан бастау қажет.

ЭКОФИЛОСОФИЯ

Paketamnet жобасы мен экоблог авторы Михаил Беляков Азаттық тілшісіне өз экофилософиясын былай түсіндіреді:

- Біріншіден, қоқысты жәшікке апару керек, екіншіден оларды сұрыптап, қайта өңдеу керек, үшіншіден, артық қоқыс сатып алмай, тұтынуды біртіндеп азайту керек.

Михаил Беляков
Михаил Беляков

Белсенді Алматыдағы жеке компанияда бағдарламалаушы болып істеген. Мекеме қаржылық дағдарысқа ұшыраған кезде басшылық жаңа идея мен жобалар ұсынуды талап еткен.

— Оған дейін қоқысты кеңседе сұрыптайтынбыз. Сұрыпталған қалдықтарды қабылдайтын орын табу қиын болды. Ондай жерлер көп екен, тіпті кейбірі ақша да төлейді, ал адамдар ол туралы білмейді. Солайша Ecocity атты пайдалы мобильді қосымша жасауды ұйғардық, ол арқылы адамдар қайта өңделетін шикізат пен қауіпті қалдықтарды қабылдайтын орындарды табады, - дейді Михаил ісін бастаған кезін еске алып.

Кейін ол әлеуметтік желіде экоблог жүргізе бастаған.

— Екі бөлмелі пәтерімде калифорниялық жауынқұрттар бар. Оларға азық-түлік қалдықтарын тастаймын, оны биошіріндіге айналдырады, - дейді Беляков.

Экобелсенді бірнеше рет қолдануға болатын тауар өндіруді мақсат еткен. Басында әйелі екеуі "пластик пакеттерді көбейтпеу үшін" азық-түлікке арналған қап тіге бастайды.

— Азық-түлік алуға көп қолдануға болатын "пакетпен" барсаңыз, пластик пакеттер өндіруді азайтып, табиғатқа қамқорлық жасайсыз. Он айда 1060 пакет сатып алмаппын, соны әдейі санап шықтым. Бұл өте көп. Отбасымызбен азық-түлікке өз қабымызбен барамыз. Кассирлер таңданады, кейбірі тіпті реніш білдіреді. Түрлі өнімге арналған оңтайлы материал таптық, өнімді әлеуметтік желі арқылы жарнамаладық. Адамдар сатып ала бастады. Таныстарымыздың көбі көп реттік өнімге ауысты, өз таныстарына сыйлай бастады. Бұл қызық әрі экологияға пайдалы, сәнді. Бірақ біздің табысымызға қарағанда шығынымыз көп, - дейді белсенді.

Алматыдағы қоқыс тастайтын орындардың бірі
Алматыдағы қоқыс тастайтын орындардың бірі

Экобизнесті дамыту үшін Михаил мемлекеттен көмек сұраған, бірақ нәтижесі болмаған.

— Былтыр "Атамекеннің" грантын алуға өтініш бердім, әкімдікте жобамды қорғадым. Мені тыңдап, түсінуге тырысқандар болмады. "Жобаңнан еш жаңалық көріп тұрған жоқпыз" деді. Бұған дейін осындай жоба ұсынып, соған қолдау жасаған-мыс. Мені ол адамдармен таныстыруды сұрадым. Поштаға жауап жазамыз деп уәде етті, бірақ былтыр тамыздан бері еш хат келмеді, бәсекелесімді көрмей отырмын, - дейді Беляков.

Дегенмен ол қатты тұрмыстық қалдық мәселесін мемлекеттің көмегінсіз шешу мүмкін еместігін мойындайды.

— Айыппұл мен тыйымдардан еш пайда жоқ. Үгіт-насихат керек. Қоқысты сұрыптап жинауды насихаттау керек. Бізде мысалы, батарея немесе сынап лампасын ортақ қоқысқа тастауға болмайды деген тақтайша не билборд еш жерде жоқ. Ал оларды тастау өте қауіпті. Балабақша мен мектептерден бастап экологиялық сауаттылыққа тәрбиелеу керек, арнайы экология пәндерін енгізу қажет. Экологияға жауапты қарайтын адамдар буынын тәрбиелеуге тырысуымыз керек, - дейді белсенді.

"БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ АЙЫППҰЛ САЛУ"

Светлана Спатарь — Алматыдағы экологияны мониторинг жасаумен айналысатын "Зеленое спасение" ұйымының жоба менеджері. Ол биылдан бастап күшіне енген қоқысты сұрыптамай көмуге тыйым салу туралы ереженің кеш болса да жұмыс істей бастағанын айтады.

2018 жылдың қыркүйегінде мегаполисте қоқыс сұрыптау кешені іске қосылды. Бұл Алматыдағы қатты тұрмыстық қалдықтар мәселесін шешіп, қалдықтарды азайтуға көмектесе ме, жоқ па? Экологтың пікірінше, мұны уақыт көрсетеді.

Ал әзірге тұрғындар тұрмыстық қалдықты бұрынғыдай бір контейнерге тастап жатыр. Осыны айтқан эколог Еуропадағы жағдайды мысалға келтіреді.

— Еуропа елдерінде қорапты өндіру кезеңінде қалдықты игеру жүйесі жұмыс істей бастайды. Өндіруші әу бастан жауапты саналады. Ол қорап құнына оны кәдеге жарату құнын енгізеді, мемлекет өндірушіні сол қорапты кәдеге жаратумен айналысуға міндеттейді. Яғни, компания тауар өндіреді және оны қалай кәдеге жаратуды, тұрғындардан қалай қабылдауды алдын ала біліп тұрады, - дейді Спатарь.

Светлана Спатарь (ортасында). Алматы, 31 мамыр 2018 жыл
Светлана Спатарь (ортасында). Алматы, 31 мамыр 2018 жыл

Оның айтуынша, Қазақстанда тізбектің үш қатысушысы – өндіруші, тұтынушы және мемлекет – арасында байланыс жоқ.

— Тиісті заңнамада, экокодекс пен аумақты абаттандыру ережелерінде қатты тұрмыстық қалдықты көму ғана емес, сұрыптаусыз бір контейнерге лақтыруға тыйым салынады деп нақты жазылуы керек. Алдымен негізін қалап алу керек, сосын жергілікті билік тұрғындарға "осы күннен бастап қала, аудан орталығы немесе ауылдық округте қалдықтарды сұрыптап жинау жүйесін енгіземіз" деп мәлімдеуі керек, - дейді Светлана Спатарь.

Экологтың пікірінше, оған қоса заңның орындалуын бақылау қажет, тәртіпбұзушылық болған жағдайда айыппұл салу керек. Светлананың айтуынша, құқық қорғау органдарын экологиялық мәселе айтарлықтай алаңдатпайды, ал шын мәнінде олар экологиялық қауіпсіздікке де жауапты.

Алматыдағы қоқыс сұрыптау зауыты
Алматыдағы қоқыс сұрыптау зауыты

Спатарь қазіргі кезде бұл салада ілгерілеушіліктер де бар екенін айтады, бірақ ондай мысалдар өте аз дейді.

— Алматыдағы бірқатар университеттер мен ұйымдар қоқысты сұрыптап жинауды бастады. Мемлекетке қарайламай, пластик, қағаз және әйнекті қабылдау орындарына өткізеді. Тауар жиналғанда компаниялар келіп, қайта өңделетін шикізатты өздері алып кетеді. Бірақ әзірге оның бәрі жеке бастама деңгейінде қолға алынды, мемлекет міндеттеген жоқ, - дейді Светлана Спатарь.

Энергетика министрлігі сайтында қайта өңделетін шикізатты қабылдап, сұрыптап, қайта өңдейтін кәсіпорындардың тізімі де жарияланған.

Осы жерде аймақтарда қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны да жазылған. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев былтыр қазанда өткен үкімет жиынында 200-ден астам қала мен ауданда қоқысты сұрыптап жинау 41 жерде ғана бар екенін, сұрыптау кешендері 19 жерде орнатылғанын, ал 8 елді мекенде қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарында қоқысты қолмен сұрыптайтынын айтты.

Қала, облыс және аудан орталықтарының қоқыс орындарында 100 миллион тоннадан астам тұрмыстық қалдық бар

Президент әкімшілігі әкімдердің жұмысын енді жергілікті орындардағы қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жұмыстарын жүргізуіне қарай бағалайды дегенді айтты.

Ал әзірге қала, облыс және аудан орталықтарының қоқыс орындарында 100 миллион тоннадан астам тұрмыстық және коммуналдық қалдықтар жатыр. Оған қоса жыл сайын алты миллион тоннаға дейін қатты тұрмыстық қалдықтар сол қоқыс орындарына жеткізіледі.

(Мақаланы әзірлеуге Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі Дилара Иса қатысты)

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG